Әлеуметтік желіні заңмен құрықтау – заман талабы немесе Аягүлдің өліміне кім кінәлі?

Әлеуметтік желіні заңмен құрықтау – заман талабы немесе Аягүлдің өліміне кім кінәлі?

«ӘЙ, ҚОЙЫҢДАР!» ДЕЙТІН АҚСАҚАЛ ҚАЙДА?

Әлде шынымен құрдымға бет алдық па?!

Аягүл өлімі әлеуметтік желінің қоғамдағы орнын, керек кезде қажеттілігі мен қажетсіз жердегі қатігездігін айқындап берді. Өзекті жанға бір өлім десек те, сыртқы күштердің қысастығы мен қоғамдағы күштінің әлсізді қорлауы, тілдеуі, әлеуметтік желі арқылы жаңа белеске көтерілді. Бұл технология заманының жетістігі мен кемістігінің шынайы бейнесін көрсетіп тұр!

«Аяң өзін өлтірді, кетті. Бұл ұрандайтын іс емес! Біле білсең қазақ әйелдеріне ұят!

Қоғам назарының ауыртпашылығын көтере алмай ма, тыныш отыру керек!

Жалаулап көтерген Аяңның ешкімнен артықшылығы жоқ! Мүмкін кемдігі болар!

Өмір – күрес! Өз бәлесі өзімен кетсін! Қазақ поэзиясы да, прозасы да құламас, ал, қазақ қызының абыройына кір келтірді. Оның пәктігі, періштелігі енді бес тиын!» деп жазыпты Maira Tóleý-begim әлеуметтік желідегі парақшасына. Ащы болса да шындықты жазыпты. Рас, «Өлі арыстаннан тірі тышқан артық».

Бірақ, Аягүлдің өлімі пенделерге сабақ бола ала ма? Оны күйзеліске түсірген не нәрсе?! Бойындағы талантының гүлі ашылмай, ешкімге керексіз болып жүрген қыз бен жігіт аз ба бізде?! Күні ертең олардың да әлеуметтік желінің тұзағына түсіп, айтыс-тартысқа араласып жас жандарын қиып жібермесіне кім кепіл? Қоғамның дертіне айналған әлеуметтік желінің қауіпі мұнымен тоқтай қояр ма екен!

«Қапқан иттен өш алсам, иттен менің, нем артық» деген ұлы Абайдың ұлағатын кім еске алып жатыр? Әйтеуір, дүрліккен жұрт, шулаған халық… Аягүл өлімінің себебі мен салдарын зерттеп жатқан адамдар көп. Бұған мен араласпай-ақ қояйын деп шештім. Тек айтарым: жүйкесі жұқарған адамдардың психикасына шабуыл жасап, әбден тұқыртуға құмар, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын желі қолданушыларды бақылауға алып, заң алдында жауапқа тартатын уақыт жетті. Аурудың алдын алмаса асқынатыны белгілі. Өсек тасыған қатындай скрин тасып, отқа май құюшы адамдар да жауапкершіліктен тыс қалмауы тиіс. Өйткені нағыз арандатушы, жауластырушы солар емес пе?!

Сосын фейк парақшалар көп әлеуметтік желілерде. «Ойларына келгендерін жасап жатыр. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ». Шындығына келгенде нағыз дұшпан кейпіндегі тажалдар солар. Олар адамды өлтірмек түгілі, Отанды сатып жіберуге дайын тұр. Мысалы, «қазақ билігі Қытайға қарызды жабу үшін, жер беріп жатыр, Үкімет қытайға қарызды төлей алмағаннан кейін қосылмақшы» деген ақпараттар өріп жүр. Бұл арандату емей не? Бұған тоқтау бола ма? Болмаса сорың бес елі қазақ билігі!

Белгілі журналист Әсия Асеткина 5 тамыз күнгі жеке парақшасына жариялаған жазбасында ел ағалары мен ел аналарына шырылдап наз айтыпты. Мені де белгілеп таратқасын үнсіз қалуды жөн көрмедім.

