Анау жылдары марқұм Бердібек Сапарбаев Шығыс Қазақстанға әкім болып барған соң көптеген игі бастамаларды қолға алып, өлкенің өміріне қазақы қан жүгіртіп, ұлт руханиятына елеулі үлесін қосып еді. Содан кейін әкім ауысты, әлемді жайлаған індет араласты да, басталған жұмыстар аяқсыз қалып еді. Міне, енді «Жас келсе, іске» деп, облысқа Нұрымбет Сақтағанов әкім болып келгелі осы ілкімді жұмыстар қайтадан сабақталып, өлкенің тынысы ашылып, тіршілігі жанданды. Облыс әкімінің тікелей қозғауымен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» өнер фестивалі алауын жағып, алыс-жақындағы ағайынның назарын Шығысқа аударды.
Маусым айының 12-15-сі арасында аталған мәдени шараның аясында шығыстың шырайы Катонқарағай ауданында жазушылар Қалихан Ысқақтың 90 жылдығы, Дидахмет Әшімхановтың 75 жылдығы аталып өтіп, талантты қаламгерлердің шығармашылығы мен өміріне тоқталып, еліне қызмет еткен ерлерді еске алды. Онан ары екі күн бойы тығыз орналастырылған күн тәртібіндегі жобалар бірінен соң бірі өтіп жатты.
«Өлі риза болмай, тірі байымайды» деп, 13 маусым азанда мемлекеттік сыйлықтың иегері Қалихан Ысқақтың «Топқайыңдағы» жатқан жеріне барып Құран бағышталды. Онан ауылдағы қаламгердің атындағы мектепке барып жазушының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Мектептің дайындаған көрмесін көзден кешірген жұрт, тобын жазбай Катонқарағайдың кіреберісіндегі Дидахмет Әшімхановтың қабіріне тоқтап Құран оқыды. Жазушыға тән ерекше талғаммен өрілген кешендегі ескерткіш қаламгердің образын аша түскендей. Қатарын жазбаған қалың топ, аудан орталығындағы Мәдениет үйінің алдына жаңадан қойылған Дидахмет Әшімхановтың ескерткішін ашып, гүл шоқтарын қойды. Жазушы ескерткішінің алдынан қозғалған жұрт мәдениет үйіне келіп, қос қаламгерге арналған сурет көрмесін тамашалады. Онан ары жазушы Дидахмет Әшімхановтың шығармасына арналған ғылыми-практикалық конференция басталды.
Конференцияның тізгінін жазушы, қоғам қайраткері Әлібек Асқаров ұстады. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов пен Түріксой Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет құттықтау сөз сөйледі. Алыстан арнайы келген ғалымдар Нұрдәулет Ақыш бастаған бес ғалым баяндама жасап, Д.Әшімхановтың журналистік, жазушылық, аудармашылық, қайраткерлік қырларын саралап берді. Ғалымдардың баяндамасынан соң Астанадан келген Сауытбек Абдрахманов, Алматылық Қуандық Түменбай, Көлбай Адырбек, Қырғыз елінен келген ақын, қоғам қайраткері Әкпар Рысқұлов секілді жазушылар сөйледі. Конференция үстінде Дидахмет Әшімхановтың шығармасы туралы мақала жариялаған газеттер таратылды. Әне сол жерде біздің «Qazaqstan dauiri» газеті де көпшіліктің қолына тиді. Шараны ұйымдастыру комиссиясы үздік баяндама жасаған Елдос Тоқтарбайға 300000 тг сыйақы берді. Конференция соңында қос жазушыға арналған көркем сурет байқауының жүлдегерлері марапатталды.
Үш сағатқа созылған конференциядан соң, жұрт жазушының перзенті Дәулет Дидахметұлының жайған дастарқанына отырды. Ауданның бас имамы Құран оқып, марқұмға бағыштап дұға жасады. Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы секілді конференцияда сөйлемеген алыстан келген қонақтардың біразы сол жерде өз лебіздерін білдірді.
