Барлық шындық айтылып, кінәлілер жазалануы тиіс

Барлық шындық айтылып, кінәлілер жазалануы тиіс

      Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса: «Қазір әлеуметтік желілерде «ереуілде террористер де, содырлар да болған жоқ» деген, Президент не айтса да, оның сөзін жоққа шығаруға тырысушылықты байқаймыз. Бұндай «лаңкестер де, содырлар да болған жоқ» деп соғып отырғандар бұл жауапсыз сөздерінің бейбіт ереуілшілерге жабылған жала екенін ойлануы тиіс. Содырлар жоқ болса, лаңкестер жоқ болса, онда 19 полицей мен сарбазды кім өлтірді, екі полицейдің басын кесіп алғандар кімдер? Өз жұмысымен кетіп бара жатқан жеткіншекті, жастарымызды кім өлтірді, бейбіт ереуілшілер ме? Әкімдік пен мемлекеттік органдарды өртеп, шабуыл жасағанда бақылау камераларын атып түсірген снайперлер бейбіт шерушілерге де оқ жұмсағаны туралы ақпараттар да жүр. Бұлардың бәрі анықталып, жазаға тартылуы тиіс. Сол асүйінен шықпай-ақ, диванда жатып алып жазып жатқандар полицияда қызмет етіп жүрген немесе әскерде ел қорғап жүрген ұлдарын содырлар өлтіріп кеткен, боздағын жоқтап боздап отырған әке-шешеге барып, «ешқандай содырлар жоқ, лаңкестер жоқ» деп айтып көрсінші, не болады, не естиді екен сонда?!. Лаңкестер мен содырлар деген бір жақтан арнайы іссапармен келетін, содыр не лаңкес деген анықтама куәлігі бар қылмыскерлер ғана емес, осы елімізде, ішімізде жүргендер де адам өлтірсе, мемлекеттік ғимараттарды өртесе, олар да лаңкестер мен содырлар. Кім болса да, лаңкестік пен содырлық жасаса, солар содырлар мен лаңкестер болады. Жазықсыз жандарды атып, арандатушылық жасаған күштердің шабуылынан қазіргі олардың интернеттегі іріткі салып, арандатушылық шабуылдары да ешбір кем соғып жатқан жоқ. Соған қарағанда, олар «өтірікті қаншалықты көбірек қоссаң, соншалықты сенімді болады» деген ұстанымды ұстанған сияқты. Олар өздерінің шабуылынан қаза тапқандарды енді мемлекетке қарсы интернеттік гибридтік шабуылдарының нысанасы ретінде де пайдаланып жатыр. Яғни, полициямен, әскермен қақтығыста қалқан ретінде, арандату үшін пайдаланған қарапайым құрбандардың енді әруақтарын шулатып, оларды тағы да интернеттік шабуылдарының құралына айналдыруда. Ал мұны білмеген, алашапқын аттанға қосылған аңқау жұрт арандатушылардың қармағын қауып, шоттарын шауып жатқанын аңғаратын емес. Кейбір қарапайым жұрттың ешнәрсеге көзі жетпесе де, өзгенің жаласына сеніп, қолдау жасаған әр лайктары, әр айыптау сөздері арандатушы күштердің атқан оқтарына айналып жатқанын аңғармауда. Бұл туралы Президент те «мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылғандар идеологиялық диверсияны жақсы меңгерген» деп атап айтты. Идеологиялық диверсия интернетте әлі жүріп жатыр. «Мемлекетке сатқындық жасады» дегендері де жалған, лаңкестік пен содырлықтар да жалған, әйтпесе, олардың үстінен қозғалған қылмыстық істер қайда?» дегендерге кеше Президент қабылдаған Бас прокурор жауап берді. 15 іс Мемлекетке опасыздық жасау, өкілеттіктерді асыра пайдалану және билікті басып алуға әрекет ету бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қарауында жатыр. 