АРДАҚТАЛСА АЗАМАТ – ҰРПАҚ ҮШІН ӨНЕГЕ

АРДАҚТАЛСА АЗАМАТ – ҰРПАҚ ҮШІН ӨНЕГЕ

Екеуміздің етене араласып, дос болғанымызға отыз жылдай уақыт болыпты. Күнара сөйлесеміз, жағдай сұрасамыз. Қызық-қуаныштарымызды да бірге бөлісеміз. 

– Отан-анамыз деп, азаматтық борышымызды өтейікші деп ажал оғы атқылаған елде екі жыл болдым. Енді оның әділетті соғыс емес, басқыншылық сипаттағы шайқастар екенін естіген кезде, шыны керек, тіксініп-ақ қаламын, – дейді осы әңгімеме ілік етіп отырған Ауған соғысының  ардагері Нұрдәулет Өмірзақұлы Рысмаханов. – Бірақ, бізде кінә жоқ. Жіберді – бардық, бармасқа амалымыз болды ма?

Нұрдәулет қызылордалық. Қазалыда қатарластарының алды болып мектеп бітіреді. Отты аймақта өткізген екі жылда кіші командир болып қызмет етеді. Әскери бөлім командирінің берген жақсы мінездемесі мен жолдамасы арқылы екінің бірі армандайтын, алайда түсе алмайтын Алматы халық шаруашылығы институтының дайындық бөлімін бітіріп, бес жыл студенттік өмірде курстың старостасы міндетін атқарады. Сол заманда әркім-ақ ұмтылатын Компартияға мүше болып қабылданады. Ондай азаматтың кейін қызметсіз қалмайтыны белгілі. Жоғары оқу орнын да үздік бітірген Нұрдәулетті Алматыдағы іргелі кәсіпорындардың біріне қалдырады. Ұзамай ыдыраған алып елмен бірге әлгі іргесі сөгілместей сезілетін өндіріс ошағының да оты сөнді.

– «Көппен көрген – ұлы той» демекші, төрт-бес жыл сенделістен соң ол кезеңді де өткердік. Республикалық «Қызыл крест» қоғамы мекемесіне қызметке тұрдым. Ұл-қыздар өсті, Қуангүл екеуміз немерелер сүйген ата, әже атандық, – дейді өз өміріне разы кейіппен. 

Нұрекеңнің сөзінен де, жүріс-тұрыс, жұртпен қарым-қатынасынан да алған тәрбие-тәлімінің әсері көзге ұрып тұрады. Осы жағын білмекке сыр суыртпақтап едім, айтарын әріден бастады. Атасы Рысмахан Қазалы қалалық шаруашылық мекемесінде, ал әжесі тұрмыс қажетін өтеу комбинатында тігінші болып жұмыс істепті. Әкесі Өмірзақ 1945 жылы №17 Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепті бітіреді. Институтқа баруға тұрмыс жағдайы бөгесін болып, аудандық «Большевиктік ұжымшар үшін» (бүгінгі «Тұран – Қазалы») газетінде әдеби қызметкерліктен еңбек жолын бастайды. Әйткенмен екі-үш айдан кейін аудандық партия комитеті Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті жанындағы бір жылдық аудармашылар даярлайтын курсқа оқуға жібереді. Оқуды бітіріп оралған соң облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетіне жолдама береді. Алайда облыстық партия комитеті облыстық комсомол комитетінің бірінші секретары Ж. Байқожаевтың өтінішімен Қармақшы аудандық комсомол комитетіне екінші хатшылыққа бекітеді. Осы қызметті бір жарым жылдай атқарғаннан кейін облыстық партия комитеті Алматыдағы екі жылдық жоғарғы партия мектебіне оқуға жібереді. Оны бітірген соң 1949-1953 жылдар аралығында Шиелі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болады. Екі рет аупарткомның бюро мүшесі болып сайланады. 1953 жылдың наурызынан Орынбор теміржолы Қазалы бөлімшесі саяси бөлімі бастығының комсомол жұмысы жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарып, Қазалы аудандық партия комитеті ұйымдастыру-нұсқау бөлімінің меңгерушілігіне ауысады. Осылай 10 жылдан астам уақыт жауапты партиялық қызметте болады, екі рет бюро мүшелігіне сайланады. 

