Әлеуметтік желі құрықталмай, әлеумет ұлықталмайды

Әлеуметтік желі құрықталмай, әлеумет ұлықталмайды

Абайды «жағадан алған» кімдер?

Әлеуметтік желінің жақсылығы – «айшылық алыс жердегі оқиғаны» ат арытып бармай-ақ алақандай ұялы телефоннан көресің. Әлемдегі игі істерге марқайып, тың жаңалықтарды оқып шалқайып қоясың. Арқасына шыбын қондырмайтын әкім мен министр де, кеудесі көк тіреген шенеунік те көз алдыңда.  Достығыңда болса тура, достығыңда болмаса біреу арқылы «арызыңды да», «назыңды да» айта аласың. Билікті сынағың келсе, Ақордаға жүгірмей-ақ, әлеуметтік желі арқылы ұра саласың парақшаңа. Жақсы сөзің жетпесе де, «датың мен өкпең» құстай ұшып жетеріне сене бер. Бәріне қолжетімді. Рахат!

Ең жаманы – әлеуметтік желі адамдарды қуаныш пен мейірімнен ажырата бастағаны. Қарап отырсаң, әлеуметтің көңіл күйі агрессияға толы. Қату қабақ, кіржиген жүз. Бұртиған ерін...  Жай ғана мысал. Біреу билікке келіп, биікке құлаш ұра бастаса, «ой, бәрекелді!», «Өркенің өссін!» дейтіндер азайды. Сынап-мінейтіндер көбейді.  Билікте ылғи жемқор мен парақор отырғандай шүйлігетіндер молайды.  Тәуелсіздіктің 30 жылының берген жемісі бұл. Халықты да түсінуге болады. «Қалған көңіл, шыққан жан».

Желі қолданушы жұрт бұрынғы Президент Назарбаевты қаншама рет өлтіріп-тірілтті. Інісі Болат Назарбаевты да кей адамдар ауруханадан хал үстінде жатқан жерінен «аяғынан сүйреп» шығарып тастады. Қайрат Сатыбалдыны қарғап, Бекболат Тілеуханды сөзбен қорлап жатқандар әлеуметтік желіде «жұлдыз».  Путинді көрге тығып, рахаттана сыбағандарды да  көзіміз көріп жүр.

Қайтейін, қазақ жауының өзіне өлім тілемейтін халық еді ғой. Бәрін Аллаға тапсырып, бәле қумай тіршілігін істеп жүре беретін. Қоғам азды ма, адам азды ма, қазақ азды ма, білуден қалдық қой. Қазір әлеуметтік желінің арқасында құлағанға күліп, өлгенге қуанатын жағдайға жеттік. Өкпелеткен адамды «өлсе екен» деп аңсайтын болдық. Тірі жүргенді «Неге өлмейді екен?» деп  тілейтін болдық. Алла өзі кешірсін.  «Өзгеге өлім тілеме, өзіңе өмір тіле» деген тәмсіл жайына қалды. Бұл жақсылық нышаны емес. Бұл – жастарды қатыгездікке бастайтын тәрбиенің нақ өзі. Бұл – ізгіліктен айыратын, ынтымақтың қанатын қайыратын жаман әдет.

Мені шошытатыны – әлеуметтік желіде тіріні қойып, «өліге ауыз салғандар» көбейгені. Қазақы танымда тәрбиеленген Мұқағали Мақатаевтың «Өлгенді жоқ ешқашан жамандауға, Сол үшін рахмет адамдарға» дегенін пайымға алатындар аз болып тұр. Бұдан асқан сорақылық болмас. Аты аңызға айналған сақ-массагет халқының, түркі жұртының ханшайымы Тұмар (Томирис) анамыз  Парсы патшасы Кир соғысуға шақырғанда: «Біз сенімен екі жағдайда ғана соғысамыз: төтеннен шабуыл жасасаң және ата-бабамыз жатқан қабірлерді қорласаң», – деп  шарт қойыпты. Сөйткен түркінің бүгінгі әбден езілген ұрпағы аруақтарды, дүниеден өткен игі жақсыларды өздері мазалай бастады. Оларға әзірге  «әй дейтін билік, қой дейтін ақсақал» шықпай тұр. Ұлы тұлғаларға ұлылықты қимау қай жағынан қарасақ та ақылға симайды. Жүгенсіз кеткен әлеуметтік желінің жеткізген жері осы бізді.

