«АҚТӨБЕДЕ ЖАСАЛҒАН»

«АҚТӨБЕДЕ ЖАСАЛҒАН»

АҚТӨБЕДЕ «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮЗДІК ТАУАРЫ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ 

БАЙҚАУ-КӨРМЕСІ ӨҢІРЛІК КЕЗЕҢІНІҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Сан және сапа

 

Көрменің ашылу салтанатына Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов, Өңірлік кеңес мүшелері, мемлекеттік органдар мен бизнес-қауымдастық өкілдері және басқа да құрметті қонақтар қатысты. Қатысушылар ұсынылған өнімдермен танысып, тауар сапасына жоғары баға берді. 

–  Мемлекет басшысы отандық өндіріске, қазақстандық тауар өндірушілерге қолдау білдіріп, саланы дамыту және халықты жұмыспен қамтудың маңыздылығын әрдайым атап өтеді. Биылғы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнім көлемі 1 155,3 млрд теңгеге жетті, 102,6  пайыз өсімге қол жеткізілді. Соңғы 3 жылда өнеркәсіп құрылымындағы өңдеу секторының үлесі 34-тен 41%-ға дейін өсті. Бұл – облыстың шикізатқа тәуелділіктен арылуының және өңдеу өнеркәсібі дамып жатқанының дәлелі. Бүгінгі таңда өңірде СТ-КЗ сертификаты бар 145 кәсіпорын және Индустриялық сертификаты бар 52 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қатарында бұрыннан келе жатқан мекемелермен қатар, жаңадан ашылған, импортты алмастырып, отандық өнімдерді нарыққа шығаруға ниетті өндіріс орындары бар. Бұл – сіздердей кәсіпкерлердің еңбегі мен бастамашылдығының нәтижесі.

Бүгінгі көрмеге қатысып отырған кәсіпкерлердің өнімдері көңіл қуантады. Азық-түлік өнімдерінен бастап, мұнай саласына қажет қосалқы бөлшектерді де өз өңірімізде шығарып отырмыз. Көптеген кәсіпорындар өнімдерін тек ішкі нарықта ғана емес, сыртқы нарыққа да шығарып, экспорт көлемін 80 пайызға дейін жеткізуді көздеп отыр. Бұл – зор жетістік.  Мәселен, биылғы алғашқы бес айда өңірімізде өндірілген өнім көлемі 1 триллион 155 миллиард теңгеге. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Жыл соңына дейін бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткіземіз деп сенеміз.

Біз әрдайым бизнеске ашықпыз, қолдауға дайынбыз. Сонымен қатар, бүгінгі көрменің арқасында жаңа серіктестік қатынастар орнайды, тың идеялар туады деп сенемін, –  деді облыс әкімі Асхат Шахаров. 

Сонымен бірге өңір басшысы ауыл-аймақтарда да осындай кездесулер өткізілетінін, барлық мемлекеттік органдар біріге отырып, кәсіпкерлік саласын қолдауға күш салуы қажеттігін айтты. Бүгінгі нарықта бәсекеге қабілетті өнім шығару – басты талап. Сондықтан күнделікті жұмыста мемлекеттік органдармен, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен тығыз байланыста болу маңыздылығы да айтылды. 

– Болашақта көрмеге қатысушылар саны мен өнім түрлері көбейіп, ауқымы одан әрі ұлғая түсетініне сенімдімін. Жарнамалау мен өнімді ілгерілету – қазіргі заманда өте маңызды. Сол себепті жаңа алаңдар, сауда орындарын ашу мәселесі шешіліп жатыр. Бұл – бизнесті кеңейту үшін берілген тағы бір мүмкіндік, – деді облыс әкімі. 

Айта кету керек, бүгінгі таңда өңірде кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бизнес-ахуалды жақсартуға, инвестиция тартуға, арнайы экономикалық аймақ құруға және инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде. Өңір басшысы өнеркәсіптік өндіріс көлемі тұрақты өсіп, шағын және орта бизнесті дамыту бойынша барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. Көрмеде тамақ және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, құрылыс индустриясы және басқа салаларда жұмыс істейтін кәсіпорындардың өнімдері ұсынылды. Келушілер азық-түлік пен өзге де тауарларды өндіруші бағасымен сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

 

Табиғи өнім сұраныста 

 

Көрме барысында өз өнімдерін көпшілікке ұсынған кәсіпкерлермен сөйлескен едік. 

Алға ауданының Ақай ауылынан келген «Ақай дәмі» атты кәсіптің иесі Гүлжазира Сарыбаева ауылшаруашылығы өнімін өңдеп, ауылдастарына табиғи, экологиялық таза өнім ұсынып отыр екен.  

