Хасен Оралтай және «Азаттық» радиосын естігенде «Мен қазақпын!» деген рухты жандар елең ете қалады. Мына рухани жалғастыққа қараңыз. Биыл «Азаттық» радиосына 70 жыл болса, қазақтың баһадүрі, абыз ақсақалымыз Хасен Оралтайдың туғанына 90 жыл. Көп жылдар журналистика саласында ұстаздық етіп келген филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Рахима Шәріпқызы Нуриден ханыммен бүгін осы тұрғыда сұхбаттасқан едік.
Академик Рымғалиға тапсырылған аманат
– Рахима Шәріпқызы, фейсбук парақшаңыздағы жазбаңызда мол қазынаға жолықтым деген екенсіз. Ол қандай қазына? Лотерея билетінен мол қаржы ұттыңыз ба, әлде басқа да байлық кездесті ме?
– Менің жолыққаным материалдық байлық емес, рухани қазына. Негізгі мамандығым журналист болған соң, одан қалды ғылыммен айналысып, зерттеумен шұғылданғаннан кейін ізденіс үстінде жүреді ғой адам. Сондай ізденістен тапқан олжамды айтқаным ғой.
– Біздің газеттің де оқырмандары біле отырсын, сол жайында айтып беріңізші.
– Айтайын. Айтудың да реті мен себебі келіп тұр. Еліміз тәуелсіздік алуымен байланысты саяси көзқарастар өзгергені белгілі. Осы Коммунистік партияның жауынгері саналатын журналистикаға да ғылыми тың тақырыптар ене бастады. Соған байланысты әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің Ғылыми кеңесі Алаш арыстарының публицистикалық шығармаларын, қазақ ұлттық журналистикасының бір саласы ретінде шетелдердегі қазақша хабар тарататын бұқаралық ақпарат құралдарын зерттеуді қолға алуды ұйғарды. Сондай бір тақырыпты мен де иелендім. Ол «Қазақша хабар тарататын шетел радиолары» деп аталды. Бұл ғылыми еңбекте халықаралық «Азаттық» және Монғолиядағы Бай-өлке аймақтық радиоларының тарихы, қызметі, хабарлары зерттелді.
Бай-өлке радиосымен танысу қиындыққа түспеді. Сапарлап барып, радионың хабарларымен толық таныса алдым. Ал, «Азаттық» радиосын зерттеудің өзіндік қиындықтары болды. Жарық көрген материалдар тапшы, болса да, кеңестік қаралау бағытында жазылған. Сондықтан күнделікті радиохабарларын тыңдап, қағазға түсіріп, сараптау арқылы жұмысты дайындап шықтым. Осының арқасында 1996 жылы кандидаттық диссертация қорғалды. Талай уақыт өтіп кеткен осы оқиғаны еске алып отыруымның себебі бар. Ол жоғарыдағы айтқан рухани қазынаға байланысты.
Астанадағы ҚР ұлттық академиялық кітапханадан материалдар іздеп отырғанымда «Азаттықтың» аудиоматериалдары алдымнан шықпасы бар ма!? Көзіме оттай басылды. Менің бұдан талай уақыт бұрын қолыма түспеген, түсіме кірмеген қазына ғой. Ол кезде радиохабарларды берілетін уақытында тыңдамасаң, желге кететін, тыңдасаң елге жететін уақыт еді. Мен кезінде радионы тыңдап, жазып алып, оны қайтадан қағазға түсіріп жүргенде табылмаған материалдар кітапхананың «Сирек қорында» сақтаулы екен. Бөлім меңгерушісі Дариға Асқарқызы Дәуренбекова сөреде «мұрты бұзылмастан» тұрған хабарларды маған ұсынды. Көп жылдар «Азаттық» радиосы Қазақ редакциясының басшысы болған Хасен Оралтай ағамыз филология ғылымдарының докторы, академик Р.Нұрғалиға аманаттап хаттап тұрып тапсырған түрлі құжаттарының ішінен радиохабарларды бөліп алып қарастыра бастадым. Кітапхана қызметкері Б.Ақтайлақ аудиокассетаға жазылған материалдардың сандық көшірмесін жасап, қандай хабарлар бар екендігін тізімдеп жазып қойыпты. Сол арада мен көп жылғы арманыма жолыққаныма қуандым, таспаға түсірілмегендерден басқа латын қарпімен терілген сарғыш тартқан қағаздарда 1958-1995 жылғы хабарлар тұтас болмаса да біршама жинақталып, сақталыпты. Көпшілігі Қазақстанда шығатын газеттер мен журналдардағы мақалаларға шолу болып келсе, біразы ұлттық мұра, тарихи-мәдени ескерткіштер, туризм, жер-су, оқу-білім мәселелері болып келеді.
