Алтайдың Астанада ізі қалды

Алтайдың  Астанада ізі қалды

Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов Мемлекет басшысының шешімімен 2019 жылы маусымда Астана қаласының әкімі болып келген еді. Сонан бергі үш жарым жылда жемісті жұмыстар істеген Алтай Сейдірұлы Президенттің жарлығымен Премьер-Министрдің орынбасары лауазымына тағайындалды. «9 желтоқсаннан бастап вице-Премьер қызметіне кірістім. Мұнда әлеуметтік блокты басқарамын», – деп жазды ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ақмола қаласын астана мәртебесін алғалы бері басқарған алғашқы әкім Әділбек Жақсыбековтан бері қарай бармақ бүгіп санайтын болсақ, 25 жыл ішіндегі Алтай Көлгінов 8-әкім болған екен. Әр жылдары әмір жүргізген азаматтардың көбі  бас қаланы көркейтуге бар күш-жігерлерін салды деуге болады. Оның себептері айтпаса да түсінікті болса керек. Біріншіден, тәуелсіз елдің жаңа астанасы. Оның стратегиялық маңызы, гүлденіп-көркеюі ең басты мәселе екені анық. Онан қала берді «Бұл қалада 2030 жылға дейін халық саны 1 миллион болады» деп жобалаған жапондық сәулетші, марқұм Кисе Курокаваның есебі теріске шығып, қала халқы жылдам көбейгені тағы бар. Осылайша қазақ еліндегі екінші мегаполиске айналып үлгерген қаланың шетіндегі шолақ көшелерінен тартып, жол бойындағы әрбір түп ағашына дейін көңіл бөлуді қажет ететіндігі айтпаса да түсінікті.

Сонымен Астананы  үш жарым жыл басқарған 8- әкім несімен есте қалды? 12 жылдан бері тұрақты түрде «Астана ажары» атты айдар ашып, бас қаланың тыныс-тіршілігін жіті назарда ұстап келе жатқан «Qazaqstan dauiri» газетінің тілшісі ретінде Алтай Сейдірұлының атқарған қызметі туралы біраз шолу жасап көруге талпындық. 

 

Үлескерлер мәселесін  назарда ұстады

Арқа төріндегі шағын қаланың тамырына қан жүгіріп, адам қарасы молайғалы бұл жерде ең алдымен құрылыстың қарқынды жүргені белгілі. Тұрғын үйлердің түр-түрі бой көтерген жас қаламен өз тағдырларын байланыстырған талай қазақ осы жерден шаңырақ тіктеуге құлшына кірісті. Өкінішке қарай, крандары самаладай самсаған қаланың әр бұрышындағы салынып жатқан ғимараттардың барлығы дерлік жоспарларын орындай алған жоқ. Талай-талай шалағайлықтар, заңбұзушылықтар болғанын жасыра алмаймыз. Осылардың ішінде пәтерге қаржы салған үлескерлердің тақырға отырғандары да аз емес еді. Тіпті 2007-2008 жылдары не баспанаға қолдары жетпей, не қаржыларын қайтарып ала алмаған бір топ үлескерлер аштық жариялады. Бұл өз кезінде өте күрделі проблемаға айналды. Жұмысын тастай қашқан кәсіпкерлер, қаржыны ұрлап алып шетел асқан алаяқтар, түрмеге түскендер, ұзаққа созылған сот процестері... Қысқасы үлескерлердің дауы Астананың бітеу жарасына айналды. Кейін келе Үкіметтің араласуымен біраз шаруалар жолға қойылып, құрылыс салушы мекемелерге бақылау күшейгеннен кейін ғана жағдай сабасына түскендей болды. Алайда «сақалды құрылыстар» деген лақап ат иеленген талай құрылыстың бағы байланған күйі қала бергені есімізде. 

Қалаға 2019 жылы маусымда әкім болып тағайындалған Алтай Көлгінов осы мәселені басты назарға алды. Осылайша заңның талаптарын орындау, дау-шарларды шешу, мүмкіндігінше уәде етілген құрылыс нысандарының жұмысын аяқтау секілді қыруар жұмысқа бел шеше кірісіп кетті. Осы жұмыстардың нәтижесінде кейбір үлескерлер 10 жыл бойы қолдары жетпеген баспаналарына ие болды. Алтай Сейдірұлы жұртқа есеп бергендей болған шағын бір жазбасында: «Астана әкімі қызметіне кіріскен сәттен бастап күн сайын қала тұрғындарымен кездесіп жүрдім. Сол кездегі басты мәселелердің бірі үлескерлердің мәселелерін шешу болатын. Ұзақ уақытқа созылған әрбір құрылыстың артында пәтерін жылдар бойы асыға күткен мыңдаған адамның тағдыры тұрғанын білесіздер. Осы уақыт ішінде мәселесі қордаланған 16 мыңға жуық үлескер отбасының санын 2 мыңға дейін азайттық», – деп жазыпты.

