Алматыда қыс қарсаңында қаланың аумақтары мен қоғамдық кеңістіктерінде ауқымды тазарту жұмыстары аяқталып келеді. 25-30 қараша аралығында «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы мен «Алматы – біздің ортақ үйіміз» қалалық бастамасы аясында қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен көше-жол желісі, қоғамдық орындар, өзен арналары, қоқыс жәшіктері мен арық жүйесін тазарту жұмыстары жүргізілді.
Өткен аптада белсенді алматылықтар мегаполистің көрнекті орындарының бірі – Баум тоғайында жиналды. Экологиялық акцияға 80-нен астам адам қатысты. Олар саябақ аймағын қоқыстан тазартып қана қоймай, қоршаған ортаға қамқорлық танытудың үлгісін көрсетті. Акция барысында 300 қап қоқыс жиналды.
«Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы табиғатқа тұтынушылық көзқарасқа қарсы азаматтарды біріктіреді. Бұл бастама қоршаған ортаны сақтау мәселесіне назар аударуға, туған жерге ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған», – деді «Медеу» табиғи паркі директорының міндетін атқарушы Ұзақ Жамбылұлы.
Бұл іс-шара экологиялық мәселелерді шешу үшін қоғамның біріге алатынын көрсетті. Акцияға қатысушылар арасында белгілі мәдениет қайраткерлері де болды. Олар қала тұрғындарын қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға және табиғатқа қамқорлық жасауға шақырды.
Еске салайық, Тазалық апталығы аясында қаланың коммуналдық қызметі суық пен қар жаууына дайындықты аяқтады. Қысқы уақытта қалаға қызмет көрсету үшін 841 бірлік техника мен 1400 жұмысшы жұмылдырылды. «Алматы тазалық» МКК автопаркі жұмысты тиімді жүргізу үшін 32 заманауи машинамен толықты. Жалпы аумағы 25,1 млн шаршы метр, ұзындығы 2 777 км болатын 2 318 көше тазартылды. Көше-жол желісін жинауға 10 мердігер ұйым жауапты.
Арық желісінің ұзындығы 1 525 км болатын бөлігі тазартуға ерекше назар аударылды. Күніне шамамен 160 текше метр пластик пен жапырақтар сияқты қоқыс шығарылады.
ТОО «Eco Almaty» Алматы қаласы аумағында ұзындығы 19,2 км болатын су арналарының тазарту жұмыстарын жүргізді. Оның ішінде, Үлкен Алматы өзенінің әл-Фараби даңғылынан Сәтбаев көшесіне дейінгі бөлігі, Есентай өзенінің әл-Фараби даңғылынан Шевченко көшесіне дейінгі бөлігі және Д. Қонаев атындағы ҮАК арналары тазартылды.