179 іс арнаулы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық тергеу тобы жаппай тәртіпсіздіктер мен терроризм актілері бойынша тексеруде. Ал «жазықсыз жандарды тұтқындап, азаптағандар қатаң жазаға тартылуы тиіс» дегенді 8 қаңтарда «Қазақстан» ұлттық арнасының «Ашық алаң» хабарынан бастап ашық айттық. Сол кезде «Қазақ үні» ұлттық порталында бірнеше рет мақала да жаздық. Белгілі тележурналист Нартай Аралбайұлының ютуб арнасы мен «Атамекен бизнес тв» телеарнасындағы сұхбатымызда да жазықсыз тұтқындалғандарды босатуды, кінәлілерді жауапқа тартуды талап еттік. Белгілі адвокат Абзал Құспан бастаған «Аманат» комиссиясы 100-ге жуық тұтқынды түрмеден шығарды. Енді, міне, 173 іс - құқық қорғау органдары қызметкерлерінің адам құқығын қорғау емес, қорлауы бойынша, яғни, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны туралы азаматтардың шағымдары бойынша жүргізуде. Бас прокуратура мен құқық қорғау органдары қолдарында бар дәлелдерді, бейне-фото материалдарды түгел жариялауы тиіс. Ел барлық шындықты өз көзімен көруі керек. Әйтпесе, бұл ақпараттық кеңістікті түрлі күмәнді бейне-фотолар мен фейк-постар толтыруда. Сондықтан да, әлеуметтік желілер мен ақпараттық алаңда мемлекеттік органдар мен ресми ақпарат құралдарының емес, солардың сөзі өтімді болып тұр... Қазақстан Республикасы Терроризмге қарсы орталығының мәліметі бойынша, 2019 жылдың аяғында Қазақстанда 20 мыңнан астам деструктивті діни идеологияны ұстанушылар өмір сүргенін естен шығармайық. Қаңтар қасіретінде Президенттің барлық жауапкершілікті өзі көтеруі мемлекетті сақтап қалды. Егер президент осылай Мемлекет басшысы ретінде барлық ауыр жауапкершілікті өз мойнына алып, өткір шешімдер қабылдамаса, «Президент неге қарекетсіз отыр» дер едік бәріміз. Мысалы, қазір Президентті сынап жатқандардың көбісі еліміз бойынша ереуіл жаппай бүлікке жалғасып, адамдар қаза тауып жатқанда, «Президент неге бір батыл шешім қабылдамай, қарап отыр»,деп сынағандар. Мемлекетті сақтап қалу үшін мұндай ауыр жауапкершілікті өз мойнына алу өте ауыр шешім, Президент те адам болған соң, аса қиын жағдай! Өйткені, мұндай жағдай, мемлекеттік төңкеріс қазақ тарихында, берісі біз білетін кейінгі жүз жылдықта бірінші рет болып отыр. Сондықтан, бұл жерде мемлекетті сақтау жолында мемлекет басшысының өзі де құрбандыққа барып отыр деуге болады. Сондықтан да, «Ел жолындағы ауыр жүкті ер көтереді» дегендей, «Мемлекетімізді, қасиетті Тәуелсіздігімізді сақтап қалған Президенттің ерлігі» деп жазып жатты қоғам белсенділері мен қарапайым азаматтар да. Тіпті, Президенттің оппоненттері дерлік белгілі тұлғалардың өздері Мемлекет басшысының мемлекетті сақтап қалудағы қайрат-жігерін қолдап, үндеу жасады. Кез келген мемлекеттік төңкеріс құрбандықсыз болмайды, 227 адамның қаза тапқаны орны толмас ауыр қайғы! Ал президент бар жауапкершілікті өз мойнына алмағанда қазір соғыс әлі жүріп жатуы, құрбандар саны одан ондаған есе көбейіп кетуі де мүмкін еді. Тіпті, мемлекеттігіміз сақталып қалуы да неғайбыл болар еді. Президент әрісі Мемлекетті, берісі елді азамат соғысынан сақтап қалды. Ондай жағдайда, елде анархиялық жағдай орнап, азамат соғысы басталып кеткенде Президенттің өзі шақырған Ұжымдық қауіпсіздік шартына мүше елдер әскерлері біздің шақыруымызсыз-ақ елге кіруі мүмкін еді. Жан-жағымыздағы болсын, алыстағы болсын алпауыт мемлекеттер де әскер кіргізуі мүмкін еді. Ал шақырусыз, өз мүдделері үшін өздері кірген жат ел әскері қайтып шығуы қиын екені тарихтан белгілі. Президентте таңдайтын жол да болған жоқ! Таразыда тек мемлекетті сақтап қалу ғана тұрды! Бұл президенттің қатал да болса, батыл шешімі елді төңкеріс пен азамат соғысына ұрындырмай, мемлекетті сақтап қалған мәжбүрлі жалғыз жол. Енді, ел боламыз десек, әлеуметтік желілер мен ютуб арналарында билікке тәуелсіз болып келген, тіпті биліктің тұрақты сынаушыларына айналған белгілі қоғам қайраткерлері де ашық жазып жатқандай, Мемлекетті сақтап қалуымыз үшін, мемлекет басшысын қолдауымыз керек. Ал содырларды емес, бейбіт азаматтарды атып, арандатушылық жасаған полицейлер мен әскерлер анықталып, қатаң жазаларын алуы тиіс! ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы қаңтар қасіретінен кейінгі тағы бір қайратты қадамы экономикамызда жариялылықты жариялауы болды. Еліміздің бар байлығының жартысынан астамын 55 пайызын 162 адам ғана иеленіп алғанын алғаш рет ашық мәлімдеді. Ал қалған 19 милионнан астам бүкіл халықтың жартысынан астамы кедей екені, бір миллионнан астам адамның жағдайы кедейлік шегінен де төмен екені алғаш рет ашық айтылды. Парламентте «Ақ жол» фракциясы 10 жылдан бері көтеріп келе жатқан шетелдердегі офшорлық аймақтарға кеткен 160 млрд долларды қайтару мәселесі Президенттің тапсырмасымен қолға алынуда. Иә, сыбайлас жемқорлық арқылы, соның ішінде көптеген оффшорлық компаниялардан алынған капиталды қайтару процедурасын белсенді түрде бастау қажет. Биыл 2 ақпанда «Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері қаңтардағы қайғылы оқиға кезінде Қазақстаннан шет елдерге ірі көлемде қаржы аударылғаны туралы ақпаратты талап етті. Жылына 6 миллиард долларға жуық халық қаржысын жымқырып отырған «Қорғас» кеденінің қожайындары тергелуде. Утилсбор төлемдері тоқтатылып, қазір қайта қаралуда. Заңсыз, салықсыз өмір сүріп келген «Алтын орда»» базары жабылуда. «Екінші үкімет» рөлін атқарып отырған, ел қазынасын көбейтуге үлес қосады деген, бірақ қазынаны азайтып жатқан «Самұрық-Қазына» қорына реформа жасалмақ. Президент Қ.Тоқаев тіпті, «реформалауға келмесе, жауып тасату керек» деп те кесіп айтты. Кейбір ақпарат құралдарының жазуынша, «Самұрық-Қазына» қазынамызды толтырмақ түгілі, мемлекетке 18 млрд доллар қарыз... Олигархтар заңсыз иеленген қаржыларын мемлекетке қайтаруы қажет Әлеуметтік жағдайы төмендерге арналған «Қазақстан халқына» қорына байлардан 100-деген млрд қаржы түсуде. Бұл негізі, ел қазынасын отыз жыл бойы опырып отырған олигархтардан Отанға көмектесу арқылы қарпыған қаржыларын заңды қайтару жолы болса керек. Негізі, олигархтардан қайыр сұрағандай сұрап отырғанша, Менделеев кестесінің бәрі табылатын қазақ жерінің қазба байлығын, кенен кенішін түрлі құйтырқы заңсыз жолдармен қолға түсіріп байығандардан сол байлықтың, кемінде 80 пайызын, ал қазба байлық орындарын түгел қазынаға қайтаруды қатаң талап ету керек! Өйткені, ол қазба байлықтар олардың да, ешкімнің де ата-бабасынан қалған мұра емес, Құдай берген қалың Қазақтың байлығы! Олигархтардан ұрланған ел байлығын қайтару әлемдік тәжірибеде бар. Бәрі заңды, дәлелді болған жағдайда оған ешқандай кедергі болмайды. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасының бірінші оқылымда қабылдануында баяндама жасаған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов та депутаттар сұрақтарына байланысты толыққанды жауап берді. Мысалы, «Қазақ үні» ұлттық порталында жазылғандай, Сауд Арабиясында қазынадан ұрланған қаржыны түгел қайтарғанша, ханзадалар мен миллиардерлер бірнеше ай үйқамақта (қонақүйлерде) отырған... Нәтижесінде, 100 миллиардтан аса қаржы қазынаға қайтарылған. Ал Қазақстанның ұрланған қаржыларының көлемі Сауд Арабиясының «саудасын» ондаған есе орап кетері анық! Бейбіт шеруге ауыл жастары көп қатысты. Өмір бойы ауылда тұрса да, алақандай жер ала алмай, жұмыссыз қалғандар. Сондықтан, кезінде алапат ауқымдағы жер көлемін иеленіп алған ірі латифундистер жерінің 80 пайызын ауыл тұрғындарына, шаруалар мен фермерлерге қайтарымсыз беруі тиіс. Қазынаға бай, кенге толы елде кедейлер болмауы тиіс! Тоқаев отыз жылдық қоғамдық-саяси жүйенің, экономикамыздың неге дамымай отырғанының, тамырымызды кеміріп, жегі құрттай жеп жатқан жемқорлықтың сүйекке сіңіп кеткен қауіпті ауруының