АҚШ-та болып жатқан жұмыртқа дағдарысы кейбір мемлекеттерге сауда орайын әкелгендей. Қазіргі уақытта Америка Құрама Штаттары тарихтағы ең ауыр құс тұмауымен күресіп жатыр. Бұл ел ішіндегі жұмыртқа бағасын рекордтық деңгейге жеткізді. АҚШ-тың оннан астам штаттарында қазір жұмыртқаның келісінің орташа бағасы 8 долларға жеткен. Өткен күзде келісі бар болғаны 2,25 доллардан сатылған екен.
Дүниежүзіндегі ең ірі жұмыртқа экспорттаушылардың бірі Түркия, құс тұмауының өршуіне байланысты әлемдік жұмыртқа жеткізілімінің қысқаруына орай, ішкі нарықты реттеу мақсатында жұмыртқа экспортына салық жариялады. Түркияның Сауда министрлігі жариялаған мәлімдемеге сәйкес, енді шетелдерге жұмыртқа экспорттаушылар келісіне 0,50 доллар көлемінде лираға балама салық төлеуі керек.
АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігі жақында Америка Құрама Штаттары алдағы бір-екі айда 70 миллионнан 100 миллионға дейін жұмыртқа импорттайтынын мәлімдеген еді. Түрік жұмыртқа өндірушілері одағының төрағасы Ибрахим Афён жақында кейбір америкалық компаниялардың өз елдеріндегі «жұмыртқа тапшылығымен» күресу үшін импорт нарығына назар аударғанын және Түркиямен келіссөздер жүргізуге бастама көтергенін, биылғы жылы Америка Құрама Штаттарына 420 миллион жұмыртқа экспорттауды жоспарлағанын, ал шілде айына дейін Түркияның Америка Құрама Штаттарына 240 миллион жұмыртқа жөнелтетінін айтты.
Дәл осындай орайлы сәтте Әзербайжан елі АҚШ-қа жұмыртқа экспорттау туралы шешімге келді. Жақында Әзербайжан сайттарында Әзербайжан құс еті, жұмыртқа өндірушілері және экспорттаушылар қауымдастығы Америка Құрама Штаттарына асханалық жұмыртқаны экспорттауды бастағандығын хабарлады. Әзербайжандағы ең ірі құс фабрикаларының бірі «Гилази құс фабрикасы» АҚШ стандарттарына сәйкес сертификаттаудан сәтті өтіп, осы елге ас жұмыртқасын экспорттауға рұқсат алды. Осы айдан бастап компания Америка Құрама Штаттарына тұрақты жұмыртқа экспортын бастамақ. Таратылған хабарда «АҚШ-қа экспорттың басталуы Әзербайжандағы жұмыртқаның жеткізілімі мен бағасына ешқандай әсер етпейді. Қазір Әзербайжанда асханалық жұмыртқаға деген тәуліктік сұраныс шамамен төрт миллионды құрайды. Нақты өндіріс алты миллион шамасында. Бұл өнімнің аз бөлігі экспортқа шығарылғанымен, елде ішкі сұранысты өтеуге жеткілікті көлемде қалды. Қазіргі уақытта қоймаларда 100 миллионға дейін жұмыртқа бар», – делінген.
Қазірге дейін Әзербайжанның жұмыртқа экспортының басты бағыты Ресей болып келген еді. Олар жыл сайын орыстарға орта есеппен 5 миллион дана жұмыртқа экспорттап келген.