Баспанасыз қазақтар

Баспанасыз қазақтар

Кешке: «Әке, теріс қарай тұрыңызшы, шешініп алайын. Таңертең: «Әке, теріс қарай тұрыңызшы, киініп алайын». 

Бойжеткен қызы, ержеткен ұлы, бәрі бір бөлмеде тұрып жатқан қандастарымыздың қасіреті жүрегіңізді сыздатпай ма?

Мұндай жағдай «жер телімі берілсе, баспана тұрғызып, ұрпақ өсіріп, ұлтымыздың айбынын асырар азамат тәрбиелер едік» деп армандайтын әрбір баспанасыз қандасымыздың басынан өтіп жатыр. Бұл – жүрер жолына кілем төсеген Елбасы бар, «дамыған», жер көлемі жағынан әлемде 9-орынды иемденетін (халықтың орналасу тығыздығы 1 шаршы шақырымға 5,5 адамнан келетін), бар болғаны он тоғыз-ақ миллион халқы бар «ғажайып Қазақстандағы» босып жүрген баспанасыз қандастарымыздың басындағы қасірет.

2005 жылдың 18 қыркүйегінде мемлекет назарынан тыс қалып, адам төзгісіз ауыр халде күн кешіп жатқан баспанасыз қандастарымыз «Шаңырақ-2» ықшам ауданынан Алматы қаласының әкімшілігі ғимаратын бетке алып шеруге шықты. Онсыз да шерлі халықтың зарына құлақ түрудің орнына оларды полицейлер жолын кесіп, арақпен сусындатып, бетперде киіп, тоқпақпен қаруланған ОПОН-дықтар аяусыз жазалады. Он үш адам тұтқындалып, жауапқа тартылды. Бұл оқиға тәуелсіздігіміздің 14 жылдығы тойланар сәт қарсаңында орын алды.

Шерушілердің бел ортасында болған автор көзбен көріп, көңілге түйгендерін қолыңыздағы толғауға арқау етті.           

 

 

Баспанасыз қазақтар

 

О, Жаратқан, біз саған не жазып ек,

Басымыздан арылмады қасірет.

Талай ұрпақ армандаумен өткен-ді, 

Біз аңсаған тәуелсіздік осы ма ед? 

 

Кешір бізді, кешір бізді, Жер-Анам,

Бабаларым жанын қиып қорғаған.

«Сатылсын» деп, қолымызды көтердік,

Ездігіме бүгін қатты қорланам. 

 

Кешір бізді, кешір бізді, бабалар,

Бұл ісіміз сатқындыққа барабар.

Кісі есігін сығалап жүр ұрпағың,

Басында жоқ баспанасы паналар.

 

Қартымызды босағаға ысырып,

Келімсекке төрімізді ұсындық.

Төрімізге бүгін қайта шыға алмай,

Түс қайтқанда қате екенін түсіндік.

 

Ақша, байлық ерді жолдан тайдырар,

Қалды ма жан ұлтты ойлап қайғырар?

Қайран қазақ қалар ма деп ұл болып,

Жүрегімді тілгілейді сан сұрау.

 

Қайда менің ел қорғайтын ерлерім,

Тұманданып бара жатыр ертеңім.

Бауыздарға лақ екеш лақ тыпырлар,

Бензин құйып кетпе босқа өртеніп.

 

Бүгінгі күн керек бізге Қабанбай,

Сасқаным-ау, өзге амал таба алмай.

Керек бізге дәл осы сәт Бөгенбай,

Тұрғандаймын өзге амал көре алмай.

 

Дәл осы кез керек бізге Наурызбай,

Кел тезірек, елдің сорын ағызбай.

Ұрпақтарың сендерді іздеп зарықты,

Бастарынан қайғы бұлты арылмай.

 

Мынау менің қасиетті кең далам,

Бабаларым қанын төгіп қорғаған.

Келімсектен ұлтарақтай жер сұрап,

Жалбарындық көмек тілеп Алладан.

 

Ешкім мұны дей алмайды өтірік,

«Терещенко», жер берші» деп өтіндік.

Өз елінде өгей ұлдай күй кешіп,

Келімсектен жер сұраған не сұмдық?!

 

Бүгін қазақ өз жерінде пұшайман,

Еріктері «татулықпен» тұсалған.