Ұлы Абайға «шабуыл» әр кезеңде болып тұрған. Бірақ дәл бүгінгідей айқын, ашық «шабуыл» жасағандар некен-саяқ.

Нұрлан Төреханов - Киностан.kzСонау 2017 жылы әлеуметтік желіде үлкен жанжал туған. Танымал қазақстандық сәнгер Нұрлан Төреханов «Қара сөздерді» Абайдың жазғанына күмән келтіріп, айды аспанға шығарған. Ол туындының кеңестік насихаттау мақсатында жазылғанын дәлелдеп баққан. Қолжазба жоқ, демек автор да жоқ. Нұрлан Төрехановтың жазбасының қысқаша мағынасы осыған саятын. Сөйтіп, елді бір шулатқан. «Атың шықпаса, жер өрте» деген осы болар.

Ал Америкада тұратын, қазақ, орыс, ағылшын тілінде қалам тербейтін әдеби блогер, аудармашы Зәуре Батаеваның «Абай жұмбағы: Қазақстанның белгісіз ұлы ақыны» атты мақаласы да Абай шығармашылығына жағылған қара күйе.

Бұл – бұл ма, таяуда белгілі қоғам қайраткері, елге танымал азамат Жанұзақ Әкім фейсбук парақшасында данышпан Абайдың дал-дұлын шығарды. «Қазаққа ес кіргенде, Абай ескіреді», – дейді Асқар Сүлейменов. Абайдың бар жазғаны – 1 том (50-60 өлең және сонша қарасөз (Гете 146 том жазған). Оның 10-нан астамында қазақты кемсіту. Сол үшін коммунистер оны 70 жыл бойы ұлттық идеологияның негізі етіп алды. Коммунистік идеологияның негізі болған Абай азат Қазақстанға қалай рухани көсем болады?! Жалпы Абайда елім, жерім...  ұлт-азаттық үшін күрес туралы ештеңе көрмедім.  Яғни ол арқылы ұлттың рухын көтеру мүмкін емес! Абайтану институтты ашып алып, оны «60 жыл зерттеп», яғни оны «кормушкаға» айналдырған арамза алаяқтар мен тауық милар қаптады. Барлық қасиетті кітаптарда «халық – құдайдың бір аты» дейді. Абай пенде, не Құдайдың құлының сол Құдайды, яғни жүйелі түрде сынап-кемсітуіне ешқандай құқығы жоқ. Құдайға сенген. Абайдың оны білмеуі мүмкін емес. Яғни қарасөзді НКВД жазды. Тарының дәні мен кебегін айыра алмайтын соқыр тауық кейбір қазаққа бәрі жем болуда. Қазақтың есі қашан кіреді?!» – деп жазды ол ашынып.

Сондай-ақ, Жанұзақ Әкім Абай туралы тағы былай депті: «Батыс елдері бір адамды дәріптеу күпірлік, үңгірлік, тобырлық сана екенін түсінді. Олар әулие, пайғамбар... емес, қатардағы пенде, Құдайдың құлдары, қанша данышпан болса да. Қазақ, Гер-ағаң жазатын, «Адамзаттың Абайы», «Шығыстың Шыңғысы»... деген сандырақтардан арылу керек. М.Мағауиннің 1970 жылдары шыққан хрестоматиясында: «Қазақ әдебиеті Абайдан басталады», – дейді. Сонда оған дейін қазақта әдебиет болмады ма? Ол «қазақта әдебиет, тарих, мемлекет, шекара... ештеңе, тіпті қазақтың өзі болмады» деген советтік, одан кейін соңғы 30 жылдағы солақай идеологияның сандырағы» деп түйіндепті ойын.

