Алматы облысы Нарынқол өңірі XVIII ғасырда жоңғар қалмақтары шапқыншыларына қарсы күреске қатысқан Төлесұлы Байсейіт батырдың 340 жылдығын атап өтіп, Жамбыл ауылы тұрғындары бабасына ас беріп, рухына дұға бағыштады. Жиында Байсейіт батырдың туған елі мен жерін қорғаудағы ерен ерлігі жайында көп деректер айтылды.
Бұқаны қамшымен құлатқан жігіт
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген сөз ойға оралып, қазақ батырларының қайсысы болмасын артында қабырғалы қалың елі Қазағы барда, ізін жалғар ұрпағы тұрғанда елімен бірге мәңгі жасай берері анық деген ойға да келдік.
Ш.Уәлиханов: «XVIII ғасырдың басы қазақ халқы үшін өте қиын уақыт болды. Жоңғар, Еділ қалмақтары, Жайық казактары, башқұрттар қазақ ұлысын жан-жақтан талап, адамын отбасымен тұтқынға алып, малдарын айдап әкетіп отырды. Қыстың аязы мен аштық үлкен сынақ тәрізді, халықтың қасіретін одан әрі қиындатып жіберді. Орынборда қазақтың бір рубасы халқының жағдайын тазыдан қашып келе жатқан бір топ қоянға теңеген», – деп жазған.
Төлес Дулат еліндегі Қарабидің қызы Нұрлыбикеге үйленіп, 1680 жылы Байсейіт дүниеге келеді. Нағашы атасының тəрбиесін көрген Байсейіт 17 жасынан батыр атанған. Байсейіт айбат шегіп, ақырып, жол бөгеген бұқаны қамшымен үйіре сілтеп құлатып түсіргенде атасы риза болып, ақ батасын берген екен. Қалмаққа қарсы күресте ерлігімен көзге түсіп, жаумен күресте шыңдалып, есейе келе өзі қол бастап, қолбасшы атанады.
Дерек көздері мен ауызша айту тарихын терең зерттеген жазушы Т.Қаупынбайұлы 2007 жылы «Қазақстан-Zаman» газетінде «Зұлмат заман зауалы» мақаласында «Жетісу өңірін жаудан азат етуге Байсейіт батыр 1745 жылдары қатысқан» деп жазған. Бұл дерек Ш.Уәлихановтың «Қырғыздар туралы жазбалар» (156-159 беттер) атты еңбегімен үндеседі.
Байсейіт Төлесұлы өмір жолы мен ерліктері жайлы «Қазақ» энциклопедиясы (656-бет), «Айбын» энциклопедиясы (Алматы, 2011 ж. 880-бет), «Абылай хан» энциклопедиясы, «Райымбек» ұжымдық жинағында (344-бет), Ә.Талқанбаевтің «Тарихы терең, табиғаты ерен таулы өлкем» атты кітабының 80-бетінде нақты мәліметтер берілген. Медеуова Биғайша ақын «Тұрпанға шапқан ту ұстап» атты поэмасында:
«Қаратауда Қара би шешен де еді,
Қалың дулат қаймыққан көсем де еді.
Қырандайын бапталған Байсейіт батыр
Наурызбаймен жорыққа кетем деді...
Жас көремін елімнің жартасынан!
Естіледі бір аңыз әр тасынан.
Жеңіс емей немене, Жоңғария,
Түсті әлемнің саяси картасынан», – (28 бет) деп жырға қосқан.
Қандай да бір үлкен істі батасыз бастамайтын халқымыз ақсақалдардан, әке-шешелерінен бата алып шыққан. 1998 жылы ұрпақтары Байсейіт бабасына ескерткіш жасатып, оны Алматы қаласынан алып келе жатқанда жолшыбай Байсейіт ауылына бір күн түнетіп, кафеде дастархан жайып, ас беріп, ұйғыр ақсақалдарының батасын алып барып, Райымбек ауданы Жамбыл ауылы орталығына орнатқан екен.
«Халық жадында биік тұғырға көтерілген, халықтық ұғымдағы ел сүйіспеншілігіне бөленген батыр тарихи тұлға ретінде бүгінгі күнде де еш маңызын жоймайды. Батырдың батырлығы басқаны жаулаумен емес, елін, жерін жаудан қорғаумен, азаттық үшін күресумен паш етіледі. Бір сүйем қазақ жері үшін қасық қаны қалғанша жаумен жаға жыртысып, тағдыр кешкені – тарихи танымның, рухани тағылымның баға жетпес биігі. Қиын-қыстау заманда адал еңбек жасаған, қазақта бірлікті ту еткен батыр Байсейіт Төлесұлы – құрмет тұтуға лайықты тұлға, оның есімі қазақ халқымен бірге жасай береді», – деп көрсетті баяндамашы, тарихшы ғалым Рашит Оразов.
Шелек өңірінен асқа арнайы шақырылған азаматтар Алматы – Нарынқол тас жолының бойында орналасқан «Байсейіт батыр атындағы ауылда да осындай тәрбиелік мәні зор іс-шара ұйымдастырылса, батырға арнайы белгі қойылса, дұрыс болар еді», – деп ұсыныс айтқан еді. Байсейіт батырдың тікелей ұрпақтары бұл ұсынысты қабыл алды. Әзіл болса да, шындықты жасырмай, Байсейіт батырдың әйелі Ұйғыр қызы Русиләдан тараған ұрпақтары нағашы жұртымен байланысты берік ұстауға даяр екенін білдірген.
Қазақ тарихында жер-су атаулары сол жерді мекендеген атақты адамдардың есімімен аталған. Жазушы Б.Нұржекеев «Өзендер өрнектеген өлке» кітабында: «XVIII ғасыр ортасында Райымбек батырдың Ойран төбеде қалмақтарды жеңіп, Жетісу жерін қалмақтардан азат ету күресін өрістеткен, Шелек өңіріндегі Байсейіт ауылы тұрған жерді азат етуде Байсейіт батырдың асқан ерлік көрсеткенін, сол жерлер Жаркент уезі екендігін, Сатай батыр ұрпақтары Жаркенттің желке тұсында Сарыбел ауылында тұратындығын ескерсек, бұл өлкені ежелден қазақтар мекендегені белгілі», – деп жазған (1984 жыл, 121-б.).
40 жыл шаруашылықпен айналысқан батыр
Шелек өзені бойына батыр өзі іргетасын қалаған, бүгінгі Байсейіт ауылы жерінде өмірінің соңғы 40 жылын өткізіп, шаруашылықпен айналысқан.
Қазақ халқы ата-бабасынан бері қарай кіндік қаны тамып, қоныс тепкен, өсіп-өніп келе жатқан жерін киелі атамекен дейді.
29 сәуір 2011 жылы Журналистер Одағы мүшесі Ә. Айтақынов «Еңбекшіқазақ» газетінде: «Ғылыми зерттеулерге, тарихи деректерге терең үңілмеген, одан хабарсыз елдің бір бөлігі тарапынан бұл жерге осы атауды көшіп келген ұйғырлар қойған екен-мыс деген шындыққа жанаспайтын алыпқашпа сөздер таралып жүр», – деп көрсеткен.
Қытайтанушы ғалым Н. Бичурин «Ежелден Орталық Азияда тұрып жатқан халықтар туралы мәліметтер жинағы» атты еңбегінде: «2, 5 мың жыл бойы Алтайдан Каспийге дейін өмір сүріп, бүгінгі күнге дейін салт-дәстүрін сақтаған халық тұрады», – деген. Ғалым: «635 жылы түркі тілдес көшпелі сақтар өздеріне шабуыл жасап, тыныштық бермеген қытайларға қарсы Үлкен орда, Солтүстік орда, Кіші орда болып топтасқан», – деп көрсетеді. XIII ғасырда Майқы биден басталған қазақ үш жүзге бөлінген. Жетісу өңірін Ұлы жүз Албан руы бірлестігі мекендеп келгендігі, ал Шелек өңірінде қызылбөрік, қыстық аталарының атақонысы болғаны белгілі. (Энциклопедиялар: ҚСЭ 9 том 426-бет , «Жетісу» 176-бет, «Албандар» 579, 591-беттер).
Қазақ басқа өңірден қоныс аударып келген қазақ ағайындардың өзіне жер бөліп беруді ақылдасып шешкен. Қытайдан қоныс аударған басқа ұлт өкіліне ауыл атын беру мүмкін емес. Өңірде тұрақты өмір сүріп келе жатқан Албан руының қыстық, қызылбөрік бірлестігі ішінде атақты адамдар болған. Солтанбек би, Ескене, Жалманбет, Шынжырбай, Меңіс, Кемпірбай мен Ожар байлар, 18 мың жылқы біткен Онтағар бай, 500 түйесі болған Қаңлыбай бай, Ержан бай, Бозай бай, 1926 жылы үкіметке 3 мың жылқы өткізіп, жер аударылған Жорып бай, Жөкей, Дәндібай, Аңламас, Бекей, Дүңгенбай, Ботбай, Балташ қажылар. Аңламас бай өз қаражатына Қорам ауылына мешіт (бүгінде бар) салдырған. Ауқатты Ерсары байға 10 мың сары ала жылқы біткен, Тойғанбектің 5 мыңдай қылқұйрық, торы түстес жылқылары болған. Дәулетбақ, Қылышбай, Үсен, Ақанбай, Ералы байлар атында ауыл аты болмаған.
