Бәйшешектер ерте солады

Бәйшешектер ерте солады

Біз ол кезде студент едік. Жатақхананың бөлмесінде төрт қыз тұрдық. Мен, Маржан, Асылгүл, Айнұр – бәріміз бір нанды бөлісіп жеп, сабағымызға бірге дайындалып, жұбымыз жазылмай тату-тәтті тұрып жаттық. Сол алғашқы курста жүргенде Кәмила атты қызбен танысып, құрбы дос болдық. Ол адамға үркектеп қарайтын бадана көз, орта бойлы, қара торы сүйкімді қыз-тын. Кәмила мен Асылгүл жерлес екен. Екеуі ауылына бара жатқанда пойызда танысыпты. Кәмила құрылыс-сәулет институтында оқитын. Сөйтіп біз онымен жақсы араласып кеттік. Сенбі сайын жатақханада атап өтілетін туған күн, түрлі сауық кештерге шақыртпай-ақ өзі кеп тұратын. Кей-кейде түнге қалып қойған кездері қасымызға қонып та жүрді.

Сонымен қыс бітіп, көгілдір көктем де келіп жетті. Қыстай бөлмелерінде бұйығып жатқан қыздар көктемде дүр етіп көтерілген бәйшешектей түрленіп шыға келді. Жалпы мен жыл мезгілдерінің ішінен көктемді қатты сүйемін. Әлде өзім осы мезгілде дүниеге келгендіктен бе екен, әйтеуір көңіліме тым жақын. Әрі табиғат-ананың оянып, мерекелердің бәрі көктемде басталатын кезеңі емес пе? Әдеттегідей қыздармен киноға, концерттерге барып жүрдік. Бірақ арамызда Кәмила жоқ еді. Әншейінде жарқылдап келіп-кетіп жүретін құрбымыз бізге көптен бері ат ізін салмай кетті. Арада жарты жыл шамасында уақыт өткен-ді.

– Осы Кәмаш қайда кетті, бізге келмегелі де біраз уақыт болды-ау, ә?! – деп қоямыз бір-бірімізге есімізге түскен уақытта. Қызық болғанда ол қыздың қай жатақханада, қай бөлмеде тұратынын да білмейтін боп шықтық. Бір күні іздеген Кәмиламыз да келді. Өңінде біраз өзгерістер бар. Бетінде қоңыр дақтар пайда болған, жүріс-тұрысы ауырлаған, денесі толысып кеткен сияқты. Сөйтсек, аяғы ауыр екен. Біз аң-таңбыз.

– Сен не, тұрмысқа шыққансың ба? Қашан? Үндемей жүріп, пәлесің-әй! Тойларың қай кезде болды? Күйеуің қайда, оқуыңды қайтесің? – деген сұрақтарды үсті-үстіне жаудырттық. Таңданысымызда шек жоқ. Ол езу тартып, шамасы келгенше жауап беріп жатыр.

– Иә, былтырғы жылдың аяғында шықтым тұрмысқа. Күйеуім өзіміз жақтан, қазір ол ауылда қалды.

– Е-е, дұрыс бопты онда. Бағың ашылсын! Аман-сау босанып ал әуелі, оқу ешқайда қашпас, – деп қоямыз тілеулес көңілмен. Кәмила жесін деп ащы қияр, алма, сүт, нан әкелуге дүкенге жүгіріп, біріміз картоп қуырып, әп-сәтте абыр-сабыр боп қалдық. Сол күні стипендиямызды алып ек, «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады», – деген деп, қалжыңдап қоямыз. Түстен кейін Кәмила «дәрігерге баруым керек еді» деп, жатақханасына қайтып кетті.

Арада біраз уақыт өтті. Сабағымыз бітіп, қыздар каникулға барып келдік. Өндірістік тәжірибемізді өтедік. Дәл Октябрь мерекесі қарсаңы болатын. Ол кезде екі-үш күн демалыс беруші еді ғой. Бізге қарағанда, ауылдары жақынырақ Маржан, Асылгүлдер үйлеріне барып келуге жиналып жатқан. Кенет есік ашылып, Кәмила кіріп келді. Өңі құп-қу, шаршаңқы.

