Атырауда ақиық ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдық мерейтойына орай бірқатар мәдени іс-шаралар өтуде. Апталық аясында зиялы қауым өкілдері ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Жұмекен жырлары – ғасыр үні» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция және ақын Алмас Ахметбекұлының «Ұлт ұраны және Ұлы ақын» атты кітабының тұсаукесері ұйымдастырылды. Конференцияға еліміздің танымал ақын-жазушылары, ғалымдар, жұмекентанушылар мен қоғам қайраткерлері жиналды. Пленарлық мәжілісті Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов жүргізді.
Конференцияның ашылу салтанатында Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов және мемлекет және қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегенов сөз сөйлеп, ақын мұрасының ұлттық руханияттағы маңызын атап өтті.















