АТЫРАУДАҒЫ ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР

АТЫРАУДАҒЫ ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР

Жуырда Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов брифинг өткізді. Брифингте өңір басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары мен атқарылған жұмыстар жөнінде мәлімет берді.

Серік Жамбылұлының айтуынша, биылғы 10 айдың қорытындысына сәйкес, өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері бойынша оң өзгерістер қалыптасқан.

 

ИНВЕСТИЦИЯ

Алайда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі бойынша 30%-ға дейін төмендеу бар. Бұған «Теңізшевройл» ЖШС-нің Келешек кеңею жобасының аяқталуы әсер еткен көрінеді. Бірақ өзге инвестициялардың өсімі 29%-ға ұлғайған.

Атырау өңірінің дамуының басты экономикалық драйвері – мұнай-газ саласы.

Бүгінде құны 10,7 млрд долларды құрайтын үш ірі зәкірлі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

Бұдан бөлек, құны 104 млрд теңге болатын 20 инвестициялық жоба іске асырылуда, нәтижесінде 1 320 жаңа жұмыс орны ашылады. Олардың ішінен «ATYRAU CHICKEN» құс фабрикасы мен «BKM Атырау» вагондардың дөңгелегін жөндеуге арналған шеберхананы атап өтуге болады.

 

ӨҢІРДЕ АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕННІҢ ДАМУЫ

2025 жылғы қаңтар-қазан айларында агроөнеркәсіп кешенінде 116,8 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Өңірдің мал шаруашылығында да өсім бар.

Негізінен, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында инвестжобаларды іске асыруға басымдық берілуде. Келесі жылы жалпы құны 48,3 млрд теңгені құрайтын 12 жоба іске қосылады.

 

ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕС

2025 жылдың жартыжылдығында шағын және орта бизнес өндірген өнім көлемі 2,4 трлн теңгеге жетті. Бұл – облыстың жалпы өңірлік өнімінің 21,2%-ы.

Биыл кәсіпкерлікті дамытуға 8,9 млрд теңге бөлінді.

Қазіргі уақытта жалпы құны 36,3 млрд теңгелік 254 кәсіпкерлік жобаға қолдау көрсетілді, 1 725 жаңа жұмыс орны ашылды.

Қолдау құралдары қатарында:

несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау;

кепілсіз несиеге ішінара кепілдендіру;

қайтарымсыз мемлекеттік гранттар;

«Өрлеу» бағыты арқылы жаңа бизнес бастамаларды қолдау бар.

ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ

Инвестжобаларды іске асыру, шағын және орта бизнесті қолдау бойынша кешенді шаралар экономиканың түрлі саласында 26 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Оның 13 мыңнан астамы – тұрақты жұмыс орны.

Мансап орталықтарының көмегіне жүгінген 35 мың адамның 15 мыңнан астамы жұмыспен қамтылды.

Сонымен қатар, 14 мың адамға кәсіби бағдар беру аясында ваучерлер берілді.

Өз кәсібін бастауға ниетті тұрғындарды қолдау мақсатында 300 азаматқа қайтарымсыз грант берілді.

 

ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ

Облыста халықты сапалы ауызсумен, көгілдір отынмен, электр желілерімен қамтамасыз ету 99,9%, яғни 713 мыңнан аса адамды қамтиды. Бүгінде тұрақты және сапалы қызмет көрсету аясында бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды іске асырдық. Атап айтсақ, Атырау қаласы мен Мақат тұрғындарын ауызсумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында №5 сүзгі стансасы қайта жаңғыртылып, су тұтыну көлемі тәулігіне қосымша 50 мың текше метрге артты.

Бұдан бөлек, жазғы су желісінің 165 шақырымы (5 ауылдық елді мекенде) толық салынды.

Атырау қаласы мен облыс аудандарында электр желілерін жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асуда. 302 шақырым электр желісі жаңартылды, Нұрсая ықшамауданындағы 66 шақырым желі заманауи, қауіпсіз кабельдерге ауыстырылды.

Сонымен қатар, қуаттылығы 32 МВт «Нұрсая-Самал» қосалқы стансасының құрылысы аяқталды.