Тек Әсия қызыма айтарым, Аягүлдің өлімі баршамыздың жанымызға қатты батты. Сәл сабырлық ете тұр қызым, сабыр!.. «Сабыр түбі – сары алтын екенін» есіңнен шығарма!

Әлеуметтік желі – қоғамның дертіне айналды. Сондықтан ешкімге кінә артудың қажеті жоқ. Рас, әлгі дертті өршітушілер мен таратушылар бар. Олар да бұл шіріген қоғамның бір бөлшегі. Сен де қарағым, біз де. Сондықтан, нақты дәлелім болмағандықтан ешкімнің атын атағым келмейді. Оны заң орындары анықтауы керек.

 https://m.facebook.com/story.php?story_fbid=4144630055660520&id=100003407008496 «…Бұл топқа «әй, қойыңдар!» дейтін қазақта ақсақалдық жасайтын адам қалмаған ба? Жоқ, бәріңіз «ажалы келсе бәрі де өледі. Бәлелі жерге бармақ тықпайық» деп үндемей отырсыздар ма?! Ал сол «ажалға не жетеледі, қызғалдақ ғұмыр неге ерте үзілді?» дегенге үңіліп көру неге ешкімде жоқ? Қазақ қоғамы неге шіріп барамыз?

Неге біз осындай «тәубамыздың, шүкіріміздің» айналасынан шыға алмайтын бойкүйезбіз? Себеп-салдарын салыстырмақ түгілі саралауға құлықсыз, қоғамдағы құбылыстарға немқұрайлы, немкетті қарап отыра беретін, томырық ойлы, әлсіз-әлжуазбыз?

Әлде бәріңдікі «маған қатысы қанша?» деген өз мансаптарыңды ойлау, «артым не болып кетер» деген қара бастың қамын жеу ғана ма?», – депті Әсия қыз ашынып. Әділдікті іздеп жаны шырқыраған Әсияны түсінуге болады. Бұл немқұрайлы қарайтын дүние емес, бұл өзекті проблема! Сондықтан өз үнімді қосайын деп осы мақаланы жазуға отырдым.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ – МЫЛТЫҚСЫЗ МАЙДАНҒА АЙНАЛДЫ

Әлеуметтік желінің арғы жағында шынайы соғыс жүріп жатыр. Қымбатшылықта халықты жағадан алуда. Оны бәріміз көріп отырмыз. Жығылғанға жұдырық болып КОВИД-те құтырып тұр! Жансақтау бөлімдерінде адамдар өлім мен өмірдің арасында қиналса, провизорлық орталықтарға індет жұқтырғандар үсті-үстіне түсуде, соңғы тәулікте 19 адам қайтыс болыпты. Ал біз болсақ, әлеуметтік желіде бір-бірімізбен жағаласып, жағадан алып, барды жоққа, жоқты барға шығарып, «жау (вирус) жағадан алғанда, бөрі боп етектен тартқандай» кепте отырмыз …

Кімге ренжиміз, кімге не дейміз?

Әрине ешкімге. Себебі, осындай күйге жеткенімізге бәріміздің де үлесіміз бар, сондықтан өзімізден іздейік кінәні!

Шіркін «Еститін үкімет» қашан естір екен халықтың жанайқайын!

Әлеуметтік желінің күйзелген адам психологиясына қаншалықты зардабы бар екенін бір адамдай білетін адаммын. Әлеуметтік желінің құрбаны болған Сымбат Құлжағарованың өлімін зерттеу барысында көп нәрсеге қаныққам. Ол туралы мақалам мына жерде тұр. «СЫМБАТ ҚҰЛЖАҒАРОВАНЫҢ ӨЛІМІНЕ КІМ КІНӘЛІ?». Бұл мақала «Qazaqstan dauiri» газетінің бірнеше номеріне шықты. (05/02/2021)https://qazdauiri.kz/ archives/24980

