Бәйдібек ауданы «Тау шыңы» демалыс лагерінде балалардың жазғы демалыс маусымының ашылу салтанаты өтті.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев, аудандық мәслихаттың төрағасы Имангелді Түймебаев қатысып, маусымның басталу сәтімен құттықтап, лагерь жұмысына сәттілік тіледі.
Жаңа оқу жылы басталғанға дейін, үш айлық демалыстарын тиімді өткізу мақсатында биылғы жылы Бәйдібек ауданында «Тау шыңы» демалыс лагеріне 1000 балаға, қала сыртындағы лагерлерге 1001 балаға жолдама берілген болатын. Сонымен қоса, қазіргі таңда «Қазақстан халқына» қоғамдық қорынан бөлінген жолдамамен аудандағы 81 бала Түлкібас ауданындағы «Машат-Арасан» жазғы сауықтыру лагерінде демалуда.
Жазғы лагерлерде оқушылар демалумен қатар, білім көкжиектерін кеңейтіп, шығармашылыққа бейімделетін болады. Ұстаздар жоспарға сәйкес топтармен жұмыс жасап, балалардың шығармашылық, танымдық қабілеттерін дамытуға, адам бойындағы жақсы қасиеттерге жақын болып, жаман қасиеттерден аулақ болуға бағытталған әр түрлі тақырыптарда жарыстар мен ойындар ұйымастырады.
Демалыс кезінде техникалық қауіпсіздік шаралары мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында аудандық білім бөлімінің, аудандық төтенше жағдайлар және аудандық полиция бөлімдерінің қызметкерлері тарапынан қадағалау жұмыстары жүргізіледі.