Астанада 2 мыңнан астам адам аутист балаларды қолдап, қайырымдылық марафонына қатысты. Бұндай игі шара әлем елдерінде Дүниежүзілік аутизм проблемалары туралы ақпаратты тарату күні үнемі болып тұрады. Қазіргі таңда әлемде 67 миллион адам аутизммен ауырады екен. Яғни, туылып жатқан әрбір 42-ші ұл балада және әрбір 189-шы қыз балада аутизмнің белгілері бар көрінеді.
Астана қаласында өткен қайырымдылық жүгірістің мақсаты аутизм туралы жұртшылықтың хабардарлығын арттыру, аутизм бар адамдардың өмір сапасын жақсарту, олардың әлеуметтенуі және өз қабілеттерін жүзеге асыруы үшін жағдайды қамтамасыз ету болды.
Аутизм белгілері балалық шақта байқалады екен. Аутизм жынысына, нәсіліне немесе әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарамайды. Аутизм оқытудың стандартты емес әдістерімен, белгілі бір тақырыптарға асқан қызығушылықпен, мінез-құлыққа бейімділікпен және күнделікті қарым-қатынаста қиындықтармен сипатталады. Өкінішке орай, мұның бәрі мұндай балалардың әлеуметтік бейімсізденуіне соқтырады. Бірақ мінез-құлықты сауатты түзету арқылы, жеке ерекшеліктерді ескере отырып, мейірімділік танытатын болсақ, аутизм бар адамдар тең мүмкіндіктерді пайдалана алады және қоғам өміріне сәтті араласа алады.
Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда аутизм диагнозы қойылған 9 мыңға жуық бала тұрады, оның ішінде Республикалық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның деректеріне сәйкес, 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 2 256 аутизм бар бала Астана қаласында тұрады. Бейресми деректерге сәйкес (ДДҰ деректері) әлемдегі әрбір 54-ші балада аутистикалық спектрдің бұзылуы бар. Өкінішке орай, жыл сайын бұл сан өсіп келеді. 2015 жылдан бері «Болашақ» қоры «Әр бала мектепке баруға лайықты» жобасы аясында Қазақстанның 22 қаласында мектептер мен балабақшаларда инклюзияны қолдаудың 46 кабинетін ашты. Аутизм және дамуында басқа да ерекшеліктері бар 700-ден астам бала мектепке баруға мүмкіндік алды.
Бір айта кетер жайт, көк түс бүкіл әлем бойынша аутизмнің түсі болып бекітілген. 2008 жылдан бері 2 сәуір Дүниежүзілік аутизм проблемалары туралы ақпаратты тарату күні болып бекітілген. Жыл сайын дәл осы күні бүкіл әлемде қоғам қайраткерлері, ірі қоғамдық ұйымдар көк түсті киім киіп, ғимараттарды көк түске бояп, халықты аутизм проблемасына бейжай қарамауға шақырады. Өйткені, аутизммен ауыратын жандарға қоғамнан қолдау керек, әлеуметтік көмек керек.
Елорда төрінде осымен екінші рет «Run for autism» қайырымдылық жүгірісі өтті. Қайырымдылық шарадан жиналған 13 млн теңгеге жуық қаражат балабақшаларда аутизм және басқа менталдық бұзылыстары бар балаларға арналған инклюзияны қолдау кабинеттерін ашуға бағытталады. Іс-шараның ұйымдастырушысы – «Болашақ» корпоративтік қоры мен Астана қаласы әкімдігі және серіктестері.
Жүгіріс төрт дистанция бойынша өтті: 1 км, 2,5 км, 5 км және 10 км. Қатысу құны 4 990 теңгеден 7 990 теңгеге дейін болды. қайырымдылық жүгіріске барлығы 1 017 адам қатысты. Жүгірісте елорда тұрғындары ғана емес, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Теміртау және Семей сияқты басқа қалалардан келген қатысушылар да болды. Сондай-ақ жүгіріске дамуында ерекшеліктері бар 16 бала қатысты. Іс-шараға қатысқан әйел адамдар мен ер адамдардың саны шамамен бірдей болды.
Шараның құрметті қонағы және жарысқа қатысушы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Әшімбаев Мәулен Сағатханұлы да болды. Ол жарысты ұйымдастырушыларға және қайырымдылық марафонға қатысқандарға ақ тілегін былай білдірді. «Run for Autism» – жай спорт жарысы емес. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауға және ауылдарымыз бен қалаларымызда инклюзивті орта қалыптастыруға үнемі баса мән беріп келеді. Бүгін біз осы жарыс арқылы еліміздегі әр балаға ерекше қажеттілігіне қарамастан білім алып, дамуы үшін тең мүмкіндіктер беру жолында тағы бір маңызды қадам жасап отырмыз. Баршаңызды осындай игі бастаманы қолдауға, әр баланың өз әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасалған инклюзивті қоғам қалыптастыруға үлес қосуға шақырамын», – деді.
«2 323 адам, оның ішінде 1 098 ер адам және 1 100-ден астам әйел адам тіркелді. Адамдардың көптеп қатысуы мол үлес саналады. Өйткені түскен қаражат балабақшалар мен мектептерде инклюзияны қолдау кабинеттерін ашуға жұмсалады. Сонымен қатар бұл шара аутизм жайлы білуі үшін өткізіліп отыр. Аутизмге шалдыққан балалар да кез келген бала сияқты мектепке, балабақшаға барып, білім алғысы келеді», – деді «Болашақ» қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Динара Гаплан.