Алдағы сандарда аталмыш мақаланы түйіндеп, әлеуметтік желінің әлегінен бір отбасының қалай ойраны шыққанын нақты фактілермен көрсеткім келеді. Себебі әлеуметтік желі бағалағанға – бақ, бағалай алмағанға – дақ! Егер қазір ауыздықтамасақ, ертең кеш! Өйткені қазірдің өзінде алақанына түкіріп, жемтігін аңдып отырған қаншама қаскөй бар. Олар ешкімді аяғысы келіп отырған жоқ… Сондықтан албырт жастарды әлеуметтік желінің жайған ауына түсіп қалудан қорғау – ұрпақ қамын ойлаған аға буынның ұлы міндеті!

Несін жасырайын, Аягүлдің өлімі менің есіме Сымбат марқұмды тағы салып отыр. Әлеуметтік желіні тізгіндеген блогерлер инстаграм желісі арқылы жас қыздың психикасына әсер ететін жазбалар жазып, мына дүниеден түңілдіріп жібергенін көргем. Бұл әлеуметтік желі заң бойынша құрықталмаса, әлі талайдың обалына қалама деген қорқынышым тағы бар. Билік әлеуметтік желіні бақылауға алмаса, қадағаламаса, арты жақсы болмайтыны сезіле бастады.

29 жастағы Сымбат Құлжағарова есімді жас келіншектің былтырғы желтоқсанның 10-ы күні елордадағы көпқабатты үйлердің бірінен секіріп өлгені жайлы ақпарат ел есінен шыға қоймаған болар. Қайғылы оқиғаны әркім әр саққа жүгіртті. Өзін өлімге қиған келіншектің оқиғасынан соң, интернетте Президент атына онлайн-петиция жүрді. Онда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты тоқтатып, көз жұмған Сымбат Құлжағарованың ісіне қатысты тергеу шарасын «әділ жүргізуді талап еткендер» бой көрсетті.

Бір отбасының тірлігіне түрлі қоғамдық ұйымдар мен әлеуметтік желі қолданушылары араласып, мәселенің мән-жайына терең бойламай-ақ Сымбат Құлжағарованың өліміне отбасылық болымсыз кикілжіңді алға тартып, күйеуі Абай Әбдіғаниевті кінәлі деп таныды. Көпшілік бұған кәдімгідей сеніп те қалды. Бірақ кейін тергеу барысы көп мәселені айқындады. Ал, осы жағдайларға «май құйып» келген «Немолчиkz» бағдарламасы әлі де тыншыр емес. Заң органдары сонда қайда қарап отыр?!

Осы істің басы-қасында жүргендіктен көп жайттан хабарым бар. Жәй, сөздің сырағысында айтып жатқаным ғой. Әлеуметтік желінің «күші мен қуатын» сонда сезгем, алғаш рет. Күйзеліске түсіп күйінген қызды шыр айналдырып апарып, терең құзға тастай салған бұқпантайлар…

9 айдан бері болған тексеру қорытындысымен, газетіміздің алдағы нөміріне алаңдап, жанкүйер болып отырған бірнеше мыңдаған оқырмандарымызды хабардар етеміз. Қорытынды мақала шығады!

«ЕЛ БОЛАМ ДЕСЕҢ – ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІҢДІ ТҮЗЕ, БИЛІК!»

Күні кеше марқұм Аягүлдің құрбысы Бану Оңдасынова желіде жазба жариялады. Желіде шу шығарғандарды сабырға шақырып, артық сөз жазбауды сұрады. «Аягүл туралы ойымды жазсам, тауыса алмаймын… Алдымен, ең жақын араласқан құрбысы ретінде бір ауыз сөз жазуға мәжбүрмін. Аягүл өмірден өтті. Кеше жер қойнына тапсырылды. Аяштың нәзік жаны мынау қатал өмірдің соққысын көтере алмай, үзіліп кетті. Тас түскен жеріне ауыр – кешелі бері артында қалған анасы, туған әпкесі мен сіңлісінің жаны азапта. Бар салмақ осы кісілерге түсіп жатыр. Бірақ Аягүл жай күнелткен адамның бірі емес, қолына қалам ұстаған жазушы. Әңгімелерімен, фейсбукта әдемі жазбаларымен көптің жүрегіне жол тапқан талантты қаламгер. Сондықтан халықтың күңіреніп жоқтап жатқаны түсінікті.

