Халқымызда «Отан отбасынан басталады». «Отан – шағын мемлекет» деген сөздер бар. Сол шағын мемлекеттің ырысын арттырып, берекесін келтіріп отыратын, отбасы ұйтқысы әйел деген құдірет бар. Сондықтан болар, әйел – шаңырақтың алтын діңгегі дейміз. Бүгінгі әйел тек отбасы ошақ қасы емес, жалпы қоғамдағы бейбітшілік пен тыныштықтың шырақшысы. Шынында да, мына жарық дүниеде әйелдің атқарар рөлі – ұшан-теңіз. Әйел – ақылшы, тәрбиеші, әйел – үйдің береке-ырысы, ел мен елді елдестіруші, дәнекерлеуші, іскер, тіпті қаһарман десек те жарасады.
Әйел-аналардың қоғамдағы орны әлеуметтік үрдісі бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне айналып отыр. Еліміздегі әлеуметтік-экономикалық, мәдени, саяси өзгерістер аналар жағдайына, проблемасына назар аударуды қажет етеді.
16-17 қарашада Жамбыл облысы әкімдігінің бастамасымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Анаға тағзым» республикалық аналар форумы өтті. «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде ұйымдастырылған жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен келген құрметті қонақтар – Парламент Мәжілісінің біраз депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жергілікті билік пен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, ақын-жазушылар, мәдениет, өнер, спорт қайраткерлері, еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдениет, спорт, бизнес, білім мен ғылымның дамуына үлес қосып жүрген танымал әйелдер, іскер әйелдер, көпбалалы аналар, қоғам белсенділері қатысты. Арнайы шақыртумен Түркиядан да бірнеше кәсіпкер әйел де келіпті.
Бірінші күні еліміздің барлық өңірінен келген аналар Тараз қаласының тарихи орындары мен әлеуметтік нысандарын аралады. Кешінде А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрына барып, «Домалақ ана» спектаклін тамашалады.
Екінші күні аналар «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығын барып, «Қазақтың киелі қыздары» арнайы көрмесін көрді.
Орталық алдында сәбиін көтерген қазақ анасы бейнеленген ескерткіш тұрған, аппақ жұмыртқадай, 3 қабатты ерекше дизайнмен жасалған ғимарат екен. Ішкі интерьері ұлттық нақышта безендіріпті.
Кіргеннен-ақ «қазақтың иісі шығып тұрған» орталықты да рухы биік, ұлтжанды, қазақы болмысты Эльмира Мырза-Ғали деген сіңліміз басқарады екен.
Орталықтың негізгі мақсаты – Ұлы Даланың Ұлы Аналары өткен ізгі жолын дәріптей отырып, жас ұрпаққа (қыз балаларға) рухани-адамгершілік тәрбие беру. Орталықтың қызметі өткен заманның тарихи-тағылымды істерін жаңа заманның талабымен сабақтастырып, бүгінгі қазақ әйелінің озық образын қалыптастыруға бағытталған.
Орталықта «Береке» аспаздық студиясы, «Мирас» ата дәстүр экспозициялық залы, «Бойтұмар» қолөнер және дизайн студиясы, «Ақ жаулық» ене мен келін өнеге мектебі, «Білгеніңмен бөліс» бизнес инкубаторы, Кретивті экономика лабораториясы, «Жұлдыз» өнер студиясы (музыка, фото, видео), «Сырлы әлем» бейнелеу өнері кабинеті, «Ана тілі» шешендік өнер мектебі, «Қазына» ұлттық аспаптар сыныбы, «Жан дауа» психологиялық көмек беру және кеңес кабинеті, «Ынтымақ» коворкинг «Алқа» салтанат залы, «Інжу-маржан» әдеби-музыкалық қонақ жайы, «Сырғалым» сырласу клубы, «Ерке сылқым» хореографиялық залы жұмыс істеп тұр.
Республикалық форум «Әйелдер – Тәуелсіздік дәуірінің тірегі» тақырыбындағы пленарлық отырыспен басталды. Іс-шараны ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сөз сөйлеп, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың құттықтау хатын оқып берді. Бердібек Машбекұлы «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген нақылды еске алып, тағылымы терең тарихта әйел заты кез-келген ауыртпалықты халқымен бірге көтеріп, еріне демеу, еліне тірек болған. Әйел – ұлттың ұйытқысы, тыныштық пен бейбітшіліктің шырақшысы,-деп атап өтті.
