Біз демократиясы мығым мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Осыны естен шығармағанымыз дұрыс. Соңғы жылдары әскерге аман-есен кеткен сарбаздардың табытпен оралуы жиі айтылуда. Көз жасын көл еткен аналардың, еңсесі түскен әкелердің зарына құлақ түрсең, төбе шашың тік тұрады. Қандай ауыр қайғы! Қандай ауыр азап! Ер жетті, енді қызығын көремін деп отырған ұлының әскерден сүйегін әкелу, мүгедек болып келуі қай ата-анаға болмасын оңай емес. Қасірет! Ешкімнің басына бермесін. Тіпті, әскердегі әлімжеттік, ұрып-соғу жайлы ақпарат көп. Оның бірі әділ шешілсе, енді бірінің арты шұбалаңқы. Кейбір оқиғалардың артында көзге көрінбейтін тамыр-таныстықтың, заңнан жалтарудың іздері сайрап жатыр. Осыдан кейін халық ашынбай қайтеді? Айтқан сөздеріне ешкім құлақ аспай жатса, күйінбегенде не істейді?
10 қараша күні Астана қаласында аналардың қатысуымен наразылық акциясы өтті. Наразылық акциясы азаматтардың өтініштерін қабылдайтын Президент Әкімшілігінің ғимараты – Министрлер үйінің 16-подъезі алдында болды. Бұл туралы Arasha.kz былай жазды:
«Аналар әскерге реформа жасауды және ұлдарының өліміне қатысты әділ тергеу жүргізуді талап етуде. «Сарбаздардың өлімі тоқтауы керек. Әділ тергеу болсын. Әділ сот болсын!» – деп айқайлады бір әйел.
«Дәлелдер жойылып жатыр, кінәлілер жазадан құтылып кетеді, ал біздің балаларымыз қаза табуда! Неліктен ешкім жазаланбайды? Ең көбі – немқұрайлылық танытқан әскериді жұмыстан босатады. Бұл – заң бұзу!» – деп ашуланды тағы бірі.
Полиция қызметкерлері әйелдердің жанына бірнеше рет келіп, тәртіп сақтау туралы ескерту жасаған. Алайда әзірге олар митингіні таратпай, тек бақылап тұр. Бұрышта полицей көлігі қарайлауда.
Қызмет кезінде қаза тапқан сарбаздардың ата-аналары бұған дейін де бірнеше рет дауыстарын көтерген. Олар ұлдарының өз-өзіне қол жұмсағанына сенбейді».
Бұған біздің қосарымыз – ашынған аналар әділдікті талап етуде. Олар әскерде қаза болған ұлдарының өліміне кім себеп болғанын, не үшін сот әділ шешім шығармай жатқанына назалы.
Бұдан басқа, қоғамда әскерге тек қарапайым халықтың балалары ғана баратыны, Отанды солар ғана қорғайтыны туралы да айтылып жүр. Бұл да биліктің құлағына жетуі тиіс ақпарат. Себебі Отан – біреу. Отанды қорғау – жалпыға ортақ. Бай баласы түрлі жолдармен әскерден қашып жүруі – мемлекет үшін ауыр сын!
P.S. Көпке үлгі болар мына жаңалық таралып жатыр: BI Group басшысы, миллиардер Айдын Рахымбаев кіші ұлын әскерге жіберіпті. Не дейміз – бәрекелді дейміз! Байдың да, кедейдің де, шендінің де, қарапайым жұмысшының да баласы үшін Отанын қорғау – қасиетті парыз. Айдын ағамыздың осы бір батылдығы басқа да байлар мен басшыларға жұғысты болғай!