– Не болды, Кәмаш, тыныштық па? Түрің келіспей тұр ғой? – деген бізге.

– Жәй, әншейін, соңғы кезде шаршап жүрмін, – деді Кәмилаға шай берген соң, біз ертеңгі мерекені қалай қарсы алатынымызды ақылдастық. Мана сабақтан соң досым Ернұр келіп: «Ертең парадтан соң ешқайда кетпеңдер, бір мәскеулік әншінің концертіне барамыз, билет алып қойдым», – деп кеткен. Кеш те батты.

– Бүгін сендерге қона салайыншы, жатақханаға барғым келмей отырғаны, – деді Кәмила. Ойымызда ештеңе жоқ:

– Жарайды, қалсаң қал, болса да ертең – мереке, – деп қалбалақтап жатырмыз.

... Түн жарымында бір ыңыранған дауыстан оянып кеттім. Біреу аһылап-уһілей ме-ау?! Селт етіп дәліздің шамын жақтым. Сөйтсем Кәмила төсекте дөңбекшіп жатыр.

– Кәмаш, Кәмаш! – деймін. Неғылды?

– Ештеңе емес, Әлия, бүйрегімнің шаншуы ұстап жатыр. Жаңа ғана дәрі іштім.

Үреймен жүзіне үңіле қарап:

– Дегенмен де дәрігер шақыртсам қайтеді? – деп ем.

– Жо-жоқ, керегі жоқ, Әлия! Сен алаңдамай жата бер, бәрі жақсы болады, – деді ол жалынғандай боп. Түрінде қиналыстың табы бар.

– Жарайды. Байқа, әйтеуір. Бір көмек керек болса, бізді оятарсың! – деп, орныма қайта жатып қалдым. Таңертең кеш тұрыппыз, бәріміз апыл-ғұпыл киініп жатырмыз. Тек Кәмила ғана көрпені бүркеніп алып, үнсіз жатыр, тұратын емес.

– Кәмила, тұр, сен де жүрсейші бізбен бірге, парадты тамашалайсың, – деп ек, біртүрлі манаураған дауыспен:

– Қыздар, өздерің бара беріңдерші, менің ұйқым келіп тұр. Азырақ демалып алайыншы, – деді.

Мен:

– Езіліп жата бергенше тұр, бізбен серпіліп, қыдыр! – дей беріп ем, ішіміздегі естиярымыз Маржан:

– Қой, аяғы ауыр ғой, біз келгенше тынығып алсын, мазасын алмайық, – деген соң, кілтті қалдырып, сыртқа шығып кеттік. Жолда келе жатып, ойға шомдым: «Кәмила неге кешеден бері мазасыз? Ауырып қалмаса болды, бағана біз кетерде денесі дірілдеп тоңып жатқан сияқты болған. Қап, неге үстіне тағы бір көрпе тастай салмадым екен?»

Төртеуміз шеруге қатысып, мерекелік думанды тамашаладық. Алған әсерімізді әңгімелеп жатақханамызға жайбарақат келе жатырмыз. Қарасақ, есіктің алдында милицияның машинасы тұр. Топырлаған адам, күбір-сыбыр әңгіме.

– Бір жағдай боп қалды ма? Мыналар неғып тұр? – деп сұрап ек, төменгі курстың бір қызы:

– Ой, білмейсіңдер ме, ана 215-бөлмедегі қыз әжетханаға баласын туып, сосын өз-өзіне қол салыпты! – дегені.

– Не дейді, аман ба өзі енді? – Біреу төбемізден қойып қалғандай, сілейіп тұрып қалыппыз.

– Тірі, қансырап жатыр. Сендердің алдарыңда ғана «Жедел жәрдем» машинасы келіп, оны ауруханаға алып кетті. Сөйтіп, нәрестені кімнің туып, тастап кеткені белгілі болды. Кәмила! Ойпырмай, одан мұндай жауыздық шығады деп кім ойлаған? Түнде мен оянған кезде Кәмила толғатып жатыр екен ғой. Ай, аңқау басым-ай, ондайын білгенімде, қыздарды оятып, бірнәрсе істер едік қой! Сонда Кәмила да мұндай сорақылыққа бармас еді ғой.