Великому Абаю 175: челлендж продолжается | Almaty.tv

 

Тарихымызды таптап, арыстарымызды даттап жатқандарға тоқтам керек!

Әлемге қазақтың даналығын мойындатқан Абайды «жағадан» алғандарға не деуге болады? Кейбір ұлттар «даналарын», «данышпандарын» қолдан жасап, ұлттық идеологияға арқау етіп жатқанын көргенде, өз қағынан жеріген бауырларға қалай кейімейсің? Қалай өкпелемейсің?! Егер мұндайларға тоқтам болмаса, күні ертең тарихыңды паршалап, әлеуметтік желіні пайдаланып, қазақ хандары Керей мен Жәнібекті жоққа шығарса, таң қалма, қазақ! Төле бидің «шапанын жыртып», Әйтеке мен Қазыбекті  дүниеде болмаған десе, масқара сонда болмақ.

Төле би демекші, Абылай ханға күдік тудырып, жерден жеті қоян тапқандай әлеуметтік желіні шулатып жатқан тарихшыларға не шара?! Қайда кетіп барамыз, ағайын!

Мәскеу мұрағатынан табылған бейнекадрлар. Тұрар Рысқұлов пен Сәкен Сейфуллин  - ҚАЗАҚСТАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫӘлеуметтік желінің бетінде ұлтым деп ұрандатқан, қазағым деп қабырғалары қайысқан Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин т.б. арыстарды Алашқа айдап салып, қазақтың ұлдарын жік-жікке бөлген азаматтардың көксегені не? Қазақ баласы неге осыншалық ұсақталып барады?

Кеудеге өкініш ұялататын тағы бір жайт – біреудің жетістігіне қуана алмайтын болдық. Қуана білмеген жүрек жақсылықты көрмейді, ізгіліктің соңынан ермейді ешқашан.  Жақсылыққа қуана білу – ұлы жетістік. Ұлы қасиет. Әлеуметтік желі пайдаланатын қауым осыдан ажырап барады.

Бүгінде желіде Назарбаев билік құрған кезеңді даттаушылар мен ол құрған жүйені боқтаушылар қарасы көп. Әділ сынға айтар сөзім жоқ. Әділетсіз пайымға тоқтам айту міндет. Назарбаев – қалай десек те, тарихта қалатын тұлға. Ол – жақсы ісі мен қателігі итжығыс түсетін тұлға. Әлеуметтік желідегі сынағыштар күн мен түннің алмасатыны секілді, қара мен ақтың тайталаса бірге жүретінін пайымдап, Назарбаевтың да жақсылығы мен жамандығын саралай білгені дұрыс-ау. Бір жақты даттау, жамандау әділдікке қиянат, болашаққа, тарихқа тас ату емес пе?

Әлеуметтік желіні қару етіп кек қайтару, даттау, тілдеу, сөйтіп сөзбен жүрек жаралау белең алып тұр. Әсіресе билікті орынсыз сынауға құмар қауым пайда болды. Олардың іздегені дау-дамау, ұрыс-керіс, жанжал ғана. Қазақ атамыз «сөз тас жарады, тас жармаса, бас жарады» деп бекер айтпаған.  Жақсы сөз естімеген, мейірімді әңгімеге елтімеген ұрпақ күні ертең қатыгез, қарау, мейірімсіз болып өспесіне кім кепіл? Естігені «тонап кетіпті», «ұрлап кетіпті», «қашып кетіпті» болған ұрпақ жемқорлыққа бейім, қарақшылыққа дайын тұрса қайтпекпіз. Бабалар тәмсілі «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген. Жақсы ойлап, жақсы пікір жазу да жүректі тыныштандыратын дәрі іспеттес. Әлеуметтік желіні тиімді пайдалансақ қана өрісіміз кеңиді, ағайын. Әйтпесе өрісіміз құриды.

