Жуырда Мәжіліс «Әскери полиция органдары туралы» заң жобасын қабылдады. Заң жобасымен айналысқан жұмыс тобының айтуынша, бұл норма әскери қызметшілер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға көмектеспек. Ал оның өкілеттіліктерін бөлу жөнінде Ұлттық ұлан, Қарулы Күштер мен ҰҚК түзетулер енгізіпті. Соған орай: «Әскери полицияның құзырына сарбаздарды суицид пен әскердегі әлімжеттіктерден қорғау кіре ме? Олар немен айналысады?» – деген сұрақтарға бұрын депутат болған біраз білікті азаматтар өз ойларын білдірген еді.
Солардың бірі Ержан Құдайберген: «Әскер – жастар, ер-азаматтар жиналатын жер. Ауылдың өзінде жігіттер көкпар, футбол ойнап, бір-бірімен қырылысып жатады. Әскерде де солай. Біз де әскерде болғанбыз. Ол кездегі заман басқа. Қазір бір жылға шақырылады. Бәрі – өзіміздің қазақ азаматтар. Ал жалпы, сарбаздардың өз-өзіне қол жұмсауына командирлер кінәлі. Мұндай жағдайлардың болып жатқаны тіптен ақылға сыймайды әрі мүлдем орынсыз. Олар өздеріне тапсырылған бөлімшеге басымен жауап беруі керек қой. Сол жерде не болып жатқанын солар білуі керек. Осы заң жобасы арқылы әлімжеттікті болдырмау, жауапкершілікті арттыру мақсатында командирлерге деген талаптарды күшейтіп жатырмыз. Әскери полиция барлық саладағы әскердің тәртібіне қарайды. Тіпті командирлердің де ісін сол полиция тексереді. Солайша болған жағдайды тергеп, кімнің жауапты екенін анықтайды. Ал оған моралдық, заңдық тұрғыдан да командир жауап береді. Меніңше, заңның бұл мәселені бақылауда ұстауға ықпалы болар деп ойлаймын», – дейді.
Ал Наталья Дементьева: «Әскери полицияның міндеті – әскери бөлімдердегі құқық бұзушылықтарды тоқтату мен алдын алу. Өйткені әскерде әртүрлі жағдайлар кездеседі. Сарбаздардың өз-өзіне қол жұмсауы, құпия жағдайда қаза болуы деген сияқты. Мысалы, менің балам жақында 18-ге толады. Болашақта ол әскерге барады ғой. Сондықтан ана ретінде қорқып, уайымдап отырмын. Өкінішке қарай, біздің әскердегі қауіпсіздік шаралары дұрыс деңгейде емес. Менің ойымша, осы әскери полицияның қызметі бөлімшелердегі жағымсыз жағдайды тоқтатудан бұрын оның алдын алу болуы керек сияқты. Ол саналы, жоспарлы түрде жүруі керек. Ал оқыс оқиғаларды болдырмау тек білікті адамның қолынан келеді. Сондықтан әскери полицияның қызметкерлері, мамандары міндетті түрде білімді де білікті болуы тиіс. Егер олай болмаса, біздің сарбаздардың болашағы бұлыңғыр деген сөз», – дейді
Мәжілісте ерекше белсенділік танытқан Еділ Жаңбыршин: «Әскердің өзінің де полициясы болуы керек. Өйткені ол – сондағы құқық бұзушылық пен тәртіпті қадағалайтын құрылым. Сарбаздарға қатысты заң бұзылатын болса, оларды дер кезінде анықтау, әскери қалашық, бөлімшелердің ішіндегі тәртіп мәселесін заңға сәйкес бақылап отыру солардың мойнында. Тек әскерде емес, ҰҚК, Қарулы Күштер мен Ұлттық ұланның ішінде де әскери полиция болады. Бұл жерде құқық қорғау мәселесі бар. Әскерлердің қатысуымен болатын үлкен шаралар кезіндегі тәртіпті реттеу, біздің үлкен, стратегиялық маңызы бар нысандарды қорғау, жаппай бұзақылықтар болған кезде оны тоқтатуға олар жұмылдырылады. Жалпы, оның функциясы өте көп», – депті.
Бұл жөнінде Мейрамбек Төлепберген: «Әскери сала – өте үлкен сала. Ішкі істер министрлігі өз алдына, Қорғаныс министрлігінің де мәселесі аз емес. Бұл жерде де тәртіп керек қой. Әрқайсысының өз ерекшеліктері бар. Соның бәрін қадағалайтын – әскери полиция. Мен жұмыс тобының құрамында болмадым. Жалпы, ел ішінде инспекторлар туралы әртүрлі әңгімелер айтамыз ғой. Оларды «орынсыз тоқтатады, бірдеңе дәметіп тұрады» деп. Ал әскери полицияны мен олай деп ойламаймын. Олар қатал тәртіп ұстануы керек. Мейлі ол ҰҚК, Қарулы Күштер, тіпті әскери бөлімшелер болсын. Өздерінің өкілеттеріне сай қызметтерін мінсіз атқаруы тиіс деп санаймын. Біздің мемлекетке қазір барлық салада да ең бірінші тәртіп керек боп тұр», – деген пікірін ортаға салды.