ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылыту кезеңіндегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
«Елімізде жыл басынан бері 9 647 өрт тіркеліп, 249 адам қаза тапты. Қаза тапқандардың жалпы санының 43%-ы мас күйінде болған. 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда өрттердің 2,2%-ға, қаза тапқандар саны 18,6%-ға, жарақаттанғандар саны 40,8%-ға төмендеуі байқалды», – деді Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Үкімет отырысында. Тұрғындарды өрттің алдын алу мақсатында биіктігі 10 қабатқа дейінгі үйлерді өрт сигнализациясы қондырғыларымен жабдықтап, барлық газдандырылған үй-жайлардың газдануын талдауыштармен жарақтандыру жөніндегі талаптарға өзгерістер енгізілді.
«Қауіпсіздік талаптарын сақтауға, өрттің алдын алуға бағытталған кешенді шаралар қабылдау қажет. Инспекциялардың өкілеттіктерін күшейту бойынша жұмыс жүргізу керек. Адамдар анықталған бұзушылықтарды жоюға және болашақта олардың алдын алуға өздері мүдделі болуы тиіс», – деді Әлихан Смайылов. Премьер-Министр жалпы республика бойынша өрт оқиғалары мен одан зардап шеккендер пайызы төмендегенін атап өтті. Дегенмен, Абай, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау облыстарында және елордада өрт оқиғаларының саны өскен. Шілде-тамыз айларында 845 ғимаратта тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 611 объектіде өрт қауіпсіздігі талаптарын 3 379 бұзушылық анықталды, 196 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.
Әлихан Смайылов жылу беру кезеңінде өрттің алдын алу бойынша мүдделі мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жұмысын нақты үйлестіруді қамтамасыз етуді, әлеуметтік объектілердің жұмысын ерекше бақылауға алуды, сұйытылған газды сату кезінде талаптарды қатаңдату жөнінде шаралар қабылдауды, сондай-ақ халықпен профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.