– Бұл кәсіппен айналысқаныма үш жыл болды. Басты мақсатым – ұлтымыздың денсаулығына пайдалы, экологиялық тұрғыда таза, сапалы әрі ұлттық дәмге бай өнім ұсыну. Өнім түрі өте көп, көрмеге солардың тек бір бөлігі ғана қойылды. Сиыр сүтінен қаймақ-май, қою сүт, ірімшік (қақталған, қайнатылған түрлері),  құрт (тұзды, өрік, мейіз қосылған түрлері) секілді отыздан астам өнім жасалады. Қазақ болған соң ұлттық дәмге жақынбыз. Сондықтан ерекше сұранысқа ие өнімдердің бірі – тойларға арналған қоржындар. Ішінде қаймақ, май, құрт, ірімшік, тағы да басқа түрлі сүт өнімдері болады. Мұндай қоржындарға қаладан ғана емес, шетелден келген қонақтар, құдалар да тапсырыс береді, – дейді ол.

Гүлжазира  ауылындағы дүкенінен бөлек, өнімдерін Ақтөбе қаласындағы «Думаш», «Ұлытау» сынды мейрамханаларға да сұранысқа сай жеткізеді екен. Өз шикізаты жетпей жатса, ауылдағы шаруалардан сүт сатып алатынын айтады. Күніге  120-140 литрге дейін сүт өңдейді екен. Бастапқыда кәсіпті өз қаражатымен бастаған Гүлжазира Орынғалиқызы кейін мемлекеттік бағдарлама  арқылы 6,9 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған. Болашақта кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр. 

Қобда ауданынан келген «Хмельные подушки» жобасының авторы, кәсіпкер  Разия Ғалиева  ұлттық киім тігумен қатар, табиғи өсімдіктерден жасалатын емдік жастықшалар өндірісін жолға қойыпты.  

– Отбасымызбен бірге құлмақ (хмель) өсімдігін зерттеп, оның емдік қасиетін тәжірибе жүзінде көрдік. Бұл өсімдік жүйке жүйесін тыныштандырып, қан қысымын реттеуге, ұйқысыздық пен ашушаңдықты басуға көмектеседі, жүйке жүйесін тыныштандырып, табиғи ароматерапия әсерін береді. Мен антибиотиктер мен химиялық дәрі-дәрмектерді жиі қабылдауға қарсы адаммын. Ағзаға артық салмақ салмай, табиғат берген еммен-ақ шаршаған денені қалпына келтіруге болады. Құлмақ өсімдігін тамыз айында жинаймыз, оны арнайы технологиямен кептіріп, емдік қасиеттері сақталуы үшін табиғи матадан тігілген дорбаларда сақтаймыз.  

Бұл жоба менің жеке кәсібім болумен қатар, ауылдағы қыз-келіншектерге жұмыс беру үшін қолға алынған бастама. Егер мемлекеттен грант ұтып алсам, тігін машиналарын алып, жұмыс орнын ашып, ісімді одан әрі кеңейткім келеді, – дейді Разия ханым.

Байқау қорытындысында үш номинация бойынша жеңімпаздар анықталды: «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында көш бастағандар: «Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты» ЖШС (муфталы және насос-компрессорлық құбырлар өндірісі), «Спецобувьторг» ЖШС (арнайы қорғаныс аяқ киім өндірісі) және «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» ЖШС (рельс өнімдері мен фасонды прокаттар өндірісі). 

«Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясында жеңімпаздар: «Зәру» шаруа қожалығы (пантогематоген өндірісі), «Амандос Айнель» ЖК (ұлттық киімдер өндірісі) және «PC Grant» ЖШС (тұрмыстық химия өндірісі). 

«Азық-түлікке арналған үздік тауарлар» номинациясында үздіктер деп танылғандар: «Gazer» ЖШС (сүт өнімдері өндірісі), «Greenhouse Kazakstan» ЖШС (қызанақ өндірісі) және «GREEN VITAMIN» ЖШС (мұздатылған бидай өскіндерінің шырыны өндірісі).  

Жеңімпаздардың қатарындағы «PC Grant» ЖШС тұрмыстық химия өндірісімен айналысады. 

