Міне сондай қолжетімділіктің арқасында қазақтың марғасқа жазушылары мен ақындарының, ғалымдарының небір кітаптары кеңінен таралып жатты. Алайда әдебиеттің партиялылығы секілді қатал қағидалармен шідерленген өмір шындығы, былайғы жұртқа көбінде «жұмақ аралының ертегілерін» ұсынумен келген екен. Біз соларды есейе келе түсіндік.
Шындығын айтқанда Алматының әдеби ортасы мен Алаш рухын жүрегіне сақтаған, жанартау болып бұғып жатқан азаматтарымызды жақын тани бастаған кезде барып білдік. Сөйтсек Кеңес кезіндегі қызыл ұранға толған жазбалар өмірдің бергі беті екен де, шындықтың ауылы «тарихта қазақ қараңғы халық болып еді» деген жалған қалпақтың астында жүріпті. Біз соның барлығын тәуелсіздік таңы атқанда барып шын түсіндік. Түсіндік те ұлы Абайды жастайынан баулыған, медресе табалдырығын аттатып, сауатын аштырған Құнанбайдың кім болғанына аңсарымыз ауды. Бұған жалғас Мұхтар Әуезовтің неліктен тарихи шындықтарды айналып өтуге тура келгендігін білуге құмарттық. Шыны керек, сол сұрақтардың жауабын берген азаматтарымыздың ішінде Тұрсын Құдакелдіұлының шоқтығы биік еді.
Содан бергі уақытта Тұрсын есімі абайтанушы, әуезовтанушы деген құрметпен қатар атала берді. Біздер «Абай шыңын, Әуезов шыңын» асқақтатып жүрген, Кеңес кезінде жабық болып келген талай оқиғалардың бетін ашушы, жанкешті ғалымның баспасөз беттеріндегі мақалалары мен әдемі сұхбаттарына сүйсініп жүруші едік.
Тұрсын Жұртбаймен жақын танысқаныма ұзақ болды деп айта алмаймын. Алайда Алашқа аты мәшһүр болған азаматты көптен білетінім шындық. Бірде Астанадағы президенттік емханада бірер апта жатуыма тура келді. Менімен қатар Тұрсын да емделіп жатыр екен. «Жақсының жаттығы болмайды» деген рас сөз. Екеуіміз ескі таныстардай әңгімелесіп кеттік. «Сізді мен «мыстан апай» дейін», – деді Тұрсын. Сөйтті де ертегідегі мыстан кемпірді меңзеп тұрмағандығын жақсылап тұрып түсіндіріп шықты. «Сіз тәрбиелі қыз, ибалы келін болдыңыз. Бұл күндері әулетіңіздің қорғаны, халқыңыздың қормалы қызарған мыстай данагөй әжесі болдыңыз. Мыс ешқашан тотықпайды. Иіледі, қайысады, бірақ морт кетпейді. Сынбайды. Иі жұмсақ...» – деп тарқатып ала жөнелді. Ендеше мен сені «Ата» деймін. Себебі Алашты қазаққа қайта танытамын деумен самай шашың ағарып, жігіттіктің от қайратын тарихтың кенін қазуға жұмсадың. Сөйтіп жүріп, халқының ардақты абызы болдың. Алашты танытқан адам, қысқартылғанда «Ата» болады дедім.
Екеуіміз де күлдік. Ал сосын Тұрекемнің ағылған әңгімелері басталсын. Ол сөйлейді, мен тыңдаймын. Жадының мықтылығына таң қалдым. Сонау балалық шағындағы көрген білгендерінен тартып, алдын көрген, тәлімін алған ардақты ағалары мен қазақтың талай-талай мықты жазушылары және сол кездегі қоғамдық жағдайлар туралы көсіліп тұрып айтты-ау, шіркін! Ал «Ұраным – Алаш!» атты үш томдығының материалдарын құпия архивтерден таратып, жан-жақтан тінтіп жүріп 30 жылдан астам уақыт тірнектеп жинаған екен. Сөйтсем бұл «қағынғыр» 7 сынып оқып жүргенде Алаш қайраткерлері туралы айтқаны үшін, мектептен қуылған екен. Жасөспірім Тұрсынның ойлы жүрегі шындықты ерте сезіпті. Оның «қыңырлығы» сондай, Алаш арыстарын прототип ете отырып, көркем шығармалар жазыпты. Мен осы әңгімелерді өз аузынан тыңдап отырып, Шерхан ағамыздың айтатын «ширығуы» осы Тұрсын секілді текті, өр мінезді, жүрегінің түгі бар зиялыларға ғана тән екендігін аңғардым.