Ойдан ой туып, биылғы жылы «Азаттық» радиосына 70 жыл, бізге «мол қазына» тастап кеткен Хасен Оралтайдың туғанына 90 жыл толатыны еске түсе кетіп, ақырында мен аудиоматериалдар мен қағаздағы хабарларды компьютерге түсіріп, жүйелеуге шешім қабылдап, мерейтойлық кітап шығаруды ұйғардық. Кітапхана басшылығы бұл ұсынысты мақұлдады.
«Азаттық» радиосы қай радио?
– Сіз «Азаттық» радиосының алғашқы зерттеушісі болдыңыз. Енді биылғы жылы мерейтойы аталып өтетін осы радио туралы айтып берсеңіз.
– «Азаттықтың» міндеті мен мақсатын терең түсіну үшін оның тарихына үңілу керек. Қолда бар деректерге жүгінсек, «Азаттық» радиокорпорациясының негізін салған Ресей халықтарын азат ету Американ Комитеті 1951 жылы 8 ақпанда Нью-Йоркте құрылған екен. Оның мақсаты – әлемдік орыс және ұлттық эмиграцияның азаттықты қорғауына, Ресейдің рухани мұрасын сақтауға және қолдауға көмек көрсету еді. Комитеттің бірінші президенті, ЮПИ-дің бұрынғы мәскеулік тілшісі, кейін «Ридерс дайджестің» аға редакторы Юджин Лайонс болды, сондай-ақ бұл Комитетке «Тайм» журналының вице-президенті Аллен Гровер, Гарвард университетінің профессоры Уильям Эллиот, журналистер Уильям Г. Чемберлен, Айзек дон Левин кірді.
1951 жылдың 7 қарашасында осы Комитет баспасөз үшін шұғыл мәлімдеме таратты. Онда «Кеңес Одағынан шыққан он бір эмигранттық ұйымның, оның ішінде бесеуі орыс, алтауы орыс емес саяси ұйымның өкілдері кеңес тәртібін құлату үшін бірлесіп жұмыс істейтіндіктерін жариялады. Бұл шешім осы ұйымдардың Висбаденде (Германия) өткен конференциясының соңғы күнінде қабылданды және большевиктердің үкімет басына келген күніне сәйкес келтірілді. Кеңестік билікке қарсы күреске шақырған мұндай талпыныстар бұрын да болған. Бірақ бәрі де сәтсіз аяқталған еді. Осы конференцияда мәлімдеме жасады.
Американ комитетінің басшысы Юджин Лайонс Висбаден конференциясын және онда жасалған мәлімдемені «Орасан маңызы бар тарихи оқиға» деп атады. Осындай істерден кейін Батыс Еуропада радиостанция ашу жайлы айтыла бастады. Ол көп ұзамай ашылды да.
Студиялар, әкімшілік және станцияның бақылау органдары Мюнхенде орналастырылды, ал хабарды тарату қуаттары Лампертхаймде (Германия) қоныс тепті. Ол кезде «Азаттық» радиосында Орта Азия мен Қазақстан тыңдаушыларына арналған ұлттық редакция болған жоқ. Орта Азия мен Қазақстан тыңдаушыларына арналған бағдарлама «Түркістан» деп аталған бір ғана редакцияда әзірленуінің өзіндік себептері болды.
