Ақтөбе облысы орталығында, аудандарда қыркүйек айынан бастап тұрақты түрде ауылшаруашылығы жәрмеңкелері өткізіле бастайды. Тұрғындар ауылдан келген өнімдерді нарық бағасынан әлдеқайда арзанға алу үшін сенбі күндері жәрмеңке өткізілетін базарларға ағылады.
– Тұрғындар ет, ұн, сүт өнімдерін, ет-макарон өнімдерін, консервілерді, тазартылған күнбағыс майын, картоп пен көкөністі нарық бағасынан 10-15 пайызға арзанға сатып ала алады, – дейді Ақтөбе облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетов.
Басқарма басшысының айтуынша, облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін тұрақтандыру қоры құрылды.
Азық-түлік корпорациясынан алдағы жылға 10 мың тоннадан астам астық сатып алынған, бұл алдағы наурыз айына дейін нанның бағасы қымбаттамайды деген сөз.
Облыста 32 түрлі негізгі азық-түлік тауарларының 24-і өндіріледі: ұн, нан, макарон өнімдері, сиыр еті, қой еті, тауық еті, сүт және сүт өнімдері, тауық жұмыртқасы, өсімдік майы, сары май, картоп, көкөніс және т. б. Өнімнің қалған 8 түрі (қарақұмық жармасы, күріш, қант, тұз, сарымсақ, бұрыш, алма, балық) басқа өңірлерден әкелінеді. Мәселен, сәбіз бен картоп Жамбылдан, Қарағандыдан, қарақұмық Павлодардан жеткізіледі.
Өңір халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында 2022-2026 жылдары ауылшаруашылығы саласы бойынша 272,8 млрд теңгеге 77 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Облыстағы 100-ден астам ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорын жүйелі жүмыс істеп келеді.
– Сүт өңдеу саласы бойынша облыста 3 ірі сүт зауыты жұмыс жасап жатыр. Оның бірі Ақтөбе қаласындағы «Айс-плюс» серіктестігі болса, қалған екеуі аудандарда (Мәртөк ауданында – «Мәртөк-сүт», Хромтау ауданында «Агрофирма «Тау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі) жұмыс істеп тұр. Олардың жылдық қуаттылығы – 45,9 мың тонна. Ет өңдеу саласы бойынша облыста жұмыс істеп жатқан 14 кәсіпорынның жалпы жылдық қуаттылығы – 43,9 мың тонна. Астық өңдеу саласы бойынша облыста бүгінгі күнге 3 диірмен мен 4 макарон зауыты жұмыс жасап тұр. Өсімдік майы өндірісінде облыста бір ғана ірі «Ақтөбе Фудс» ЖШС кәсіпорны бар еді, 2020 жылдың наурыз айынан бастап «АКМЭЗ» серіктестігі қосылды. Жылдық қуаттылығы – 68 мың тонна. Бүгінде халықты ет, ұн, нан және күнбағыс майы өнімдерімен өзіндік өндіріс есебінен толық қамтамасыз етіп отырмыз, – деді басқарма басшысы.
«Алқаптан сөреге» жобасын жүзеге асыру мақсатында Ақтөбе қаласында «Табыс агро» атты әлеуметтік павильондар іске қосылып, 12 ауданның тауар өндіруші кәсіпорындары өз өнімдерін қала жұртшылығына арзандатылған бағамен тікелей сату мүмкіндігіне ие болды. Оған қоса Ақтөбе қаласында Мұғалжар ауданының «Арман М» ШҚ – «Топатай», «Құлагер» ШҚ – «Керемет», Алға ауданының «Абылай» ШҚ – «Біздің ферма», Мәртөк ауданының «Сұлтан» ШҚ – «Айман», Қарғалы ауданының «Дәулет» ШҚ – «Дәулет» деп аталатын өздерінің ет және сүт өнімдерінің дүкендерін ашып, өз өнімдерін тұтынушыларына тікелей ұсынып отыр.
– Облыс халқын өзімізде өндірілетін ауылшаруашылығы өнімдерімен тиімді бағамен делдалсыз қамтамасыз ету мақсатында жыл басынан аудандар мен облыс орталығында сауда айналымы 708,5 млн теңге болатын 367 ауылшаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді. Аталған жәрмеңкелерде барлығы 371,5 тонна еттің барлық түрі, 195,4 тонна сүт және сүт өнімдері және 55,1 тоннадан астам басқа да ауылшаруашылығы өнімдері тұрғындарға ұсынылды, – деді Исатай Еспағанбетов. Оның айтуынша, ауылшаруашылығы жәрмеңкелері қыркүйек айынан бастап жыл соңына дейін ұйымдастырылатын болады.