Абайдың қадірін ерте түсінген Алаш арыстары, оны өткен ғасырдың басында-ақ биікке көтеріп, бағалай білген еді. «Зәредей шүбә етпейміз, Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндері Абай құрметі күннен-күнге артылар. Бірінші ақынымыз деп қадірін халқы жиі-жиі зиярат етер, халықпенен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар» – дейді Міржақып Дулатов. Қазіргі таңда Тұрсынның ұлы Абайдың өмірі мен шығармашылығы жайында зерттеулер жасағанын Абайдың тереңіне бойлап, ондағы философиялық арқауды тарқатып берген зерттеуші екендігін қайталап айтып отыру басы артық сөз. Яғни толық мойындалды. Ал Құнанбай мен Абайдың өмір сүрген ортасына қатысты көпшілікке беймағлұм болып келген бірнеше жүз архив деректерін ашқан ғалымның қағаз бетіне түсірмеген әңгімелерінің өзі бірнеше том болатын секілді... Әлихан, Ахмет, Міржақыптардың ұлы арманды жалғаған, Алаштың аманатына қиянат қылмай, елінің азаттығы үшін, қазақтың адам болып жұрт қатарына қосылуы үшін, жандарын қиған арыстарымыздың қилы тағдыры мен қылышынан қан тамған Кеңес үкіметінің жауыздығын әшкерелеп, тарихтың алдында әділ бағасын бергізген санаулы азаматтардың бірі осы Тұрсын Жұртбай десек артық айтқандық емес. Оған шүбә келтіргісі келетіндер болса, көше тілімен айтқанда «қарағым, алдымен сауытыңды ашып кел, болмаса емделіп келші!» деген сөз ғана лайықты дер едім.
«Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы – заман тынысы, халық үні. Бүгін ол үн біздің де үнге қосылып, жаңғырып, жаңа өріс алып тұр» деген еді ұлы суреткер Мұхтар Әуезов. Сөйткен Мұхтардың да халық назарынан тыс қалған қилы тағдыры мен көркем шындықтарының астарындағы тылсым сырларын да Тұрсын Құдакелдіұлы зерттеп шықты.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді халқымыз. Бүгінгі Тұрсын қара ормандай халқының алдында Алашын ардақ тұтқан ғалым, қаламы жүйрік жазушы ретінде әділ бағасын алған тұлға. Оны барша көзіқарақты зиялы қауым да қарапайым халқы да тегіс мойындайды. Қадірлі азаматымыз бүгін «Алпыс, талтүс» дейтін асқаралы алпыстан аман өтіп, жайраңдап жетпіске толды. Мерейтойына мемлекет басшылары көңіл аударып, Арқа төріндегі ғылым ордасы Гумилев университетінде ғалымдарға ғана тән жоралғымен конференция жасалып жатыр. Арнайы шақыруын алсам да, алыстағы шипажайда емделіп жатқандықтан, қатысу мүмкін болмады. Торқалы тойдың төрінде болмасақ та, қолыма қалам алып, «Атама» деген ықыласымды білдіруді жөн санап отырмын. Ардақты «Ата», 70 жасың құтты болсын! Деніңе саулық, отбасыңа амандық тілеймін! Халқыңа әлі де берерің мол екеніне сенеміз! Сенің қажымас қайсарлығың мен ғылым жолындағы «қыңырлығың» шәкірттеріңе жұғысты болсын!