Сүйікті жазушысынан айырылып, шын қиналып отырғандар бар. Солардың арасында өсек іздеп, кінәліні іздеп, қамқоршының рөлін шебер сомдап жатқандар да бар. Тани тұра, біле тұра 1 жылда 1 рет те телефон шалмаған достарының дауысы жер жарып жатыр»…

Осы жазбада Бану Оңдасынова марқұм Ая Мантайдың анасының өтінішін де жария етті. «Аягүлдің жетпіске таяған анасы қасымда отыр, бәріңізге үлкен өтініш айтуда: «Қызымның әруағына тыныштық беріңдер! Дау, ұрыс шығармаңдар. Сотқа береміз бе, бермейміз бе, кімді кінәлаймыз, өзіміз шешеміз. Біз ешбір заңгердің көмегіне жүгінген жоқпыз. Ешкім арыз жазған жоқ. Кеңес беріп, пост жазбай, қазірше тыныштық беріңіздер». Аягүлдің анасының өтінішін орындап, Аягүлдің өмірін, істің мән-жайын білмейтін ақылгөйлер, артық сөз жазбаңыздар», – деп жазды құрбысы желіде.

Сөйте тұра, қоғам белсенділері, заңгер, құқық қорғаушылар «Аягүлді өзіне қол жұмсауға жеткізген кім?!» деп шулатып жатыр. Көксегендері белгілі. Екі қыздың арасындағы ұрыстың себебін анықтау, сөйтіп әлеуметтік желідегі парақшаларындағы жазбалардың астарына үңілу. Сөйтіп шындыққа көз жеткізу. Сол үшін тіпті қоғамдық тәуелсіз комиссия құруға күш салуда. Меніңше бұл дұрыс емес. Тәуелсіз комиссия түк те бітірмейді. «Үй ішінен үй тігуді» қою керек. Себебі ата заңымыз бар, суицидке қатысты баптар бар. Сондықтан мемлекеттік комиссия құрылуы тиіс. Сол ғана Аягүл өлімінің ақ-қарасын ашып бере алады. «Еститін үкімет» тым болмаса халықтың осы өтінішін орындар.

Өйткені жас жазушы Аягүл Мантай белгісіз жағдайда көз жұмды. Оның өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Мүмкін сол қылмыстық істе көп жайт анықталып қалар.

Аягүлге қатысты бірнеше мақала жарық көрді. Соның ішінде белгілі журналистер Ермұрат Бапи мен Қайнар Олжайдың және Әсия Асеткинаның мақалаларын ерекше атар едім. Олар қаузаған дүниелерді мен қайталамауға тырыстым. Басқа қырынан жазғым келді. Әйтсе де бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы. Бізге ынтымақ пен бірлік керек, ағайын. «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас» деген дана халқымыз. «Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» дегенді де қазақ айтқан. Сонда ғана әлеуметтік желінің ылаңына тосқауыл қойып, жұмылған жұдырықтай биліктің қақпасын «дүңкілдете» соққылап, мазаларын алар едік. Мәжіліс депутаты Ерлан Сариев дара шығып, әлеуметтік желіде Ая қыздың өліміне Мәлімдеме жасады назарларыңызға ұсынайын:

https://www.facebook. com/100063473506202/ posts/223981373060978/ Бәріміз біріксек

Әлеуметтік желі туралы заң жобасының Парламентте қаралуына да қол жеткізер едік . Ол үшін ауызбіршілік керек-ақ бізге…

Билікті тілдеп, жақындарын жүндеп жатқан желіден – безудің алдында тұрмыз!

«Ел болам десең, ең алдымен әлеуметтік желіңді түзе билік!».

