Барлыбек Сыртанов және ұлттық-құқықтық мемлекет идеясы

Барлыбек Сыртанов және ұлттық-құқықтық мемлекет идеясы

Зерделі ғалым, «Қазақ уставы» құжатының авторы Барлыбек Сыртанұлының туғанына  160 жыл толды

 

Ұлттық элита дегеніміз қандай күш?

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басында қазақ даласында алдыңғы интеллектуалды элита қауым өкілдері қазақ елін отарлық езгіден құтқаруда, ұлт-азаттық жолындағы күресте, тәуелсіздік жолындағы күресте көш бастаушы қызметті өз қолына алды. Ұлттық элитаның алға қойған басты мақсаттарының бірі мемлекеттілік мәселесі еді.

Мемлекеттілік мәселесін шешуде ұлт элитасының алдыңғы қатарлы өкілдері Ресей Думасын, патша әкімшілік органдарын пайдалана отырып, ХХ ғасырдың бас кезіндегі өз ой-пікірлерін «Айқап» журналы, «Қазақ», «Дала уалаяты», «Алаш», «Сарыарқа», «Қазақстан», «Бірлік туы» газеттері арқылы халыққа жеткізуге күш салды, олар өз елінің тәуелсіздігі мен дербестігі идеяларын өздеріне мақсат етті.

ХХ ғасырдың басында мемлекеттілік үшін күрес жаңа қарқын алды, оның сипаты да жаңаша болды. Егер ХХ ғасыр басына дейін ұлттық мемлекеттікті қалпына келтіру әрекетін қазақ қоғамындағы басқарушы топ – сұлтан, бай, би, батырлар халықтың талабын ұғынып, іске асыруға күш салды. Кенесары Қасымұлы бастаған халық қозғалысы мұндай әрекеттің ХІХ ғасырдағы көрінісі болды. Бірақ бұл әрекеттер белгілі себептерге байланысты әр уақытта сәтсіз аяқталып отырды. Жаңа тарихи кезеңде мемлекеттілік үшін күрестің мәні мен мазмұны нақты бағдарламалық сипат алды. 

Біріншіден, азаттыққа қол жеткізу үшін қозғалыс басына ұлттық элита келді. Олар азаттық идеологиясын жасау, саяси партия құру сияқты күрделі мәселелерді қолға алды. 

Екіншіден, ұлттық элита бұл мақсатқа жетудің түпкі жолдары мен құралдарын да қарастырды. Олардың түсінігі бойынша мақсатқа жеткізер негізгі ішкі фактор – ұлттық тұтастыққа жету мен жалпыұлттық сананы қалыптастыру еді. Келесі негізгі маңызды фактор – Ресей империясында басқа да ұлттардың, әсіресе, мұсылман және түркі халықтарының дербес мемлекет болуы жолындағы күресте күш біріктіруі болды. Басқаша айтқанда, дербес мемлекеттілік үшін күрес дәл осы тарихи кезеңде ұлттық ауқымда да, сондай-ақ жалпыресейлік кеңістікте де жаңа мақсатты сапаға көтерілді.

Өз кезегінде ХХ ғасырдың бас кезіндегі мемлекеттілік жолындағы күрес пен бүгінгі таңдағы мемлекеттілікті, тәуелсіздігімізді нығайту жолындағы тікелей сабақтас байланысты аңғару қиынға түспейді.

Ал, ұлт элитаның қоғамдық қызметінде мемлекеттілік үшін күрес әдістері болды ма, жоқ әлде саяси топтардың патриоттық, ұлт-азаттық жолындағы күресте қолданған өзге әдіс-тәсіл жолдары болды ма? Осындай сұрақтардың жауабын табу қазіргі таңдағы, біз өмір сүріп отырған тарихи кезеңдегі алдымызда тұрған міндеттерді тура түсіну мен пайымдау үшін қажет.

