Азия аймғындағы шиеленістердің бір саласы Пәкістан төңірегінде өрбіп жатыр. Жақында ғана Пәкістан мен Ауғанстан арасында біраз қақтығыстар болғаны есімізде. Бұл Пәкістанның 2025 жыл басталғалы бері екінші рет көршілерімен болған қақтығыс еді. Біріншісінде Үндістан тарапын ойсырат жеңбесе де өздерінің соншалық әлсіз емес екендігін көрсеткені анық. Ал Ауғанстанмен болған қақтығыста Пәкістанның әскери әлеуетінің олардан әлдеқайда басым екені аңғарылды. Дегенмен осы екі оқиғаның да арт жағында АҚШ пен Қытайдың қолдауы тұрғанын аңғару қиын емес.
2025 жылы мамырда болған Пәкістан мен Үндістан арасынадғы бір апталық шайқаста Пәкістанның бәсі басым түсуіне қытайлық техниклардың айтарлықтай көмегі болды. Ақпараттардан белгілі болғанындай Пәкістан әуе күштері Қытайда жасалған J-10C жойғыш ұшақтары және PL-15 әуе зымырандарын қолдана отырып, Үндістан әскерлері қолданған француздың Rafale ұшағы бастаған бірнеше ұшақты атып түсірді. Сондай-ақ қытайлық әскерилер Пәкістан тарапына аса жоғары дәлдікпен жинақталған навигациялық жүйені берген деген қауесет таралған еді.
2025 жылы 9 қазан күні таңертең Пәкістан әскерлері Ауғанстанның Кабул, Хост, Джалалабад және Пактика қалаларына әуе шабуылдарын бастады. Мақсат Пәкістандағы Талибандардың көсемі және террорист Нур Вали Мехсудты жою болды. 11 қазан күні кешке Пәкістанның әуе шабуылдарына қарымта қайтарғысы келген Талибандар Пәкістан шекарасындағы бірнеше әскери бекетке шабуыл жасады. Шабуылдардан кейін Ауғанстан Қорғаныс министрлігі сол кеште операцияның аяқталғанын жариялады. Алайда, Пәкістан шенеуніктері Талибанның атысты тоқтату туралы мәлімдемесін мойындаудан бас тартып, шабуылдарын жалғастырды. 12 қазан күні Пәкістан дрондары Ауғанстанның Кандагар және Гельманд провинцияларындағы «нүктелерге» шабуыл жасап 19 Талибан содырының көзін жойғандарын хабарлады. Екі ел арасындағы бұл қақтығыстарға шекара дауы да себеп болған еді. Бірнеше күнге жалғасқан қақтығыста Ауғанстан тарапы «58 пәкістандық сарбазды өлтіріп, 30-ын жаралап, шамамен 25 пәкістандық шекара бекетін басып алғанын» айтты. Ал Пәкістан тарапы болса 200-ден астам Талибан сарбазын өлтіріп, Ауғанстанға тиеселі 19- бекетті басып алып, олардың бірнешеуін жойғанын мәлімдеді. Екі ел арасындағы қақтығыстар негізінен 12 қазан кешінде аяқталды.
Осылайша соғыста жеңімпаз атанып жүрген Пәкістан халықаралық дипломатия саласында да абырой жинап кел жатқандай көрінген. Олай дейтініміз өткен айда Сауд Арабиясымен қорғаныс туралы келісімге қол қойды. Бұл батыл келісім бойынша, біреуіне шабуыл жасау екеуіне де шабуыл жасау болып табылмақ. Сонымен қатар, Исламабад сирек кездесетін жер минералдарының үлгілерін Америка Құрама Штаттарына үнсіз жеткізіп, тереңірек экспорттық келісімдерді қарастырып жатыр деп хабарлады батыс басылымдары. Мұның қарымжысына Трамп мырза Исламабадты кедендік тарифтермен үркіте қойған жоқ....
Пәкістан беделінің артқандығын айғақтайтын келесі бір жағдай Премьер-министр Шахбаз Шарифтің Газа бейбітшілік саммитіне қатысуы болды. Бұл сырт көзге Пәкістанның мұсылман әлеміндегі маңызды орынға көтерілгендігін айғақтайтындай болып көрінген еді. Алайда Газа соңғы күндері қайтадан қақтығыс ошағына айнала бастады. Яғни саммиттің рөлі жұрт күткен үдеден шыққан жоқ деген сөз.