Өңірде елі мен жерін жаудан қорғаған Әжібай, Байсейіт, Ескене, Малай, Малыбай, Шағаман т.б. азаматтар қарапайым халық арасынан шығып, жеке-дара ерлігімен көзге түсіп батыр атанып, тарихи тұлға санатына кірген. Осы аталған әр батырдың атында ауыл бар. Қарағанды облысы Нұра ауданында қалмақпен соғыста қаза болған жетісулық Шағаман батырға ауыл атын беріп, жерленген жеріне ескерткіш орнатылған. Тарихтағы әрбір тұлға – өзі өмір сүрген дәуір перзенті.
Байсейіт батырдың 6 баласынан тараған ұрпақтары Алматы облысының Райымбек ауданын, Алматы қаласы мен маңындағы ауылдарда мекендеп отыр. Батырдың өзімен бірге туған бауырлары мен ұрпақтары Бәймен, Биеке, Есенаман, Қонай, Құсық батырлар, Абайылда, Әтейбек, Сағынай, Тоқан сынды болыс, Өтебай, Тұрысбек қажылар, екі сайлау болыс болған Тоқан өз қаржысына Үкіршіде мектеп салдырып, ақын, ағартушы Албан Асанды жалдап бала оқытқызған. Мектеп түлегі Нұрбапа Өмірзақов Қазақ ССР Орталық Атқару Комитетінің Төрағасы, 1937 жылы ол КСРО жоғарғы Советінің депутаты, КСРО Жоғарғы Советі Президиумы Төрағасының орынбасары болып сайланғанда, М.И.Калинин «КСРО-дағы ең жас президент» деп баға берген екен. Республика көлемінде Оспанәлі Айдарқұлов, Мәсіп Айдарәлиев, Қабытай Айдарәлиев, Әбілқайыр Асқарбаев, Төкен Аусофин, Мұхтар Әлімов, Кеңесбай Байқанов, Нұрәжі Есіркепов, Нұрқасым Жанаев, Нүсіп Қабылбеков, Мәді Қанаев, Аусофия Қонайұлы, Есен Қонаев, Жақан Ошақбаев, Тілеуберді Ошақбаев, Берік Өмірзақов, Дайын Рыскеев, Сыдық Тоқанов, Мәдениет Ұнасбаевтар – әр салада басшылық қызмет істеген азаматтар.
Батыр ұрпақтары ақын-жазушылар: Төлек Айдарәлиев, Төлен Қаупынбаев, Дүйсен Мағлұмов, Тұрлыбек Мамасейітов, Биғайша Медеуова, Арман Ысқабыл, Бейбіт Сарыбай, суретшілер: Жақсылық Еркінұлы, Тоққожа Қожағұлов, Айдын Тоқтасынұлы еңбектерімен елеулі.
XVIII ғасырдың ортасында бүгінгі Шелек ауылындағы Б. Момышұлы, Абай, Ү.Үсенов көшелері мен Ә.Молдағұлова атты орта мектепке дейінгі аумақты қоршап, 35 жыл жайлаған қалмақтың азулы да айбатты батыры Насырқалшаны қызылбөрік Шағаман батыр Есенұлы жекпе-жекте жеңеді. Ал сол Шағаманның жақсы көретін інісі Найманбай Шелекті мекендеген.
Зайцево селосы ашылмай тұрып 140 жыл бұрын, бүгінгі Шелек ауылы орнында обшина № 1 Қызылбөрік Найманбай әулеті 6 ұрпақ (бір ұрпақ 23 жыл деп есептесек, 140 жыл) осы жерде мекендеген, бұрын Қайыңды мен Қарабұлақта тұрған. Ал көктеу мен күзеу Жіңішке қырқасында болған деп, «Уезды Жетісу» атты кітаптың 208-бетінде көрсетілген. («Материалы по обследованию туземного и русского старожильческого хозяйства и земле- пользования в Семиреченской области», том V, Санкт-Петербург, 1914 г.).
