Қазақ мемлекетінің Ата Заңына толықтырулар, өзгерістер енеді деп референдумға бардық. 7-баптың 3-тармағындағы орыс тіліне ресми мәртебе берген жерін алып тастауды қаладық. Алайда көп нәрсе өзімізге, халқымыздың ұлтжандылығына байланысты екен. Олай дейтінім: қазақ тілінде сөйлеу, өз тілімізді қадірлеуді әрбір азамат есінен шығармағаны жөн. Мекемелерде қазақ бола тұра, орыс тілінде сөйлесетінін күнделікті өмірде кездестіреміз. Міне, осылай біз кім екенімізді, қай мемлекетте, қай жерде жүргенімізді ұмытамыз, есімізден шығарамыз. Тәуелсіздігімізді алғанымызға көп уақыт болса да, қалалық жерде аралас мектептер мен балаларын орыс сыныбына беру азаймай тұр.
«Неге қазақша сөйлемейтін, өз ойын ана тілінде жеткізе алмайтын жастар азаймай келеді?» – деген ой мені мазалап, өзіме таныс мектептердің бірнешеуінің басшыларымен кездесуді жөн көрдім. Ойым: келер оқу жылында аралас мектеп саны азая ма? Неге ата-ана орыс сыныбына баласын жетелеп жүр? Мектеп басшысының ықпалы қандай?
Осы ойлармен Ақтөбедегі №9 орыс мектебінде болып, мектеп директоры Салиқа Қазбаевадан:
– Неге қазақ сыныптарын ашпайсыз? – деп сұрадым.
– Қалада бізбен қатар орналасқан 2 қазақ мектебі бар, 1 орыс мектебі болуы керек қой, – деген уәж айтты. Мектепте 2047 оқушы оқиды, көбі қазақ балалары екен.
– Биыл 1-сыныпқа қазақ балаларын қабылдауға мүмкіндігіңіз бар ғой, – дедім.
Директор ханым 2 қазақ сыныбын ашуға келісті. Бәрекелді, айналайын!
Сонан соң №12 мектепке барып, оқу ісінің меңгерушісімен жолықтым. Келер жылы 11-қазақ сыныбы болмайды, 9 класс комплектісі бар екен. Алдымыздағы оқу жылында 2 қазақ, 1 орыс сыныбын ашпақшы екенін білдім.
Сонан соң №22 аралас орта мектепте болып, директорымен сөйлестім. Жаңа оқу жылына 50 оқушы орыс сыныбына жазылыпты, ал қазақ мектебіне оқушылар аз жазылған. Әрине, алда 1 ай уақыт бар, үмітімізді үзбейік.
Менің түйгенім: көп нәрсе мектеп басшысына байланысты екен. Ықылас, ниет болса, бәрін жасауға болады. Мен барған мектептерде «қазақ сыныптары ашылады, қабылдаймыз» деген хабарландыру көрмедім. Ата-ананың жетегінде кеткендерді көріп қынжылдым.
Келешек ұрпағымызды ана тілінде білім нәрімен сусындатып, олардың бойларына отаншылдық рухын сіңіретін кез келді. Жоғарыдағыларға қарап, солар не айтады, ата-ана не дейді деген жалтақ пікірден арылып, ұрпақ үшін, елдік үшін іске кірісу керек.