Пәкістанның сыртқы саясатындағы ілгерілеудің негізгі қозғаушы күші АҚШ-тың Исламабадқа «оң қабақпен» қарауынан болып отырғанын аңғару қиын емес. Ең басты себеп АҚШ әскерлері Ауғанстаннан шегініп кеткеннен кейінгі орнаған бостыққа Пәкістанның жайғасуы болды. Геосаясаттың қазаны қайнап жатқан бұл аймақта АҚШ-қа көзір болатындай сенімді серік осы Пәкістан еді. Тіпті аладғы уақытта АҚШ әскерлері Ауғанстандағы базаларға қайта оралуы да мүмкін деген болжам бар. АҚШ президенті Дональд Трамптың АҚШ әскерлері шегініп кеткеннен соң бес жылдан кейін аяқ астынан Талибан билігінен Баграм әуе базасын беруін талап етуі осы аймаққа АҚШ-тың қайтадан ықпалын арттыруға талпына бастағандығын айғақтайтындай. Егер Талибандар Трамптың ұсынысын қабылдаудан бас тартатын болса, Пәкістан резервке айналары сөзсіз. Өйткені Пәкістан Америкалықтардың осы өңірдегі қимылдарын қамтамасыз етуге көмектесетін логистикалық мүмкіндіктері мен саяси байланыстары бар жалғыз ел.
Келесі бір себеп- Үндістан мен АҚШ арасынадғы шиеленістерден туындап отырғаны белгілі. АҚШ-тың беті ары қарай бастаған тұста үнділердің Қытаймен жақындай бастауы АҚШ-қа ұнаған жоқ. Үндістан мен АҚШ қатынастары Ақ үйге Трамп келгелі ушыға түсті. Виза және тарифтік даулар күшейген тұста Үндістанның Қытай және Ресеймен байланыстарын арттыра бастауы мәселені онан ары күрделілендіре түскендей. Осындай сындары шақта Пәкістанды барынша қолдай түсу ең алдымен Үндістанға көрсетілген көзір еді.
АҚШ-тың Исламабадқа бүйрегін бұруының тағы бір себебі- Пәкістаннан алуды көздеп отырған сирек кездесетін минералдарға қол жеткізу туралы уәделерге бағытталған дейді сарапшылар. Алайда бұл қадамның сәтті болуы қиынға тсүетін түрі бар. Осы тақырыпты жіті зерттеген журналистердің уәжіне сенсек- Сирек кездесетін минералдар кені орналасқан Белуджистан провинциясындағы әлеуметтік жағдайдың өзі бара-бара Исламабадтың бас ауруына айнатаын түрі бар. Себебі бұл өлкеде кедейлік пен жұмыссыздық жоғаыр шекке жеткен. Жылдар бойы бағалы кендерден сирек кездесетін қымбат шикізаттардың өңделіп жатқанына қарамастан Белуджистан провинциясы әлі күнге дейін Пәкістанның ең кедей провинциясы болып отыр. Инфрақұрылым жобалары толық пайдаланылмайды, әуежайлар бос тұр, ал жұмыссыздық деңгейі мемлекет бойынша жоғары орында екен. Сондықтан халық наразылығы мен саяси партиялар арасындағы майдан АҚШ-тың ойлағанын жүзеге асыруына кедергі келтіруі мүмкін.
Дәл қазіргі сәттегі Пәкістан жағдайына талдау жасаған Хартфордшир университетінің ғалымы Эрик Шазар «Эр-Риядтағы қошеметтерді, Газа саммитіне назар аударуды және Вашингтондағы сыпайы қол алысуды стратегиялық қайта туылумен шатастыруға болмайды. Пәкістан сақтықпен әрекет етіп, қысымға бейімделіп, осал тұстарды мүмкіндіктерге айналдыруға тырысуда. Бірақ нағыз сынақ өз елінде. Исламабад басқарудағы сәтсіздіктерді, аймақтық теңсіздікті және саяси сенімсіздікті шеше алмаса, оның сыртқы саясаттағы жетістіктері әлсіз болып қала береді. Түптеп келгенде, қорғаныс немесе минералды келісім Пәкістандағы тұрақты әлеуметтік келісімшартты алмастыра алмайды. Бұл Пәкістан әлі де күтіп тұрған шынайы қайта өрлеу»- деп баға беріпті.
Ерқазы Сейтқали