«Өзіңді-өзің жаттай сыйла, жат бойыңнан түңілсін» деген тәмсіл дәл осы аласапыран ғасырға дөп келіп тұр. Барыңды қадірлемесең, асылыңды ардақтамасаң, не қадір-қасиетің қалады, қазағым? Алты алаштың баласы ғана емес, дүйім әлем мойындаған Бауыржан батырдың «жағасына қол салғаның» неткенің, қарақтарым?! Бүйтіп аруақтарды күңіренте  берсеңдер, қазақ халқына да  абырой әпермессіңдер. Сүттей ұйыған ұлттың іруі де оңай. Ол үшін өз ішінен шыққан сендер секілді рухсыздар әлегі жетіп жатыр.

Бауыржан Момышұлы | Әдебиет порталыТаяуда ФБ-де әскери қайраткер, ержүрек қолбасшы, жазушы, Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлына өте ауыр сын айтылды. Бұл туралы белгілі актер  Алмат Сақатов парақшасына: «Ассалаумағалейкүм! Бауыржан Момышұлына жазған түрі мынау. Не дейсің енді бұндайға? Не дейсің? Қалай жеткізу керек сіздерге?» – деп күйініп жазып, Бауыржан Момышұлы туралы төмендегідей сөздер жазылған суретті жүктепті. Масқара!

«Бауыржаның орыстың алдында тік тұрып емес, тоңқаңдап жүрген болар. 1937-38 үш жыл бұрын репрессия деп, қырып салған жауының Москвасын қорғай ма тоңқаңдамаса? Тік тұрып өлген алаштан артық болып па жаны?» – депті Мухи Ахмет есімді оқырман.

Қылышынан қан тамған Кеңес заманында тегіне «ов»-ты тіркемей өткен Момышұлына осылай деген ұрпақтан не үміт, не қайыр? Біздің қоғамда мұндай «шіріген жұмыртқалардың» саны аз емес. Көбі балғын ұрпақ. Демек, тәуелсіздіктің отыз жылындағы ұлттық идеология өз жемісін бере алмады. Бізге басқа бағыт, соны ізденіс керек! Әйтпесе осы күнімізбен жылап көрісуіміз әбден мүмкін. Президент Тоқаев мәлімдегендей, «Еститін Үкімет» жазғанымды оқыса, бір шара қолданар, қолданбаса, баяғыдай қолбалаға айналар. Елдің тоз-тозы шықса, нағыз «ойбай» сонда болар.

Мен де адаммын. Кейде билік әлеуметтік желіні еркіне жіберіп, «бірің өліп, бірің қал» саясатын қолданып отыр ма деп ойлаймын. (Әйтпесе ауыздықтау қолдарында ғой). Себебі билік үшін халықтың жақ-жаққа бөлініп, ырду-дырду болып қырқысып жатқаны пайдалы. «Бізде демократия» деген желеуге де таптырмас құрал.  Қай заманда да солай болған. Бола бермек. Кейде әлеуметтік желідегі халық тынышталып қалғанда ортаға тамызық қылып бір бітпес дауды тастай салатындай көрінеді. Сөйтіп, өз істерін жүзеге асыра берсе, қолайлы емес пе? Бұның келешектегі зардабына терең бойлап отырған билік жоқ. «Не ексе, соны оратынын» сезінбейді. Мұның бәрі ұлттық идеологияның нашарлығынан. Тамырсыздығынан. Биліктің ұлтсызданғанынан. Болашақты барлап, ел ертеңіне еңіреген басшы, болашаққа көрегендікпен көз жүгірткен басшы етек-жеңін жинап, әлеуметтік желідегі арсыздықтарға тоқтау айтып, жақсылықтарды дәріптеуге күш салар еді...