ҚР Премьер-Министінің кеңесшісі, Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанаи «Әр үйдің анасы мен әжесі сол үйге салт-дәстүр мен мәдениетті, руханиятты оқытатын ұстазы болуы керек. Екінші, денсаулығы мықты, спортпен шұғылданатын ұрпақ өсуі үшін ананың өзі үлгі болуы тиіс. Елімізде ашылған «Отбасы», «Жанұя», «Анаға тағзым» сияқты орталықтардың жұмысы ананың жағдайын түзеуге бағытталады деп сенемін», – деді.
Мемлекет және қоғам қайраткері Асылы Осман бүгінгі ұрпақтың ұлттық құндылықтан алшақтап бара жатыр, ал оны толтыратын – аналар. Ұрпақ тәрбиесі ананың ақ сүтімен, әлдиімен, әженің ертегісімен бойына дариды. Ұлылардың ұлы болып қалыптасуы да аналардың өлшеусіз тәрбиесінен болмақ. Бұл тәрбие ұлттық тәрбие болуы керек.«Бұрын да айтқанымдай, білім әлемдік, тәрбие ұлттық болуы керек. Қазақтың білімдарлығы ешкімнен кем емес. Ұлттық құндылығымыздан, адами асыл қасиеттерімізден ажырап бара жатқанымыз, аналардың тәрбиесінің, тәлімінің кемдігінен. Дәл қазақтай қызын ардақтаған жер бетінде бірде-бір ұлт жоқ. Үйіндегі бұрымдысын төрге оздырған, бетінен қақпаған. Бұрынғы тәрбие мен қазіргі тәрбиенің арасында Алатау мен Қаратаудың арасындай айырмашылық бар. Егер қыз тәрбиесін бүгіннен қолға алмасақ, ұлттың ертеңі бұлыңғыр бола береді», – деді А.Осман.
Жайықтың ақ шағаласы атанған, қазақтың белгілі ақыны Ақұштап Бақтыгереева қоғамда болып жатқан әйелдерге қатысты өзекті мәселелерге қатты алаңдайтынын айтты. Тәуелсіздік алғаннан бері ақ сарайларда талай той өткіздік. Өкініштісі, бір-бірімізді түсінуден қалдық. Отыз жылда көп өзгеріс болды, бірақ әйелдерді қиындықтан құтқара алмадық. Өйткені таразының басы тең емес. Тіпті тең құқылық, гендерлік саясат қазақ даласының тәрбиесінің, бірлігінің бұзылуына әкелді. Бірақ мұны ұлтымыз аңғармай қалды. Бүгінде де осындай жаһандық шабуыл тоқтаған жоқ,-деп уайымын білдірді Ақұштап апамыз.
Шара барысында ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметова мен ардагер ұстаз, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова бейнебайланысқа шығып, форум жұмысына сәттілік тіледі.
Қоғам қайраткері, «Үш байлық» қоғамдық бірлестігінің басшысы Оразкүл Асанғазы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғамның барлық салаларын қамтып жатқанын айтып өтіп, кез келген мемлекет саяси, экономикалық ахуалымен бірге, руханиятын да ілгерілетеді. Рухани жаңғыру әрбір отбасынан басталуы қажет.
«Қазақтың келешегі – қазақ тілінде. «Бабалар сөзінің» жүз томдығы жарық көрді. Кітапханаларда бір беті ашусыз жатыр. Сол құндылықтарымызды оқытатын жағдай жасауымыз керек», – деп ана тілімізге қатысты ойын ортаға салды.
Форум жұмысына қатысу үшін Түркиядан арнайы қонақ болып келген, Бурса аймағы ауыл әйелдері қауымдастығының төрайымы Чакалыоглу Сермин форум қатысушыларын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен құттықтады. Содан соң, Бурсаның маңындағы ауылда 1993 жылы құрылған қорының тарихы жайлы айтты. «Біз кішкентай да болса, сол мекенде өмір сүрудеміз. Сол жылдары ауылымыздың жастары қалаға көптеп көше бастады. Ауылдың аналары туған жерімізді сақтап қалу үшін осындай қор құрдық. Ондағы мақсатымыз – жастардың қалаға қоныстануын тежеп, шаруашылықпен айналысатын азаматтарға қолдау көрсету еді. Бұл игі істің басында аналарымыз тұрғанын баса айтамын. Содан соң мұқтаж отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетуді де мұрат тұттық», – деді алыстан ат арқалатып келген қонақ.