Қазіргі ұрпақ үшін қазақ халқының элитарлық өкілдерінің қандай тарихи жұмыс атқарғандығы ғана маңызды емес, нақ сондай дәрежеде олардың қайраткер ретінде бар болмысы мен кім болғанын зерттеудің мәні зор болмақ. Өйткені, барлық өркениетті қоғамда әрбір ұрпақ өзінің ерекшелігін, тарихи борыш-міндеттерін осындай мәселелерді зерттеу арқылы, тарихи контексте зерттеу арқылы терең, толық түсіне алмақ.

Міне, осы айтылған жағдайлар ұлттық тәуелсіздік үшін жүргізілген күрес жүгін ауырлата түсті. Қалыптасқан жаңа саяси жағдайға лайық жаңа әдіс-тәсілдер, жаңа айла-амалдар қажет болды. Мұнда ең бастысы – халық санасын оятуға бейім қоғамдық қозғалыстарға ұйытқы бола алатын саяси-әлеуметтік күш керек болды. Қазақ қоғамында ондай күштердің қалыптасып келе жатқанын ХХ ғасыр басындағы саяси оқиғалар көрсетіп берді.

Осы кезеңнен бастап ұлттық элита елде жаңа өрлеу екпін ала бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа саналылық серпін беру мақсатында газет шығару, күреске шақырған кітаптар бастырып тарату, қоғамдық-саяси талаптар қойған петициялар ұйымдастыру сияқты күрес құралдарын игере бастады.

ХХ ғасыр басындағы Қазақстандағы саяси-идеялық жағдайларға сипаттама беру және Ресейдің оппозициялық партиялары мен қозғалыстарының Қазақстандағы саяси-құқықтық ой-пікірлердің қалыптасуына тигізген ықпалын айқындау да жан-жақты қарастырылды.

 

Автономия құру идеясының пайда болуы

Ресей университеттерінде білім алған қазақ халқының интеллектуалды өкілдері қоғамды өркениетті эволюциялық, демократиялық жолмен дамытуды жақтады. Сонымен, дербес қазақ автономиясы туралы идея қай кезде пайда болды деген сұрақтың жауабын қарастырсақ. Автономия құру идеясы қазақ даласында ұлттың интеллектуалды өкілдерінің ұзақ жылғы саяси күресінің, үздіксіз идеялық ізденістерінің нәтижесінде болды деп айтуға болады. Қазақ қайраткерлері ұлт азаттығы жолындағы күресі барысында жаңа құқықтық мағынаға ие болып отырды. Бұл жағдайды Ресейдің отарлау аппаратының шенеуніктері де түсіне білді. Көп жағдайларда ұлттық элита өкілдері өз пікірлерін ашық түрде білдіріп отырды. Мысалы, мына құжаттағы дерек осының дәлелі бола алады: Жақып Ақбаевқа граф Пален жазған хатта «Сіздің Қарқаралы республикасының Президенті болғаныңыз рас па?…» деген сұрақтың өзі Ж. Ақбаевтың демократиялық республика құру идеясын насихаттағандығын әйгілесе керек.

Дербес автономия мен демократиялық республика идеясын қалыптастыруда Барлыбек Сыртановтың да қатысы болғандығын оның өміріне қатысты деректерден көруге болады. 1905 жылы Орал қаласында Қазақстанның бес облысының өкілдері қатысқан съезд болып өтті. Оның делегаттары қатарына Ә. Бөкейханов, Ж. Сейдалин, М. Дулатов, Б. Қаратаев, Б. Сыртановтар болды. Бұл съезде «қазақтың конституциялық демократиялық» партиясын құру мәселесі қаралған. Б. Сыртановтың 1911 жылғы «Қазақ елінің уставы» атты еңбегі қазақ елінің болашақ мемлекеттік құрылысы туралы идеясының сол уақыттағы алдыңғы қатарлы идея болғандығын дәлелдейді. Барлыбек Сыртанов қазақ даласындағы саяси, әлеуметтік жағдайды өз көзімен көрген азамат ретінде ахуалды ұлт мүддесінде шешуге ұмтылды. Барлыбек отаршыл империя алдында әлсіздігін сезіне отырып, идеялық бағыттағы күрес мәселесін алға қойған тұлға.

