Көрнекті жазушы, айтулы қоғам қайраткері, нағыз ұлтшыл азамат Смағұл Елубай ағаның «Ақ боз үй» романы бойынша түсірілген тарихи көркем фильмінің таныстырылымы 22 наурызда «Есентай» сауда-мәдени орталығында өтті. Бұл көрсетілімге Алматыдағы ақын-жазушылар, баспагерлер, аудармашылар, зиялы қауым өкілдері, қала қонақтары, рөлдерді сомдаған артистер құрамы келді. Алғашқы ашаршылыққа – 100 жыл, қазақты жаппай жазалаған екінші алапат ашаршылыққа 90 жыл толуына орай қолдан жасалған қырғын, қанқұйлы жантүршігерлік жазалаудан жер бетінен жойылып кеткен 5 миллион қазақтың атына қойылған қасіретті «ескерткіш» жасалыпты. Жансауғалап шетелге үдере қашқан жұрттың алдынан оқ боратып атты. Қуғындап, қыспаққа салды. Алды оқ, арты жоқшылық болып, тығырыққа тірелген елдің ажалдан басқаға барар жолы қалмады. Кинода еріксіз елден кетіп, үркіншілікке тап болған тозған қазақтың көрген қорлығы, қолдан жасалған ашаршылықтың ауыр азабы айтылады, сүреңсіз жылдар суреттеледі. Ақ боз үйдің шаңырағы ортасына түседі. Ол түңлігі түрусіз қалған қазақтың қалжыраған халі, мүшкіл күні. Сай-сайда сүйегі шашылып ит пен құсқа жем болған тағдыры сай-сүйегіңді сырқыратады. Сталин мен Голощекиннің тудырған мейірімсіз саясаты, меңіреу биліктің қаскүнем геноциді ұйып отырған ұлттың ту-талақайын шығарады. Үріккен халық ең жақын шетелдерге қарай жанталаса қашады. Біреулері сүрініп-қабынып Қытай асады, біреулері ақшағыл құмнан аяғы шалынысып Ауғанстанға ауады, бұл кинода Түрікмен құмында тіршіліктен түңіліп, тығырыққа тірелген Ахун ата мен Пахриддин бидің көші көз алдымыздан өтті. Өксіген өмір, өзекті өртеген дерт, жүректі езіп, кеңсірігіңді ашытады. Ашаршылық құрбандарына «Ақ боз үй» көркем фильмі арқылы кесек ескерткіш орнатқан екен. Жазушы Смағұл Елубай ағаның қағаз бетінде бедерлеген ұлт қасіреті, аянышты нәубетті жылдар образға еніп, кино арқылы жанданып шығыпты.
Кино өте ауыр, жаныңды тілгілесе де, әр қазақ көру керек. Ол біздің ұлттың отаршыл өктем коммунистік жүйеден көрген қорлығы. Мәңгі ұмытпайтын қасірет. Біз отыз жыл бойы осындай ащы шындықты айта алмай тұншығып келдік. Ендігі Әділетті Қазақстан дәуірінде бүгінгі ұрпаққа соны ұғындыруға тиіспіз.
Фильмнің режиссері – Бегарс Елубай, фильм – Түркияда өткен Қорқыт Ата кинофестивалінің жүлдегері.