Астанада Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды.
Тарихи күнге орай елордаға еліміздің түкпір-түкпірінен Ауған соғысының ардагерлері жиналды. Жиналғандар еске алу рәсімін «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қоюдан бастады. Бұдан соң іс-шара Ауғанстанда қаза тапқан интернационалист жауынгерлерге арналған республикалық мемориалда жалғасты.
Ауғанстанда қаза тапқан интернационалист жауынгерлерге арналған республикалық мемориалға Астана қаласының әкімдігі, Астана қаласының мәслихаты, Ардагерлер қоғамы, Ресейдің Қазақстандағы елшілігі, Чернобыль, Таулы Қарабақ қақтығысына қатысқан ардагерлер атынан салтанатты түрде гүл себеттері қойылды. Бұдан соң барлық Ауған соғысы ардагерлері де ескерткішке гүл қойып, қаза тапқан жауынгерлерді 1 минут үнсіздікпен еске алды.
Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов іс-шараға қатысушы Ауған соғысы ардагерлерін бүгінгі тарихи күнмен құттықтады. Ол өз сөзінде ардагерлердің Отан алдындағы қызметі мен адалдығы үшін зор ризашылығын білдірді. Олардың ерен ерліктері және патриотизмі жас буын үшін жарқын үлгі болып қала беретінін атап өтті.
«Бүгін жыл сайынғы дәстүр бойынша интернационалист жауынгерлер мемориалына гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысып тұрмыз. Қазақстаннан Ауған соғысына 22000 адам қатысып, олардың 900-і қаза тапты, ал 20 адам хабарсыз кетті. Қазір Астанада 1233 Ауған соғысының ардагері бар. Оларға қоғамдық істерге белсене араласып жүргені үшін алғысымызды білдіреміз. Отбасыларыңызға амандық пен береке тілеймін!» – деді Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов.
Іс-шараға қатысушы ардагерлердің қарасы өте көп болды. Олар сол бір сұрапыл кездерді бір сәт еске алды:
«Бұл сұрапыл соғысқа 1979 жылы 18 жасымда аттандым. Бұрынғы Көкшетау облысы Уәлихан ауданынан 4 азамат аттанған едік. Соның біреуі – Қабаш есімді сарбаз, өкінішке қарай, 1980 жылы сол жақта қаза болып, мүрдесі елге жіберілді. Оның есімі мынау ескерткіште жазылған. Қалған үшеуміз 1981 жылы елге аман қайттық. Оның екеуі Алматыда болса, мен Астанадамын. Бүгін, міне, жылдағы үрдіспен біз, Ауған соғысының ардагерлері, қыршын кеткен боздақтарды еске алып, интернационалист жауынгерлер ескерткішіне гүл шоғын қоюға келдік», – деді Ауған соғысының ардагері Ислам Уахитов.
ҚР Қарулы Күштері ардагерлері республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі Ғани Артықов Ауған соғысы ардагерлерінің әскери парызын өтеу кезіндегі ерліктері мен бүгінгі бейбіт замандағы қоғам өміріне қосып отырған үлестерін ата
п өтті.