Ауған қазақтарының жағдайы өте ауыр

Ауған қазақтарының жағдайы өте ауыр

Қыркүйек айында Ауғанстандағы талиб режимінен қашқан қазақтар Қазақстанға келгені бәрімізге де белгілі. Олардың ішінен 35 этникалық қазақ Ақмола облысына қоныстанғанын журналист Әсел Сарқыт «Egemen Qazaqstan» газетінде 2021 жылдың 23 қыркүйек айында сүйіншілеп жазды: «Ауғанстаннан елге көшірілген азаматтар түгелдей жұмыспен қамтылады. Ал балаларын жастарына қарай мектепке, балабақшаға орналастырамыз. Отбасының әрбір мүшесіне 204 мың теңге көлемінде бір реттік қаржылай көмек көрсету көзделген.  1 жылға дейін баспана жалдау, коммуналдық төлем үшін де 15-тен 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай қолдау қарастырылған»,  – деді Ақмола облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова», – депті Әсел өз жазбасында. Ауғанстаннан оралған төрт отбасының біреуі Көкшетау қаласына, қалғаны Атбасар, Бурабай, Сандықтау аудандарына қоныстанды.

Хош, біз де  ХХ ғасырдың 20-30 жылдары большевиктің биліктің репрессиялары кезінде шетел ауып кеткен ағайындардың өз ортасын тапқанына қуандық. Бірақ өмірінде қыс ызғарын сезбеген,  қар көрмеген Ауғанстан қазағы Арқаға қалай көндігеді екен деген ішімізде бір сұрақ болды. Оның үстіне  бұл жақтың халқының ділі (менталитет) бөлек, тіл мәселесі бар. Ауған қазақтары негізінен иранша білім алған, өзбек тілінде сөйлейді. Оның үстіне биліктің жағдайы да белгілі, көші-қон бағдарламалары бірталай шенеуніктерге майшелпек.

Бұл күмәніміз бекер болмады. Біздің Шортан қаласына (Щучинск) жақын (60 шақырымдай) Кіндік Қарағай ауылына қоныстанған 8 адамдық отбасының проблемалары бар екен деген ақпарат келе бастады. Іштерінде 80-нен асқан әжелері бар, алды 20-да, арты 9-да 5 бала  сол ауылдың қазағының қонақжайлығымен күн көріп отыр-мыс. Уәде берілген жұмыс жоқ, жұмыс болуы да мүмкін емес, ауылдың өзі шағын. Мектеп жабылудың сәл ғана алдында, бар-жоғы 20 бала оқиды. Бұл отбасыны осы ауылға алып келу де сол мектепті сақтап қалу ниетінен туындаған. Мектеп жабылса, онда ауылдың күні де бітеді.

Менімен бірге Шортан қаласында (Щучинск) «Қазақ ТВ» өзбек редакциясының жетекшісі  Әбдімәлік Сарманов та тұрады. Екеуіміз бір жолы осы ауған қазақтары туралы сөз қозғадық. Әбдімәлік Ауғанстанда, Иранда болған, иран тілінен хабары бар. Бір күні Әбдімәлік Сарманов босқын отбасымен танысамын, жағдайларын  білейік деп Кіндік Қарағайға кетті де, қайтар жолында бір қыз, бір ұлын алып келді. Қыздың аты Басира, жасы 20-да, ұлдың аты Үміт (Умид), жасы 18-де. Неге әкелдің десем, аштықтың алдында екен, мына екеуіне жұмыс тауып берейік, әйтпесе жағдайлары қиын болады деді. Балалармен сөйлессем, 8 адамның ішінде тек әкелеріне ғана мектеп гардеробынан жарты ставка табылған (22 мың теңге), қалғандары үйде. Мемлекеттен жәрдемақы берілді ме десем, жоқ, құжаттарымыз ресмиленген жоқ дейді. Енді сіз көзіңізге елестетіп көріңіз, танымайтын, тілін түсінбейтін жерге, қолыңызда бір шабаданыңыз ғана, не ақша, не тамақ қорыңыз жоқ, бара қалдыңыз. (Біздің көші-қонға жауапты шенеуніктерді сол Ауғанстанға жалғыз шабанданмен, ақшасыз  бір-екі жылға апарып тастаса, шіркін!).

Содан Үмітті музейге пеш жағуға үйреттік. Айлығы 50 мың, Басираны өзбек асханасының қара жұмысына кіргіздік. Оқуларына (әлі әріп тани қоймайды) музейде жұмыс істейтін шәкіртімді жауапты қылдық. Астанадан балалардан, кафедра оқытушыларынан жылы киім жинап, жеткізіп алдық (оларға үлкен рахмет!). 

2-3 күннен кейін Кіндік Қарағай жақтан балалар қайтсын ауылға деген хабар келді. Мектеп мұғалімдері ауғаннан келген отбасы балалары түгел ауылда болуы керек деген талап қойған. Мектептеріне телефон соқтым, айналайындар, мына балалар жұмыс істеп күнкөріс тапсын, отбасын асырасын, адаммен араласып үйренсін, екеуі де талабы бар, қабілетті дедік. Расында да қабілетті, әсіресе Басира. Қолынан өнер төгіліп тұр, кесте тоқиды, киім тігеді. Болашақта аудармашы болсақ дейді. Соның оқуын қалай оқимыз деп сұрайды. Мектеп онлайн тапсырмаларын беріп отырсын, біз мына жақта қадағалайық дедік. Жоқ, болмайды, 18-дегі Үмітті 8 сыныпқа, 20-дағы Басираны 9 сыныпқа тіркеп қойғанбыз, келсін ауылға деді. Біздің бүкіл әлем онлайн, менің өзім Ресейге онлайн лекция оқып жүрмін деген уәждеріміз қабылданбады. 