Түркі тектес халықтардың «Түркістан» атауы астына бірігуін отаршылдыққа қарсылық, ұлттар бостандығы мен теңдігі үшін күресі деп бағаласақ, сол мақсат жолында эмигранттар да ынтымақтаса отырып, бірлесе қимылдауды ниет еткенін байқауға болады.
Алғашқыда бір халықпыз деп «Түркістан» редакциясына топтасқан бес ұлт өкіліне енді беске бөлінуге тура келді. Сөйтіп, 70-жылдары «Түркістан» редакциясы жаңа қызметкерлермен толыға түсті. Сондықтан олар «Түркістан-1», «Түркістан-2», «Түркістан-3» деп аталды. Соңғы редакция «Қазақ бөлімшесі» болып аталып кетті.
Мұстафа Шоқай және басқа да күрескер журналистер
– «Азаттық» радиосының тарихынан мол мағлұмат бердіңіз. Ол кездерде радиостанция Мюнхенде еді, 1995 жылдан бастап Чехияның астанасы Прагадан хабар таратады. Қазіргі еркін ақпараттар дәуірінде бұл радионың хабарларын кез келген адам тыңдай алады, кімдер қызмет ететінін де біледі. Ал «толқындағы соғыс» кезінде қазақ редакциясында кімдер қызмет етті?
– Ең алдымен, радиоқызметкерлері эмигранттар болғандықтан, оларға «опасыз», «Отанын сатқандар», «сілімтіктер» деген ұсқынсыз атаулар, қазағым деп жазса – «ұлтшыл», «елім-жұртым» деп жазса – «түрікшіл» деген айдарлар тағылды.
«Өз үндерін» туған өлкесіне жеткізуді мақсат еткен «азаттықтар» әуе толқыны арқылы еліне, жеріне, Отанына деген сағынышын жолдады. Мұстафа, Мағжан, Ахмет болып үн қатты. «Азаттықтың» азаматтары көк байрағын көлбеңдеткен тәуелсіз Қазақстанды армандады, сол мақсат жолында шекара білмес толқын арқылы саналы қазақпен тілдесті, сырласты. Радионың «Түркістан» редакциясындағы бес адам «Түркелі» ұлттық комитетінен еді. Бұрынғы кеңестік кітаптарда олардың барлығы жау бейнесінде суреттеледі. Тағдыр талқысына түскен олар үшін Отанына жол жабық болды. Сталиннің бір ауыз сөзі, бір ғана оқ соғыс тұтқындарының өмірін шешетіндіктен, олар шетелде эмигрант болып қала берді. Келгендері жарты өмірін түрмеде өткізді.
Эмиграциядағы алашшылардың алғашқысы М.Шоқай болғаны сөзсіз. М.Шоқайдан кейін өте қабілетті, түрлі салада жоғары білім алған мамандар бар еді. Олардың ішінен Әлихан Ағаұлы, Қарыс Қанатбай, Мәжит Айтбайұлы, Алиасқар, Сайран, Асанқайғы, М.Дара сияқты алашшыларды айта аламыз.
Кеңес Одағына бітіспес күрес ашқан эмигранттардың 11 ұйымының бірі – Түркістан Ұлттық Комитетін басқарған Қарыс Қанатбай мамандығы бойынша жоғары білімді кен инженері болған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі қызметіне байланысты кейін американдықтар оны тұтқынға алып, бірнеше ай әйгілі «Дахау» концлагерінде ұстаған. Бірақ оның немістердің мүддесі үшін емес, Түркістанның ұлттық мүддесі үшін қызмет жасағаны белгілі болды. Сондықтан Қарысты түрмеден босатады. Қарыс Қанатбайдың одан кейінгі өмірі «Түркелі» Комитетімен байланысты. 80-жылдарға дейін Қазақ редакциясы хабарларының саяси мазмұнына оның тигізген әсері көп болды. Күрескер азаматтың 1982 жылғы қараша айының 25 жұлдызында 71 жасында қайтыс болғандығын «Азаттық» радиосы қайғыра хабарлады.
Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандарына соғыс кезінде «Милли Түркістан» журналы таратылып тұрды. Бұл басылымда эмигранттардың шығармашылығына көп көңіл бөлінді. Сол кезде тұтқындар осы журналдан Асан Қайғы, қобызшы Қорқыт деген бүркеншек аттарды кездестіріп жүрді. Кейіннен қобызшы Қорқыт – ақын Мәжит Айтбаев, Асан Қайғы – әдебиетші Мәулікеш Қайыпалдыұлы екендігі белгілі болды. Мәулікеш журнал беттерінде Мағжан, Сәкен, Бейімбет, Жүсіпбек, Ілияс, Ахмет, Әлихан, Әлімхандардың еңбектерін айтып, көпке таныстырып жүретін болған.
«Азаттықта» алғаш қызмет істегендердің бірі – осы Асан Қайғы деген атпен белгілі болған Мәулікеш Қайыпалдыұлы.
Неміс журналдарында әдеби мақалалар жариялап жүреді. Германияда неміс тілінде «Жұмақтан жеткен жансауға үн» атты романы жарық көреді. Асан қайғы – Мәулікеш Қайыпалдыұлы «Азаттық» радиосында басшы болып жүрген кезде, 1969 жылы оның басы жарылған өлі денесі қала шетіндегі бір теміржол бойында табылды.
Елуінші жылдары, яғни «Азаттық» радиостанциясы құрылған соң көп кешікпей ашылған «Түркістан» редакциясында істеген эмигранттардың бірі – Дәулет Тағыберлі. Ол Асан Қайғыдан кейін 70-жылдардың орта шеніне дейін қазақ бөлімін басқарды. Ол Қарыс Қанатбаймен бірге Қазақстанға берілетін хабарлардың концепциясын жасады.
Дәулеттің денсаулығы нашарлап, зейнеткерлікке шыққан соң, оның орнына Жәкібай Бапыш деген азамат келді. Ол соғыстың бас кезінде-ақ тұтқынға түсіп, 1945 жылы түрмеден қашып шығады. Бірақ, ыстық-суықтан әбден қалжыраған Жәкібай ұзақ уақыт ауырады. Науқасынан жазылған соң, 1952 жылы Нюрнбергтегі радиотехника институтына түсіп, «Азаттық» радиостанциясы арқылы оқуды бітіреді. Радиоға орналасып, хабарлар даярлауға атсалысады.
70-жылдары «Түркістан» редакциясын жеке-жеке ұлттық бөлімдерге жіктеу маңызды мәселе бола бастаған кезде радиода 1955 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Жәкібай Бапышқа қазақ бөлімі тапсырылады.
«Түркістан» Комитетінің, одан кейін «Азаттықтың» ісіне араласқан азаматтар кез келген тарихи оқиғаның Бостандық пен Зорлық сияқты екі тамыры барын пайымдап, большевизмнің империялық саясатына, Ресейдің бұрынғы отар халықтарын қорлайтын жәдігөйлік, нәсілдік кемсітушілігіне қарсы тұрды. Олар өз қимыл-әрекеттерінде қатыгез тоталитарлық тәртіпті, халықтардың тарихын, дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениетін, тілі мен ғасырлық тұрмыс-салтын аяқ асты еткен идеологияны жоюға күш салды. Бұл жолда эмигрант қаламгерлер Мұстафа Шоқайды үлгі тұтты.
Ал шындықты айтып, коммунистік идеологияға қарсы келген адам «диссидент» аталып, түрмелерге қамалып, ауруханада «емделді». Солардың бірі – Кеңес еліне сыймай, Еуропа асып кеткен, «Азаттық» радиосында қызмет еткен Махмет Құлмағанбет.
