2000 жылдардың ортасында құрылысы басталған «Астана LRT» жобасы сыбайлас жемқорлық пен жауапсыздықтың символына айналғаны рас. Астанада LRT-ны салу 2005 жылы сөз бола бастады. Сол кезде елорда әкімдігі қала басшысы Өмірзақ Шөкеевтің жетекшілік етуімен «Астананың жаңа көлік жүйесі» бағдарламасын қабылдады.
Осы уақыттан бері біршама уақыт пен қаражат жұмсалды. Сол кездері елордада сегіз әкім ауысты: Шөкеев, Мамин, Тасмағамбетов, Жақсыбеков, Исекешев, Сұлтанов, Көлгінов, Қасымбек. Жобаның бірнеше бас мердігерлері де ауысты. Сол сияқты ел президенттері де ауысып үлгерді: Нұрсұлтан Назарбаевтың орнына Қасым-Жомарт Тоқаев келді.
Бас қаланың атауы Астанадан Нұр-Сұлтанға өзгерді. Кейін қайта Астана атанды.
Тіпті LRT жобасының өзі де бірнеше рет өзгеріске ұшырағанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді: бастапқыда халық тығыз қоныстанған оң жағалаудағы бекеттен қала орталығына қарай бағыттау жоспарланған. Ал 2011 жылы бұл ойдан айнып, сол жағалаудағы әуежайдан тарту көзделді. Бұл жобаның тиімді болуына Қазақстанның 2012 жылы өтетін «ЭКСПО – 2017» көрмесіне дайындалып жатқаны да әсер етті. Ақыр соңында ол да пайдаға жарамай қалды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тым қымбат әрі тиімсіз болғаны үшін жобаны қатаң сынға алғаны белгілі. Бүгіндері жолға қойылып, қызу жұмысы жүріп жатқан «Астана LRT»-ның жыры көп. Сыбайлас-жемқорлықпен айыпталып қашып жүрген жауыпты басшылар да жетерлік. Соның бірі «Астана LRT» ЖШС-нің бұрынғы басшысы ұсталыпты. Бұл туралы ҰҚК-нің телеграм каналы жазды.
Іздеуде жүрген адамды ұстау туралы 2019 жылғы қыркүйекте Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Түркияның Әділет министрлігіне халықаралық іздеуде жүрген «Астана LRT» ЖШС-нің бұрынғы басшысы, Қазақстан азаматы Талғат Арданды ұстап беру туралы сұрау жіберген болатын.
Осыған байланысты Түркия Республикасының құзырлы органдары тиісті іздестіру шараларын жүргізген. Биылғы жылы ҰҚК оның нақты болған жерін анықтады, содан кейін Түркияның құқық қорғау органдары Анталья қаласында ұстады. Ағымдағы жылы 9 мамырында Анталья қаласының соты Т.Арданды Қазақстанға депортациялау туралы шешім қабылдады және ол қазіргі уақытта қамауда.
Қазақстанның құзыретті органдары аталған адамды Қазақстанға қайтару бойынша құқықтық рәсімдерді бастады. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Астана қаласының соты Т.Арданды Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі және 361-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, сырттай 9 жылға бас бостандығынан айыруға сотталған, – деп жазды ҰҚК баспасөз қызметі.