Сонымен кеше ол балаларды Кіндік Қарағайға қайтардық. Ақшамызға бір жұмаға жетерлік тамақ алып бердік. Бастап апаруды қандастардың Қазақстанға бейімделуі  тақырыбымен айналысып жүрген өзімінің докторантым Бұлбұлға  тапсырдым.

 

Докторант Бұлбұлдың жеткізген хабары: 

Жағдайлары өте нашар

 

- Ауған қазақтарынан этнографиялық жағынан өте қызықты материалдар алуға болады; 

- Екі арадағы мәдени-тұрмыстық, менталды айырмашылық өте күшті; 

- Тілдерін түсіну қиын, еркін сөйлесу мүмкін емес. Щучинскіде 2-3 күн болған Үміт пен Басира аудармашы болды;

- Ауыл мен ауған қазақтарының отбасы арасында тығыз қарым-қатынас жоқ. Көмір жағуды, ұн илеуді үйретіпті, ал қонаққа шақыру т.б. жоқ;

- Үйлері суық, оларға бөлінген көмір қанша жақса да қызу бермейтін көмір  (көмір жағатындар біледі, көмірдің әр түрі болады);

- Үлкен әжелері суық тиіп ауырып жүр, Шортанқаладан (Щучинскі) балалар дәрі алып келіп, соны беріп жатыр;

- Тамақ қоры жоқ, тоңазытқыш бос тұр (әдейілеп көріпті), жарты қап ұн бар, балалар әкелген тамақ біткен соң, бұлардың жағдайы не болары белгісіз. Үйдің анасы шәй қойған екен, қара шәйдан басқа ештеңе жоқ;

- Мектеп завучы онлайн мәслелесін тіпті де талқылағасы келмейді ( мүмкін ол туралы түсініктері де жоқ?); 

- Мектептің басты мақсаты қайткен күнде де оқушы санын  сақтау,  себебі ол ставка, ақша т.б. Мектеп мұғалімдері ауған отбасының күнкөрісі үшін ақша жинамақ-мыс;

Қорыта келе айтарым: 

Қыста оларды солтүстікке көшіру – қылмыс

- Ауған қазақтарын болсын, басқа қазақтарды болсын қыс ортасында солтүстік аймаққа, тіпті жылы аймақтарға көшіру үлкен қылмыс;

- Мемлекет тарапынан босқындарға, қандастарға арналған бейімделу орталықтары неге жұмыс істемейді? Біз осы күнге дейін әлемдегі өз қандастарын қабылдап жатқан 2-3 елдің біріміз деп мақтанып келдік. Шын мәнінде бәрі стихиялық түрде, елдің қайырымдылығы, қандастың көнбістігі арқасында  атқарылып жатыр;

- Қандас, әсіресе босқын қазақтар кемі бір жыл мемлекет қамқорлығында, яғни бейімделу орталықтарында болуы керек. Тілді, жазуды, заңды үйрету, денсаулықтарын бақылау осы орталықтарда іске асырылуы керек;

- Мектепті жаппау үшін  алыстан елім деп жансауғалап келген ағайынды  не жұмысы жоқ, не медицинасы, не қатынайтын көлігі  жоқ алыс ауылдарға мәжбүрлеп қоныстандыру обалдың обалы;

- Мемлекет тарапынан қандасты, босқынды қолдауға бөлінетін ақшаны ресми құжаттар дайын болғанша бермейміз деп сіресіп отыру ол да қылмыс;

- Мектеп мұғалімдерінің  жағдайды көре тұра балалардан айрылмаймыз деп ата-анасының жәрдем ақыларың берілмейді, азаматтық алмайсыңдар деп  қорқытып (Ауған босқындары биліктен, қызмет адамынан, ол тіпті мұғалім болсын, қатты қорқады) отырғаны қылмыс, осыған Қазақстан ұстаздар қауымдастығы өз бағасын береді деп сенемін.

Егер дәл қазір ауған қазақтары мемлекет тарапынан қамтамасыз етілмесе ертеңгі күні Алматыдағы қазақ келіншектің 3 баласымен балконнан құлаған оқиға қайталанатыны күмәнсіз. Аш адам не ауырады, не ұрлыққа барады, қылмыс жасайды, не өзіне өзі қол көтереді. Оларды қайыршы қылып, садақа беріп ұстап отыру мүмкін емес. Адам өзі еңбек жасап,  күн көріс таппаған соң жұрттың анда-санда берген тиын-тебені ішерге ас, киерге киім болмайды. Қазақ «бір үйде бір адам аш болса, сол үй түгел аш болады, бір ауылда бір үй аш болса сол ауыл түгел аш болады» дейді.  Қарғайын десем, жалғызым, қарғамайын десем, жалмауызым! Мемлекет қыруар ақшаны желге шашып жатыр. Биліктікі әшейін көзбояушылық! Қоғам да соған үйреніп алдық, кешіріммен қараймыз. Мына ауған босқындары мәселесі көзбояушылықты көтермейді, дәл қазір билік және қоғам бірлесіп шешпесе үлкен проблемалармен, ауыр жағдаймен аяқталады.

Сіздерге өтініш, адам тағдырына бейтарап қарамаңыздар, мына жазылған жағдай биліктің де, қоғамның да әр саласына жететін болсын. Бөлісіңіздер, билікке жеткізіңдер! Мен Кіндік Қарағайға келген бір ғана отбасы мысалын келтіріп отырмын, ал олардан Сандықтау мен Атбасарға барғандардың жағдайы жақсы деп ойламаймын.

Жамбыл Артықбаев, профессор
23.12.2021

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 208
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 204
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 709
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 832
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 746

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8903
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8297
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11525
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9281
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10509