Қазақ тарихында тамаша қалалар болған
«Қазақ халқында қала болмаған, көшпенді деп айтылып келеді. Бұл – жаңсақ пікір. Қазақ сыған сияқты көшпенді халыққа жатпайды. Қазақтың әр атасының ата қыстауы бар, ол жерде қорым бар. Әр қорымда әруақтары жерленген. Қазақ оған сыйынады, сыйлайды. Негізгі ата кәсібі мал шаруашылығы болған соң, жаздай малын бағып, көшіп-қонып, қыста міндетті түрде ата қыстауына келеді», – деп, Мықтыбай батырдың 300 жылдығында ғылыми-практикалық конференцияда баяндама жасаған М. Қозыбаев атындағы мемлекеттік университет профессоры А.Плешаков өз пікірін айтқан.
Жібек жолы бойындағы елдімекен ары-бері қатынас жасаған жиһангерлердің назарын аударып, көз алартушылық тудырған қоныс аударушылар келе бастаған. Осындай мәліметті 1908 жылы жарық көрген санында «Шора» журналы жария еткен. Онда Орта Азиядағы тараншылардың Ілеге келуі және Құлжа сұлтандығының құрылуы жайлы берілген. Бұл туралы Құлжа шаһары сұлтаны Әбдірәсілдің немересі Әбділбастың айтқанынан жазылып алынған. Бұл туралы дерек «Zaman-Қазақстан» газетінің 1992 жылғы 2 желтоқсандағы санында жарияланған.
1864 жылы дүнгендер қолы бастығы Яғұр Қытайға қарсы соғыс ашқаны тарихтан белгілі. Ол тараншылардың әкімбегі Әбдірәсілге кісі жіберіп, көмек сұраған. Сұлтан Ибрагимұлы 1870 жылы Верный түрмесінен қашып шығып, Қытайға өткен Тазабек батырды өңір губернаторы Колпаковскийдің ұстап беру талабын орындамаған соң, Қытайдағы мұсылмандар көтерілісінің ұлт аймақтарына қанат жаюынан сескенген Ресей 1871 жылы (Ливадий шарты) қазақтар мекендеген Іле аймағын басып алды. Шыңжандағы көтерілісті басқан соң, Ілені қайтару туралы талап қойылып, 1881 жылы 12 ақпанда екі жақ Петербург шарты бойынша, Іле уәлаяты Қытайға қайтарылады. Қытай тарапынан өш алу әрекетінен қорыққан ұйғырлар Жетісуға көше бастайды.
1881-83 жылдары ұйғырлар мен дүнгендердің қазақ жеріне қоныс аударуына байланысты Жетісуда 6 болыстық ашылады. Солардың бірі – Шелек өңіріндегі Малыбай болыстығы. «Уезды Жетісу» деген кітаптың 247-бетінде: «Верный уезі, Малыбай болысы, Байсейіт елдімекенінде 1881 жылы 10 шаруашылық қыстаған. 1882-85 жылдары Байсейіт елдімекеніне Борбосун, Каш, Байтакай жерлерінен ауып келген. 1883 жылдан әр отбасына 0,5 десятин жер бөліп берілген. Екі жұмалық мешіт, мешітте мұсылманша оқыта бастаған», – деп көрсетілген. 1884 жылы Малыбай болысында 1442 түтін – 7862 адам, Қорам болысында 1548 түтін – 5598 адам болған. Осы жылдары Масақ, Қайнұқ, Асы, Он үй, Киікбай, Қаратұрыққа қоныс тепкен еді. Жаңа елдімекенде тез бейімделуіне жағдай жасап, Іле өңірінде болыс болған адамдар Жетісуға қоныс аударғаннан кейін де сол қызметтерінде қала беруіне, олардың тілін түсінбегендіктен, жергілікті халық пен болыстар келісім берген. Құлжа болысы Қасымбек – Жаркентте, Хонықай болысы Құдайберді – Ақсу – Шарынға, Тасөстең болысы Әбубәкір – Қорамға, Құлжа болысы Жамалидин Қарасуға болыс болып сайланған екен.
1948 жылы ғалым Ә.Хидоятов Иіңі аят «Жаңа өмір» журналында қазақ топырағына ұйғырлардың алғашқы легінің келгенін, қалай қоныстанғанын, қалай тамырланған тарихын жазған еді. Құлжадан қоныс аударған көшпенділердің бірі, ақын Сейітмұһәммәт Қетмәһәммәй былай деп жазады:
«Дәулеті бар адамдар
не нәрсеге алаңдар?
Сатып алар ақшаға
дайын тұрған баспана.
Көк тиын жоқ қолында
кембағал көп, жарандар.