1965 жылдан 1989 жылға дейін 24 жыл бойы аудандық жоспарлау комиссиясының төрағасы, соның соңғы алты жылында ауатком төрағасының орынбасары болады. 34 жыл он ай аудандық Кеңестің депутаты, осыншама уақыт Қазалы аудандық партия комитеті пленумының мүшесі болып, аудан экономикасы мен мәдениетін дамытуға, елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға үлес қосады. 1988 жылдың 30-желтоқсанында айрықша еңбегі сіңген дербес зейнеткерлік демалысқа шығады. Әйтсе де аудандық партия комитеті Ө. Рысмаханұлын аудандық архив мекемесіне директор етіп тағайындайды. Аудан әкімдігі 1991 жылы қыркүйектен бастап аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағалығына бекітіп, осы қызметті өмірінің ақырғы сәтіне дейін атқарады.

– Әкеміз 2005 жылы 9 наурызда 78 жасында өмірден озды, – дейді Нұрдәулет. – Бүкіл ауданның бетке ұстарлары қимастықпен ақтық сапарға шығарып салды. Өзі еңбек жолын бастаған аудандық газетте аудан әкімінен бастап, үлкен мекеме басшылары, кешегі заманда партия-кеңес қызметінде болған, абыройлы еңбектерімен елге танылған кісілер қол қойған қазанама мақала жарияланды. Сол материалдың соңына салым: 

«Ол 1991 жылдың 9 қыркүйегінен бастап өмірінің соңғы күніне дейін соғыс және еңбек ардагерлері Кеңесінің төрағасы болып істеді. 

Өмекең өзінің адамгершілік, ұйымдастырушылық, іскерлік, имандылық, қайырымдылық қасиеттерімен аудан халқының сый-құрметіне бөленді. Ол қай қызметте болмасын өзіне жүктелген міндетті жете сезініп, асқан жауапкершілікпен атқара білді. Аудан ардагерлерінің белсенділігін арттыруға, елдің ауызбіршілігі мен ынтымағын нығайтуға, жастар тәрбиесін жақсартуға елеулі үлес қосты», – деп жазылыпты. 

Әсіре боямасыз, анық та қанық сөздермен әспеттелген ел пікірінде қаяу жоқ. Ақ-адал өмір сүріп, ел үшін еңбек еткен аяулы жандарға лайықты жұрттың жүрекжарды лебізі, қимастық көңілі бұл. Біз кешегі кеңестік жүйені қанша күстәналайық десек те, сол бір қоғамда адамгершілік әдеттен аспай, тіпті үкіметтің уақытын да ысырап қылмай, коммунистік мораль аясында таңын атырып, күнін батырған адамдардың аз болмағанын да жақсы білеміз. Солардың еселі еңбегі мен ауытқымайтын темірдей ұстанымының арқасында өнеркәсібіміз өркендеп, ауылымыз гүлденді, кең даламыз мыңғырған малға толды емес пе?! Егер осыны өтірік деп, жоққа шығарғымыз келсе, ол Өмірзақ Рысмаханов секілді қоғамға ынты-шынтысымен берілген, Отан үшін от пен оққа кеудесін тосып ерлік көрсеткен, сол жолда өздерін құрбан еткен жүздеген, мыңдаған, тіпті миллиондаған асыл ағаларымыздың өмірін тәрк еткеніміз болмас па еді?! 

