Президенттің ауыл әкімдеріне жүктеген 5 тапсырмасы

Президенттің ауыл әкімдеріне жүктеген 5 тапсырмасы

Осыдан бірнеше күн бұрын, дәлірек айтсақ, 28 қараша күні Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен алғаш рет ауыл әкімдерінің форумы болып өтті. Өздеріңіз білесіздер, біздің газетіміздің «Ауыл» экспедициясы ауыл әкімдерімен қоян-қолтық кездесіп, әрқашанда олардың мәселелерін көтеріп жүрміз. Алдағы уақытта мамандармен бірлесіп, сараптамалық материал береміз.

Айтулы шараға еліміздің түкпір-түкпірінен ауыл әкімдері келіп қатысып, ауылдық жерлердегі біраз мәселелер талқыға түсті. Біз төменде Президент баяндамасындағы өзекті тұстарын оқырман назарына ұсына отырып, ой өрбітуді жөн көрдік.

 

Құрметті ауыл әкімдері!

Бүгінгі жиынның мән-маңызы айрықша. Еліміздегі барлық деңгейдегі атқарушы билік өкілдері осы жерге арнайы шақырылды. Ауыл әкімдерінің басым көпшілігі, яғни 80 пайызы – осында. Жалпы, осындай ауқымды құраммен алғаш рет бас қосып отырмыз. Шын мәнінде, тақырып өте өзекті. Ауылдың жағдайы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі халқымыздың тамыры – ауылда. Ауылдарымыз мықты болса, еліміз де берекелі болмақ. Сондықтан ауыл әкімдеріне қойылатын талап та, оларға жүктелетін міндет те әрдайым ерекше. Әкім – ең алдымен, халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші. Бұл – өте жауапты жұмыс. Ауыл әкімі ауылдың болмысын, ауылдағы ағайынның өмірін жете түсінетін нағыз іскер маман болуы керек. Жаңа ғана бірнеше әкімнің сөзін тыңдадық. Айтылған ой-пікірлерді және ұсыныстарды мұқият зерделеп, жұмыс барысында міндетті түрде ескеру қажет, – деп сөз бастаған Мемлекет басшысы ары қарай елімізде соңғы жылдары жүзеге асырылған маңызды саяси және әлеуметтік реформаларға арнайы тоқталып өтті.

Президент баяндамасында аудан әкімдерін сайлау туралы біраз ойларын айта келіп, бұны алдағы уақытта жан-жақты зерттеп, саралап көру керектігін ортаға салды. Ары қарай сөзін жалғаған Қасым-Жомарт Кемелұлы ауылдардағы оң өзгерістер мен даму үрдістерін тілге тиек ете келіп, мынадай маңызды түйіндерге тоқталып өтті.

БІРІНШІ. Ауыл әкімдері міндетті түрде білікті маман болуға тиіс.

ЕКІНШІ. Ауыл әкімдерінің өкілеттіктерін күшейту керек.

ҮШІНШІ. Әкімдердің өкілеттігімен қатар жауапкершілігі де күшеюі керек.

ТӨРТІНШІ. Төртінші деңгейлі бюджеттің дербестігін арттыру керек.

БЕСІНШІ. Ауылдағы кәсіпкерлікті өркендетуге баса мән беру керек.

Президент бұл тақырыптардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, туындаған мәселелер мен алда атқарылуға тиісті қыруар шаруаны нақты түсіндіріп берді.

Ауылды дамытуға арналған мемлекеттік деңгейде қолға алынған түрлі бағдарламалардың ішінде «Ауыл аманаты» жобасы тиімділігін айқындай бастағаны белгілі.

«Ауыл аманаты» жобасы өз кәсібін дамытқысы келетін ауыл тұрғындарына мол мүмкіндік беруде. Жоба аясында екі жылдың ішінде 20 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. 2029 жылға дейін осы бағдарламаға 600 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінеді. Ауылды дамыту үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының әлеуетін кеңінен пайдаланған жөн. Қазіргі таңда бұл корпорациялардың ауыл экономикасына еш көмегі тимей тұр. Мен Жолдауымда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды толыққанды даму институтына айналдыру туралы тапсырма бердім. Үкімет және Президент Әкімшілігі бұл жұмыспен айналысып жатыр. Нақты нәтиже күтемін. Осы корпорациялардың және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының ресурстарын ауыл бизнесіне қажетті инфрақұрылымды жетілдіру үшін жұмсаған абзал.