Сол күні сағат 19:00-де басталған жазба ақындардың өлең оқу кеші «Төралтай Қалиханы мен Дидахметін жырлайды» атты республикалық поэзия фестивалі басталды. Өлең оқыған таңдалып келген барлық ақындар бірдей мөлшерде 500000 тг сыйлық алды. Арасында облыстың әнші-күйшілері сахнаға шығып өнер көрсетті. Арқасын орманды тауға сүйеп, аяғын аққайыңды жазыққа созған сахна таудан құлап аққан қос бұлақтың ортасынан бой көтеріпті. Сахна алдындағы жер ошақтан лапылдаған от тілі аспанға шапшып айналасын жарқыратып тұрды. Фестиваль басталар тұста Астанадан мемлекеттік хатшы, бас кеңесші Ерлан Қарин, ШҚО-ның әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Абай облысының әкімі Берік Уали, Парламенттің депутаттары Жанарбек Әшімжанов, Ерлан Сайыров, Мақсат Толықбаев секілді ресми адамдар келіп жетті. Республикаға белгілі жас ақындар мен жазушылар да көп болды. Таудан соққан салқын самал, желмен баяу ырғалған ақ қайыңдар, екі жақтан сарқырап аққан тау өзені, лапылдап жанған ақжалын түнгі даланы таңғажайып көрініске бөледі.
Ертесі 14 маусым азанда аудандық атшабарда бәйге басталды. 25 км қашықтық бойынша отыздан аса ат қосылған аламан бәйгеде көмбеге бес ат қана келді. Оның үшеуіне бәйге берілді. Тігілген жеңіл автокөлікті Тарбағатай ауданының қарагері еншіледі. Оның артынан ат спорты ойындары жалғасып жатты.
Сағат 11:00-де республиканың төрт бұрышынан таңдалып келген 12 ақын алты жұп болып айтысқа түсті. Қазылар алқасының төрағалық міндетін ақын, ҚЖО-ның мүшесі, Парламент мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан атқарды. Ал айтыс тізгінін ақтангер ақын Аманжол Әлтаев ұстады. Осылайша үш сағаттық айтыстан соң, таңдалған екеу Рүстем Қайыртай мен Дидар Қами ақтық сынға түсіп, қазылардың шешімімен Дидар Қами бірінші болып 3 000 000 тг, Рүстем Қайыртай екінші болып 2 000 000 тг, Моңғолиядан келген ақын мен Қырғыз елінен келген ақын үшінші болып 1 000 000 теңгеден жүлдеге ие болды.
Катонқарағай елі айтысқа сусап қалған екен, адам қарасы әлденеше мыңға жетті. Былайғы алаңда аудандардың тіккен ақбоз үйлері алыстан келген қонақтарға дастарқан жайып табақ тартып, бал қымыздарын құйып жатты. Жәрмеңкеге келген жұрт пен саудасын ала келіп Катонның табиғи өнімдерін сатып жатқан жергілікті тұрғындардың қарасы да қалың. Бұл күнгі мейрамның соңы 13 мемлекеттен келген өнер жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдардың «Гала концертіне» жалғасты. Міне, нағыз «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалінің қызған кезі болды. Әр елден келген өнерпаздар ұлттық нақыштарымен әуелете ән салып, күмбірлете күй шертті. Түбі бір түркінің асқақ үні мен өр рухы бір арнаға тоғысып, Катонқарағай аспанын дірілдетті. Бұл күнде Төралтай қазаққа ғана емес, төрткіл дүниеге бұғы-маралымен, балқарағайымен, таңдайыңда дәмі қалатын сарықымызымен, көркем табиғатымен даңқты.
Қазақстанның барлық облыстарын аралап көрсем де, осы бір шығыстың шырайлы дидары Катонқарағай жерін көрмеген екенмін. «Мың естігеннен бір көрген артық» деп, шығысы Қытай, шығыс солтүстігі Моңғолия, солтүстігі Ресей төрт мемлекеттің түйіскен жеріндегі Мұзтаудың бөктерінде мың құбылтып ән салатын құстары бар, сылдырлап ағып сәбидің күлкісіне басатын бұлқынған бұлақтары сансыз, орманы жайқалған жасыл әлемнің құшағында тұрғанда өзіңді сондай бір тылсым дүниенің бесігінде тербелгендей күй кешесің!.. Алтай – түгел түркінің шыққан жері, әлемге таралған алтын бесігі, Алтайға келген алаштекті жан сол таңғажайып сәттің шырынына тамсанып, жан рахатына бөленеді.
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,
ақын, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы