(Жалғасы. Басы 41 санда)
Кеңес генералдарымен кеңесу
Ертесіне әскери бөлімшенің бетке шығар жоғары шенді офицерлері мен генералдары сарбаздардың стихиялық басшысы – Сағаділдәні Төретамдағы штабқа тағы шақырды. Төрде кілең генералдар мен жоғары шенді офицерлер отыр. Бәлкім бұл кезде Қазақстан мен Ресейдің жоғарғы басшылығы арасында телефон және дипломатиялық каналдар арқылы келіссөздер жүріп жатқан болар. Әйтеуір ғарыш айлағындағы Ресей қарулы күштерінің басшылығы құрылысшы батальондарының жауынгерлеріне қысқа мерзімді демалыс беріп, үйлеріне қайтару жөнінде шешімге келді. Жұмыс басты қағаз көшірушілер жауынгерлерге қысқа мерзімді демалыс беру жөніндегі анықтама толтыруға кірісті. Соның ішінде шымкенттік Қанат Серікбаев та бар еді. Осы жұмыстарды ұйымдастырудың бел ортасында Сағаділдә жүрді. Ол бөлімше командирлерінсіз қалған қасындағы жолдастарын тынықтырып, тамақтандыру шараларына араласты. Сол қарбалас шақта үш күн бойы көз шырымын алған жоқ. Келісімге сәйкес әскерлерді әр облыс орталығына апаратын бағыттағы эшалондарға арнайы жолаушы вагондары тіркелді. Осылайша Байқоңыр ғарыш айлағына қарасты гарнизондағы әскерлер ақпанның 26-на дейін үйлеріне түгел қайтарылды.
Штабтағылар тағы жиналып, болған оқиғаның жай-жапсарына толық қанығу үшін «сарбаздар топбасшысын» Байқоңырға апарып, сөйлескісі келетіндерін білдірді. Табан астында тікұшаққа мінгізіп әкетпек. Әуелі Сағаділдә бұл қулықтың астарын аңдамай шын сеніп, еріп кетуге келісім бермек еді. Екі-үш күннен бері оны періштедей қорғап жүрген КГБ қызметкері құлақ тұсына: «Ешқандай келісім берме!» деп сыбыр етті.
– Мен ештеңе білмеймін, тек қантөгіс болмас үшін топты бастадым, – деген Сағаділдәнің сөзін қасында отырған қазақ офицері іліп әкетті:
– Жауынгерлердің бәріне қысқа мерзімді демалыс беріп, үйіне қайтару жөнінде шешім қабылданғанда қатардағы жалғыз солдатты Байқоңырға апарудың реті бар ма? Ешқандай әскери шені, қызметтік дәрежесі болмаса да ашулы топтың бетін қайтарып, шама-шарқынша жағдайдың ушығып кетпеуі үшін әрекет жасағаны үшін жазықты ма?! Ал бөлімшедегі моральдық ахуалға тікелей жауап беретін офицерлер қайда жүрген? – деп өздеріне дүрсе қоя беріп, сөзден сүріндірді.
Генералдар бұған уәж айта алмай, кібіртіктеп қалды. «Жауынгерлердің топбасшысын Байқоңырға апарып, сұрақтың астына алады екен?» – деген хабар дем сәтте сыртта жиналған халықтың құлағына жеткенде, жергілікті тұрғындар дүр сілкінді. Олар тікұшақ маңына жиналып, оны қоршап алды. Халықтың қаһарынан сескенген жоғары шенді офицерлер табан астында: «Тікұшақ бұзылып қалды, ешқайда ұшпайды», – деп әлгіндегі сөздерінен айнып шыға келді.
Топтан жырылып, былай шыға бере Қауіпсіздік комитетінің қызметкері:
– Мыналардың сені тірі жібергісі жоқ. «Таз ашуын тырнадан алады» демекші, өздерінің масқара болғаны үшін бар кінәні саған артпақ. Жаңа тікұшаққа отырғаныңда тірі қалмас едің. Бұлар ұшып бара жатқанда сыртқа лақтырып жіберіп, «әуе көлігі апатқа ұшырады» деп қарап отырудан тайынбайды. Ешқашан олардың отырғызған көлігіне мінбе. Ауыстырып киетін киімің бар ма? – деп үстіндегі солдаттың бушлагын, бас киімі мен аяғындағы керзі етігін бір шолып өтті.
– Бар.
– Ендеше ешкімнің көзіне түспейтін жерге барып, қайта киін де пойызға басқа станциядан мін, – деп ең соңғы ақыл-кеңесін айтты Қауіпсіздік комитетінің офицері. Ғарыш айлағындағы сарбаздардың дүмпуі туралы сол тұста Қазақ КСР Қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып істеген генерал Болат Баекенов, оның Қызылорда облысындағы өкілі Михаил Дәуенов сияқты жоғары дәрежедегі лауазымды кісілер естіп білгені анық. Бәлкім бұл мәселе мемлекетаралық деңгейде, дипломатиялық каналдар арқылы шешілген болар?!
Одақтық телевидениенің ең басты бағдарламасы арқылы белсенді «бүлікшілердің» алдыңғы сапында жүрген Сағаділдәнің бейнесін анық көрген Жамбыл облысы, Жамбыл ауданындағы Қызыл Октябрь колхозында тұратын ата-анасы, жақын туыстарында үрей қалмады. Осыдан бес жыл бұрынғы «Желтоқсан оқиғасының» өкінішті зардаптары қалың қазақтың есінен шыға қоймаған. Сарбаздың әкесі мен шешесі, жақын туыстары іштегі мұңын ешкімге айта алмай, жоғарыға барып шағымдана алмай, іштерінен тынды. Тек қайта-қайта күрсініп, аруақ-құдайға сыйынып, әліптің артын бағумен болған. Әкесі Бәйділдә, анасы Нәзира ұлдарының төрт-бес күннен кейін аман-есен келгендерін көргенде қуаныштан жүректері жарыла жаздады Иә, әке-шешесінің уайымдайтын жөні бар. Егер Қазақстан тәуелсіздік алмағанда Байқоңыр ғарыш айлағындағы 70 мыңнан астам қазақ жауынгерлерінің бетке шығар белсенділері әскери трибуналмен сотталып кететін еді. Зорлық-зомбылыққа көнбеген кілең көген көздердің жазадан аман қалуы тәуелсіздікке қолы жеткен Қазақстан Республикасының арқасы. Азаттықтың жаңадан атқан ақ таңының нәтижесі.
Сағаділда және қазақ сарбаздарының ерлігі ескерусіз қалмау керек
Кейіпкеріміздің одан арғы өмірі жайлы қысқаша дерекнама: Ойда-жоқта қазақтың тұңғыш театр режиссері Асқар Тоқпановқа жолығып, көзіне түскен Сағаділданың арғы өмірі 180 градусқа өзгерді. Ол консерваторияға оқуға түсіп, сол кісінің сыныбында дәріс алды. Ұлы ұстаздан тәлім алған кезде сахна өнерінің ішкі иірімдерін терең меңгерумен бірге ол кісінің ешкімге ұқсамайтын дара, кесек мінезінің куәсі болды.
Ұстазы жайлы қазақтың арқалы ақындарының бірі Өтежан Нұрғалиевтен артық баға беру мүмкін емес. Ол:
«Тоқпақтай болған Тоқпанның ұлы Асекең,
Биліктен тайқып, үлкеннен ығып, саспаған.
Кісілігі сондай – кішіні таптап, баспаған...
Алысқанмен алысып, жұлысқанмен жұлысқан,
жаласын жауып бақса да талай жаулары
аққудай болып кірлемей өткен дүниеден.
Қазақтың намысын қазақта біреу сақтаса,
Тоқпанов қана сақтады...
Қалайша бізден Тоқпанов мәңгі кетеді,
Маусымын бастап,
шымылдық ашқан сахнадай Театр болып,
оралар әлі Тоқпанов...» – деген ұзақ аза жырын жазған еді. Ақынның айтқан сөзі айна-қатесіз келді. Өткен жылы Жамбыл облыстық театры Асқар Тоқпановтың атымен аталатын болды. Арнайы Үкімет шешімі шықты. Өтежан ақын айтпақшы шын мәнінде Тоқпанов халқына театр болып қайта оралды. Не деген керемет көрегендік!
Қазақтың тұңғыш кәсіби режиссерінен дәріс алған Сағидолла Үсібәлиев сонау шәкірт кезінен ел көзіне ілікті. Республикалық «Жігіт сұлтаны» байқауында топ жарды. Үстінен бір жарым тонналық жеңіл автомашина өткізді. Бармақтай арматураны мойнына салып шыбықша иді. Қазақтың ат үстінде орындалатын әбжіл қимылды ұлттық өнері аударыспақ пен теңге ілуден алдына жан салмады. Көрерменді әнмен әлдиледі. Сөйтіп жарыстың бас жүлдесі – бір жарым бөлмелік пәтердің кілтін жеңіп алды.
Шымшыма тілге үйірсек, өнерлі жігітті оқу орнында жүргенде «Тамашаның» бас режиссері Лұқпан Есенов өз бағдарламасына тартып, үлкен сахнаға шығарды. Ол кезде «Тамаша» төрінен көріну – өнерге таласы бар жастардың орындала бермейтін асқақ арманы. Соның әсері болды ма Сағаділдәнің өзі де сын-сықақ жанрына қалам сілтеп, бағын сынап көрді. Оның жазған күлдіргі скетчтері әзіл-сықақ театрлары репертуарларынан орын ала бастады.
Өнер институтын тамамдаған жігіт біраз жыл театрда жұмыс істеді. Осы салада жүргенде болашақ жары Толқынмен танысып, тағдырлары тоғысты. Екеуін табыстырған театр. Мамандықтары актерлік. Бұлардың тағдырларында тағы да бір ұқсастық бар, олар аттары қазаққа мәлім атақты батырлардан тараған. Сағаділдә – Үйсін Төле бидің бас батыры шымыр Қойгелдінің сегізінші ұрпағы болса, Толқын – Жоңғар соғысына қатысқан атақты қыпшақ Иман батырдан тарайды. Үшінші атасы – Амангелді Иманов. Иманнан Есен мен Амангелді. Амангелдіден Сұлтан, одан Дүйсен тарайды. Толқын сол Дүйсеннің қызы. Ол бүгінде өз мамандығын біраз өзгертіп, Қазақ радиосында тілші болып жүр. Қазір Сағаділдә мен Толқын бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Астана қаласында тұрады.
«Жігітке жеті өнер де аз» демекші Сағаділдә соңғы кезде сценарий жазумен де айналысуда. Осыдан бірер жыл бұрын еліміздің кинотеатр экранына шыққан «Қазақ елі» анимациялық сериалын жазған сценаристер тобын басқарды. Бұл сериал Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған. Жаңа туынды ел тарихының жарқын беттерін өскелең ұрпаққа жеткізетін іргелі туынды болып саналады. Осыдан бірер жыл бұрын Сағаділдә атақты балуан, әнші-композитор, ат құлағында ойнаған шебер Балуан Шолақтың өміріне арналған кинофильмде кейіпкердің әкесі Баймырзаның рөлін сомдады. Ара-тұра басқа да телефильмдерде көрініп жүр.
Азаттықтың апақ-сапағында, Тәуелсіздіктің таңы жаңа-жаңа атқанда Байқоңырдағы ғарыш айлағын бауырына басқан шовинистердің зорлық-зомбылығына шыдай алмай қолдарында еш жарағы болмаса да мұздай қаруланған Ресей әскерініне қарсы тұрып, оларды өз айтқандарына иліктірген қазақ сарбаздарының қас батырлығын 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасымен бір қатарға қоюға болады. Кейінгі текетіреске қатысқан 70 мыңнан астам жауынгердің арасында жүрген жамбылдық Сағаділдә Үсіпәлиев пен оңтүстікқазақстандық Қанат Серікбаев бауырларымыздың ерлігін барша жұртқа жария етуді жөн көрдік.
Осы мақаланы жазу барысында Алматыдағы Ұлттық кітапханада сақталған республикалық ( «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Жас алаш»,«Жас қазақ», «Азат» т.б.) газеттердің 1992 жылғы ақпан айының соңғы онкүндігінде жарық көрген тігінділерін түгел парақтап,ақтарып-төңкергенде әлгі оқиға жайлы бірде-бір ақпар кезікпеді. Екі ғасыр орыс патшасының езгісінде, одан кейін жетпіс жылдан астам «Қызыл империяның» тепкісінде болған жас мемлекетіміздің баспасөз құралдары ол жайлы батылы барып айта алмаған тәрізді.
Осыдан үш-төрт жыл бұрын жеке архивімдегі қажет болар деп сақтаған газет қиындыларының арасынан 1992 жылдың ақпан айында осы оқиғаға қатысты шыққан материалды көзім шалған еді. Мақала аудандық газет форматындағы басылымның бірінші бетінің тең жарымынан басталып, соңы екінші бетте жалғасқаны есте. Онда Байқоңырдағы оқиғаның шет жағасы баяндалған еді. Ең бастысы Төретам халқының жауынгерлерді қарсы алуы, жүрек жарды қауаныш сезімі, жұрттың көңіл күйі бүге-шігесіне дейін баяндалған.
Қайдасың, Сағаділда бауырым?
«Бұл материал енді қажеті бола қоймас» деген оймен бір шетке ысырып тастағанмын. Көп ұзамай оқиғаға өзімнің бірге оқыған досым Бәйділдәнің ұлы Сағаділдәнің тікелей қатысы бар екенін естіген сәтте санымды соғып қалдым. Өкінішті-ақ. Дегенмен әлі де болса сол оқиғаның куәсі болған азаматтар, көзі қарақты жандар кезігер, Төретамдағы бұрынғы милиция қызметкерлері «Азат» қозғалысының белсенділері табылып, жоғымыздың үстінен шығарар деген үміт бар.
Жақында Қазақ мемлекеттік университетінде бірге оқыған, осы оқиға орын алғанда Қызылордадағы «Қазақ тілі» қоғамын басқарған Сәбит Иманғалиевпен телефон арқылы тілдескенде осы мәселені қозғадым. «Сол кездегі аудандық «Қазақ тілі» қоғамы мен «Азат» қозғалысы белсенділерінен кімді білесің?» – деген сауалыма, Сәбит досым тұщымды жауап бере алмады. «Ол адамдардан ешкім қалмадығой», – деп көңілімді қабаржытып тастады.
Егер осы мақала жарық көрсе, сол дүбірлі жиында концерт қойған өнерлі жастардың бірінің болмаса бірінің жадына түсер. Сол кездегі уыздай қыз бен жігіттердің ең жасы қазір елудің үстінде. Оларды іздестіріп табу қиын шаруа емес қой деп ойлаймын.
Материалды жазу барысында кезінде республикалық газеттің бірінде жарияланған шымкенттік журналист Сабырбек Олжабайдың «Байқоңырдағы бүлік» атты сұхбатын пайдаландым. Ол материал кезінде республикалық газеттің бірінде жарияланған еді. Өкінішке қарай, қиындыда мақаланың қай басылымда, қай жылы шыққаны сақталмапты. Жаңылмасам, 2008 жылғы «Жас қазақ» газеті болар. Аталмыш сұхбат кейіпкері Қанат Серікбаевтың сөздері дүрбелеңнің тууына себеп болған жай туралы менің түсінігімнің аясын кеңейтіп, оқиғаның кейбір беймәлім беттерін ашуға жәрдемдесті.
Қорыта келгенде осы дүниені жарыққа шығаруға түрткі болған басты мақсат –Азаттықтың апақ-сапағында бұрынғы КСРО Қарулы Күштерінің тепкісіне қарсы қарусыз көтерілген қазақ сарбаздарының қас батырлығы мен көзсіз ерліктері жайлы айтып қана қоймай, 1992 жылдың ақпанында жас жанын шүберекке түйсе де тәуекелге бел буып, оқтаулы мылтыққа кеудесін төсеген сарбаздар содан алты жыл бұрын Алматыдағы даңқты Желтоқсан көтерілісінде шыңылтыр аяз бен көк мұзында Республика алаңына шығып, ұлттың намысын жоқтаған ағалары мен әпкелерінің жасампаздық ерлігін қайталаушылар екенін жалпақ жаһанға жар салып жариялау. Қазақ халқының жауынгерлік рухы қашанда жоғары. Қаһарға мінсе, сел мен тасқынға да қарсы тұра алған. Көпшілік біле бермейтін, осы күнге дейін құпия сақталып келген тарихтың тағы бір ақтаңдақ бетін ашатын мезгіл жетті. Бұдан былай жасырып-жабудың, бұқпантайлаудың орны жоқ.
Қысқасы, Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі тарихымен айналысып жүрген отандық ғалымдарға дайын тақырып ұсынып отырмыз. Оны әрі қарай жалғастыру, шаң басқан жабық архивтерге кіріп, ол жайлы терең зерттеу, байыппен барлау, зерделеу, халық игілігіне айналдыру тарихшы бауырлардың мойнына артылған аманат. Өйткені тарихта ашылмаған ақтаңдақ қалмауы тиіс.