 – Біздің өнімдеріміздің басты ерекшелігі – олардың экологиялық жағынан қауіпсіз, адам ағзасына зиянсыз табиғи компоненттерден жасалуы. Мысалы, сұйық сабындардың құрамында кокос майынан алынған кокамидопропилбетаин мен ұсақталған теңіз қабыршағы (ракушка) қосылады. Бұл сабын теріні құрғатпай, керісінше жұмсартып, күтім жасайды. Өнімнің бірнеше түрін шығарамыз: сабын, ыдыс жууға арналған құралдар, әйнек пен жиһаз тазалағыш, түрлі хош иісті гельдер, кір жууға арналған гельдің ақ,  түрлі түсті киімдерге арналған түрлері бар. Белизна өніміміз де бұрынғыдай өткір иісті емес – құрамында жеңіл хлорлы компонент (гипохлорит) бар, бірақ қолданған кезде қолайсыз иіс қалдырмайды. Осы арқылы біз тұтынушылардың денсаулығы мен жайлылығын ескереміз. Қазіргі таңда біздің өнімдер Ақтөбе қаласындағы сауда орындарында және интернет-дүкендерде сатылып жатыр. Сонымен қатар бізде индустриялық СТ-KZ сертификаты бар, осының негізінде мемлекеттік сатып алуларға да қатысып келеміз. Өндірісте қазіргі таңда сегіз адам жұмыс істейді. Жалпы біздің өндірістік қуаттылығымыз 20-дан астам түрлі өнім түрін шығаруға мүмкіндік береді, ал қазір соның алғашқы легін нарыққа ұсынып отырмыз. Бұл жобаны алғаш 2019 жылы бастаған болатынбыз, ал 2024 жылдан бастап жаңа компания құрылып, тауарлық белгіні заңды түрде сатып алып, өндіріс көлемін кеңейтіп, нарыққа белсенді түрде шыға бастадық. Биыл «Қазақстанның үздік тауары» байқауына алғаш рет қатыстық. Бұл – отандық өнім сапалы бола алады деген сеніммен жасалған нақты қадам. Мақсатымыз – өнімдерімізді Ақтөбеден бөлек, еліміздің өзге өңірлеріне де шығару,  – дейді  атаған компания директоры Ерлан Канбаев.  

Жеңімпаз компаниялардың тағы бірі – «GREEN VITAMIN» ЖШС гидропоника жүйесі бойынша топырақсыз және химиялық тыңайтқыштарсыз өсірілген бидай өскіндерінен алынатын 100 пайыз табиғи, тікелей сығылған және шокты түрде мұздатылған шырын өндіреді. Бұл ағзаны қуаттандыратын, уланудан тазартатын және иммунитетті күшейтетін табиғи өнім шығарады. 

– Өнімдерімізді жеті жылдан астам уақыттан бері шығарып жатырмыз. Негізгі өніміміз Green Vitamin Wheatgrass деп аталады. Бұл өнім элиталы сұрыптағы бидайдан алынады. Бұл – құрамында ешқандай қоспасы жоқ, 100% табиғи өнім. Негізінен бұл шырын ағзаға қуат беріп, иммунитетті күшейтеді, ас қорыту жүйесін жақсартады. Сонымен қатар бұл өнім құрамында темір, кальций, магний, калий, фосфор сынды маңызды дәрумендер мен минералдарға өте бай. Осының бәрі бидай шөбінің табиғи күшімен келеді. Қазіргі таңда өндіріс орнында 6 адам жұмыс істейді. Айына 1500 қаптама өнім шығарамыз. Цехты кеңейтіп жатқандықтан, жақын арада бұл көрсеткішті 7000-8000 данаға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз.

Біздің өнім Қазақстанның барлық қалаларында сатылады. Тек Астананың өзінде 17 дүкенде бар. Бір жылдан бері Ресей нарығына да шығып, дистрибьюторлар арқылы экспорттап жатырмыз. Жеті жылдық тәжірибемізбен, зерттеу нәтижелерімен бүгінгі таңда сапалы, табиғи, отандық өнім ұсынуға толық негіз бар деп есептейміз, – дейді аталған компанияның өкілі  Мұрат Рахманберлин. 

Жеңімпаз компаниялардың тағы бірі – арнайы қорғаныс аяқ киім өндірісімен айналысатын «Спецобувьторг» ЖШС  өкілінің айтуынша, беделді байқауда жеңіске жету – танымалдылықпен қатар, жаңа мүмкіндіктер мен артықшылықтарға жол ашады, әрі бұл алдағы жетістіктерге үлкен мотивация береді. 

– Біз аяқ киім шығара отырып, осы салада стандарттарды қалыптастырамыз. Шикізат – қазақстандық. Байқаудан күтеріміз – сату нарығын кеңейтіп, мемлекеттік сектор мен бизнес өкілдерімен бейресми байланыс орнату, – дейді «Спецобувьторг» ЖШС өкілдері.   

«Бір ауыл – бір өнім»

 

Шараны Ақтөбе облысы әкімдігі мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бірлесе ұйымдастырды. Жеңімпаздар арнайы дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Алда олар облыс атынан «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауына қатысады.   