«Көптеген аймақта мал бордақылайтын және мал соятын орындар тапшы. Сондай-ақ ауылшаруашылығы өнімін өндіру, сақтау, тасымалдау, өткізу ісімен айналысатын және ауылшаруашылығы техникасы мен жабдықтарын жөндеп, қызмет көрсететін сервистік дайындау орталықтары жетіспейді.

Ал оңтүстік өңірде суару арналары мен ирригация жүйелеріне қатысты мәселе – өте өзекті. Тиісті инфрақұрылым болса, әкімдердің жергілікті бизнесті қолдауға және инвестор тартуға мүмкіндігі артады. Бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізу үшін Аймақтық стандарттар жүйесіне өзгерту енгізу қажет. Жалпы, Үкімет ауыл экономикасын жандандыру үшін нақты ұсыныстар әзірлеуі керек», – деді Мемлекет басшысы.

Осы тұста жап-жақсы басталған жобаның қарқынының баяулай бастағандығын айта кеткен жөн. Бұған себеп – «Ауыл аманаты» жобасының қаржыландыру мәселесін Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзыретінен алып, Экономика министрлігіне жүктелгені дер едік. Бұл жерде Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл саланың қыр-сырын жетік меңгерген ведомство екендігін мойындаған жөн. Президент кезекті саяси реформалардың беталысы мен күрделі халықаралық жағдайларға талдау жасай келіп, қатысты тарауларға бірқатар маңызды тапсырмалар жүктеді.

– Бүгінгі жиында ауыл әкімдерімен қатар, Үкімет мүшелері және облыс әкімдері отыр. Өздеріңіз білесіздер, мен Үкіметке экономиканы сауықтыру үшін Ұлттық банкпен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, нақты шаралар қабылдауды тапсырдым.

Осыған орай, өткен аптада үш жылға арналған Макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасы қабылданды. Құжатта көрсетілген шаралар сапалы әрі уақтылы орындалуы керек.

Бұл жұмысқа облыс әкімдері белсене атсалысуға тиіс. Нақты ойластырылған ұсыныстарды Үкіметке енгізуге рұқсат беремін. Алдымызда тұрған басты мақсаттар: экономиканың тұрақты, сапалы өсімін қамтамасыз ету; инфляцияны төмендетіп, халықтың табысын арттыру арқылы тұрмыс жағдайын жақсарту; жеке секторды дамытып, өндірісті жандандыру; дайын өнім экспортын көбейту қажет, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

PS: Қазіргі күні елімізде 6124 ауыл бар екен. Біраз жылдың алдында 7000-ға тарта ауыл болғандығын ескерсек, ауылдардың жылдан-жылға азайып бара жатқандығын аңғарар едік. Ауылдарда шешімін табуды күтіп тұрған әлеуметтік мәселелер көп. Дегенмен мемлекет тарапынан біраз шаралар қолға алынып, елеулі өзгерістер өмірге келіп жатыр. Солардың ішінде пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып алуды ерекше атауға болар еді. Ал ауыл әкімдерінің мойнына біраз міндеттер мен құзыреттіліктер жүктелгеніне қарамастан, басын ашып алуға тиісті біраз мәселе тұрғаны анық. Олардың ең басында ауыл әкімдерінің қолдарының қысқа болып отырғанын атауға болады. Бұл жөнінде форумда сөз сөйлеген азаматтардың өздері де шындықты жасырған жоқ. Президент Үкімет басшысына қарата ауыл әкімдерінің көтерген мәселелерін қарастыруға бір ай уақыт берді.Біз осыған қатысты көзқарақты азаматтар мен ауыл жанашырларының құнды пікірлері мен ұсыныстарына газетімізден орын беруге дайын екенімізді ескертеміз.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ

 

 

04.12.2025

Ұқсас жаңалықтар

Ымырт ерте үйірілетін өлке
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.11.2025 350
«Ұлттық баспасөзге  деген сенім мен құрмет үзілмесін!» деген ел Президентінің пәрменін аяққа таптаған кім?
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері - 28.11.2025 346
Әлеуеті артып  келе жатқан аймақ
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 27.11.2025 321

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 20645
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 20434
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 35535
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 34102
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 37970