Жер беріліп, үй тұрғызды ұйғырлар

Кеше ғана ауып келген Қытайдан.

 

Қазақ бүгін өз елінде сорлады,

Қорғай алмай құқықтарын өз заңы.

Келімсектер иеленіп байлығын,

Қазақтарды құл сияқты қорлады.

 

«Қасиетті жерге» Медет ер келді,

Көтерілді көкке елдің еңсесі.

Ел дегенде еңіреген ерлерге

Елдің жүгін көтеретін кез келді.

 

Көтерер күн туды бүгін басыңды,

Болсын десек бұл қазақтың ғасыры.

Батыр Медет бастады елді ызалы,

Елестетіп көкті тілген жасыңды. 

 

Қыркүйектің он сегізі, жексенбі,

«Бұл ісіміз ақиқат» деп ел сенді.

Болашағың бастау алар бүгіннен,

Ойламасақ болмас, сірә, ертеңді...

 

Емшек бар ма жыламаған балаға,

Осы ойды бекіттік те санаға,

Шерімізді тарқатсақ деп әкімге,

«Шаңырақтан» бағыт алдық қалаға.

 

Біз қарттармыз, асайтынын асаған,

Біз қарттармыз, жасайтынын жасаған. 

Ойлағанда келер ұрпақ тағдырын,

Мен еріксіз жанарыма жас алам.

 

Қонақбай қарт осылайша толғанды,

Шешілер ме қазақтың мұң-толғағы.

Қайтарылса жер иесі – қазаққа,

Ақсақалдың орындалмақ арманы.

 

Қонақбайдай болса әрбір қартымыз,

Мұндай халге жетпес еді халқымыз.

Ұлтшыл деген аттан қорқып бұғып ек,

Міне, бүгін алдым – жер, артта – құз.

 

Сексен қазақ Козловқа бағынған

«Он бес миллион бір адамға табынған»

Өкініштен өртенгенде өзегім,

Бабалардың ерлік ісін сағынам.

 

Мынау менің сырға тұнған маң далам,

Өз тілімде қуанамын, мұңданам.

Менсінбейді келімсектер тілімді,

Мен не үшін өз елімде қорланам?

 

Анасынан тартып алып сәбиді,

ОПОН-дықтар лақтырғанда Әлиді

Қарт Қонақбай арашаға түскенде,

«Қақбасты ұста!» – деп Омар зекиді.  

 

Бір жас сегіз айлық Әли бауырым,

Қалмады ма ешбір жерің ауырып?

Желтоқсанда бас көтерген анадан

Сендей ұлдар туатыны – заңдылық.

 

Ақсақалы қақбас болған қу заман,

Полицейі жендет болған сұм заман.

Осы жайды көріп, жазып отырған,

Айтыңдаршы! Мен Мұстахан кім болам?

 

Ақ шашынан сүйреп Дәурен ағаны,

ОПОН-дықтар тоқпақпенен сабады.

Ұлтым үшін жан пида деп жүрген ер

Алысуда ұшқын атып жанары.

 

Ұлтарақтай жер сұраса өтініп,

Оның соңы болып жатыр өкініш.

ОПОН-дарға арақ беріп сабатып,

Әкім отыр есікті іліп бекініп.

 

Бетпердені киіп алған басына,

ОПОН-дардың аузы арақ сасыған.

Екі етпей Козловтың бұйрығын,

«Өзіміздің» қазақтарға ашынам.

 

ОПОН-дықтар қандастарын сабаған,

Сендерді де туды дейді-ау анадан.

Жүрген шығар сенің де бір бауырың

Жұмыс тапса, үй табылмай қаладан.

 

Он үш адам тұтқындалып қамалды,

Козлов жүр: «Жырттыңдар» деп жағамды.

Сақтап қапты, Құдайға ет мың тәубе,

Иығыңа қазақ таққан погонды. 

 

Міне, біздің Құдайберген Бақыт қыз,

Жоғын жоқтап қандастардың бақытсыз.

Он жетіңде, Желтоқсанда көрсеткен,

Ерлігіңе барша қазақ ғашықпыз.

 

Ерлік ісін жалғастырып тағы да,

Қыркүйекте түсті халық алдына.

Рух беріп ел еңсесін көтердің,

Жаралдың ба қазағымның бағына.