– Бүгінгі жеңімпаздар Ақтөбе облысын республикалық деңгейде лайықты таныстыратынына сенімдіміз. Өңір дамып келеді: инвестициялық пулда – 74 жоба, 86 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істеп тұр. Әсіресе, өңдеуші өнеркәсіптің – тамақ, жеңіл, құрылыс материалдары мен тұрмыстық химия өндірісінің қарқынды дамуы қуантады. «Ақтөбеде жасалған» деген белгімен шығарылатын тауарлар ел ішінде ғана емес, шетелдерде де танымал болуы маңызды. Өз кезегінде Палата бизнес-ахуалды жақсартуға, импортқа тәуелділікті азайтуға және жергілікті өндірушілерді қолдауға бағытталған жұмыстарды жалғастыра береді. Себебі экономиканың күші – өз тауары мен кәсіпкерінде, –  деді Өңірлік палатаның директоры Дидар Боранқұлов.

Іс-шара аясында АО «Өнеркәсіпті дамыту қоры» бағдарламалары, «Өрлеу» жеңілдетілген несие беру бағдарламасының шарттары, Қазақстанның Экспорттық кредит агенттігінің қолдау құралдары, сондай-ақ тауар таңбаларын тіркеу және экспорттық акселерация бағдарламалары бойынша панельдік сессия өтті. 

Сондай-ақ  «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесінің өңірлік кезеңі аясында «Бір ауыл – бір өнім» атты үшінші өңірлік көрме өткізілді. Аталған іс-шара жергілікті шикізаттан өнім өндіруші елуден астам кәсіпкерді біріктірді. Бұл бастама жергілікті өндірушілерді қолдауға, олардың өнімдерін ішкі және сыртқы нарықтарға шығаруға бағытталған маңызды қадам болып отыр.  

Көрмеде 52 тауар өндіруші өз өнімдерін ұсынды. Комиссиялық жұмыс тобы жергілікті шикізат негізінде жасалған үздік он өнімді іріктеп алды.   Дәстүр бойынша көрме жәрмеңке форматында өтті. Облыстың әр түкпірінен және Ақтөбе қаласынан келген кәсіпкерлер өздерінің жаңа тауарларын тұтынушыларға ұсынып, нарықты кеңейтуге мүмкіндік алды.  

 Ассортимент өте алуан түрлі болды: сүт және ет өнімдері, қолөнер бұйымдары, тоқыма, этникалық нақыштағы зергерлік бұйымдар, керамика, сабын және т.б.  

Арнайы жұмыс тобы кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық ұйымдардың және бизнес өкілдерінен құралған. Айта кету керек, осы үздік ондықтан бренд-комитет үш жеңімпазды анықтап, олар Ақтөбе облысының атынан республикалық деңгейде өкілдік ететін болады.

Жеңімпаздарды таңдауда өнім өндірісінде тек жергілікті шикізат пен қол еңбегінің қолданылуына баса назар аударылды. Сондай-ақ өнім дизайнының әлеуеті, қаптамасы, тауардың өңірлік ерекшеліктері және оның ішкі және сыртқы нарықтарға шығу әлеуеті бағаланды.  

Үздіктер қатарынан көрінгендердің бірі – Шалқар ауданынан келген кәсіпкер Амангүл Ешмағанбетова түйе жүнінен түрлі өнімдер жасайды екен. Ол алғашында тек шұлық, белбеу, қолғап, кеудеше сияқты бұйымдар тоқыса, кейін заманауи үлгіде брелок, массажға арналған аксессуарлар мен балалар ойыншықтарын дайындауға кіріскен. Бұл өнімдер буын мен қан айналымына оң әсер етіп, терлетпей, денені жылы ұстайды. Жұмсақ массаждық ойыншықтар мен мойын белбеулерге сұраныс жоғары екенін айтады. Кәсіпкер шикізатты өзі сатып алып, дәстүрлі ұршықпен қолмен иіреді. Қазіргі таңда ол өнімдерін тек Шалқарда емес, өзге қалаларға да жеткізеді. Түйе жүнін насихаттауды мақсат еткен қолөнерші бұл істі шәкірттерімен бірге дамытып келеді.  

Бұл көрме жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мақсатында өткізілді. Жаңадан бастаған кәсіпкерлерге өнімді брендтеу және нарыққа шығару бойынша көмек көрсетіледі, сондай-ақ өндірістік технологиялар мен маркетинг бойынша тегін оқыту курстары ұйымдастырылады.   «Бір ауыл – бір өнім» жобасын Қазақстанда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және оның өңірлік филиалдары іске асырады. Бұл жоба жергілікті шикізаттан өнім әзірлеуге және оны ілгерілетуге бағытталған және кем дегенде бір бәсекеге қабілетті өнімді дамыту тұжырымдамасына негізделген. Бұл идея Жапонияда бастау алған. Жобаның негізгі мақсаты – жергілікті өнімнің сапасын арттыру, жергілікті брендтерді құру, маркетинг және нарықтағы құнын арттыру.   

М.ТАБЫН, Ақтөбе облысы
16.07.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 15463
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 15353
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 30499
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 29129
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 32694