Жақында Семейдің Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасында өткен «Қаладан – ауылға» өңірлік форумы ауылдық аумақтарды дамыту мәселесін кеңінен талқылаған маңызды алаң болды.
Шараға облыс әкімі Берік Уәли, Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов, «Аmanat» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев, Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы, Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов, Сенат депутаты Қайрат Тастекеев, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, қала және аудан әкімдері, ауылдық округ басшылары, кәсіпкерлер мен сарапшылар қатысты. Форумға жалпы саны 500-ден астам адам жиналды.
Аймақ басшысы форумның ашылуында сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жүзеге асырып келе жатқан саяси реформаларының аясындағы жаңа Конституцияның терең сараланған, әлемдік үздік тәжірибелерді ескерген, ұлттық мүддені және адам құқығын толық қорғауға бағытталған сапалы құжат екенін атап өтті.

«Бүгінгі басқосуымыз ауылшаруашылығының немесе жергілікті басқарудың мәселесін ғана талқылайтын алаң емес, сонымен қатар, еліміздің даму бағытын, мемлекет пен халық арасындағы өзара жауапкершілікті айқындайтын үлкен форум. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, жаңа Конституцияға қатысты пікір алмасу бір күннің немесе бір айдың шаруасы болған жоқ. Жарты жылдан астам уақыт бойы қоғамда жан-жақты талқылау жүрді. 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылып, оның құрамына еліміздің білікті заңгерлері, сарапшылары, қоғам өкілдері енді. Ең бастысы, бұл жолы шешімді өзіміз қабылдадық, комиссия құрамында шетел мамандары болған жоқ. Президент өз сөзінде азаматтарға былтыр қазан айынан бастап өз ұсыныстарын ашық айтуға толық мүмкіндік берілгенін айтты. eGov және eOtinish платформалары арқылы мыңдаған ұсыныс түсіп, олардың барлығы мұқият қаралған. Комиссия жұмысы барынша ашық жүргізіліп, талқылаулар тікелей эфирде көрсетілді. Бұған дейін елімізде реформалар дәл осындай кең ауқымда, бүкіл халықтың қатысуымен талқыланбаған болатын. Бұл – шын мәнінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының нақты көрінісі. Сондықтан да біз жаңа Конституцияны нағыз халықтық Конституция деп толық айта аламыз. Осы Ата Заңда бекітілген қағидаттарды ауылда нақты іске қалай айналдырамыз? Мемлекет адам үшін болса, онда ауылдағы әрбір тұрғынның тұрмысы, әрбір шаруа қожалығының дамуы – біздің басты өлшеміміз болуы тиіс», – деді Берік Уәли.
Форум барысында Абай облысында 2026-2028 жылдары жүзеге асырылатын «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасының басталғаны жарияланды. Облыс әкімінің айтуынша, бастама ауылдық жерлердің тыныс-тіршілігін жаңғыртуға, кадрлық әлеуетін күшейтуге және жаңа серпін беруге бағытталған.

«Мемлекет басшысы ауылшаруашылығы мен ауыл әкімдерінің қызметіне арналған диалог-платформасында «Ауылдың жағдайы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі, халқымыздың тамыры – ауылда» деп ауылдың жағдайы ел үшін стратегиялық маңызға ие екенін ерекше атап өтті. Жоба аясында ауыл тұрғындарын тұрақтандыру және қаладан ауылға қоныс аударушыларды тарту арқылы демографиялық тепе-теңдікті сақтау, ауылдық елді мекендердегі кадр тапшылығын азайту, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, сондай-ақ «Дипломмен ауылға» бағдарламасын жаңа мазмұнда тиімді іске асыру көзделеді», – деді аймақ басшысы.
Өңірдегі 600 мыңға жуық халықтың 222 мыңы ауылда тұрады. 138 ауылдық округ пен кент бар. Жоба аясында қоныс аударушыларға мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар арқылы баспаналы болуға, кәсіп бастауға, мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік беріледі. Тұрғын үй сатып алу кезінде бастапқы жарнаның 90 пайызын облыс әкімдігі тұрғын үй сертификаты арқылы өтейді.
Жоба аясында ауылға қоныс аударушыларды жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту үшін бірқатар мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар кешенді түрде қолданылмақ. Атап айтқанда, «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыстар», «Күміс жас» бағдарламалары арқылы еңбекке тартылып, еңбекақының бір бөлігі субсидияланады. Кәсіп бастаймын деген азаматтарға жаңа бизнес-идеяларға гранттар беріледі, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы арқылы жергілікті өндірісті жолға қоюға мүмкіндік жасалады. Ауыл кәсіпкерлігін дамытуда «Ауыл аманаты», «Іскер аймақ» бағдарламалары және биыл іске қосылатын «Игілік» жобасы маңызды рөл атқарады. Жеңілдетілген несие 6 пайызбен 7-10 жыл мерзімге беріліп, мал шаруашылығын дамытуға басымдық жасалады.

Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында облыста алғаш рет «Сауынды сиыр» жобасы жүзеге асырылады. Бұл бастама бойынша тұрғындарға сүт бағытындағы ірі қара мал сатып алуға қолдау көрсетіледі. Бұдан бөлек, «Тауарлы несие» тетігі арқылы «100 қой» жобасы қолға алынып, ірі және орта шаруа қожалықтары ауыл тұрғындарына мал беріп, кәсіп бастауына жәрдемдеседі. Жобаға қатысқан фермерлерге жеңілдетілген несие алу мен ауылшаруашылығы техникасына қол жеткізуге қосымша мүмкіндіктер қарастырылады.
Форумға келген ауыл әкімдері жобаны қолдайтынын ашық айтты. Өйткені халық саны азайып, әлеуметтік нысандардың жабылу қаупі төніп тұрған елді мекендер бар.
Шұғылбай ауылдық округінің әкімі Нұрлан Назархановтың айтуынша, ауылдарда еңбек етемін деген адамға мүмкіндік жеткілікті. «Қазір халықтың саны өте аз кейбір ауылдарда. Сондықтан жер бар, жұмыс істеймін деген адамға жағдай жасауға дайынбыз. Мемлекет үйлер салып жатыр, жан-жақты көмектесеміз», – деді ол.
Ал Абай ауданындағы Медеу ауылында көшіп келетін отбасыларды ерекше қолдау жоспары бар. 200 орындық мектепте бүгінде небәрі 30 оқушы қалғандықтан, ауыл тұрғындары елді мекеннің болашағына алаңдайды.
Медеу ауылдық округінің әкімі Еркебұлан Кеңесбекұлының айтуынша, көшіп келген әр отбасыға қосымша қолдау көрсетіледі.
«Ауылдық округке көшіп келген оқушысы бар әрбір отбасына 10 бас қой, екі бас ірі қара, бір бас жылқы беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар көшіп келгеннен кейін дүниеге келген сәбиге ат мінгізу дәстүрін енгіземіз», – деді ауыл әкімі.
Жалпы пилоттық жоба арқылы қоныс аударғандарға тұрғын үйдің бастапқы жарнасының басым бөлігі төленеді, кәсіп бастауға гранттар беріледі, жеңілдетілген несие ұсынылады. Бұл бастама қалада тұрақты жұмысы жоқ, жалдамалы пәтерде тұрып жүрген азаматтар үшін жаңа мүмкіндік болмақ.

Форумда ауылшаруашылығын дамытуға қатысты өңірдегі нақты жобалар да таныстырылды. Былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында облысқа 1 млрд теңге бөлініп, 10 ауданда қайта өңдеу саласына қатысты 28 кооперативті қаржыландыру басталды. Биыл агроөнеркәсіп кешенінде жалпы құны 23,1 млрд теңге болатын 9 инвестициялық жоба іске асады. Соның нәтижесінде салаға тартылатын инвестиция көлемін 78,2 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарланған. Жаңасемей ауданында «Eurasia Agro Semey» компаниясының базасында жылына 11,4 мың тонна өнім шығаратын ет комбинаты салынып жатыр. Жоба құны – 7,7 млрд теңге. Кәсіпорын толық өндірістік циклді қамтитын ет кластеріне айналмақ. Сонымен қатар өңірде қой шаруашылығын дамытуға арналған 2026-2030 жылдарға арналған салалық бағдарлама әзірленіп жатыр. «Игілік» бағдарламасы арқылы 300 мың бас асылтұқымды мал сатып алу жоспарланған. Нәтижесінде бес жыл ішінде қой саны 1,2 млн бастан 2,3 млн басқа дейін көбеймек.
Форумды қорытындылаған облыс әкімі Берік Уәли жиында айтылған ұсыныстар мен бастамалардың өңір дамуының жаңа кезеңіне бастайтын нақты қадамдар екенін атап өтті.
«Абай облысы – тарихи тамыры терең, әлеуеті зор өңір. Біздің басты міндетіміз – ауылдық аумақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, халықтың тұрмыс сапасын арттыру және ауылды экономикалық өсімнің тірегіне айналдыру. 2026-2028 жылдары облысымызда жүзеге асырылатын «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасы – тек көші-қон мәселесін шешу құралы емес. Бұл – ауылды жаңғыртуға бағытталған жүйелі қадам. Нәтиже әр ауылдық округ әкімінің нақты жұмысына, бастамашылдығына және жауапкершілігіне тікелей байланысты. Абай облысының әрбір ауылы – дамудың, тұрақтылықтың және жаңа мүмкіндіктердің орталығына айналуы тиіс», – деді аймақ басшысы. Форум алдында аймақ басшысы өңірдің ірі тауар өндірушілерінің көрмесін тамашалап, кәсіпкерлермен пікір алмасты.
Сәруар ҚАБДОЛЛА,
Абай облысы