Бұл кезеңде Жетісу аймағындағы жағдай шиеленісті болатын. Сондай жағдайлардың бірі – ХХ ғасырдың басында құрылған Жетісу қоныс аудару басқармасының қызметі болды. Отаршылдық негізде құрылған қоныс аудару басқармалары жергілікті халықтың пайдалануындағы «артық» жерлерді тартып алып, қоныс аудару телімдерін дайындады. Жыл сайын Жетісу облысында алдын ала кіші аудандар жоспарланып, оларда қоныс аудару телімдері құрылды. Нәтижесінде, Жетісу облысындағы Ресей империясының чиновнигі А. Л. Трегубовтың зерттеуінде Жетісу өлкесінде бос жатқан жер қорының көптігін ерекше атап, 1 миллионға дейін орыс шаруаларын әлі де болса орналастыруға болатындығын айтты. Қытаймен шекаралас территорияларда шаруаларды тығыз қоныстандыру қажет деп тұжырымдаған Ресей империясы уақыт өткен сайын қоныстандыру саясатын басты бағыт ретінде қарастырып, шет аймақтардағы қоныс аудару мекемелерін күшейтті.

Ресей империясының әкімшілігі жергілікті қазақ халқын өз мәдениетінен, дінінен алшақтату мақсатында орыс мектептері мен шіркеулердің санын өсірді. Ал өлкенің жергілікті тұрғындары үшін мешіттер және медреселерді салу ісі тоқтатылды. Қазақ даласындағы отарлық саясаттың күшеюіне байланысты Барлыбек Сыртанов халықтың басына түскен мәселеге байланысты 1891-1894 жылдары Ташкент қаласында қызмет істеп, одан кейін Жетісу облыстық басқармасының іс жүргізу бөлімінің меңгерушілігіне ауысқан. 1903-1907 жылдары Барлыбек Сыртанов Жетісу аймағының Қытаймен шекарасын тексеру тобының мүшесі ретінде, Столыпиннің аграрлық реформасы нәтижесінде қазақ даласына қоныстанушылардың санын азайтуға қатысты қызметін де бастағандығын айта кетуге болады.

Нақты айтсақ, Барлыбек Сыртановтың қазақ даласын қорғау үшін отарлық саясатқа қарсы тұрып, оған барша жетісулықтарды жұмылдыруға күш салды. Осы мақсатта жиын өткізіп, оның күн тәртібіне қазақтардан тартып алынған жерлерді қайтару мәселесін қоюды талап етті. 

 

Шұрайлы жерлерді тартып алған келімсектерге қарсы күрес

Келімсектер Жетісу өлкесінде шұрайлы жерлерді тартып алып, талан-таражға салып, қазақтардың күн көрісін қиындатты. Осындай әрекеттерге тосқауыл болу барысында Барлыбек Сыртанов 1910 жылдың 21 қазанында Ұзынағашта облыс қазақтарын жинап, арнайы кеңес өткізді. Жиында өзі баяндама жасап, жерлерінен айырылып, шөл, шөлейт аймақтарға ығысқан халықтың ауыр жағдайын, шаруалар отарлауының зардаптарын ашып көрсетті. Жердің тарлығы мен тауқыметін тартқан елдің еңсесін көтеріп, баяндамасында халықты бірлікке, күреске шақырып, былай деген: «Ел-жұртым, қара шекпенділер күннен-күнге біздің жерімізге қоныстануда, халіміз ауырлап барады, күн көру қиынға соғып тұр, жақсы жердің бәрі қарашекпенділердің меншігіне өтті, жұртынан айырылған байғұс қазақ тақыр жерге қуылды. Ауыз ашпай жатуға енді болмас, ояну қажет, кір жуып, кіндік кескен, аталарымыздан қалған жерімізді сақтап қалу басты міндетіміз. Қарашекпенділердің келуін тоқтату үшін бүтін қазақ болып бас қосу қажет».

