Бауырлас елдер Анкарада бас қосты

Бауырлас елдер  Анкарада бас қосты

Өткен аптадағы елеулі жаңалықтардың бірі – 29 қаңтарда Анкарада өткен «Өзбекстан-Әзербайжан-Түркия» үшжақты диалогының 2-кезекті отырысы болды. Кезекті жиналысқа Түркия тарапынан Сыртқы істер министрі Хакан Фидан, Сауда министрі Өмер Болат, Көлік және инфрақұрылым министрі Абдулкадир Уралоғлу қатарлы министрлер қатынасты. Ал Әзербайжан Республикасынан Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов, Экономика министрі Микайил Джаббаров, Цифрлық даму және көлік министрі Рашад Набиев, Өзбекстан Республикасы Инвестициялар, индустрия және сауда министрі Лазиз Кудратов, Көлік министрі И.Махкамов қатарлы лауазымды тұлғалар қатынасып, үш ел арасындағы өзара құрмет, сенім және ортақ мүдде қағидаттарына және ортақ тарихи және мәдени байланыстарға негізделген берік стратегиялық әріптестікті онан ары тереңдетуге бағытталған маңызды келісімдерге қол қойды. «Өзбекстан-Әзербайжан-Түркия» үшжақты диалогының алғашқы отырысы 2022 жылы 2 тамызда Ташкентте өткен болатын.

Түркия БАҚ-тарында жарияланған ақпараттарға сенетін болсақ, кезекті жиналыста сауда, инвестиция, өнеркәсіп, энергетика, көлік, логистика, цифрлық байланыс және коммуникация салаларында бірлескен жобаларды әзірлеу мен ілгерілетудің артып келе жатқан маңыздылығы туралы мәселелер талқыға түскен. 

Күн тәртібінде қаралған маңызды мәселелердің негізі бөлігі Түркия, Әзербайжан және Өзбекстан аумақтары арқылы өтетін көлік бағыты «Халықаралық Транскаспий Шығыс-Батыс дәлізінің» маңыздылығын ескере отырып, үш елдің транзиттік әлеуетін арттыруға,  үш ел арасындағы қалыптасқан ынтымақтастықты одан әрі тереңдету төңірегінде өрбіген. Мұнда Еуропа – Кавказ – Азия көлік дәлізін нығайту және оның тетіктерінің қазіргі жағдайда толықтай тиімді болып қалуын қамтамасыз ету қажеттілігі жайында бірқатар құжаттарды мақұлдаған. Осыған орай көлік-логистика секторында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданудың маңыздылығына тоқталған. Түркия, Әзербайжан және Өзбекстан арасындағы ортақ мақсаттарды біріктіруге және өзара тиімді қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталған қолданыстағы үшжақты ынтымақтастық форматын байыта түсуге уағдаласқан. 

Үш елдің министрлері бас қосқан бұл жиналыста жоғарыда аталған тақырыптардан бөлек Ауғанстандағы тұрақты бейбітшілік, тұрақтылық, өркендеу, қауіпсіздік және әлеуметтік-экономикалық даму Орталық Азиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды факторы болып табылатынын және халықаралық қауымдастықтың Ауғанстанға үздіксіз гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі күш-жігерін жалғастыру мәселелері де сөз болған. Мұнда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің өңіраралық көлік-экономикалық байланысты нығайтып, сауда ағындарын ұлғайтуға және өңірлер арасындағы экономикалық байланыстар үшін жаңа мүмкіндіктер туғызуға серпін беретін Трансауған теміржолы жобасының маңыздылығы айтылыпты. Жиналыс соңында Түркия, Әзербайжан және Өзбекстан сыртқы істер, сауда/экономика және көлік/инфрақұрылым министрлерінің екінші үшжақты кездесуінің қорытындылары туралы Анкара декларациясына қол қойылды. 3-кезекті жиналыс Әзербайжан Республикасында өтетін болып мақұлданды.

Кезекті жиналыс туралы хабар таратқан Өзбекстан сайттары, Түркия мен Өзбекстан арасында бірқатар келісімдер мақұлданғандығы туралы түрік медиаларына сілтей отырып біраз ақпараттар таратып жатыр. Мұнда Өзбекстан Түркиядан әскери мақсаттарға пайдаланылатын ұшқышсыз ұшақтар сатып алатындығы айтылған. Онда Turkish Aerospace компаниясы жақын арада Өзбекстанға ANKA ұшқышсыз ұшақтарын жеткізе бастайды дейді. Бірақ нақты қанша данасын беретіндігі ашық айтылмаған. Еске сала кетейік, 2023 жылы Өзбекстан қарулы күштері түріктің Bayraktar TB2 ұшқышсыз ұшақтарын қолдана бастайтындығы айтылып еді. Қорғаныс министрі Шухрат Холмұхамедов 2024 жылғы желтоқсандағы мәлімдемесінде: «Өзбекстанда ендігі жерде  әскери жаттығулардың негізгі бағыты ұшқышсыз ұшатын аппараттарды пайдалану және оларға қарсы әрекет ету болып табылады», – деген болатын.

Кезекті басқосудан бөлек тағы бір жаңалықты өзбек сайттары хабарлап жатыр. Онда Өзбекстан тағы бір одақтасы Әзербайжанмен жеке куәліктерді өзара тану мәселесін талқылап жатқандығы айтылуда. 2 ақпан күні екі елдің шенеуніктері осы мәселеге байланысты онлайн кездесу ұйымдастырған. Егер келіссөздер сәтті аяқталып, бір байламға келетін болса, алдағы уақытта екі мемлекеттің азаматтары өз арасында төлқұжат қолданбай-ақ жеке куәліктерімен де жүре алатын болмақ. http://kun.uz сайтында жарияланған ақпаратта «бұл келісім Өзбекстан мен Қырғызстан арасында 2023 жылдан бері бар. 2024 жылы Қазақстан және Тәжікстанмен де осындай келісімдер жасау туралы келіссөздер жасаған еді. Болашақта бұл мәселе Түркиямен де күн тәртібінде болуы мүмкін: түрік ағайындар Әзербайжан, Грузия, Украинамен ID-карта режиміне көшкен», – деп жазыпты. 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ

 

 

08.02.2025

Ұқсас жаңалықтар

Негізгі миссия - Заң және тәртіп
Бас прокуратураның баспасөз қызметі - 24.02.2025 1262
МАҚТААРАЛДАҒЫ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МАРАФОН ЖАҢАЖОЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ЖАЛҒАСТЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 19.02.2025 46
ЖЕТІСАЙДА ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 19.02.2025 40
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 19.02.2025 60
ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУДА ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР КӨТЕРІЛДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 19.02.2025 73

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 15411
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 14175
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 17475
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 16343
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 21400