15 қарашада Астанада Қазақстанның барлық өңірлерінен келген 200-ден астам ауыл әйелдері көшбасшыларын, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін жинаған 7-ші Республикалық Ауыл әйелдері форумы өтті. Осы форумда «Кока кола белестері» гранттық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Форум осымен жетінші рет ұйымдастырылып отырғанын айта кету керек. Форум аясында ауыл әйелдерінің экономикадағы үлесін арттыру, келіншектерге жағдай жасап, олардың кәсіп бастауына мүмкіндік беру секілді маңызды мәселелер талқыланды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұнда әйелдер үшін тіпті арнайы оқулар ұйымдастырылады. Онда бизнесін өркендетіп, мансаптық өсуде қажетті дағдыларды дамыту бойынша тақырыптар қамтылады.
«Мемлекет, бизнес және қоғамдық ұйымдардың ынталы диалогының арқасында бүгінгі күні ауылдағы әйелдер бастамаларын қолдауға бағытталған көптеген перспективалық жобалар іске асырылуда. Бұл әлеуетті тиімді пайдалану маңызды. Осы жерде форумның оң рөлі ерекше. Форум барысында қалыптасқан идеялар мен бастамалар қатысушыларды жаңа шешімдермен байытып, ауылдағы бірлескен жұмыстардың түрлі бағыттарын нығайтуға септігін тигізетініне сенімдімін», – деп пікір білдірді Қазақстан ауыл әйелдері Форумының ұйымдастыру комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің IV, V, VI шақырылымдарының депутаты Майра Айсина.
Шахизада Ілиясова, кәсіпкер:
«Осы қаражаттың арқасында өзіме керекті құрал-жабдықтарымды алып, кәсібімді өрге домалатып, жеке бренд қалыптастыруға өз үлесімді қосамын. Осы гранттың қаражатының арқасында нарыққа шығуды жоспарлап отырмын. Бұдан бөлек тағы 10-нан астам келіншек 2 мен 4 мың доллар аралығында гранттарға ие болды. Жалпы алпауыт «Кока Кола» компаниясы соңғы 10 жылда 5 миллионнан астам әйелді өз ісін табуға ынталандыру жобасын іске асырып келеді. Ауылдық жерде тұратын 100-ден астам қазақстандық әйелге грант табыстаған. Ал осының бәрін жүзеге асыруда «форумды ұйымдастыру комитеті» мен «Жасыл экономиканы қолдау» бірлестігінің маңызы зор».
Қатысушылардың арасында мал шаруашылығы өнімдері, ұлттық дәстүрлерде жасалған киімдер мен текстиль кеңінен ұсынылды. Мысалы, тігін өндірістері құрақ көрпе секілді классикалық бұйымдардан бөлек, ұлттық ою-өрнекпен безендірілген зығыр матадан жасалған киімдер, көшпелілердің этно үлгілері бойынша пастила, ірімшіктен чизкейк торттарын дайындау, балалар мен ересектерге ұлттық нақышта қыш бұйымдарын жасау бойынша курстар ұсынылды.
Форум мен жобаның ұйымдастырушылары – «Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту Коалиция» заңды тұлғалар бірлестігі және «Әлеуметтік Динамика» қоғамдық қоры, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық әйелдер мен отбасылық-демографиялық саясат комиссиясының қолдауымен жүзеге асырылуда.
Форумға және «Өсу сатылары» жобасына қаржылық қолдауды The Coca-Cola Foundation қайырымдылық қоры көрсетеді.