Жақына Премьер-министр Олжас Бектенов Қызылорда облысына жұмыс сапары кезінде Байқоңыр қаласына барып, «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін көзбен көріп қайтқан еді. Ресей мен Қазақстанның біріккен жобасы болып табылатын «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешені еліміздің ғарыш саласын зерттеу істеріндегі көз тігіп отырған маңызды бірегей жобаларының бірі болып табылады. Үкімет басшысының жұлдызды қалаға жұмыс сапары жайлы толық ақпарат «https://primeminister.kz» сайтында жарияланған еді.
Ғарыштық зымыран кешенінің құрылысы «Союз-5» жаңа зымыран тасығыштарын ұшыруға арналған «Зенит-М» ҒЗК инфрақұрылымы базасында жүргізіліп жатыр. 2018 жылы ресейлік тарап алаңды жалға алуды тоқтатқаннан кейін нысанды қазақстандық мамандар пайдалануда. Жұмыстың аяқталу мерзімі 2028 жылдың мамырына жоспарланған, ал алғашқы ұшу сынақтарын 2025 жылы бастау жоспарланып отыр. Кешеннің жылына 6-8 зымыран ұшыруға мүмкіндігі бар.
Олжас Бектенов монтаждау-сынақ кешенін, сондай-ақ зымыран көлеміне шақталған көлік қондырғыларын қарап шықты. «Бәйтерек» БК» АҚ басқарма төрағасы Айдын Айымбетов кешенді заманауи жүйелерге сәйкестендіріп жаңғырту туралы баяндап, зымыран-тасығыш жүйелерді тексеру кезеңдері, сондай-ақ «Бәйтерек» жобасы үшін мамандарды оқыту туралы хабардар етті.
Үкімет басшысы «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешені бүгінде посткеңестік аумақтағы Қазақстан мен Ресейдің ең ірі бірлескен жобасы екенін және екі мемлекет басшыларының ерекше бақылауында екенін атап өтті. Биыл оны іске асыруға 14,7 млрд теңге бағытталды, қаражаттың қалған бөлігін бөлу мәселесі қосымша пысықталатын болады. Олжас Бектенов экологиялық таза тасымалдағыштарда ғарыш аппараттарын сәтті ұшыру үшін мамандардың тығыз бірлескен жұмысының қажеттілігіне назар аударды.
– Зымырандарды ұшыру мерзімдерін өзгертпеу керек. Үш ұшырылымның біріншісі келесі жылы өтуі тиіс. Жоба «Байқоңыр» кешенінің белсенді жұмысын қамтамасыз ету үшін аса қажет. Бұл орайда бірлескен кәсіпорындағы еңбек ұжымының жұмысы да маңызды. Сондай-ақ ғылыми ортамен де өзара тығыз іс-қимылды үзбеу керек, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Осы тұста «Бәйтерек» ҒЗК-нің өткеніне азырақ тоқтала кетуді жөн көрдік. «Бәйтерек» ғарыштық-зымыран кешенін құру туралы келісімдер алғаш рет 2004 жылы Ресей мен Қазақстан Үкіметтерінің келісімі негізінде басталған. Мұндағы басты мақсат экологиялық таза зымыран тасығыштарды қолдану, сондай-ақ Қазақстанға әлемнің ғарыш державалары клубына мүше болуға жол ашады деген үміт еді. Жоба бойынша алдағы уақытта сұйық отынның улы компоненттерін пайдаланантын «Протон» зымыран-тасығышын ұшыру тоқтатылып, оның орнына экологиялық таза болып есептелетін зымыран тасығыштарын пайдалану көзделген болатын. Сонан бері екі елдің қатысты тараулары мен Үкіметаралық келіссөздер толастаған жоқ. Талай түйткілді мәселелер күн тәртібіне көтерілген кездер де болған. Ең бастысы қаржылық жауапкершіліктің қазақтардың мойнына артылғанын ұмытпаған жөн.
2004 жылдары жоба жұмысы алғаш талқылана бастаған тұста жалпы құны 223 млн АҚШ доллары болады деп межеленген келісім 2012 жылға келгенде 1 млрд 640 млн долларға дейін көтерілген екен. Әрине, халықаралық нарықтағы валюталық өзгерістер, экономикалық дағдарыстар сынды өзгерістердің жоба құнының шарықтап кетуіне ықпал еткені анық. Әйтсе де барлық қаржылық жауапкершілікті Қазақстан тарапының мойнына арту барлығына қиын түсті. Бұған қоса «Роскосмостың» Ресейдің Қиыр шығысындағы «Восточный» ғарыш кешенін дамыту жобасына көбірек көңіл бөлуі, «ҚазҒарыш» агенттігіне «Байқоңырда жалғыз қалсақ, жағдайымыз не болады...» деген психикалық қысым әкелгені айдан анық еді.
Сан мәрте келіссөздер мен дипломатиялық кездесулерден кейін 2021 жылы жоба құрылысы басталып, нақты жұмыстар қолға алынып, екі жақ өз міндеттерін жүзеге асырып, алдағы ұшуларға дайындықты бастап кетті. Келісім бойынша алғашқы сынақ ретінде ұшу 2022 жылы болады делінген-ді. Сонан бері кейін шегеріліп, 2023 жылға, онан 2025 жылға өзгертілді.