Жоғарыда айттым, соңғы жылдары әлеуметтік желіде тірілерді қойып, өлі аруақтармен «жағаласатындар» бой көрсетіп жүр. Талай аптал азаматтар жершілдіктің, рушылдықтың құрбанына айналды. Тұлғалардың өмір сүрген кезеңі, қиын-қыстау заманы жайына қалды. Ең сорақысы – ұлылардан ұлылықты қызғанатындар қарасы көбейгені. Бәрінің көксегені – желі арқылы елді шулатып,  жалған абырой, арзан атақ жинау. Қазақ қашан өлгенді күндеп, аруақты тілдеп, өткенге топырақ шашып еді? «Жақсы сөз айта алмасаң, үндеме» деген ұлылардан қалған пәлсапа қайда? Қайда кетіп барамыз, ағайын? Келер ұрпаққа қалдырар өнегеміз осы ма? Алдыңғы дөңгелек қайда жүрсе, соңғы дөңгелек соған еретінін неге ескермейміз? Әлеуметтік желі жел сөзімізге тосқауыл қоймағанымен, күндердің күнінде өрісімізді шектемесіне, өзегімізді өртемесіне сенімдіміз бе?  Әлемде жоқ қазынамызды, көл-көсір тарихымызды жоққа шығаруға талпыныс барымызды мансұқ етумен пара-пар дүние екенін қазақ қашан сезінер екен.

 

Жүйелі сөзге арқа сүйеп, диалог алаңы етсек, қанеки!

Күні кеше ғана әлеуметтік желіге Серік Хасенов деген жас жігіт: «Шер-ағаңның журналистика мен әдебиетте жасаған еңбегі ұшан-теңіз. Оған ешкім күмән келтіре алмайды... Бірақ ол кісі саяси қайраткер емес. Оны мойындау керек! Мысалы, біз бәріміз жақсы көретін, Назарбаевтың бетіне айтты дейтін «Араны ашылған қыран не аңды алады, не аңшының өзін алады...» деп басталатын эпизоды бар еді ғой. Ол жерде Назарбаевты сынап тұрған жоқ. Сол кездегі «Жас Түріктер» аталып кеткен оппозицияны сынап тұр. Яғни Назарбаев жағында болды... Екінші сол оқиғадан кейін біраз жыл өте Назарбаевты мақтап мақала жазды. Нұх пайғамбарға теңеп, Нұрекеңе «қазақтың құтқарушысы» деген айдар тақты... Саяси қайраткер деген кім? Қайраткерлік күресуден тұрады... Сондықтан кезінде Назарбаевтың ығына жығылғандарды саяси қайраткер деуге келмейді... Қалай десек те, ескерткішке жазушы Шер-ағаң лайықты шығар... Бірақ саясаткер Шерхан Мұртаза емес...» деп жазды. Бұған «әу» деген бір жан болмады. Билік тарапы да оқтау жұтқандай үнсіз. Қалың қазақ бұл жазбаны  қызықтағандай тамашалап өте шықты. Осыдан-ақ бүгінгі қазақтың таным-түйсігін бағамдай бер. Беталысын саралай бер.

Шер-ағаңның ұлтына сіңірген ерен еңбегі, көз майын тауысып жазған дүниелері оспадар сынның, әділетсіз пікірдің алдында  дәрменсіздік танытып «тізерлеп» қала берді. Ұлтым деп өткен Шер-ағаңды ұлты қолдауға жарамады. Бүгінгі билігі пысқырып та қарамады. Бұдан асқан өкініш бар ма жер бетінде?

Әлеуметтік желіде Құдайды, Құранды жоққа шығару түк емес қазір. Қазаққа жетпегені осы ғана еді. Шала қазақ, тәңіршіл қазақ, уаһаббист қазақ, сопы қазақ аздай, енді құдайсыз қазақтар легі пайда болды. Жаратқан артының жақсылығын берсін.   Кім білсін, ақпараттық майдан деген осы шығар. Сүзгі болмағасын сөзден де қадір қаша бастағаны байқалады. Аузына ақ ит кіріп, көк ит шығатын сайттар қаншама. Әлеуметтік желіні ылаңдатып, миллиондап жазылушы жинаған  блогерлер жүр талтаңдап.  Әкім-қараларды қорқытып та, үркітіп те жүр олар.

