Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов астық жинау науқанын алғашқы болып сәтті аяқтаған озық ауылшаруашылығы кәсіпорындары мен олардың басшыларын құттықтады. Әкім құттықтауында:
– Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында және жоғары кәсібиліктеріңізбен мол өнім көрсеткіштеріне қол жеткізілді, – деп, озаттардың тізімін жариялады.
Онда:
- «АФ Родина» ЖШС (Целиноград ауданы) – 18 ц/га, басшысы: Сауэр Иван Адамович
* «Шуйское ХХ1» ЖШС (Атбасар ауданы) – 17,7 ц/га, басшысы: Құрманқұлов Алтынбек Бейсембекұлы.
* «Заречный» ЖШС (Есіл ауданы) – 16,3 ц/га, басшысы: Арипов Уәлихан Сапиұлы.
* «Viktorovskoye GCK» ЖШС (Зеренді ауданы) – рекордтық өнімділік – 28 ц/га, басшысы: Гончаров Виталий Викторович.
* «Бектау» ЖШС (Шортанды ауданы) – 17,6 ц/га, басшысы: Ткаченко Фелор Петрович.
* «Жаңа жол» ЖШС (Жақсы ауданы) – 16,9 ц/га, басшысы: Байжұманов Дәулет Тоқтарұлы.
– Сондай-ақ, жалпы табысқа қомақты үлес қосқан барлық шаруашылықтарға айрықша алғыс айтамыз. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз – өңірдің азық-түлік қауіпсіздігінің және өркендеуінің негізі! – деп, өңір басшысы қуанышпен мәлімдеді.
Нәтижесінде, облыста соңғы 13 жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізіліп, биылғы астық түсімі шамамен 7,2 млн тоннаға жетеді деп болжануда. Ал майлы дақылдардың жалпы өнімі алғаш рет 650 мың тоннадан асады.
Бүгінгі күні 4,2 млн гектар алқаптың егіні орылды, бұл жалпы егістік көлемінің 90,1 пайызын құрайды
(жоспар – 4681,4 мың га).
Жиналған астық көлемі – 6,7 млн тоннадан астам, орташа өнімділік 15,9 ц/га. Оның ішінде астықтың басым бөлігі жоғары сапаға сәйкес.
Жасанды интеллект енгізуде Ақмола – алғашқылардың бірі
Ақмоланың биыл да елдің жетекші астықты аймағы мәртебесін сақтауға мүмкіндігі зор. Өңірде аграрлық саланы жаңғырту және шаруаларды қолдау нәтижелі. Осы нәтижелі еңбекті жасанды интеллектімен қуаттауды облыс басшылары алға қойып, игі істі бастады. Облыс агроөнеркәсіптік кешендеріне жасанды интеллект енгізу арқылы жаңа мүмкіндіктерге жетуді мақсат тұтуда. Облыс әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен жасанды интеллект енгізу туралы өткен жиында белгілі болды.
Облыс әкімі Марат Мұратұлы:
– Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында экономиканың барлық салаларында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің әлеуетін белсенді пайдалану жөнінде тапсырма берген болатын. Президенттің Ақмола облысында болған сапарында ауылшаруашылығына жасанды интеллект енгізу жобасы таныстырылған. Жобаның бастамасын Қасым-Жомарт Тоқаев оң бағалады.
Бұл жоба аграрлық саланы цифрландыру еңбек өнімділігін және бизнестің тиімділігін арттыруға нақты мүмкіндік береді.
«Біз агроөнеркәсіптік кешенді толық цифрландыруды көздеп отырмыз. Барлық негізгі міндеттерді «бір терезе» қағидаты бойынша, яғни бір ғана қадам арқылы шешеді. Жасанды интеллект техниканың тозу деңгейін анықтап, шынымен лизингке мұқтаж шаруашылықтарды әділ айқындауға мүмкіндігі зор. Бұл бастаманы қолдаған кәсіпорындарға барлық жағдай жасалатын болады. Жасанды интеллект – бұл бақылау құралы емес, ол – аграрийлердің еңбегін жеңілдететін және тиімділікті арттыратын көмекші тетік», – деп, жобаның артықшылықтарына тоқталды.