«Ақордадан бастап, әкім-қаралар қостап әлеуметтік желіге алаңдайды» деп жазыппын мына сайтқа. Бірақ оған селт еткен Үкіметті, шыр еткен оқырманды көрмедім. Баяғы үнсіздік. Тымырсық тіршілік! https:// qazaquni.kz/kogam/158459-aqordadanbastap-akim-qaralar-qostap-aleumettik-zeligealandaidy-saule-mesitbaiqyzy

Қазір әлеуметтік желі саясаттың қайнаған қазанына айналды. Өйткені әлеуметтік желі арқылы бәрін білуге болады. «Кім не істеп жатыр?» «Кіммен кім жанжалдасты?», «Кімді кім қолдап жүр?»,«Кім не айтты?», «Кімге кім қожа?»,«Әкімді кім қорқытып жүр?» т.б жазбалар тұнып тұр. Күн өткен сайын әлеуметтік желі-арандату желісі болып, ел-жұртты шулатып жатыр. Егер бір шенеунік ұнамай қалса, онымен арадан қара мысық жүгіріп өтсе, оны жығуға, аяғынан шалуға, құрдымға құлатуға дайын тұратын пенделер көбейді. Кейбір блогерлер мен журналистер де бұл жолға кәдімгідей төселіп алды. Қорқытуға, үркітуге, ақша бопсалауға машықтанғандар тіпті көп. Ол аздай елдің бәрі саясаткер, елдің бәрі білгіш. Алладан қорықпайтын болды.

Қазақ атамыз «Алладан қорықпағаннан қорық» деп бекер айтпаған болар. Бірақ біз мұны естен шығарып алдық. Ғайбат сөз айту деген жәй нәрсе тәрізді, қазір. Зерттеп-зерделемей, сараптап-сараламай әлеуметтік желі арқылы әлі күмәнді дүниені көпке жеткізудің өзі үлкен күнә екенін кім ескеріп жатыр?! Осы менің жанымды ауыртады.

Әлеуметтік желінің әлегі бір ғана Ая қызымның өлімімен бітіп отырған жоқ. Талай отбасының ойранын шығарып жатыр…

Билікке менің айтарым, «Ел болам десең, ең алдымен әлеуметтік желіңді түзе». Барлық пәле сол жерден шығып жатыр.

КИБЕРБУЛЛИНГ – ҚЫЛМЫС САНАЛУЫ ТИІС!

Бүгінгі саясаттың өзі күнде құбылуда. Кімге сенеріңді білмейсің кейде. Себебі әлеуметтік желі ақпарат ағынына толып тұр. Біреу мақтағанды, екінші біреудің түкке алғысыз қылып тастауы мүмкін. Имандай сенген тұлғаңды, бәле қуған бір пәтшағар шайтанға жолдас қылып шықса таң қалма! Міне, демократияның жарқын үлгісі саған. Жақсы мен жайсаңды, асыл мен жасықты келер ұрпақ нақтылай жатар. Айтайын дегенім, әлеуметтік желі де Тұнғыш Президентіміз Назарбаевты тілдеп, жақындарын жүндеп, дүние-мүлкін күндеп жатқандар қаншама! Тіпті күнара Назарбаевты өлтіріп, болмаса, ауырып жатыр деп сендіріп жатқан ағайынға не шара? Бұдан асқан сорақылық, бұдан асқан тексіздік болар ма! Олардың жазған жабасына лайк басып, қолдап комментарий жазатындарға не дейміз? Міне, саған бүгінгі күннің бет-бейнесі!

Сөз соңында айтарым, біздің еститін Үкімет әлеуметтік желіге қатысты жаңа заң қабылдауы керек. Бұл туралы талай айттым да, жаздым да! Онда әлеуметтік желіні қолданушының әдептері мен этикасы, тәртібі, талабы ескерілсе, құба-құп. Әйтпесе, қаралау мен даттаудан, жалған фейктерден көз аша алмасымыз белгілі. ФБ желісіндегі Айгүл Уайсова ханымның «Желідегі жауыздық жалғаспасын…» атты жазбасы мені ойға қалдырды.