2019 жылы 2 ақпан күні «ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІҢ ҚУАТЫ МЕН ҚАҺАРЫ халықпен санаспаған билікті де шошындырды» деген мақала жаздым. Оны сол кездегі  Үкімет басшысына дат қылып айттым. https://www.elana.kz/en/aleumettik-zhelining-quaty-men-qahary-h/

Бірақ оны тыңдаған үкіметті, назар салған билікті көрмедім. Мен ғана емес, қаншама зиялы қауым  әлеуметтік желінің зардабы мен залалын ашына жазуда.  Тоңмойын билік тоң-торыс отыр. Оларға бәрібір секілді.  Кеңес заманында айтылған сын міндетті түрде ескерілетін, кейін зерттелетін,  ақырында тиісті шаралар қабылданатын. Бұл өткенді көксеуім емес, өткеннен сабақ алайық, жақсысын кәдеге жаратайық деген тілегім.

Негізі, әлеуметтік желілерді ойлап тапқандар оны қолданушылардың көп уақытын сонда өткізуі үшін барын салуда. Жылда миллиардтаған доллар бөлінеді. Бұл – олардың бизнесі… Сондықтан ақша табудың небір қитұрқы жолдары қарастырылған. Ақылыңды дос тұтып, ашуыңды ауыздықтамасаң, құлтемірге айналуың бір-ақ сәт. Ойыңды өрістете алсаң, әлеуметтік желі – көмекшің. Алыс-жақынмен табыстырар, жаманнан жирендіріп, жақсылыққа бастар серігің. Осыларды сараптай келе, әлеуметтік желінің шабарманы, құлақ кесті құлы болмауға күш салу – адам баласының ұлы міндеті. Бала-шағаны да әлеуметтік желіге «табынып» кетуден сақтау – аға буынға үлкен сын!

Алпауыт күшке ие әлеуметтік желіні әлеуметтік мәселемізді билікке жеткізетін, олармен пікір алмасатын, санасатын диалог алаңы қылсақ ұтпасақ, ұтылмаймыз. Әйтпесе, құр дау-жанжалмен уақытымыз өтіп, кім көрінгенге жем болып кету қаупіміз бар…

Бір заманда дана Абай «Өлең деген – өсекші жұртқа жаяр, сырымды тоқтатайын айта бермей» деп өлең арқылы ішкі жан тебіренісінің көпке тарайтынын астарлап жеткізсе, бүгінгі жаһандану ғасыры екінің бірінің шынайы өсек-аяңын халыққа тарататын құралға айналды. Баяғының абыздары ел ішіндегі келеңсіздіктерді алқақотан отырып, жүйелі сөзге арқа сүйеп шешетін болса, бүгінгінің «данышпандары» көзге көрінбейтін виртуалды әлемде өмірдің күрмеуін тарқатады. Тіпті бәрі шетінен көсем де шешен. Кесіп-пішіп сөйлейтіндерін қайтерсің. Өзі заңгер, өзі адвокат, өзі прокурор, өзі сот. Ұрымтал сәт келді ме, қапы жібермейді. Ұнатпай қалды ма, сойып салады. Өйткені «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ». Ар мен ұят жайына қалды кей адамдарда. Адамдық болмысты тануға, сананың ішкі иірімдерін білуге әлеуметтік желі рентген сәулесіндей қызмет жасап тұр.

