Астана қаласы Полиция департаментінің кибер қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері интернет алаяқтарының алдын алу және азаматтардың киберқауіпсіздік туралы білімін арттыру мақсатында бірқатар мекемелерде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы Астана қаласы Полиция департаментінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарланды.
Атап айтқанда, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының және Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасы қызметкерлеріне арнап арнайы дәрістер ұйымдастырылды. Шара барысында интернет алаяқтарының кең таралған түрлері, олардың жұмыс істеу әдістері, азаматтардың жеке деректерін қорғау жолдары және интернеттегі қауіпсіз мінез-құлықтың негіздері жан-жақтылы түсіндірілді.
Кибер қылмысқа қарсы күрес басқармасының мамандары нақты мысалдар келтіре отырып, қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, практикалық кеңестер ұсынды. Тыңдаушылар интернет желісінде алаяқтық әрекеттерден сақтанудың заманауи әдістерімен танысып, кибер шабуылдардан қорғану бойынша пайдалы ақпараттар алды.
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