Оған ешкім қарамас,
аштан өліп жатса да (Н.Н.Пантосов, Тараншы халық әдебиеті үлгілері, 148-бет, Қазан, 1909 жыл).
1902 жылы «Іледен көшіп келген өсек тараншыларының әндері» атты кітапта Жетісуға көшу себептерін жазады. « Іле уәлаятында Ресейдің боданында болған жылдарда орныққан көне феодалдық қауымнан капиталистік қарым-қатынастардың өмірге енуіне байланысты ұйғыр халқы мәдени тұрмыстық жағдайында елеулі өзгеріс пайда бола бастаған». М.Кабиров (Переселение Илийских уйгуров в Семиречие. Алма-Ата, 1951 г.).
Бүгінде Байсейіт батыр ауылында 3 мыңнан астам адам тұрып жатыр. Ауыл азаматтары мал, егін шаруашылығымен айналысады. Тоғыз жолдың торабында орналасқан ауыл халқы – республикадағы тұрғындары ең бай ауылдардың бірі. И.Таиров атындағы орта мектепте ұйғыр балалары өз ана тілінде білім алады. Әр отбасында кемінде бір жеңіл автокөлік бар. Мәдени әлеуметтік салада балабақша, ауылдық дәрігерлік амбулатория жұмыс істейді.
150-ге жуық жеке кәсіпкер тіркелген. Жеке ғимарат дүкен, асхана, мейрамхана, 800 шаршы метрден асатын сауда орталығында 40-қа жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Батыр ауылының топырағынан шыққан, қазақ қоғамының дамуына ерен еңбегімен үлес қосқан жандардың есімдерін айрықша атауға болады.
Революционерлер Абдолла Розыбакиев пен Исмаил Таировтың атында орта мектеп пен көше аттары берілген. «Қазақ радиосының» алтын қорына 500 шығармасы енген Қазақстанның халық артистері Гүлвира Разиеваны мен Семятова Мариямды, ақын, «Илхам сыйлығы» иегері Һизиряова Ташгүлді жастар үлгі тұтады.
Малыбай болыстығынан шыққан Социалистік Еңбек Ері Үзер Үсенов, Байсейіт ауылынан «Еңбек даңқы» ордені иегері Маруп Таиров, аудан басшысына дейін көтерілген Избакиев, А.Арзиев, ақын, «Илхам сыйлығы» иегері авторы Ж.Розахунов, ғалымдар: Ж.Жұмабеков, Б. Глаудинов, Г. Бахамов, Қазақстанның халық артисі Талғат Теменов, жазушы, драматург Ахметжан Аширов, сондай-ақ Абдулхай Мухаммади, Дулятов Абдумежит сынды ақындар, дүлдүлдер – ауыл мақтанышы.
Байсейіт ауылына кіреберіс шығыс жағына «Байсейіт ауылы» деген жазуы бар, биіктігі 7 метр стела орнатылды. Тұғырында «Байсейіт батыр – XVIII ғасырда жоңғар қалмақтарымен соғыста күрескен батыр» деп, анықтама жазылған.
Батыр өзі іргетасын қалаған, өмірінің соңғы 40 жылын мекен еткен, Құлжа күре жолы бойындағы Байсейіт ауылының шығыс жақтағы кіреберісіне «Байсейіт ауылы» жазуы және биіктігі 7 метр гранитті стела қойылып, «Ауыл жоңғарлармен соғыстарда ерлік көрсеткен қазақ батыры Байсейіт Төлесұлы (1680–1785) құрметіне аталған» деген анықтама жазылған.
Батырдың ауылдағы ескерткішін жаңалау, ас беру, төңірегін абаттандыру және қаржы жинап, жұмысты ұйымдастырып, Байсейіт ауылы стела орнатуға белсенді араласқан Айбек Әлдібаев, Еркін Әтейбеков, Оспан Әтейбеков, Бауыржан Бесіров, Алтынбай Қапенов, Тоққожа Қожағұлов, Роман Қойлыбаев, Дүйсен Мағлұмов, Сәбетбек Сатамбаев, Болат Сатыбалдиев, Төлеген Сейдәлімұлына халық ризашылығын білдірді.
Райымбек батыр туған өңірден Шелек өңірінде Байсейіт батырдың ұрпақтары бабасына көтерген ауыл атауының символы – ол Байсейіт баба кезінде өзі іргетасын құрған елді мекеніне, қайын жұртына жолдаған сәлемі, жұртына айтылған аманат деп бағаланады. Бұл – қазағымның елдігінің, бірлігінің айғағы, ата-бабаның аманатын ұрпақтары бұлжытпай орындап, жалғастыруы деп білеміз.