Әрине, аударылып-төңкеріліп жатқан лентаның өне бойында оның жақтаушылары мен даттаушылары өріп жүреді. Бейне қазақтың делебесін қоздыратын көкпар секілді. Ақыр аяғында жақ-жақ болып ғайбат айтып, әлгі «құрбандыққа шалынған» бейшараның түте-түтесін шығарады… Бұл – ең жеңілі. Ең қауіптісі – бір кезде билікте болып, түрлі жолдармен қуғынға ұшырап, қара басын күйттеген «қайраткерлердің» қоғамда кездесіп жататын түрлі оқиғаларды тиімді пайдаланып, бар кінәні билікке қарай бұруға дайын тұратындығы. Сол жерден ұпай жинап қалуға өлермендене ұмтылатыны. Бар көксегені: тақтағыны тайдырып, қара сөзбен жарлы-жақыбайды бай қылмақ. Ондай мансапқорлардың «ізбасарлары» да көбейіп барады. Қит етсе, «сынықтан сылтау» іздеп, билікке қарата өсек-оқты боратады-ай келіп. Тіпті біреулер жалған аккаунт ашып алып, «аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып» жатады. Ойлап қараңызшы, миллиондаған адам отыратын әлеуметтік желіде сенің бір ауыз сөзіңнің бағасы қандай?! «Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» дегеннің салмағы да осы арада білінеді.

 

ТҮЙІН: Заңмен ауыздықтау – уақыт талабы

Әлеуметтік желінің желігі-ау, бетпақтық деген, арсыздық деген тыйылмай тұр, тіпті Президент Тоқаевтың өзін әкесі Кемелден туғызбай жүргендер бар. Олар Тоқаевты Пономаренко деген біреумен «жақындастырып», екеуінің суреттерін жарыса қойып әуре. Сөйтіп, Президенттің әкесі орыс дегенді тықпалауда. Бұл өсетін елдің адамдары істейтін әрекет пе? Бұдан асқан тексіздік, бұдан асқан масқара қылық қазақ топырағында болып па еді? Неге бұларға жаза қолданбасқа? Ұлттық болмыс, қазақы салт-дәстүріміз адыра қалып, өсек-аяң өрге жүзген заманға кез болдық па?

Мемлекет басшысы бір сөзінде: «Біздің азаматтарымыз «Жаңа Қазақстан деген не?» деп жиі сұрап жатады. Бұл сұраққа қысқа әрі нұсқа жауап беруге болады деп ойлаймын. Жаңа Қазақстан – шын мәнінде әділ Қазақстан», – дегені бар еді. Сол әділдікті асыға күткен қазақ көп. Ол үшін ұлттық идеология мен ұлттық құндылық шырқау биікке көтерілсе керек-ті. Ол үшін әлеуметтік желіні билік құрықтап, жауыздық ниеттегі сайттар мен жат пиғылдағы адамдарды «құлыптап» тастаса, шіркін! Сөйтіп, ұлттық идеология қанатын жаймаса, құрдымға кеткеніміз кеткен! Президент сенім артқан, Үкімет міндет жүктеген, халық үміт артқан министрлер ауыздан «авария» болмай, жалған патриот болмай, елмен бір екенін ісімен, білімімен, біліктілігімен дәлелдеуге тырысып жүрсе, нұр үстіне нұр. Әйтпесе Президент айтқан «Әділ Қазақстанның» ауылы алыс.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жиі айтатын «Жаңа Қазақстан, әділетті Қазақстан» орнату үшін әлеуметтік желіні тезге салып, ондағы тәртіпті жөнге келтіру – уақыт талабы. Желіні қадағалап отыру үшін, әрине, заң керек. Заң болғанда да айбарлы, салт-дәстүрге бекем, ұлттық құндылыққа жанашыр. Тарихқа тас атқандар мен ел ардақтаған тұлғаларға тіл тигізгендерге арнайы бап болса, тіпті тамаша! Оның бір ұшы ұлттық идеологиямен сабақтасып жатса, құба-құп.  Қазақ халқы үш жүзге бөлінгенімен, үш тілге, үш дінге бөлінбеген жұрт. Ошақтың үш бұтындай жымдасып, жарасқан жұрт. Әлеуметтік желі арқылы тұтастығымызға балта шауып, бірлігімізге сына қаққысы келетіндер көп.  Бұл – Президент Тоқаев ескеретін дүние. Ел ертеңі үшін, алға қойған мақсат-мұратына тезірек жету үшін.

