Жуырда, анығырақ айтсақ, 19 қараша күні Алматыда, елдігіміз бен түрлі ерліктерімізді халқымыздың жады ретінде көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан ҚР Орталық мемлекеттік архивінің 100 жылдық мерейтойы дүркіреп өтті.
Ең алдымен Абай көшесінің бойындағы мемлекеттік архив ғимаратында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті «Орталық мемлекеттік архив» РММ-нің құрылғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған мемориалды тақтаның салтанатты ашылуы болды. Онда ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Дәуешов Нұрғиса Мұратұлы мен Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Қаниұлы Ахетов және кеше ғана дүниеден озған озық ойлы азаматымыз, Тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА құрметті академигі Талас Омарбеков ағамыз (иманды болсын) жүрекжарды құттықтауларын жолдаған болатын.
Әрине бүтіндей бір мемлекеттің, ондағы халықтың жүріп өткен 100 жылдық жолын алақандағыдай алдыңа жайып көрсету оңай шаруа емес. Дегенмен ҚР ОМА директоры Сәбит Шілдебай мен аталмыш мекеме қызметкерлерінің өздері отырған ғимараттың төрт қабатына да көрмелер мен архив жайлы мәліметтер ұйымдастырғаны келушілердің көңілінен шықты.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қ.Қ.Бораш мырза «Архив – 2025» бағдарламасы негізінде, алдағы уақытта: архивтің материалдық-техникалық базасын жабдықтау, тұңғыш электрондық архив жасауға яғни қағаз құжаттардың тозып кетуі мүмкін болғандықтан, оларды реставрациялау, архив ісін жүргізетін жас мамандарды оқыту орталығын ашу, ОМА жанынан құжаттарды сақтау қоймасын салу сияқты игі істерді атқару жоспарда бар екенін айтты.
Шара барысында ҚР ОМА қызметкерлерінің 100 жылдық мерейтойға арнап шығарған ғылыми жинақтары мен кітаптарының тұсаукесері болып, сонымен қатар мекеме қызметкерлері ҚР МСМ «Архив саласының үздігі» төсбелгісімен, ҚР МСМ «Құрмет грамотасымен» және «ҚР ОМА 100 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. Қонақтар арасынан құттықтау сөз сөйлеген «Жаңғыру» Қазақтың ұлттық өркендеу орталығының төрағасы Дәурен Сатыбалдыұлы, сонау 90-шы жылдары қазақ жастарының жер алып, баспана салуына бастамашы болған Медет Құлжабаевтың дәл бүгінгі күні дүниеден өткенін жиналғандарға өкінішпен жеткізе отырып, бір минут орындарынан тұрып, еске алуларын сұрады. Жиын соңында әзірленген түрлі дәмді тағамдармен түстеніп алған қонақтар ҚР Орталық мемлекеттік музейіне қарай асыққан еді. Музейден кейін іс-шара Абай атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік академиялық опера және балет театрында жалғасты. Онда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты оқылып, аталмыш мерейтойға арнайы келген ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Айгүл Қапбарова құттықтау сөз сөйледі. Шара соңы үлкен мерекелік концертке ұласты.
Ұзақ жолдан қысқаша тарих
Иә, осыдан тура бір ғасыр бұрын, яғни 1921 жылдың 1 қыркүйегінде, Қазақ АКСР-ның алғашқы астанасы – Орынбор қаласында құрылған мемлекеттік архив, сол уақыттан бері талай-талай қатпарланған тарихтың куәгері әрі мұрагері болып келеді екен.
Кейіннен еліміз астанасының Қызылордаға ауысуына байланысты, 1925 жылдың 15 шілдесінде Қазақ АКСР-ның Орталық өлкелік архиві де аталмыш қалаға ауыстырылса, 1929 жылы Қазақстанның жаңа астанасы – Алматы қаласына көшіріледі.
Архивте сақталған құжаттар қазақ елінің экономикалық, қоғамдық-саяси, әлеуметтік жағдайы, мәдениеті мен өнері, тұрмыс-тіршілігі, діни сенімі, т,б. жайлы мәліметтерді көздің қарашығындай сақтап келеді. Ондағы деректер: Қазақ мемлекеттілігінің тарихынан, қазақтардың бостандық пен тәуелсіздік үшін болған күрестерінен, өзге алыс-жақын шет елдермен дипломатиялық қарым-қатынастарынан, т.б. құнды мәліметтермен толыққан. Осылайша архив Қазақ Елінің Ұлттық Ғылым академиясымен, ғылыми институттармен, еліміздің жоғары оқу орындарымен, мұражайлармен, түрлі баспалармен, сонымен қатар шет елдердің архив мекемелерімен тығыз шығармашылық байланыс орнатқан. Оған архивтің 100 жылдық мерейтойына арнайы құттықтай келген төмендегі қонақтарды айтсақ та жеткілікті. Олар: Ресей ғылым академиясы архивінің бас директоры Работкевич Александр Викторович, Түркия мәдениет және архив саласының басшысы Ясын Эрдуан, Қырғызстан Республикасы архив саласының маманы Чекирова Анара Медетбекқызы, Каунас мемлекеттік-аймақтық архивінің директоры Дручкус Гинтарас, «Лики Памяти» Халықаралық семинарының басшысы Хзмалян Ара Эдикович, т.б.