Бұл сөздер шындық еді. Қаладағы «Бағстан» ТҮК, «Шығыс» ТҮК секілді талай кешендерде қоныстойын тойлаған тұрғындар мұны жоққа шығара қоймас. Дегенмен әлі де болса 2000-ға жуық даулы мәселе тұрғанын естен шығармаған жөн. 

 

Халықпен жиі кездесетін

Жоғарыда сөз еткеніміздей, 25 жыл ішінде Астана әкімі дейтін креслоға жайғасқан әкімдердің арасында көпшіліктің Иманғали Тасмағамбетовты қала жұртшылығымен жиі пікірлесіп тұрды деп еске алатыны бар. Имекең қаланы басқарып тұрған кезінде Конгрес-Холл сарайында қызметінен есеп беріп, тұрғындардың пікірлерін тыңдап тұрғанын ешкім ұмытқан жоқ. Мешітке жақын жерде отыратын орыс әйелдің «күніне бес рет айғайлап мазаны алады» деп азаншылардың дауысына бола шағымданған сұрағына «солар алтыншы рет айғайлайтын болса, дереу маған хабарлаңыз. Өзім шара қолданамын» дейтін «әйгілі жауабы» да сондай кездесулердің бірінде болған әңгіме. 

Алтай Көлгінов қала тұрғындарына үндеу жасады | BAQ.kz

Дегенмен Иманғали Нұрғалиұлы басқарған кезде коммуникация саласы бүгінгідей кемелдене түспеген еді. Ал Алтай Көлгінов жұмысқа кіріскеннен кейін әлеуметтік желіні тиімді пайдалана білді. Бұған қоса пандемияға байланысты көптеген жиналыстардың онлайн форматқа көшуі де ықпал етті. Осылайша қала әкімі көпшілікпен онлайн форматта жиі кездесіп, түрлі сұрақтарына жауап беріп, кері байланысқа шығып тұрды. Бұдан бөлек Instagram желісіндегі altay_kulginov_official атты арнайы парақшасы ақпарат таратудың, күнделікті қызметтен есеп берудің базасына айналды. Желі қолданушылар әрбір жазбаның соңына өз пікірлерін қалдырып, сұрақтарын қойып отырды. Бұл жерде мәтін соңындағы сұрақтардың түрлеріне қарай әрқайсы департаменттердің мамандары да өздеріне қатысты сұрақтарға жауап беру дәстүрі қалыптасты.

 

Аулалар ретке келтірілді

Алтай Көлгінов Астанаға келгелі тұрғын үйлердің аулаларын ретке келтіру жұмысы қарқынды жүрді. Соның нәтижесінде жыл сайын абаттандырылған аулалар саны артты. Аула клубтары, дене шынықтыру құралдарымен жабдықталған аулалар молая түсті. Мұндай аулалар ескі қала аумағындағы үйлер мен ғимараттар арасында да көптеп бой көтерді. Соның нәтижесінде салауатты өмір салтын ұстануға ынтасы артқан адамдарға жақсы мүмкіндіктер туды. Сондай-ақ жаңадан салынып жатқан ТҮК аулаларына ойын алаңдары мен спорт алаңдарын салу дәстүр ретінде қалыптасты. Қалада 2020 жылы 150-ге жуық аула абаттандырылса, 2022 жылға келгенде «абаттандырылған аула аумақтары мен қоғамдық кеңістіктер (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) саны 700-ге жеткен» екен. Соңғы бір мәліметте 900-ден астам аула мен қоғамдық орындардың жақсартылғандығы айтылыпты.

Алтай Көлгінов әкім болып тұрғанда елордада қандай жұмыстар атқарылды: 2022  жылғы 8 желтоқсан, 21:25 -

Осы жұмыстармен қоса көне қала аумағындағы ескі үйлер мен апатты жағдайдағы үйлерге де көп көңіл бөлінді. Ресми мәліметтерге сай, соңғы үш жыл ішінде апатты үйлерден 700-ге жуық отбасы көшіріліпті.

 

 

Инфрақұрылымдар жетілдірілді

Астана қаласының аумағы жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Бұл жерде қала аумағының Есілдің сол жағалауына қарай жылдам қанат жайып бара жатқандығын айта кету керек. Жаңа аудандардың мәселесімен қоса қаланың шеткі аудандарында қыруар халық тұратындығын ескерсек, шешілмеген мәселелер шаш-етектен еді. Мемлекет басшысы да бас қаланың осы түйткілін шешуге нұсқаулар бергені есімізде. Осы бағытта атқарылған жұмыстардың ішінде автобустардың қатынауы мен үйлерді газбен қамту жағын айрықша айта кеткен жөн. Алтай Сейдірұлы өзінің парақшасында осы туралы: «700 шақырымға жуық газ құбыры, 42 шақырым су құбыры тартылып, 17 шақырым жаңбыр суына арналған желі, 11 шақырым кәріз желісі салынды», – деп жазыпты.