Кәмила ауруханадан айығып шыққан соң, сот болды. Үкім шығаратын күні бәрімізді залға жинады. Кәмиланың мұнда ешқандай туыстары жоқ еді, тек декан, куратор, жатақхана коменданты, студсовет және бірге оқитын екі-үш куәгер қыз-жігіт келді. Сотта қылмыс жасалған күнгі оқиғаның бәрі баяндалды. Төртеумізге әртүрлі сұрақтар қойылып, бәріне жауап бердік. Бір заматта Кәмилаға сөз берілді.

– Неліктен сен мұндай іске бардың? – деген соттың сұрағына ол:

– Мен зорлық-зомбылықтың құрбаны болдым. Сосын амалсыздан осындай жағдайға бардым! – деп, бетін басып, солқылдап жылап жіберді. Зал шулап кетті.

– Біз оны осы уақытқа дейін күйеуге шыққан деп жүрміз ғой, зорлағаны несі? – деп аң-таң болдық. Сот Кәмиладан оқиғаны бүге-шігесіне дейін баяндап беруін сұрады. Ол төмен қараған күйі өзінің жағдайын баяндап берді.

«...Курстастарыммен бір туған күн кешіне барған едім. Масайып қалған бір жігіттер мені зорлап кетті. Арада біраз уақыт өткенде мен аяғымның ауырлағанын білдім. Содан кейін менің өмір сүргім келмеді. Барлық армандарымның күл-талқаны шықты. Бүйтіп тірі жүргенше өлгенім артық деген ой миымнан шықпады. Жоспар құра бастадым. Сөйтіп сендердің жатақханаларыңа барып, толғақтың дәрісін ішіп алдым да баламды тудым. Бірақ ай-күні жетпегендіктен шарана өлі туылды. Алып келген кішкене қайшыммен күретамырымды қия салып, өзімді өлтіргім келді. Солай істедім де. Бірақ қансырап, есімнен танып жатқанымда студсовет Айгүл кеп, мені құтқарып қалды».

Кәмила әңгімесін аяқтады. Залда ауыр тыныштық. Біз оны не ақтарымызды, не даттарымызды білмей, үнсіз отырып қалдық. Жалғыз-ақ комендант апай:

– Әттең, байқұс баланың адасқаны-ай! – деді ауыр күрсініп.

Сот үкім шығарды. Кәмиланы бес жылға бас бостандығынан айырды. Жеті жыл беретін еді, зорлықтың құрбаны екендігін және шындықты мойындағаны үшін екі жылын шегерді. Тағдырың неткен ауыр еді, Кәмила! Бірақ қолыңмен істеген қылмысыңды мойныңмен көтеруге тура келеді. Кәмила соттың үкімін қасқайып тұрып тыңдады. Көзіне жас та алмады. Тас боп қатып қалған. Мен бұның я қайсарлық, я қатыгездік екенін түсіне алмадым.

Сол оқиғадан соң көп уақыт өтті. Бәріміз оқуымызды аяқтап, әрқайсысы өмір ағынымен жан-жаққа кете бардық. Ал Кәмила құрбымыздың тағдыры ары қарай не болды, бейхабармын. Менің көз алдыма ерте көктемде қылтиып шығып келе жатқан әсем бәйшешекті суық жүректі әлдекім аяусыз жұлып алып, бір иіскеп, далаға лақтырып тастағандай елестейді. Ал бір иіскеп лақтырып жіберген гүл кімге керек? Ол тез солып қалады емес пе? Ойлап отырсаң, бәйшешек – әдемі гүл. Ал әдемі гүлге бәрі құмар, ғашық. Сондықтан да олардың ғұмыры қысқа болады екен. Иә, бәйшешектер ерте солады. Кәмиланың да өмірі осы бәйшешекке ұқсас болғаны ғой.

Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ

 

26.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24167
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23838
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41307
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37222
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41517