«Ағылшыншасы (буллинг — bullying), орысша – «травля» сөзінің қазақша баламасын дөп басып табу қиын. Әзірше, айналымда жүрген «қудалау» сөзі осы әрекеттің шын мағынасын ашып бергеніне күмәнім бар. Буллингтің дәл мағынасын жете түсінбесек те, әлеуметтік желідегі бір адамның өліміне жеткізген дау-дамайға қарап, адамшылықтан ажыратудың бір амалы ма деген ойға жетелейді. Әрине, «әй» дейтін де, «қой» дейтін де біздер емеспіз. Тек әр қазақты бір жалғызым дейтін бәрімізге сабыр мен сана берсін.

Дегенмен жаңа технологиялармен бірге келген жаудың қай бүйірден қосылғанын білген жөн. Біреуді қорлап, қаралап, ызасын келтіріп, қазақша айтқанда «ит қосып қуғың» келсе, ол үшін интернет жаңа технологияларды қолдансаң, буллингке «кибер» қосылып заты белгілі болады. Егер дауласқандарда алты аласың, бес бересің жоқ, қорламақ ойыңыз мүлдем болмаса да айтысып жатқан екі жақтың жазбаларына «лайк» басып, немесе жақтаған не даттаған пікіріңізді білдірсеңіз де бұл да кибербуллинг. Өйткені онсызда тығырыққа тірелген жанды одан сайын алқымдап өзіне қарсы біріккендердің қатарын көбейтіп, қылығыңызбен зәбірін еселендіре түсіресіз»,– депті. Дұрыс пайым!

Бұл ғаламтордан шыққан жаудың түрі де көп екен-ау. Соған қарсы әрекет жасап жатқан елдер де көп! Неге біздің мемлекет осыны тезірек қолға алмасқа!

Кибер агрессиямен күресуге бағытталған халықаралық құқықтық қызмет бұл саладағы заңнамалық базаның дамымағаны себепті көптеген кедергілерге тап келіп отыр. Дегенмен, көптеген елдерде киберқауіпсіздікке қарсы заңнаманы әзірлеу бойынша шаралар қабылданып жатыр. Жаңа Зеландия желіде тілдегені үшін бостандықтан айыруды заңға алғаш болып енгізді.

Американың бірқатар штаттарында кибербуллингты қылмыс деп жариялады. Германияда азаматтық құқық бұзушылық ретінде қаралып, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Оңтүстік Корея мен Франция да интернет-платформалардағы агрессия үшін жауапкершілікті күшейтуге күш салуда. Олай болса бізге де қам-қарекет жасап, әлеуметтік желіден келетін қауіп-қатерден сақтанған дұрыс.

«Бүгінгі қоғам не болып барады?…» деген ой бірдің емес, мыңның жүрегінде жүр қазір. Басқа басқа, бір ғана әлеуметтік желінің әлегі мен сарсаңына ұрынып, жел қуған қаңбақтай домалаған тағдырлар қаншама! Бір кездері әлеуметтік желінің ылаңынан құлағдар болып, әлемдік статистикаға шошына қараған қазаққа, енді ол мысықтабандап ауыз салды.

Бір ғана Аягүл емес, еліміздегі суицид пен түрлі себеп-салдарға шыдамай, қыршынынан қиылған талай жастың обалына әлеуметтік желілердің жетіп жатқанын ашық айтатын кез келді. Өйткені психикалық тұрғыда тығырыққа тірелген жастардың соңғы табан тірер тірегі сол жер болып тұр. Себебі ақылшы да, данагөй де, данышпан да сонда отыр. Біреудің қолымен от көсеп, арзан атақ-абырой жинауға да сол жер ыңғайлы.