Бүгінде Ақмола облысында ірі цифрлық шешімдер енгізілген: 49 «ақылды» ферма болса – оның 28-і егін, 21-і мал шаруашылығы бағытында жұмыс жасайды. Өңірдің 3 млн гектардан астам жері, яғни барлық ауылшаруашылығы алқаптарының жартысынан көбі цифрландырылған. Келесі кезең – Жасанды интеллект енгізу.
Жиында облыс әкімінің цифрландыру жөніндегі кеңесшісі Ерғали Мәбиев бірқатар кәсіпорындар жасанды интеллектіні енгізуге дайын деп мәлімдеді.
Ерғали Мәбиев:
– Пилоттық жобаға қатысушылар өз алқаптары туралы жиналған деректерді – олардың паспорттары мен шекараларын, соңғы үш жылдағы агрохимиялық талдауларды, далалық жұмыстар журналдарын және техникадан алынған телематикалық мәліметтерді ұсынуы тиіс. Бұл деректер ЖИ модельдерін оқытуға мүмкіндік береді. Жүйе өнімділікті болжай алады, тыңайтқыштарды енгізуді оңтайландырады және спутниктік суреттер арқылы алқаптағы ауру ошақтарын анықтайды. Қазіргі таңда өнімділік болжамының дәлдігі 90%-ға жетіп, тыңайтқышқа кететін шығын 20-25%-ға азайды», – деп, пайдалы әсерін атап өтті.
Пилотқа қатысушы әр шаруашылық интерактивті карталары бар жеке Жасанды интеллект платформа, әр алқап бойынша аналитика және агрономдарға арналған мобильді қосымша алады. Оларға оқыту, техникалық қолдау және үздік цифрлық тәжірибелерге қол жеткізу мүмкіндігі беріледі. Пилот аяқталған соң, кәсіпорындар өз деректеріне құқықты сақтап қалады, шаруашылықтарға сертификаттар беріліп, тегін қызмет көрсетілетіні айтылды.
Пилоттық жобаға өңірдің 5-20 мың гектар аумағы бар, көпжылдық деректерге ие төрт ірі шаруашылығы кіріпті. Солардың бірі – «Дихан Плюс» ЖШС-ның басшысы Денис Швайбович алғашқы нәтижелерімен бөлісті.
«Біз бұрын өзіміз талдаған деректерді бердік. Жасанды интеллект біздің қорытындыларды растаумен қатар, нақты қателерді де көрсетті – мысалы, себу мерзімін немесе дақылдарды ауыспалы егіс бойынша алмастыруды сақтамауды анықтады. Сол сәтте жүйенің тиімді екені айқындалып, өнімділікті 5%-ға арттыруға мүмкіндік берді. Қазір жас агрономдар жетіспейді, ал Жасанды интеллект нақты көмек бола алады. Болашақта тіпті IT-мамандары жүйенің ұсынымдарына сүйене отырып, өндірісті басқара алатын болады», – дейді кәсіпорын басшысы.
Жиынды қорытындылаған әкім М. Ахметжанов облыс басқармаларына әр ауданда цифрлық технологиялар бойынша оқыту курстарын және тәжірибелік семинарлар ұйымдастыру, оған салалық компаниялар, ғылыми ұйымдар мен аграрлық жоғары оқу орындарын қатыстыруды тапсырып, төмендегі мақсатқа жету керектігін атады.
Онда: «Цифрландырудың нәтижесі ең алдымен аграрийлердің өздеріне байланысты. Біз тек бірге әрекет еткенде ғана нақты табыстарға қол жеткіземіз. Нәтижесінде Ақмола облысын Ауылшаруашылығына жасанды интеллект енгізу бойынша ел аумағында көшбасшылықа жеткізетін боламыз деген мақсат тұрғанын атап өтті.