Бүгінде мемлекет тарапынан ауылшаруашылық саласына ауқымды қолдау көрсетілуде. Қолдау көлемі жыл санап артпаса, кеміген емес. Салаға серпін беру мақсатында қолға алынған баянды бағдарламалар, жарқын жобалар мерейлі Меркі ауданында тиімді жүзеге асырылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосуда.
– Есепті кезеңде өсімдік шаруашылығындағы өнім көлемі 37 миллиард 301,3 миллион теңгеге жетті. Ал мал шаруашылығы бойынша өндірілген жалпы өнім көлемі 18 миллиард 393,9 миллион теңгені құрады.
Ауданда ауылшаруашылық мақсатындағы егістік жердің де алқабы жыл сайын артуда. 2022 жылы 51156,6 гектарға дәнді масақты дақылдар егіліп, 92 мың 593 тонна астық жиналды. Сонымен қатар 24 989 тонна картоп, 64605,6 тонна көкөніс, 7 216 тонна бақша, 4 704 тонна мақсары жиналып, мал қыстатуға 178 744 тонна шөп, 48412 тонна сабан дайындалды. 1 780 гектар қант қызылшасы қазылып, 66 773 тонна өнім алынды.
Сондай-ақ ауданда малдың саны өткен жылмен салыстырғанда біршама өсіп, мүйізді ірі қара 3012-ге, қой-ешкі 9227-ге, жылқы 1852-ге, құс 2638-ге жетті. Мал басы өскен сайын өндірілген өнім көлемі де бірнеше есеге артты. Атап өтер болсақ, 31,3 мың тонна сүт, 12,36 мың тонна ет, 2,5 миллион жұмыртқа өндірілді, – деген Жорабек Нұрмергенұлы ауылшаруашылық тауарын өндірушілердің кедергісіз жұмыс істеп, табыс тайқазанын тасытуы үшін барлық мүмкіндіктер жасалып жатқанын айтты.
Аудан әкімінің айтуынша, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ауылшаруашылық техникаларын жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылған. Мәселен, өткен жылдың өзінде 528,9 миллион теңгеге 130 техника сатып алынып, ауылшаруашылық техникаларының жаңаруы 11 пайызды құраған. Ал 2023 жылы 1046 мың теңгеге 176 техника сатып алынбақ.
Жорабек Баубеков биыл ауылшаруашылық саласында бірқатар жобаны жүзеге асырып, жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланып отырғанын жеткізді. Атап өтер болсақ, тамшылатып суару технологиясын енгізу, жылыжай шаруашылығын және балық шаруашылығын дамыту бойынша бірнеше жоба қолға алынбақ.