Өмекеңнің өмірбаян деректерін зерделей қарап, өмірлік жары Дәриха Қонақбаевамен жандары жарасып, бақытты ғұмыр кешкендеріне көзім анық жетті. Дәриха апайымыз да 1927 жылғы екен. 1945 жылы Қызылордадағы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищені бітіріп, туып-өскен Қазалы ауданы, Жанқожа батыр ауылындағы мектепте ұстаздық жолын бастайды. Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтының тіл әдебиеті факультетін сырттай оқып тамамдап, жалпы есебі қырық жылдай Шиелі ауданындағы Октябрьдің 14 жылдығы мектебі мен Қазалыдағы Ғ. Мұратбаев атындағы №17 мектепте өскелең ұрпақтарға сапалы білім, саналы тәрбие нәрін береді. Өзі ұстаздық еткен мектептердің ғана емес, аудан, облыстың да ең мақтаулы, өз әріптестеріне де үйретері көп тәжірибелі тәлімгер ұстазына айналады. Оқытқан шәкірттері арасынан елге танымал талай тұлғалар шыққанын бүкіл ел біледі. Дәриха Қонақбаеваның осындай еңбектері лайықты бағаланып, КСРО және Қазақ КСР халық-ағарту ісінің озық қызметкері белгісін иеленеді, облыс ұстаздары арасынан дараланып Бүкілодақтық мұғалімдер съезіне делегат болып қатысады. Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталады. Кейін Республикалық дәрежедегі зейнеткер болады. Өмірзақ Рысмаханов екеуі шын мәнінде жарасты жұп құрып, жарты ғасырдан астам уақыт бір шаңырақ астында отбасылық бақыт дегеннің қалай болатынын айналасына үлгі етіп көрсете біледі. Әлпештеп өсірген балалары да мектепте қатарластарының бетке ұстарлары болып білім алып еді, бүгінде еліміздің әр аймағында алған мамандықтары бойынша абыройлы қызмет етіп, өрістерін кеңейтуде. Олардан өрбіген ұрпақтар да өз заманының мақтанышы мен мерейі болып өскен ата-әжелерінің ғұмырларын лайықты ұластыруда. 

– Ата-анасын жақсы көрмейтін бала болмайды, – дейді Нұрдәулет. – Мен қазір алпыстан астым. Бәрібір өзім үшін ол кісілердің орны өзгеше. Әрдайым сағынышпен еске аламын. Үйдегі бізге айтатын ақыл-кеңестері көкейіме өшпестей жазылып қалған. Анам 73 жыл жасаса, әкем 78-ге келіп көз жұмды. Бірақ қоғам алдында атқаратын істеріміз біткен жоқ дейтін еді. Әсіресе әкем. Кетер-кеткенге дейін Қазалы ауданындағы соғыс және еңбек ардагерлері Кеңесінің басшысы ретінде белсенділігінен бір танбады. Оны қатарластары да, аудан әкімшілігіндегі басшылар да елеп-ескерді. Ақырғы қоштасу жиынында да, жылдық асы үстінде де Өмірзақ Рысмаханұлының есімі де, ел үшін атқарған еңбегі де ешқашан ұмытылмайды. Соның бір шарасы ретінде Қазалы қаласындағы көшелердің бірін сол кісінің атымен атайтын боламыз деген. Сөйтіп, 2010 жылы аудандық ономастика комиссиясының арнайы шешімін шығарды. 

Содан бері зулаған жылдар дүрмегіне ілесеміз деп, ол шешімді де ұмыта бастаған секілдіміз. Алайда ұрпақтары мен жақсы білетін жанашыр ағайындардың, ізін басқан азаматтардың ойында ұялап қалғанын қалай жасырайық? 

ТАЛҒАТ АЙТБАЙҰЛЫ, 

Қазақстанның 

Құрметті жазушысы, 

«Ұлт қайраткері» медалінің иегері

 

Ерқазы Сейтқали
19.07.2024

Ұқсас жаңалықтар

28 мың орындық  мектеп салынады
Ш. МЕКЕНБАЙ, Шымкент қаласы - 04.09.2024 244
Жолдауға шынайы қолдау керек
Шолпан ҒАББАСОВА, Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласы - 04.09.2024 314
Конституция күні аталып өтті
НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК - 04.09.2024 267
Жаңа қонысқа ие болды
Ләззат ҚАЖЫМОВА, БҚО Орал қаласы - 04.09.2024 303

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 4132
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 3561
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 5775
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 4536
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 5721