Жүйені автоматтандыру мақсатында 30 дана автоматты қайта қосу құрылғысы орнатылды.

Атырау қаласының оң жағалауында сағатына 120 мың текше метр газ тарататын станция мен 46 шақырым магистралды газ құбырының құрылысы аяқталуда.

Сонымен қатар, «Спутник» шағын ауданына газ беру жұмыстары сәтті аяқталып, нысан іске қосылды.

 

ЖОЛ ЖӘНЕ КӨЛІК

Биыл 247,9 шақырым жол жөнделді. Нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 78%-дан 83%-ға дейін өсті.

Жолаушыларға сапалы қызмет көрсету үшін автожол, авиа және теміржолмен тасымалдау салаларында да жаңарту жұмыстары жалғасуда. 90 жаңа автобус сатып алынып, оның 48-і пайдалануға берілді, қалған 42-сі жыл аяғына дейін тұрғындар игілігіне беріледі.

Әуе қатынасын дамыту бағытында да маңызды қадамдар жасалды. «Ашық аспан» режимі аясында 6 жаңа бағыт ашылды. Бұл көрсеткіш алдағы жылдары 10 бағытқа жетеді.

Сонымен қатар, Хиуаз Доспанова атындағы халықаралық әуежайды жаңғыртуға 2026 жылға 50 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды.

Бұдан бөлек, Атырау қаласының теміржол вокзалы мен аудандардағы 9 теміржол вокзалы жаңғыртылуда.

 

БІЛІМ БЕРУ

Биыл 27 мектеп салынуда. Оның ішінде 4 мектеп пайдалануға берілді, 9 мектептің құрылысы жыл аяғына дейін, қалған 14 мектеп 2026 жылы аяқталады.

Соңғы үш жылда үш ауысымдық мектеп екі есеге азайды.

Сонымен қатар, «NAZAR» жобасы аясында қаладағы 64 мектепке екі жарым мың бейнебақылау камерасы орнатылды.

Бұрын әдіскерлер жылына 1500 сабақ бағалай алса, бүгінде бұл көрсеткіш 5 100 сабаққа дейін ұлғайды, бұл білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

 

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде медициналық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда.

2024 жылы 10 жаңа нысан пайдалануға берілсе,

2025 жылдың аяғына дейін тағы 5 нысан тапсырылады. Қосымша 7 нысанның құрылысы жүріп жатыр.

«Өңірде екі заманауи емхана салынуда. Ал онкодиспансер жанындағы радиологиялық корпус келесі жылы пайдалануға беріледі», – деді өңір басшысы Серік Жамбылұлы.

Бұл салада атқарылған жұмыстар қан айналымы, туберкулез, қатерлі ісік ауруларының төмендеуіне әсер етті.

 

МӘДЕНИЕТ

Биыл Махамбет ауданының Сарытоғай ауылында және қала аумағындағы екі елді мекенде жаңа мәдениет үйлері пайдалануға берілді.

Бұдан бөлек, 15 мәдени нысанның құрылысы жүргізілуде.

Бұл нысандар ауыл халқының шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік беріп, өңірдің мәдени әлеуетін нығайта түседі.

Сонымен қатар, Атырау қаласында 1200 орындық концерт залы мен тарихи-өлкетану музейі, сондай-ақ 600 орындық конгресс-холл, бейбітшілік келісім сарайының құрылысы басталды.

 

СПОРТ

Облыс тұрғындарын спорттық инфрақұрылыммен қамту деңгейі 62%-дан 71%-ға артты. Бүгінде халықтың 46,7%-ы бұқаралық спортпен тұрақты түрде шұғылданады.

Жергілікті бюджет есебінен 33 спорт кешенінің құрылысы басталып, биыл 11 спорт кешені қолданысқа берілді,

қалған 22 спорт кешенінің құрылысы келесі жылы аяқталады.

Өңірде спортты жүйелі дамыту мақсатында дарынды балаларға арналған мектеп-интернат-колледж жанынан заманауи спорт кешенінің құрылысы мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар:

«TEXOL WELLNESS ATYRAU» спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды;

Ұлттық спорт кешені (ипподром) және 12 мың орындық стадион, «ATYRAU ARENA» көпбейінді спорт кешенінің жобалары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтуде;

«Алдағы жылы ауылдық округтердің барлығы 100% спорт кешендерімен қамтамасыз етіледі», – деді облыс әкімі.

