АҚШ-тың Канада, Мексика сияқты елдерге қарата кедендік салықты молайту жобасы бір айға кейінге шегерілді. Бұл туралы Америка басылымдары хабарлады. Ақүй басшысы өзінің инаугурациясында сөйлеген сөзінде бірқатар елдерге қарата кедендік бажды көбейтетіндігін мәлімдегені есімізде. Берген уәдесін орындауды шешкен бизнесмен Президент 1 ақпанда Мексика мен Канадаға 25 пайыздық, Қытайға қосымша 10 пайыздық баж салығын енгізу туралы жарлыққа қол қойған еді.
Бұл жаңалыққа қарата Қытай тарапы Дүниежүзілік сауда ұйымының шарттарын ауыр дәрежеде бұзғандығы үшін АҚШ-тың үстінен халықаралық сотқа шағым түсіретіндігін мәлімдеген болатын. Ал Канада мен Мексика бұл мәселені келіссөздер арқылы шешуді ұйғарған секілді. Мұндай уағдаластыққа аталған елдердің Трамптың ұсынысына қарата келісім бергені себеп болса керек.
3 ақпан күні таңғы сағат 10:30 шамасында Трамп пен Мексика президенті Шейнбаум келісімді әлеуметтік желі арқылы бөлек жариялады. Америка Құрама Штаттарының талаптарының бөлігі ретінде Мексика синтетикалық фентанил есірткі ағынымен және заңсыз иммиграциямен күресу үшін шекараға 10 000 қауіпсіздік әскерін орналастыруға келіскен. Жауап ретінде АҚШ Мексикаға 25% импорттық тарифті бір айға кейінге қалдыруға шешім қабылдады.
Болашақ келіссөздерге қатысты пікір білдірген Трамп: «Бұл мәселелерді Мемлекеттік хатшы Рубио, Қазынашылық хатшысы Бессант және Сауда министрі (кандидат) Мексиканың жоғары лауазымды тұлғаларымен талқылайды. Мен екі ел арасындағы келіссөздерге қатысуды асыға күтемін», – деп мәлімдеді.
Канада сонымен қатар шекараны басқаруды күшейтуге және 10 000 қауіпсіздік әскерін орналастыруға уәде берген. Сонымен бірге Канада үкіметі бақылауды күшейту үшін фентанилге қарсы іс-қимылдар басшысын тағайындады және есірткі картельдерін террористер деп белгіледі. Трюдо X әлеуметтік желілерінде: «Біз 200 миллион Канада доллары көлемінде бюджетті қамтамасыз еттік», – деп жазды.
Ал «елді құртып бара жатқан» есірткі мәселесі туралы сөз еткен АҚШ Президенті:
«Біз Канадамен жүздеген мың американдықтардың өмірін қиған және біздің елімізді жойып жіберуге шақ қалған фентанил және басқа да есірткі ағынын түпкілікті шешу туралы келісімге келдік. Мен барлық американдық азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауаптымын және осы жауапкершілікті орындаймын. Мен бұл алғашқы нәтижеге өте ризамын», – деп мәлімдеген.
Осылайша жан-жағына айбар шеге бастаған Трамптың кейбір ұсыныстары өз нәтижесін беретін сыңайлы. Канада және Мексикамен арадағы сауда қатынастары қалай реттелетіндігі алдағы бір айдың ішінде белгілі болмақ. Бұл елдермен болған диалог үлгісі Қытаймен де орнайтын секілді. Себебі Трамп: «Мен Қытаймен 24 сағат ішінде диалогқа түсуім мүмкін. Біз жақсы кездесу өткізуіміз керек. Бұл тек бастамасы ғана. Егер біз Қытаймен келісімге келе алмасақ, тарифтер айтарлықтай болады», – деді ол.
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