 

Гүлнар – біздің ақынымыз  қаһарман,

Суырылып шықты ілгері қатардан.

Болса шіркін бар азамат Гүлнардай,

Арайланып алдымыздан атар таң. 

 

Қаһарман қыз, қаһармансыз Дәмегүл,

Ерлігіңіз дастанға арқау және бір.

Өрлігіңіз жалғас тапсын ұрпаққа,

Қаһарман қыз, қаһарман қыз Дәмегүл.

 

Қайтпас қайсар Құрманғазы батырым   

Жанарынан көрем отын жасынның.

Ел мүддесін қорғау үшін күрескен,

Есімдермен ажарланар ғасырым.

 

Қыркүйектің қаһарманы – Ардағым,

Баянды етсем деп халықтың арманын.

Елім, жерім деп шыққанда күреске,

Көтере алдың қатал тағдыр салмағын. 

 

Нағыз жігіт халықтың ер Саматы,

Қиын сәтте болдың елдің қанаты.

Ерлігіңнен үлгі алып өшпейтін,

Оянар ма қазағымның санасы.

 

Ұмытылмас ерлік жасап Уәлихан,

Ауыр сәтте табылды ел қасынан.

Саған қарап ел еңсесін түзеді,

Аяқ тартып тасбауырлар басынған.

 

Ғасырымның Исатайы – Фархатым,

Өзің барда жөніміз жоқ қорқатын.

Ерлігіңнің куәсіміз өлмейтін,

Сын сағатта ел сүйеді арқасын.

 

Міне, елдің жаужүрек ер Сәкені,

Наурызбайды елестетті кешегі.

Бүлдіршіндер ойнап жүрген алаңсыз,

«Ер Сәкендей боламын» деп өседі.

 

Тағы да бір қаһарманым Құралбек,

Құралбектей ерлер әлі туар көп.

«Шаңырақтың» ортасында қасқайып,

Он үшімнің ескерткіші тұрар ма ед?

 

Қайда жүрсіз, Ернар мырза Мәліков,

Келіңізші, жүздесейік танысып.

Баспанасыздардың ұйым, одағы,

Айтыңызшы кімменен жүр алысып?

 

Ажалдан да қаймықпайтын ел үшін,

Жаса мәңгі қасиетті он үшім.

Есімдерің аңыз болып таралып,

Рух болып араласын еш үшін!

 

Дүниенің ашар ертең есігін,

Құрсақтағы қандас, бізді кешіргін.

Естідің бе жан айқайын анаңның?

Өз үйіңде тербелсін деп бесігің!

 

Бар екен-ау, жүріппіз біз байқамай,

Дәурен аға, ол – бүгінгі Қабанбай.

Бабалардың ерлік ісін жаңғыртқан

Әліппектің ұлы Медет – Бөгенбай.

 

Он үш батыр «кінәлі боп» сотталды,

Соттай берсе «Елім» деген ерлерді,

Боп қалады байтал түгіл бас қайғы.

 

Куә де жоқ, қорғаушы жоқ бұл қалай?

Бұл сот емес, мынау нағыз жазалау.

«Отыз жеті» кеп қалды ма «тіріліп»?

Басталып та кетті, міне, қудалау.

 

Қайда менің үш ғұлама – үш биім,

Көрер ме еді ұрпағының бұл күйін.

Қандастарын келімсекке сабатқан,

Ағаларға салмас па екен бір тыйым.

 

Ағаларға ұлт тағдыры бір тиын,

Дүниеге тоймайтыны тым қиын.

Қандастарың қаңғырып жүр далада,

Дәметумен Тәңірінің бір сыйын.

 

Сыйынудан кенде емеспіз Аллаға,

Парламентте бізді қолдар жан бар ма?

Іздей-іздей халық өзі таңдады, 

Хат жолдадық біз Амалбек ағаға. 

 

Оқыды да хатымызды қолдағы,

Аға бізді сөзге келмей қолдады.

Мұны естіп ел көзіне жас алды,

Бар екен деп арқа сүйер қорғаным.

 

Баспанасыз қазақтардың зарына,

«Үн қосамын» депті ағаға Дариға.  

Естігенде мұны Дәурен ағадан

Ел мерейі өсе түсті тағы да.