 

ТУРИЗМ САЛАСЫН ДАМЫТУ

Жартыжылдықта өңірге 83 мыңнан астам турист келіп, көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 19%-ға артты.

Саланы дамытуға бағытталған инвестиция көлемі де екі есеге өсіп, 32 млрд теңгені құрады (2024 ж. – 13 млрд теңге).

Туризмді дамытудағы басты бағыттар – ортағасырлық Сарайшық пен Қиғаш өзеніндегі Лотос алқабымыз.

Сарайшықты өңірдің тарихи-туристік орталығына айналдыру бойынша бес жылдық жоспарымыз бекітіліп, жұмыстар басталды.

Биыл алғаш рет Қиғаш өзеніндегі табиғи лотос алқабында халықаралық Lotus Fest фестивалі өтті. Шараға 20 мыңнан астам турист қатысты.

ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК

Цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстарда да оң нәтиже бар. Интернетпен қамту деңгейі 99,7%-ға жетіп, 14 шалғай орналасқан елді мекен интернетке қосылды.

155 5G базалық станция орнатылып (2024 ж. – 40), 43 ауылға талшықты-оптикалық интернет желісі тартылуда.

Қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында 15 мыңға жуық камера Жедел басқару орталығына қосылды. Оның 100-ден астамы жасанды интеллектімен жұмыс жасайды. Нәтижесінде құқықбұзушылыққа жол берген 221 адам анықталып, шаралар қабылданды.

Білім беру саласында енгізілген «Alaqan» жүйесі облыстағы 179 мектепте толық іске қосылып, бюджеттен 725 млн теңге үнемделді.

 

ЭКОЛОГИЯ

2024 жылдың алғашқы 6 айымен салыстырғанда, биылғы 6 айда атмосфераға зиянды заттарды шығару көлемі 5 тоннаға дейін төмендеді.

Экологиялық заңнаманы бұзған 139 субъектке жалпы 2,3 трлн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Кешенді жоспар аясында 164,8 гектар жерге 476,6 мың ағаш, өңірлік жоспар аясында 69,7 гектарға 145,7 мың ағаш отырғызылды.

Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерден туындаған бұл жұмыстардың түпкі мақсаты – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту және экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету.

Біз алдымыздағы мақсат-міндеттердің жүйелі, кезең-кезеңімен және нақты орындалуын ұдайы бақылауымызда ұстап отырамыз.

Қорыта келгенде, Атырау облысы әкімі Серік Шәпкеновтің баяндамасынан түсінгеніміздей,  өңірде соңғы  жылдары  әлеуметтік- экономикалық дамудың барлық бағытында айтарлықтай оң өзгерістер байқалады. Инвестиция тарту, ауылшаруашылығын дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғындарды жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау шаралары өңірдің тұрақты дамуына серпін беруде. Білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және туризм салаларында жүзеге асырылып жатқан жобалар аймақтың өмір сапасын жақсартуға, халықтың қажеттілігін өтеуге бағытталған.

Сонымен бірге экология, цифрландыру және қоғамдық қауіпсіздік бағытындағы жүйелі жұмыстар өңірдің қазіргі заман талаптарына сай дамып келе жатқанын байқауға болады. Атырау облысының кешенді жаңғыруы – мемлекеттік саясаттың тиімділігін, жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді жұмысын және өңірдің әлеуетін дұрыс пайдалану нәтижесін айқын дәлелдейді.

Жалпы, өңір басшылығы атап өткен бастамалар мен атқарылған жұмыстардың барлығының түпкі мақсаты – халықтың өмір сүру сапасын арттыру, экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету және Атырау облысын еліміздің жетекші аймақтарының біріне айналдыру.

Дайындаған – Г. Бақытжанқызы

 

11.12.2025

Ұқсас жаңалықтар

«Ұлттық баспасөзге  деген сенім мен құрмет үзілмесін!» деген ел Президентінің пәрменін аяққа таптаған кім?
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері - 28.11.2025 674

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 21026
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 20809
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 35960
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 34451
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 38341