Қазақстанда алкогольді ішімдікке қарсы жан-жақты күрес жүргізіліп келе жатыр. Мемлекет әркез бұл жағдайды назардан тыс қалдырмай, алкогольге қатысты түрлі жұмыстар істеуде. Елімізде мемлекеттік мекемелерде салауатты өмір салты жиі насихатталып жүр. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған қаулысымен мемлекеттік бағдарламасы бекітілген болатын. Халықтың саламатты өмір салтын ұстануын қалыптастыру және қоғамдық денсаулық қызметін дамыту – басты міндеттердің бірі. 2025 жылға қарай елімізде азаматтардың өмір сүру ұзақтығының 75 жасқа дейін өсуі және 18 жастан асқан адамдардың таза спирт литрімен тіркелген алкоголь тұтынуы 6,5 литрге дейін азаюы ең маңызды жоспарлы индикаторлардың бірі болып саналады.
Бізде маскүнемдікпен күрес жүргізу және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында біршама ауқымды шаруалар атқарылуда. Бірақ сонда да қаншама адамның тағдырына балта шабылып, қаншама отбасы ойран болып, өзінің кесірін тигізуде.
Маскүнемдік – қоғамның ауыр дерті. Өмірде отбасылық және өмірлік қиындықтарға тап болғандар да ішімдікке салынып кетеді. Тіпті «біреу тойып секіреді» дегендей, еріккеннен араққа салынып кеткендер де бар. Алкоголь басында қиналғанда демеу, шаршағанды басатын қасиеті бар сияқты көрінгенмен, бара-бара өзіне тез тәуелді етеді. Адам ағзасын зақымдап, бұзады. Медицинада алкогольге тәуелділікті ауру ретінде қарап, шұғыл емдеуді талап етеді.
Алкогольді ішімдіктердің адам ағзасына тигізетін тікелей зияндарын айтпаса да түсінікті. Ол түрлі-түрлі қылмыстарға апарады. Осы мас адамдардың кесірінен қоғамдық тәртіпті бұзатындар, қылмысқа баратындар көптеп кездесіп жатады. Ішіп алып көлік жүргізетін мас жүргізушілердің қатысуымен болған жол-көлік апаттарынан қаншама жазықсыз азаматтарымыздың өмірі қиылып, мүгедек болып қалып жатыр. Мас болып отбасының шырқын бұзып, балаларын ұратын, жақындарын қорлап, әйелін көк ала қойдай сабайтын еркектер жайлы күнде естіп, біліп жатамыз. Қаншама отбасыларда ерлі-зайыптылар ажырасып, алкогольге тәуелділіктің зардабын балалары тартуда. Жасынан ішімдікке үйір болатын балалар маскүнем ата-анасынан, ішкіш ересектерден көргенін қайталап, көше кезіп, қаңғыбасқа айналуда. Арақ ішетін отбасыларда физикалық және психикалық денсаулығында ақауы бар кеміс балалар дүниеге келіп жатады. Алкогольді тұтыну еліміздегі барлық қауіпті аурулардың тууына себепші болады екен. Міне, сондықтан да қу арақтан барынша алыс жүріп, оның тигізер залалын айналамызға жиі насихаттап, өз денсаулығымызды сақтаудың амалын қарастырайық!
Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