Иә, әлеуметтік желінің жақсылығы мен жамандығы, итжығыс түсіп жатыр. Өйткені сіз ұнатқан тұлғаның, енді біреудің көңіліне жақпасы тағы белгілі. Көпке жағу деген қиын нәрсе ғой негізі. Осындай да Ұлы Абайдың: «Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып» дегені еске түседі. Олай болса әлеуметтік желіні де үкімет бақылауда ұстағаны жөн. Бұл бүгінгі күннің басты көкейкесті мәселесі екенін ұмытпайық, ағайын!

АЯГҮЛДІҢ ҚҰРБЫСЫ НЕГЕ АШЫНДЫ?

Түйін: Сөзімнің соңын Аягүл Мантайдың құрбысы Бану Оңдасынованың фб парақшасына жариялаған «КИБЕРТЕРРОРИЗМ!» «Пайдаңды тигізбесең де, зияныңды тигізбе!» атты жазбасымен тәмамдағым келіп отыр. Өйткені бұл жазбада елдің көкейіндегі көп ой қамтылыпты. «Дәл қазір фейсбук еркін, кім болса сол айтқысы келгенін айтып, оғын оңды-солды қалаған адамына қаратып ата беретін алаңға айналды. Меніңше, шын патриот, шын іскер, шын қоғам жанашыры күні бойы бұрқыратып пост жазып фейсбукта отырмайды. Патриотта адамгершілік, ар, ақыл, байыптылық болады.

Қазақтың фейсбугы бір адамға немесе жалпы тағдырына реніші бар, соны шығарудың амалын іздегендердің алаңына айналды. Белгілі бір адамның жанына батқан қайғысы болса, күйеуі тастап кетсе, өмірде жолы болмай жүрсе, ояна сап фейсбукқа кіріп алып «миллиондаған адамның жүйкесіне шабуыл жасау» оның көңілін көтеріп, сергітіп, бақыттырақ ете ме? Өкініштісі, біздің фейсбук осындай кек қайтару, өш алу, кекету, бірін-бірі боқауыз-былапыт сөздермен қорлау құралына айналды. Сөйтіп жазып отыратындардың көбі қырықтан асып, елуге таяған, ақыл тоқтатқан адамдар. Топтоп болып біріне бірі тас атып, зәрін шашып жатады.

Ақша үшін біреуді қаралап, оңды-солды оқ ата беретін оппозиционер-блогерлер өз алдына. Жұмысқа орналасып, адал еңбектеніп нан тапқысы келмейтіндер фейсбукте саяси пост жазып табыс табады. Жұмыссыз жүргендердің біразы фейсбукта елде болған жағдай туралы «Мен бүйтіп ойлаймын, сөйтіп ойлаймын» деп пост жазып, өзін өзі қоғам белсендісі сайлап алды. Сондай қырттардың бәрі жабылып фейсбукты шірітіп, тоздырып, ақылы бар, арлы адам кірмейтін қоқыс алаңына айналдырды. Шын мәнінде, ол адамдар жүйкесінде ақаулық бар, парасатсыз, адамгершілігі төмен кибертеррористер. Сондай фейсбуктағы кибершабуылшылардың оқ боп қадалатын ауыр сөзінен, «ана қылығыңды елге жария қылам» деген бопсасынан немесе белгілі бір әрекетін видеоға түсіріп алып жариялаған «кибертеррорынан» қаншама адам күйзеліске түсіп, қиналады. Тіпті өзіне қол салады.Әлеуметтік желідегі жазбалардан, жазған пікірлерінен кімнің кім екенін біліп тануға болады. Сол жазбалары арқылы өзінің бар болмысын, деңгейін толық ашып береді.

Осы жерде орынды-орынсыз, былапыт, дау, көлдей-көлдей шабуыл-пост жазып отыратын фейсбук белсенділерін қазақтың жанашыры, зиялылысы, ел басқару ісіне араласса, үлкен шаруа тындыратын тұлғадеп мүлде санамаймын!»…

Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ
12.08.2021

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 42
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 123
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 36
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 42
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 50
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 42
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 118
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 123
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 314
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 308
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 931

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9004
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8399
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11625
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9382
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10609