90-жылдардан бастап, «Азаттық» радиосы хабарларынан Махмет Құлмағанбеттің бұрынғы КСРО елдеріндегі жаңа өзгерістерге байланысты ой-пікірлері беріліп отырды. Журналист көбіне Мәскеуден шығатын «Известия», «Труд», «Советская Россия», «Красная звезда», «Огонек», «Московский литератор», «Русская мысль» (Париж) сияқты газет-журналдардың Қазақстан жайында жазылған мақалаларына талдау жасап, олардағы ақпаратты кеңейтіп, байытып беріп жүрді. Әскери полигондар, бұрынғы Кеңес әскері, мемлекеттік қауіпсіздік, саяси жағдайлар оның хабарларының басты тақырыбы болды.
«Егер X. Оралтайдың пікірінен ақсүйек тұқымының ізбасары екендігін аңғарсақ, ал Махмет Құлмағанбеттің материалдарынан қазіргі заманғы әбден қалыптасқан нағыз Кеңеске қарсы адам екендігін көреміз» деп жазды 1989 жылғы 14 қыркүйектегі санында «Казахстанская правда» газеті.
Желтоқсан көтерілісін әлемге танытқан
1995 жылдан «Азаттық» радиосы Мюнхеннен Прагаға көшірілгенге дейін оның Қазақ редакциясында он екі адам қызмет етті. Оның М. Құлмағанбеттен басқасы Шығыс Түркістанда, Түркияда дүниеге келгендер.
«Азаттықтың» Мюнхендегі басшысы X.Оралтайды қазір елімізде білмейтіндер кемде-кем. Әсіресе, 1986 жылғы оқиғадан кейін оның есімі өте танымал болды. Себебі осы оқиғаны төрт том кітап етіп, бастырып, жер жүзіне таратқан адам – X. Оралтай.
Ең алғаш рет оны түркі әлеміне 1955 жылы «Эгей экспресс» газеті таныстырды. Содан бері бірнеше кітап жазды. Олардың ішінде «Шығыс Түркістан халықтарының ұлт-азаттық қозғалысы», «Мағжан Жұмабаев», «1986 жылдың желтоқсаны» атты кітаптары, «Қазақша-түрікше сөздігі» бар. Кейіннен «Елім-айлап өткен өмір» естелігін жазды. Ол – тек Түркістанның ғана емес, бүкіл түрік дүниесінің тарихи тұтастығы, рухани және мәдени бірлігі, Отанның жарқын болашағы мен толық тәуелсіздігі жолындағы күрестің қайраткеріне айналған тұлға.
1964 жылы Ізмірде «Коммунизммен күрес» газетін шығарды. Онда әуелі Кеңес, одан кейін Қытай коммунистерінің жасаған қиянаттары жазылды.
1988 жылы ол белгілі жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Қ. Жұмаділовтың «Соңғы көш» романын түрік тіліне аударып, қажетті түсініктермен Стамбулда жариялаған. Сонымен қатар ол – мағжантанушы.
«Мюнхендегі Волпиништрассе ЗОА, яғни Хасен Оралтайдың үйінде аты әлемге мәшһүр кеңестанушы, кремльтанушы, американдық 3. Бзежинский, Германиядағы Бавария өлкесінің көсемі Иозеф Штраус, Түркияның көрнекті саяси қайраткерлерінің бірі Алпарслан Түркеш жиі-жиі бас қосып, коммунизмді қалай құлатудың жоспарын құрысады екен» деп Кеңес мемлекетінің бұқаралық ақпарат құралдары сол кезде қаралап жазса, қазір осы тұлғалардың адамзат дамуы жолындағы күрескерлер екендігі мойындалып отыр.