диагнозын дәл қойып, тура тапты және оны елге ашық жариялады. Енді ол ауруды түбірімен емдеу керек! Емге көнбейтін кеселді кесіп алып тастау керек! Жалпы саяси жүйені өзгертіп, әлеуметтік-экономикалық әділеттілік орнауы тиіс! Сыбайлас жемқорлықты түп-тамырымен жою керек! Сонда ғана халық билікке сенеді. Бай мен кедейдің арасы әлемде қалыптасқан өлшемнен оншақты есе асып кетті. «Ақ жолдың» саяси бағдарламасында айқын жазылғандай, Қазақстандай қазынаға бай, кенге толы елде кедейлер болмауы тиіс! Ұлттық концепсия қабылдануы қажет! Ел көшеге пұл үшін ғана емес, тіл үшін де шықты… Қаңтардың қанды қырғынында көшеге шыққан жастардың көбісі ешнәрсе жоғалтпайтындар еді. Өйткені олардың қолында ешнәрсе болған жоқ. Басында баспана жоқ, «екі қолға –бір күрек» жұмыс жоқ. Жұмыс жоқ болғасын көретін күн жоқ. Өйткені, тауып жатқан пұл жоқ. Арызын айтып барса, мемлекеттік мекемелерде қазақша тіл жоқ! Осылай отыз жыл бойы жалған уәдеге тойып, булығып жүрген жастардың жарылысын, заңды шеруін бүлікшілердің қанды шеруге айналдырып жібергені өкінішті, орны толмас қасірет! Енді халқы ресми санақтың өзінде 70 пайыздан асқан, негізі 80 пайызға жуық болуы керек, мемлекет құраушы қазақтардың талабын орындау үшін, біртұтас ұлт ретінде Ұлттық концепсия қабылдауымыз керек. Ең алдымен 30 жыл бойы қабылданбай келген Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдануы қажет! Бір тіл болғанда ғана бір ел, біртұтас қоғам орнайды! Тілі бірдің тілегі бір, мүддесі ортақ болады! Қасірет қайталанбауы үшін ұлттық келісім жасалуы тиіс Әлемдік кеңістіктен тыс өмір сүру қиын екендігі белгілі. Сондықтан, елімізге бұрынғы жайлы инвесторлық климатты қайтару үшін және бұл қанды бүліктің қайталанбауы үшін Ұлттық келісім қажет. Барлық заңсыз қамауға алынған демонстранттарды босатып, қайғылы оқиғаларды объективті түрде тергеуді, мемлекеттік төңкерістің басшылары мен қосшыларын, орындаушыларды, қолдары қан содырларды, қарақшыларды және т.б. тұтқындап, олар қатаң жазалануы қажет. Бұл туралы парламентте «Ақ жол» фракциясы екі рет депутаттық сауал жасады. Енді түтіні түзу шығатын ел ретінде үкімет пен барлық қоғам, элита бірлесіп, Ұлттық келісім жасалмаса, осындай бүлік шығару созыла береді. Жоғарыда айтылған олигархтар қаржысын мемлекетке қайтаруы мен латифундистердің жер телімдерін ауылдағы жерсіз, жұмыссыз шаруаларға беруі туралы мәселе осы Ұлттық келісім аясында заңды құжатпен жасалуы тиіс. Ұлттық келісімге келуде Ұлттың зиялы қауымы үнсіз қалмауы тиіс. Мұнда Азаматтық қоғамның позициясы үлкен рөл атқарады. Кезінде соғыстан кейін Жапония мен Германия осындай ұлттық келісімге келіп, біртұтас қоғамға айналуының арқасында мықты елге айналды. Кінәлілері халықтан кешірім сұрап, тәубеге келді. Бізде де сондай Рухани тазару, арылу қадамы басталуы қажет. Барлық шындық ашық айтылуы тиіс! Кінәлілер қатаң жазалануы керек! Сонда ғана ел сенеді. Әйтпесе , бұндай бұлғақ жалғаса береді. Ел аман, жұрт тыныш болсын!» деп атап өтті.

Ермек Сахариев
18.02.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 75
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 597
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 714
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 626
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 636

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8770
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8170
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11399
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9153
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10384