 

Баспанасыз, үйсіз-күйсіз қандасым,

Періштелер жебеп, Құдай қолдасын.

Жаратқаннан жалбарынып сұрарым –

Баспанасыз жалғыз қазақ қалмасын!!!

 

Қуанышұлы Мұстахан

 Қасқабай - Ақбиік

 

2005 жылдың 18 қыркүйегінде Алматы қаласының «Шаңырақ-2» ықшамауданында Әуезов ауданы Ішкі істер бөлімінің полиция қызметкерлері мен ОПОН-дықтардың таяғы астына алынып сотталғандардың 

Т  І  З  І  М  І:

1.  Әбсейтова Бақыт Құдайбергенқызы

2. Құлжабаев Медет Әліпбекұлы

3. Жұмаділ-Есір Дәурен Сатыбалдыұлы

4. Исабаев Сәкен

5. Тәукенов Ардақ

6. Алдакеева Гүлнар

7. Қилыбаев Қонақбай

8. Төреева Дәмегүл

9. Ахметжанов Самат

10. Нұрахимов Фархат

11. Қызылов Құралбек

12. Өтегенов Құрманғазы

13. Асылбек Уәлихан

 

 «Қасиетті Жер» – Баспанасыздар өздері басып алмақ болған жерді осылай атап, қой сойылып аруақтарға Құран бағышталды.

Медет Құлжабаев – жеке кәсіпкер. 1966 жылы туған, 10 баланың әкесі.

Козлов – Әуезов аудандық Ішкі істер бөлімінің бастығы. І Омаров – Әуезов аудандық Ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары. ІІ Әлидің анасы 1986 жылғы 16 желтоқсан көтерілісіне қатысқан.

Жұмаділ Есір Дәурен Сатыбалдыұлы. Қазақтың «Жаңғыру» ұлттық өркендеу орталығының төрағасы. Алматы қаласының әкімі – И. Тасмағамбетов.

Құрманғазы Өтегенов 2006 жылғы «Шаңырақ шайқасына» да қатысып, 12 жыл бас бостандығынан айырылды.

«Шаңырақ-2» ықшамауданында үш адамның басы қосылса ұсталып, тергеуге алынды.

Амалбек Тшан көкем ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты.

Баспанасыздар үмітін арқалаған А. Тшан көкеме Дариға Назарбаева өзінің қолдау білдіретінін айтты.

 

 

04.08.2022

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: САУРАН АУДАНЫНДА КҮЗГІ КӨШЕТ ЕГУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 133
ТҮРКІСТАН: Р.СЕЙТМЕТОВ АТЫНДАҒЫ ТЕАТРДА БИЫЛ 130-ҒА ЖУЫҚ ҚОЙЫЛЫМ ҚОЙЫЛҒАН
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 03.12.2024 16
МӘСКЕУДЕН ТҮРКІСТАНҒА НҰРТАС ОҢДАСЫНОВТЫҢ ШАПАНЫ МЕН КІТАПТАРЫ ӘКЕЛІНДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 69
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ КӨРСЕТУДЕН НЕГІЗСІЗ БАС ТАРТУҒА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 03.12.2024 63
ТҮРКІСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯНЫҢ ТҮРКИЯҒА ІССАПАРЫ БАРЫСЫНДА 9 МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 48
Батыс Қазақстан: Тарихи мекенге сапар
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Орал-Хан ордасы-Орал - 30.11.2024 465
Ауылшаруашылығын өркендеткен ауқымды істер
Голрох ЖЕМЕНЕЙ, Маңғыстау облысы - 29.11.2024 433
Сыр өңіріндегі өрісті істер
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.11.2024 457
Тал түсте Шығысты қараңғылық бастырған «бір сағаттық белдеуге қарсымыз» дейді халық
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, экспедицияның мүшесі, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 28.11.2024 449
МӘСЛИХАТ МЕРЕЙТОЙЫ – ЖАҢАРУДЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ
С. КӘРІПБАЕВ, Абай облысы - 28.11.2024 447
 Павлодарда бірнеше зауыт салу жоспарлануда
Тілеуберді САХАБА, Павлодар облысы - 28.11.2024 464
 Қала бюджеті артып отыр
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 28.11.2024 454
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 647

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9689
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9068
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12302
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 10073
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11282