Алтай Көлгінов стратегиялық нысандардың құрылысы туралы айтты

Әрине, ауыз толтырып айтуға тұратын нәтижелер. Дегенмен қаланы газдандыру жұмыстары түрлі себептерге байланысты орташа деңгейде ғана жүріп жатыр. Қала ішіндегі қар, жаңбыр суларына арналған су айдайтын желілер бас қаланың құрылысы басталған кезден бері ойдағыдай шешілмегендіктен, кейде қала ішінде «қайықпен қатынайтын» жағдайлар көрініс беретіндігін жасыра алмаймыз. Қала құрылысы туралы пікір білдірген кейбір азаматтар алдағы уақытта Астанада ауызсудың, электр энергиясының тапшылығы туылуы мүмкін деп болжам жасапты. Дегенмен бұл салада да болашақ жоспарлар бар екендігін естіп жатырмыз.

Қала құрылысы, инфрақұрылым  туралы әңгімелер айтылғанда Кіші Талдыкөл тақырыбы бірден еске түсетіні бар. 2020 жылы жазда елді елеңдеткен бұл тақырыпқа елордалық экобелсенділер барынша атсалысты. Өйткені Кіші Талдыкөлде 28 түрлі құс мекендейді екен. Бұдан бөлек жыл құстары да көптеп қонақтайды. Соның ішінде қоқиқаздың орны ерекше. Осы үшін де бұл жерге өзгерістер енгізу, құрылыс салу флора мен фаунаға әсерін тигізеді десті экологтар. Ал тарихшы Жамбыл Артықбаев болса, Астана қаласында құрылыстар басталғалы неше түрлі тарихи орындардың, көне қорымдардың құрылыс астында қалып, ескерусіз жоғалғандығына күйініш білдірген еді. Ақыры Астана қаласы Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев «Кіші Талдыкөл суы құрғатылмайды, тиісінше жойылмайды. Қайта батпақты тұсындағы зиянды қалдықтар тазартылып, аумағы абаттандырылады, түбі тереңдетіледі. Осылайша жұрт серуендейтін тартымды орындардың біріне айналады», – деп нүктесін қойғандай болды. Бұл даулы мәселеге соқтырған шешімдердің Алтай Көлгіновтан бұрын немесе 2019-2020 жылдары қабылданды ма деген сұраққа тереңдеген жоқпыз... 

 

Мектептер саны молайды

Қаладағы маңызды мәселелердің бірі мектептер еді. Халық санының көбеюіне байланысты үш ауысымды мектептер де жұмыс істеп тұрған-ды. Осы шаруаларды ойдағыдай шешуде Алтай Көлгіновтың айрықша қолтаңбасы қалды. Ол қызметке келгелі жалпы 45 мектеп салынып, соның 36-сы пайдалануға берілген екен. Қала әкімі ОКҚ-де өткен брифингте нақты цифрлармен есеп бергені есімізде. Осы туралы бөліскен ақпаратымызға бір мектептің директоры күдік білдіріпті. Алайда Көлгіновтың көзді бақырайтып қойып жалған мәлімет бергендігі туралы зерттеу материалдарын әлі күнге дейін кездестіре алмағанымызды айта кеткіміз келеді. Ал алдағы уақыттағы жоспарлары туралы айта кеткен экс әкім «қаланың бас жоспарына өзгерістер енгізіліп, полицентристік аясында 420-дан астам учаске бекітілді. Олар: мектептер құрылысына – 158 учаске, балабақшалар  – 185, емханалар, перзентханалар, оңалту орталықтары – тағы 78 учаске», – деп мәлімет беріпті...

PS: Осылайша елордада үш жарым жыл еңбек еткен Алтай Көлгінов ешкімнің реніш-наласын арқаламай, өз абыройымен жаңа қызметке ауысып кетті. Оның атқарған жұмыстарының барлығын саралап отыру шағын мақаланың көлеміне сыймайтыны тағы бар. Ол бұдан бөлек ұлттық өнерді ұлықтайтын, қазақы болмысынан ажырамаған адам ретінде де есте қалды. Ринат Гайсинмен бірге орындаған «Ерке сылқым» күйі көптің көңілінен шықты. Алайда Алтай Сейдірұлының Астанадағы қызмет атқарған кезі пандемиямен тұспа-тұс келді. Мемлекеттің денсаулық сақтау саласы сынға түскен қиын күндерде қала әкімшілігі мен денсаулық сақтау мекемелеріне қарата айтылған сындар да аз болған жоқ. Жер-әлемге жыр болған LRT құрылысының басына барып құрбан шалып кіріскенмен, істердің де өнімі баяулап тұр... Кезек күтіп тұрған көп істің қатарында қаланың азық-түлік белдеуі мен қоймаларын жетілдіру мәселесі де бар екендігін ұмытпаған жөн.  

Бастысы егемен елдің тарихындағы маңызды стратегиялық шешімдерінің бірі әрі бірегейі болып саналатын жаңа қаланың ажары онан ары айшықтала түсті. Сөйтіп, халықпен тіл табысқан әкім, үлескерлердің мәселесін шешкен әкім ретінде Астананың «ауызша тарихында» аты қалды.

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
22.12.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 45
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 150
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 41
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 50
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 59
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 46
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 146
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 150
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 336
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 329
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 953

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9028
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8424
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11652
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9408
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10634