Барлыбек Сыртанов Ресей кітапханаларындағы еңбектерді ой-зердесінен өткізу нәтижесінде жазған еңбегі – «Қазақ елінің Уставы» (Жарғысы). Бұл алғашқы қазақ мемлекетінің Конституциясы үлгісі еді. Еңбектің кіріспе бөлімінде тарихқа қатысты мынадай ойлар жазылған: «Қазақ елі – көне ұлттардың бірі. Оның тарихының тамыры тереңге жайылған. Жеке ел болып өмір сүрді, елін, жерін қорғады. Ұрпақ жалғастырудан 7 миллионға жетті».

«Қазақ елінің Уставы» төрт бөлімнен тұрды. Олар: «Қазақ елі республикасының жеке болуы турасында», «Адам баласының хұқы турасында», «Қазақ жері турасында», «Сот турасында». «Қазақ елі республикасының жеке болуы турасында» атты бөлім ұлттық мемлекеттілік идеясының негізі болғандығын көреміз. Жарғының негізінде Барлыбек Сыртановтың құқықтық мемлекеттің белгілерін нақты көрсете білген. Қазіргі кезде тәуелсіз Қазақстанда Барлыбек Сыртанов еңбегіндегі құқықтық мемлекеттің белгілері орын алған.

«Алаш» партиясының 1917 жылы 21 қарашада «Қазақ» газетінің беттерінде жарияланған бағдарламасының жобасында мемлекеттілікке басты мәселе ретінде айтарлықтай орын берді. Бағдарламаның бірінші тарауы «Мемлекет қалпы» деген атаумен көрсетілді. Тарауда Қазақстандағы мемлекет түрі мына төмендегідей нақты, айқын етіп жазылды: «Россия демократическая федеративная республика болады. Демократия мағынасы – мемлекетті жұрт билеуі; федерация мағынасы – құрдас мемлекеттер бірлесуі. Федеративная республикада әр мемлекеттің іргесі бөлек, ынтымағы бір болады, әрқайсысы өз тізгінін өзі алып жүреді».

Қазақстанның ХХ ғасыр басында ұлттық мемлекеттілік идеясы бағытында қызмет жасап, идеялық күресті ұйымдастырушы интеллектуалды элита өкілдерінің қызметі бүгінгі таңда да өзекті болып отырғандығын білеміз. Мысалы, мемлекет құрылысына аса қажет жер, мемлекеттік тіл, ұлттық мемлекеттік идеология, ұлттық діл (менталитет), ұлттық сананың қалыптасуы, ұлттық демократия секілді өзекті мәселелерді шешуде өткен ғасырдағы қазақ мемлекеттігінің дербестігі үшін күрескен ұлттық интеллектуалды элита еңбектері мен көзқарастарының маңызы зор болып отырғанына көзіміз жете түсті. Бұл бағыттағы зерттеулер Қазақстан Республикасы мемлекетінің құрылысы мен болашағына жол ашуда Алаш қайраткерлерінің еңбектері басшылыққа алынуы керек деген ойға жетелейді.

Л. М. ХАСАНАЕВА, 

тарих ғылымдарының кандидаты, 

әл-фараби атындағы ҚазҰУ, 

Қазақстан тарихы кафедрасының ассистент-профессоры 

 

Е. И. СТАМШАЛОВ, 

PhD доктор, Жетісу облысының М. Тынышбайұлы атындағы 

тарихи-өлкетану музейінің 

аға ғылыми қызметкері

 

16.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24442
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24104
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41556
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37459
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41818