Белгілі этнодизайнер, «Алтын орда» дизайн үйінің негізін қалаушы Ырза Тұрсынзада, Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова, ҚР Әйелдері Күштері және Қазақстан іскер әйелдері қауымдастығының президенті, Әлеуметтану ғылымдарының докторы, доцент Сәрсембаева Раушан Біргебайқызы, ҚР Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия төрағасының орынбасары, қоғам қайраткері Тұрсынбекова Салтанат Пархатовна, Қазақ ұлттық педагогикалық қыздар университетінің ректоры Гүлмира Қанай және тағы басқалар сөз алып, ой-ұсыныстарын білдірді.
Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев айтылған барлық ұсыныстар назарға алынатынын айтты.
Іс-шара соңында «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали Форумның үндеуін оқыды.
«Ұрпақ тәрбиесінің жеңісі бір күнде келмейді, жемісі де бір жылда бермейтіні белгілі. Біз, еліміздегі барша аналар қауымымен жұмысты жүйелеуіміз қажет. Бұл өзіміз үшін емес, ел ертеңі үшін қолға алынатын шара. Қоғамға өкпелі, өмірге наразы замандастың қабағына қарап, қамын ойлап, ондай жағдайлардың берекелі бірлігімізге сызат түсіріп, сын болуына жол бермеуіміз керек. Өзгерістер легін жаңашылдық ретінде жатсынбай қабылдау да, жетістіктердің межесін биіктету де – бізге артылған аса үлкен міндет. Осы форумда отырған әйел азаматтарының кәсіби бағытына байланысты өз мамандықтарын айтпағанда, бәріне ортақ бір мамандық бар. Ол – Ана болу деген ең күрделі мамандық! Олай болса, аналар өзінің ең басты миссиясы – бала тәрбиесі екенін естен бір сәт те шығаруына болмайды», – деген сөздер бар Үндеуде.
Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев «Анаға тағзым» орталығының салуға атсалысқан кәсіпкер-меценат, «Арайстроймаркет-2003» компаниясының басшысы, облыстық мәслихат депутаты Арман Захарыпұлы Еділбаевті, Тараз қаласындағы Көркем гимнастика және үстел теннисі спорт кешенін құрылысын өз есебінен жүргізген «Тараз Строй 2004» компаниясының басшысы Мейірбек Амансарыұлы Жүнісовті Алғыс хатпен марапаттап, соңында көпшілік назарына концерттік бағдарлама ұсынылды.
Форум жұмысы «Бақытты отбасы – бақуатты Қазақстан», «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», «Бизнес және әйел: Жаңа мүмкіндіктер», «Ұлттық құндылықтар – ұрпаққа аманат» атты төрт секция бойынша жалғасып, соңы «Сіңліге сыр» атты поэзия кешіне ұласты.
Өзім қатысқан «Бақытты отбасы – бақуатты Қазақстан» секциясының жұмысына Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының Бас директоры. «ЕлАна» қоғамдық, танымдық, әлеуметтік, ақпараттық сайтының Бас редакторы Сәуле Мешітбайқызы модераторлық етті.
Секцияға облыстық, қалалық, аудандық ата-аналар комитеттерінің мүшелері, психологтар, қоғам белсенділері мен форум делегаттары қатысты.
Секция спикері ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Акушерия, гинекология, перинатология ғылыми орталығы Директорлар кеңесінің төрайымы, медицина ғылымдарының докторы, Тараз қаласының құрметті азаматы Зәуреш Аманжолова «Бақыттың төресі – бала сүю» тақырыбында баяндама оқыды. Қатысушылар спикерге ана мен бала денсаулығы, вакцинация тақырыбында бүгінгі күннің ең өзекті сауалдар қойды.
«Қара шаңырақ» ҚБ құрылтайшысы Шәкен Тұрар Сәттарқызы «Қазақтың қара шаңырағы: қасиет пен кие» тақырыбындағы баяндамасында ұрпаққа ұлттық тәрбиенің берудің өзектілігін айтты.
