25-26 қазан күндері Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры көрермен назарына «ФИГАРОНЫҢ ҮЙЛЕНУІ» спектаклінің премьерасын ұсынды. Екі ғасырдан астам уақыт әлемдік театр сахналарында қойылып жүрген бұл спектакль қазақ драма театрында алғаш сахналанды. Туындыны тамашалауға келген қала тұрғындарының қарасы қалың болды. Музыкалық комедияның авторы – француз драматургі, публицисі Пьер де Бомарше. Қазақ тіліне аударған – Еркін Жуасбек. Композитор – В.А.Моцарт. Қоюшы режиссер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов. Дирижер – «Мәдениет саласының үздігі» Ерлан Бейсембаев. Қоюшы суретші – Ерлан Тұяқов. Хормейстер – Ержан Сансызбаев. Музыкалық редактор – Гүлмира Үмбетова, Татьяна Развина. Әнге сөз жазған – Мирас Әбіл. Хореограф – «Мәдениет саласының үздігі» Салтанат Сұңғат. Жарық қою бойынша суретші – Азамат Бекбембетов. «Фигароның үйленуі» – 1786 жылы жазылған Моцарттың ұлы музыкалық мұрасымен көмкерілген жарқын комедия. Спектакльде тапқыр қызметші Фигаро мен оның сүйіктісі Сюзаннаның үйлену тарихы баяндалады. Олардың бақытты болу жолына Альмавива графының қитұрқы әрекеттері кедергі келтіреді. Махаббат пен айлакерлікке толы бұл қойылым көрерменді ерекше әсерге бөлейді. Спектакль театрдың симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтті. Премьера күндері спектакльде жас актерлер мен танымал артистердің қатысуымен екі құрам өнер көрсетеді. Фигаро рөлін театрдың жас актерлері Әнуар Бектас пен Әли Қалдар сомдайды. Сюзанна рөлін – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Алтынгүл Серкебаева, Ситора Анварова, Сағыныш Нұрхайдарова, Граф рөлін – Бәзіл Сұлтанғазы, Қайыржан Садықов, «Серпер» сыйлығының лауреаты Жанат Оспанов, Графиня рөлін – «Мәдениет саласының үздігі» Гауһар Жүсіпова, Гауһар Исмаилқызы, Марселина рөлін – Қазақ мәдениетінің қайраткері Бақыт Жұмағұлова, Айшолпан Жаңабергенова, Бартоло рөлін – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанқалдыбек Төленбаев, Бекарыс Шалқар сомдайды.