Қазақстан Жазушылар Одағы X. Оралтайға ерен еңбегі үшін «Алаш» сыйлығын табыс етті. Сонымен қатар, публицист «Қазақстан журналистикасына қосқан үлесі үшін» Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи атындағы Қазақ-Түрік университетінің «құрметті профессоры» атанды. Шымкент пен Қызылорда облыстарының кей мекендері оның атымен аталады.
«Азаттық» радиосы арқылы берілетін хабарларда өзінің қоңыр үнімен тыңдаушысын баурап, биязы, салмақты жан екендігін аңғартатын тағы бір журналист – Мұқабай Енгин. Ол Қазақ бөлімшесі директорының орынбасары қызметін атқарды. Сондай-ақ «Азаттық» радиосында ширек ғасырға жуық қызмет еткен Талғат Көкбұлақ – бір кездері Қытайдағы қазақтардың бір бөлігін Түркияға бастап келген басшылардың бірі Сұлтан Шәріптің баласы.
Әлихан Жаналтай, Әбдіқайым Бірғазыұлы, Өмірхан Алтын, Суат Шерушіұлы, Әбдіуақап Қара, Нұркамал, Ісмет, Күлән сияқты журналистер де радиохабарларының шынайы болуы үшін атсалысқан. Империялық Одақтың күйреп, оның құрамында болған әр республиканың өз алдына дербес шаңырақ көтеруіне, социалистік жүйенің жойылуына олардың жылдар бойы қосқан үлесі аз емес.
– Қазір «Азаттықты» еркін тыңдаймыз. Ақпараттармен еркін алмасамыз. Ал тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы тілшілері кімдер болды?
– Қазақстандық журналист Қ.Сабдалы, әдебиетші-ғалым Б. Дәрімбет «Азаттықтың» Қазақ бөлімшесі жұмысына тұңғыш араласқан журналистер қатарына енді. 1992 жылы станция Мәскеуде, содан кейін Киев, Минск, Алматыда өз Бюросын ашты. Сондай-ақ осы жылы «Азаттық» радиостанциясының шақыруымен Шығыс Еуропа мен бұрынғы Кеңес республикаларынан 12 адам Мюнхендегі жаттығу бағдарламасына қатысты. Солардың ішінде орыс, украин, белорус, грузин ұлтының өкілдері болды, ал Орта Азия мұсылман елдері атынан «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Саясат Бейісбай барды.
Ресейдің отарлау жөніндегі тарихи шындығы
– Сөзімізді қорытындылай келе, Хасен Оралтай табыстаған материалдар туралы баяндап берсеңіз.
– Кезінде қазақ редакциясы өзінің 3 сағаттық бағдарламасында (оның бір сағаты түпнұсқа, қалғаны қайталау) тек жалаң саясатқа ғана емес, әлеуметтік салалардағы ұлттық мәселелерге көп көңіл бөлді. Соның бір көрінісі – 80-жылдардағы КСРО-ның 60 жылдығы мен Қазақстанның Ресейге қосылуының 250 жылдығына арналып әзірленген үлкен бағдарлама. Бұл жайында Х.Оралтайдың жеке қорындағы «Азаттық» радиосының эфирінен берілген хабарлардың толық тізімін кітапхана қызметкері Б.Ақтайлақ жасаған болатын. Солардың ішінде «250 жылдық мүшел жөніндегі тарихи шындықтар» деп аталатын хабарлар көлемді бес хабар болып 1980-1981 жылдар аралығында берілді. Бұл хабарларда Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылмағандығы және Ресейдің отарлау саясаты жайлы баяндалады. Сондай-ақ ҚССР 60 жылдығына байланысты да бірнеше хабарлар 1982 жылы шілде айында бірнеше хабар болып толқынға шыққан. Оларда Ресей империясының Қазақстанды өз құрамына күшпен қосқандығы жайлы айтылады. Бұл хабар ағылшын тілінде де екі хабар болып беріліпті. Оны аударған – Ч.Карлсон. 1982 жылдың 23 қарашасында доктор Баймырза Хайыттың Халықаралық IY түркологиялық құрылтайда «Қазақстанның Ресей қоластына түсуі» жайлы жасаған ғылыми баяндамасы да үш хабар болып берілген.