Жан сарайымызды байытып, көкірек көзімізді оятатын рухани қазына – кітап. Баланың кітапқа баулудың жолы ертегіден басталады деп, «Ертегі – ел ертеңі» жобасының ұрпаққа рухани-өнегелік тәрбие берудегі маңызына тоқталды.
«Былтыр бір тамаша дәстүрді қолға алып, «Қазақ басылымын қолдайық» деген үндеу жасап, көп балалы отбасылардың балаларын «Мөлдір бұлақ». «Айтшы. Әжетай» тәрізді балалар журналдарына жаздыртқан едік. Мақсатымыз – қазақ тіліндегі басылымдарға жазылып, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін арттыруға нақты іспен атсалысу, көп балалы, мұқтаж отбасылардың балаларының рухани тәрбиесіне үлес қосу еді. Бастаманы көзі ашық, көкірегі ояу көп азаматтар қолдады. Өнегенің өрісі кең дейді ғой. Тіліміздің көсегесін көгертіп, ұрпағымыздың рухани тәрбиесін ойласақ, жақсы өнегені жалғастырайық! «Сөзі жоғалған елдің өзі де жоғалады» дейді. Сөзіміздің жоғалмауына жол бермейік! Балаларға арналған қазақ журнал-газеттер мемлекет, меценаттар тарапынан қолдауға ие болып, әр балалар басылымына еліміздегі мектептер, кітапханалар жаздыртып алса, көп балалы отбасының балаларына жаздыртып берсе, біріншіден, өлместің күнін көріп отырған, қазақ басылымдарына да қолдау және бастысы, ұрпағымыздың рухани тәрбиесіне де салған инвестиция болар еді,-деп аналарды ұрпағымыздың рухани тәрбиесін қолдауға шақырды.
Секцияны қорытындылаған Сәуле Мешітбайқызы ана мен баланы денсаулығының маңыздылығына тоқталып өтіп, қатысушыларға індетті тоқтатудың жалғыз жолы – вакцина алу деген пікір айтып, секция қатысушыларын вакцинаны қолдауға шақырды. Секция қатысушылары секция спикерлерінің вакцинацияны қолдау және қазақ басылымын қолдау тақырыбын қолдап, оқушыларды, мұғалімдерді газет-журналдарға жазылу мәселесін форумның үндеуіне кіргізуді ұсынды.
Сөзімізді түйіндей келе айтарымыз, әйел-ана – қоғамның тірегі, отбасының ұйытқысы, тыныштықтың шырақшысы, ұрпақ жалғастырушы, мемлекет дамуының тұғыры.
Ендеше, отбасының құты мен ырысы, ұйытқысы мен жылуы әйел анаға деген ілтипат қашанда жоғары болуы керек. Таразда өткен «Анаға тағзым» форумы осының айғағы.
«Анасын құрметтеген ел азбайды»,-деген дана халқымыз. Анаға қандай құрмет көрсетсек те артық етпейді. Осы ретте алдымен Ақтөбеде, кейін Таразда «Анаға тағзым» орталығының салынуына тікелей мұрындық болған Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа ризашылығымды білдіргім келеді.
Жұмыртқадай аппақ, «Анаға тағзым» орталығының ғимараты мен оның алдындағы сәбиін көтерген ана ескерткішін көрген сәттен-ақ «Аға әкім» деген сөз ойыма қайта-қайта орала берді.
Ел ертеңін ойлап, әйел-ананы құрметтеп, тұлымды қыздарымызға, аналарымызға ұлт дәстүрі негізінде рухани тәрбие беруді және отбасы иинститутының мәртебесін арттыруды мақсат тұтқан орталықты алдымен Ақтөбеде, кейін Таразда ашқан Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаевтай «Аға әкімнен», ұлттық құндылық деп жанын шүберекке түйіп, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүргендерді жүре тыңдайтын, «Іні әкімдері» үлгі алса, нұр үстіне нұр болар еді!
Жер-жерде болып, бояуы сіңгенмен «күресетін» орындар емес, «Анаға тағзым» тәрізді ұлттық тәрбиеге негізделген орталықтар ашылып, өскелең ұрпаққа рухани-өнегелік тәрбие негіздері берілгенде ғана сең қозғалып, бүгінгі қоғамдағы қордаланған «әйел-ана тақырыбы» оң шешімін табар еді.