Атқарылған іс аз емес

Атқарылған іс аз емес

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков сегізінші аумақтық округ тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылап, алдағы жоспарлар туралы айтып, азаматтардың өтініштерін тыңдады. 

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы төрт жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Оның аясында тұрғындардың  өзекті мәселелеріне назар аудара отырып, әкімдердің халықпен кездесулері жүйелі түрде өткізілуі тиіс. Осы мақсатта сегізінші аумақтық округ тұрғындары №30 мектеп-гимназиясының мәжіліс залында жиналды. Бұл облыс орталығындағы ең тығыз қоныстанған аудандардың бірі болып табылады. Құрамына Жайлау, Салтанат, Талас, Самал, Мыңбұлақ шағынаудандары кіреді. Ең алдымен бұқара алдында ауданның бас инспекторы Сағындық Үсіпбеков баяндама жасады.

– «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру аясында өткен жылы Мыңбұлақ ықшамауданындағы №27 және №32 көпқабатты екі үй күрделі жөндеуден өтті. «Талас» ықшамауданындағы №19, 20, «Самал» ықшамауданындағы №12, 14, «Салтанат» шағынауданындағы №10 үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізілді. «Самал» шағынауданында да бірқатар тұрғын үйлер мен ықшамаудан ішіндегі көлік көп жүретін жолдардың бойына көше жарығын орнату жұмыстары жүргізілді. Самал және Мыңбұлақ шағынаудандарында мектеп пен балабақшаға апаратын жаяу жүргіншілер жолы салынды, – деді инспектор.

Оның айтуынша, 2024 жылы Жайлау, Салтанат, Талас және Мыңбұлақ шағынаудандарында көшелерді жарықтандыру жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ, Сейфуллин көшесінің бойындағы жаяу жүргіншілер жолдарына ерекше назар аударылады. Округте екі үйді абаттандыру жұмыстары аяқталып, аудандағы тағы үш үйге жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

– Қала әкімінің тапсырмасымен жергілікті полиция қызметкерлері көшелерге құрылыс қалдықтарын тастаған азаматтарға және жол жиегіне қоқыс төгетіндерге қатысты пәрменді шаралар қабылдады. Жабайы саудамен белсенді күрес жүргізілуде. 154 адамға ескерту, тағы 24 адамға айыппұл салынды. Бүгінгі таңда ауданда қоқыс шығаруда мәселе жоқ. Мұнда 33 қоқыс орны бар, оларды «Жасыл ел – Тараз» ЖШС жұмысшылары күтіп ұстайды», – деді Сағындық Үсіпбеков.

Бақытжан Орынбеков ауданның түйткілді мәселелерінен хабардар екенін айта келе, өзекті мәселелердің басым бөлігі 2024-2025 жылдарға арналған негізгі жоспар аясында шешімін табатынына тоқталды.

– Ішкі жолдар, инженерлік желілер және қауіпсіздік мәселелері кешенді түрде шешілетін болады. Сегізінші аудан тұрғындары белгілі бір жерге көше жарығын орнату туралы өтінішпен әкімдікке үнемі хабарласады. Бұл – ауданның ғана емес, бүкіл қаланың басты мәселелерінің бірі. Алдағы жылдары біз қаланың барлық негізгі көшелерін 100 пайызға жарықтандыруды жоспарлап отырмыз. Бірақ бұл жұмыстар көп уақыт пен қаржыны қажет ететіндіктен, кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бұл өте маңызды мәселе. Таңертең мектепке қараңғы көшелермен жүріп, қараңғыда үйіне қайтатын балаларымыздың қауіпсіздігі осыған байланысты. Біз бұл жолдың барынша қауіпсіз болуы үшін барлығын жасауымыз керек», – деді облыс орталығының әкімі.

Шаһар басшысы қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға айрықша тоқталды. 

– Тұрғындар ішкі жолдармен еркін жүріп-тұруы үшін биыл қаланың барлық шағын аудандарында 200 миллион теңгеден астам сомаға жолдағы шұңқырларды жөндеу жұмыстарын аяқтадық. Ал бұл инфрақұрылымды қалпына келтіру жөніндегі үлкен жоспардың басы ғана. Алдымен шұңқырларды жамап, одан кейін асфальт бетін біртіндеп ауыстырамыз, – дейді Бақытжан Әмірбекұлы.

Оның айтуынша, қазіргі таңда қалада биыл республикалық бюджет есебінен 51 үй, облыстық бюджет есебінен бес жатақхана жаңартылуда.