Алла Тағала ниетке береді деген қазақтың баласымыз.   «Өзімді алсаң ал, құдай, ниетімді алма» дегені тағы шындық. Кешегі кеңестік жүйедегі жетпіс жылдық, тәуелсіздік заманындағы отыз жылдық халықтың ниетін алып қойыпты. Мұның бәрін әлеуметтік желілерден, қоғамдағы пасық ойлы пенделердің ниетінен анық аңғарамыз. Ол аз десеңіз, халықтың да ниеті өзгерді... барға қанағат ететіндер кемшін. Ниет өзгерген жерде пиғыл бұзылмақ.  Оған, әрине, билік басындағы басшылар мен қосшылар да кінәлі. 

Бүгінгі қоғамға қанша күдікпен қарасам да, келер күндерге үмітім күшті. Сенімім зор. Ақ жаулықты ана болғасын, жас  ұрпаққа алаңдаймын. Солар тура жолда жүрсе екен деймін.  Әлеуметтік желінің «әләуләйіне» ілесіп, әлеуметтен ажырамаса екен деймін. Тарихын мансұқтамай асқақтатса, мақтан тұтса, арыстарын даттамай, ардақтаса деймін.

Сөз соңында айтқым келгені «Халқым, саған айтам, ел Президенті Тоқаев, сен тыңда!» болғалы тұр.  Болашақтан үміт күтіп отырған, мәуелі ұрпақ өсіріп отырған әрбір отбасыға да  ойланатын кез келді. Дәуірдің тасы өрге домалаған сайын, өмір сүру жеңілдеген сайын ұрпағымыз неге мейірімсіз,  неге қатыгез болып бара жатыр? Себебі биліктен қайыру жоқ. Ата-анадан тыйым жоқ. Бала жыласа да, «мазаны алмасыншы, осы тыныш болсыншы» деп, қолына смартфонды ұстата салу сәнге айналды. Ұрпағымызды әлеуметтік  желі тәрбиелеп жатыр. Ата-бабамыз естімеген небір жамандықтар, адам аузы бармайтын арсыздықтар жастардың санасын жаулап алды.  Ол аз болғандай, үлгі тұтар, ардақты  дейтін үлкендердің өзі өтірік пен өсекті, ғайбат пен боқтықты әлеуметтік желі арқылы таратуға әуес. Осындайлардың кесірінен әлеуметтік желі қоқыс тастайтын жәшіктей лас, сасық орынға айналды.

Бәзбіреулер тірілерді қойып, аруақтарға ауыз салды. Қазақтың дара тұлғаларын жоққа шығарып, «Америка ашып» мәз болуда. Бұған «еститін Үкімет» тыйым салмаса, Президент өзі бас болып қадағалауға пәрмен бермесе, ертеңіміз бұлыңғыр.  «Не ексең, соны орасың» демекші, қандай ұрпақ тәрбиелесек, соның жемісін жейміз. Әлі де кеш емес, қоғам болып жастардың бір мезгіл кітап оқуына, театрға баруына, спортпен кеңірек айналысуына, еңбекке араласуына жағдай туғызуымыз керек. Әйтпесе Абайдың кім екенін, Шәкәрімнің кім болғанын, Бауыржанның ерлігін білмейтін ұрпақ өсіп келеді.

PS: Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мырза кеше ғана Меккеге умраға барып,  қасиетті Қағбаның ішіне кіріп, екі рәкәт намазын оқыды. «Қандай да бір дұғам қабыл болады десе, онда ел үшін дұға етер ем. Себебі ол қабыл болса, жақсылығы мені де шарпиды» деген тәмсілдегідей, басшымыздың дұғасы қабыл болғай! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!

 

 

Сәуле Мешітбайқызы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
28.07.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 59
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 584
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 699
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 613
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 622

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8758
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8158
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11387
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9141
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10372