1916 жылғы көтеріліс те назардан тыс қалмаған. 1986 жылдың мамыр айында берілген төрт хабарда Ресей империясының отарлау саясатына қарсы қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісі туралы тарихи шындық айтылған.
Қазақстанның Ресейге қосылуының тек прогресті жағын ғана атап, отарлық саясат, содан зардап шеккен халықтың қайғысы жайлы айтпайтын Кеңес баспасөзі «Азаттық» радиосының «Саяси тәуелсіз Қазақстан құруды» уағыздайтын хабарларына үнемі тойтарыс беріп келді. Мәскеу басылымдарынан қалыспай, республикалық газеттер де дереу үн қосып отырды. «Азаттық» радиосының хабар тарата бастағанына жетпіс жыл болса, соның елу жыл ішіндегі хабарларының біразы Хасен Оралтай қорында сақталыпты. Біз соларды іріктеп, қағазда сақталған бірнеше хабарларды және аудиоматериалдарды компьютерге түсіріп, ұсынып отырмыз.
– Радиохабардағы деректілік – кейіпкердің жанды дауысы ғой. Кімдердің дауыстары сақталған екен?
– Аудиоматериалдарда Хасен ағаның өзі жүргізген хабарлары мен ол кісіден алынған сұхбаттар бар. Сонымен қатар шеттегі қазақтар, өз еліміздегі танымал тұлғалар мен басқа да азаматтардың дауыстары баршылық. Айта кетерлігі қазіргі кезде Мұстафа Шоқайдың өз дауысы біздің арналардан беріліп жүр. Оны «Азаттық» радиосынан жазып алып, ең алғаш Қазақ радиосына берген Қиял Сабдалы болатын. «Алаш маршы» да бар. Жанды дауыс демекші, осы жұмысты жасап жүргенімде бұрынғы шәкіртім, қазір «Азаттық» радиосының қызметкері Қуанышбек Қари телефон шалды. Менің осы жолдағы алғашқы зерттеуші екендігімді айтып, сұхбат беруді өтінді. Радио ұжымы да мерейтойлық хабарлар жасауға кіріскен екен. Мен өзімдегі бар жаңалықты жайып салып, біздің де дайындығымыз жайлы баяндадым. Қуанышбек «Ұста пышаққа жарымас» дегендей, «Азаттық» радиосы Қазақ бөлімшесінің басшысы болған Хасен Оралтайдың таспадағы дауыстары болмай тұрғандығын айтты. Мен аудиотаспалармен жұмыс істегенім болмаса, оның иесі кітапхана екенін айтып, бағыт сілтедім. Қаншама адамның қажетіне жарайтын, талай өмірден өткен тұлғалардың үні бар аудиотаспалар басқа баспа материалдарынан ерекше, өзгеше. Ондағы деректілік – адамның дауысы. Осы дауыстарды арттағы ұрпақтарына аманат етіп кеткен Хасен аға Оралтайдың жаны жаннатта болсын! Біз ол дауыстарды ұрпақтар санасында жаңғырта беретін боламыз. «Азаттық» радиостанциясы арқылы 70 жыл бойы беріліп келген хабарлар қазақ журналистикасының қорын байыта түседі, әлі де талай зерттеулерге негіз болады. Мезгіл өте келе оның тарихы, әдеби, мәдени мәні бүгінгіден де зор болатыны күмәнсіз.
«Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін» нар тұлғалардың дауыстарымен берілген хабарлар алдағы уақытта Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапхана ұжымының атсалысуымен «Азаттық» радиосының мерейлі жетпіс, «Азаттықтың» абыз ақсақалы болып өткен Хасен ағамыздың тоқсан жасына дейін қолдарыңызға кітап болып жетуге жазсын!
– Әңгімеңізге рақмет!