13 ақпанда Алматыда «Қаралы қаңтар» оқиғасында қаза тапқан бейбіт тұрғындарды еске алуға арналған акция және зорлық-зомбылыққа қарсы митинг өтті.
Баба дәстүрімен қырық күндікте қайтыс болған бейбіт тұрғындарды еске алу үшін белсенді азаматтар Республика алаңында акция өткізді. Айта кетуіміз керек, бұл митинг пен акцияға жергілікті билік рұқсат бермеген еді. Қазақстанда митинг өткізу үшін ескерту керек. Бірақ сол ескертудің өзі билік өкілдерімен «келісулі» болуы керек. Екі апта бұрын белсенділерге Алматыда қаралы митинг өткізуге рұқсат бермеген болатын. Оның себебі, Республика алаңы мәслихат бекіткен бейбіт шеруге арналған алаңдардың ішінде жоқ.
Дегенмеен 13 ақпанда алаңға белсенді азаматтар жинала бастады. Олар қайтыс болған, жараланған және Тергеу изоляторларында жапа шегіп, азапталғандардың тізімін әкелді. Акция құран оқумен басталды. Сол жерде ата дәстүрмен жеті шелпек таратылды. Бірнеше уақыттан кейін сол маңда интернет жылдамдығы баяулап, кейін мүлде өшірілгені айтылды. Қазақстан билігі бейбіт митингі кезінде үнемі интернетті өшіріп отырады. Сол маңда болған БАҚ өкілдерінің айтуынша, Республика алаңында полиция көліктері мен арнайы техникалар жиналыпты. Әртүрлі ақпарат көздеріне сүйенсек, алаңда 300-700 адам болған. Олардың қолында: «Тоқаев, кет. Сені бүкіл ел жеккөреді!», «Азаптауға жол жоқ», «Фашизм тоқтасын», «Тәуелсіз тергеуді талап етеміз» және біреуінде – «Халық – террорист емес!» деген плакаттар болды. Содан кейін Жанболат Мамай бастаған тіркелмеген Демократиялық партия өкілдері «Назарбаев сотталсын!» деп ұрандап келді. Олардың талаптарының бірі – ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа импичмент жариялау, уақытынан бұрын Тоқаевтың кандитатурасынсыз президент сайлауын өткізу. Сонымен қатар олар заңсыз ұсталғандарды түрмеден шығару керектігін және «Қаралы қаңтарда» қаза болғандардың отбасына ақша төлеу керектігін айтты.
Жиынға жиналғандардың ішінде қаңтарда ұсталғандардың аналары, әкелері және өзге де туыстары көптеп жүргені хабарланды. Олар Тергеу изоляторларындағы қылмысты мойнындату үшін адам төзгісіз азаптаулар мен қысым көрсетіліп жатқанын айтып, шағымданды. Аналар азаптауға қатысы бар полицейлерді жазалап, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевты да заң жүзінде жауап беруді талап етті. Монументтің жанында Болат Әбілов та сөз сөйледі. Ол тұңғыш президент туралы заңның күшін жоюды, Назарбаев көшесін Қаңтар деп атауды талап етті.
Тәуелсіздік монументіне белсенділер арт-перформанс жасады. Соңғы кездері ісмер, өнерлі жастардың перформанстары болашақ жастардың белсенділігін көрсетіп жүргенін мойындауымыз керек. Олар қызыл алманы ақ параққа қойып, монумент жанына орналастырған. Бұндай алмалардың саны – 227. Ресми деректер бойынша дәл 227 адам «Қаралы қаңтар» оқиғасында қаза тапқан болатын.
Кейіннен прокуратура өкілдері келіп, митингінің заңсыз екенін айтып, халыққа тарауды ұсынды. Талап-тілектердің барлығын хат немесе арыз арқылы беруге болатынын айтып, тарқасты. Талап орындалғанша қайтпаймыз деп айтқандар болғанмен, прокуратура өкілдерімен тілдескеннен кейін халық тарап кетті.