– Өткен қыста біз әлеуметтік желілерде үйлердің қаншалықты суық екендігі туралы көптеген хабарламалар алдық. Дегенмен, мамандар барлық үйлерге бірдей температура – 65-70 градусқа дейін ыстық су беріліп жатқанын хабарлады. Азаматтар өздерінің үй ішіндегі желілерін жаңартып, үнемі күтіп ұстауы керек. Батареялар мен құбырларды қазір тексере бастау керек. Жылыту маусымында қауіпті оқиғалар қаупін барынша азайту мақсатында сыртқы желілерді жаңғыртудамыз, – деді әкім.

Қала әкімі әр баланың ойын алаңында, футбол немесе баскетбол алаңында ойнауға мүмкіндігі болуы керек екеніне де ерекше тоқталды.

– Әлеуметтік желілерде тұрғындар үйіліп жатқан қоқыстарды, көшелердің тазаланбай жатқанын немесе қоқыс алаңдарының пайда болғанын жиі жазады. Қала тұрғындарымен әр кездесуде осы мәселені көтеріп, барлығына назар аударуға тырысамын. Біздің ортақ үйіміздің тазалық мәселесі әрбір азаматтың бұл нәрсеге жауапкершілікпен қарауына тікелей байланысты. Күн сайын 700-ден астам жұмысшы санитарлық жұмыстармен айналысады, бірақ үнемі тазалап отыратын жер емес, тазалық тұрақты сақталатын жер таза болатынын есте ұстаған жөн, – деп атап өтті қала әкімі.

Бұдан бөлек ол қалалық бағыттардағы автобустардың тапшылығына да кеңінен тоқталып, әкімдіктің көлік парктерін кезең-кезеңімен толықтырып, техника тапшылығынан арылу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Жиында Зербұлақ көлі мен басқа да су айдындарының тұрғындар үшін қолжетімділік мәселесі қызу талқыланды. Осы әңгіме барысында Тараз қаласының әкімі қала тұрғындарына бүгінгі таңда кәсіпкерлердің аумақтарды абаттандыру, төлеуге тиісті қызметтерді ұйымдастыру бағытында қыруар жұмыстар атқарып жатқанын түсіндірді.

«Мыңбұлақ» ықшамауданы тұрғындарының бірі осыдан 30-40 жыл бұрын судың шекті деңгейге дейін көтеріліп, қаладағы көпқабатты үйлердің жертөлелеріне сіңіп кетуіне жол бермеген ескі дренаждық сорғы стансаларын қайта жаңғырту мәселесін көтерді.

– Кеңес заманында бұл су сорылып, жасыл алқаптарды суару үшін арық жүйелеріне жіберілетін. Алайда, бұл жүйе соңғы онжылдықтарда іс жүзінде жойылғандықтан, қазір бұл жұмыстарды жүргізу мүмкін емес. Бүгінгі таңда Тараздағы арықтарды қалпына келтіруге 3,2 миллиард теңге бөлінді. Қала бойынша 200 шақырымнан астам арықты қалпына келтіру қажет. Содан кейін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан сорғы стансаларын қайта іске қосуға болады, – деп жауап берді Тараз қаласының әкімі.

Жиын барысында көптеген қызықты ұсыныстар айтылып, түрлі мәселелер көтерілді.

– Біз бәріміз бір қалада тұрамыз, жайлы өмір сүру үшін бір отбасындай әрекет етуіміз керек. Бір-біріміздің жағдайымызға алаңдап, мәселелерді әрқашан бейбіт жолмен шешейік. Әкімдіктің есігі барша азаматтарға әрқашан ашық. Қабылдау кезінде немесе әлеуметтік желілер арқылы сауалдарыңызды қоюға болады. Біз олардың әрқайсысына жауап береміз, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Бұдан кейін қала әкімі тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК
28.08.2024

Ұқсас жаңалықтар

Тараздың төл мерекесі тұңғыш рет қалай тойланды?
Москау НОҚРАБЕКОВ, қоғам қайраткері, z-taraz.kz - 11.10.2024 106
ЖЕДЕЛ КЕРІ БАЙЛАНЫС ТЕТІГІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті - 11.10.2024 102
АҚТӨБЕДЕ ТРАВМАТОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ ҮШІН ТАҒЫ БІР МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН АШЫЛДЫ
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі - 11.10.2024 96
СӘБИДІҢ ОБАЛЫ КІМГЕ?
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 11.10.2024 85
Алаш жұрты  Ғарифолласынан айырылды
«Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы - 25.09.2024 982
13 жасар оқушы  бес түрлі қамшы өреді
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 1021
Ұстаздар 8 перзент  тәрбиелеп отыр
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 996

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 5986
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 5429
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 8613
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 6420
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 7628