Мамырдың 20 күні Нұр-Сұлтан қаласындағы EХРО кешеніндегі «Nur Alem» павильонында «ЖАУҺАР ЖӘДІГЕР» атты көрме өтті. Көрмені ұйымдастырушы елімізге белгілі коллекционер-этнограф, Қазақстандағы жалғыз түркі халықтарының алтын және күміс антиквар бұйымдары сақталған жеке мұражайдың иесі, ұлттық кәдесыйлар шығаратын «Әдемі-Ай» компаниясының президенті Бахаргүл Төлегенқызы еді.
Көздің жауын алатын әшекейлер тізілген, қазақтың өткен ғасырлардағы бекзат өмірінің куәсіндай болған көрмені біз де тамашалап қайттық. Көрмеде бұдан бөлек театр әртістерінің қатысуымен қазақтың қыз ұзату дәстүрі сахналанды. Оның бір ерекшелігі қыз жасауының ішіндегі қымбат бағалы сәукеле, сандық және құс тұмсық жүзік секілді бұйымдар арнайы көрсетілді және оның терең мағынасы түсіндірілді. Тағылымы мол көрмені тамашалай жүріп, Бахаргүл ханыммен қысқаша сұхбат өткізген едік.
– Бүгінгі көрме туралы айтып беріңізші?
– Мен 20 неше жылдан бері қазақ халқының қолданбалы антикварлық бұйымдарын жинап, халыққа таныстырып келемін. 2011 жылы Алматы қаласында тұңғыш «Әдемі-Ай» өнер музейін ашқан болатынмын. Ол 10 жылдан астам уақыт бойы тегін жұмыс істеп келді. Сол музейдегі құнды заттарды елорда тұрғындары мен қонақтарына көрсету мақсатында, «QazExpoCongress» ұлттық компаниясының қолдауымен «Nur Alem» павильонында «Жауһар жәдігер» атты жеке көрме өткізіп жатырмын. Коллекциямда адамзатты тамсандыратын тарихи құндылығы өте жоғары 1000-нан астам жәдігер қойылды. Олардың барлығы Орталық Азия және қазақ халқында сирек кездесетін бағалы қолөнер бұйымдары. Бүгінгі көрменің тағы бір ерекшелігі өзімнің жеке бұйымдарымды да қойдым. Олардың қатарында төрт атамнан бері келе жатқан диірмен, келі-келсап, анамның тіккен сырмағы мен кестелеп тіккен төсекжапқышын қойдым. Және де киіз үйдің ішіне ағаларым және мен жатқан 70 жылдық тарихы бар бесікті қойдық. Бұлардың қатарында қызым Әдеміні ұзатқанда арнайы тіккізген, құны 500 байтал тұратын сәукеле, этнографиялық сандық қойылған. Ұзату тойында өзім киген қасаба да бар. Бұл – Жәңгір ханның сүйікті жары Фатима ханым киген қасабаның қайта жаңғыртылған нұсқасы.
– Көрмедегі жәдігерлердің көп бөлігі тұрмыстық бұйымдардың ішінде әйелдердің түрлі әшекейлері екен. Сіз осындай жәдігерлерді ғана жинайсыз ба, әлде қолыңызға түскен көне бұйымның барлығын жинап жүрсіз бе?
– Жәдігерлердің түрі көп қой. Өзім әйел заты болғасын да «сырлы аяқтың сыр кетсе де сыны кетпейді» деп алтын, күміс жалатылған бағалы әшекейлерді көп жинадым. Бұларға қоса XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ халқының зергерлік бұйымдары, ат әбзелдері, тұрмыстық бұйымдар да бар. Мына тұрған киіз үйдің ішінде қырғыз, қарақалпақ халықтары мен Қытай қазақтарының бау-басқұрлары және Қызылорда өңірінде тоқылған түкті кілем, тақыр кілемдер, Монғолия қазақтарының тұскиіздері бар. Бұдан бөлек ат абзелдері мен көне қару-жарақтарды да қойдық.
– Көрмеңізде көне заманнан жеткен жәдігерлер де бар екен. Осылар туралы тарқатып айтыңызшы. Тарихы ұзақ археологиялық заттар бар ма?
– Менің коллекциямда І-ІІІ ғасырларда қолданыста болған Күшән патшалығының монеталары бар. Ауғанстан, Солтүстік Үндістан жерінде дәурендеген патшалықтардың металл ақшалары бар. Бұлар менің қолыма түскен ең ескі бұйым. Бұдан бөлек көне Қимақ дәуіріне тиесілі пышақ, айбалта, жебенің ұшы, найзаның ұшы және аң аулайтын қаруы қойылды. Сосын менде тағы да Отырар керамикалары бар. Тасымалдау кезінде сындырып аламыз ба деп алаңдап, мұндағы көрмеге әкеле алмадық.
– Бүгінгі көрмеге коллекцияңыздағы жәдігерлердің барлығы қойылмаған болды ғой?
– Тасымалдауға қолайсыз деген біразын әкеле алмадық. Дегенмен 1000-ға тарта жәдігер қойылды. 2011 жылы Әділет министрлігіне жеке музей ретінде тіркеліп, қатысты куәліктерін алдым. Сол кезде Алматыда 26 музей бар еді. Кейін елордаға қоныс аудардым да, музейді көшірейін деп шештім. Қазір «QazExpoCongress» ұлттық компаниясы маған музейдегі бұйымдарымды 5-10 жылға тұрақты түрде қоюға мүмкіндік беріп отыр.
– Ендігі жоспарыңыз қандай?
– Қанша қымбатқа бағаласаңда көне бұйымдардың табылуы қиындап барады. Бүгінге дейін аман жеткендерінің барлығы өз орындарын тапты. Кейбір бұйымдарды адамдар өздері ата-бабаларынан қалған мұра ретінде сақтағысы келетіндіктен басқаларға сатуға қимайды... Менің бұл көрмені ұйымдастырудағы мақсатым – ұмыт қалып бара жатқан ата-бабамыздың көне, бай мұрасын жинап, жаңа буынға, жас ұрпаққа таныстыру, аманаттау. «Әдемі-Ай» компаниясы да осы ниетпен ашылған болатын. Бүгінде қазақтың ұлттық қолөнер бұйымдарының қолданысқа еніп, сұранысқа ие болуына өз үлесімізді қосып келеміз.
Көрмеге дайындық бірнеше айға созылды. Осы көрменің өтуіне атсалысқан «QazExpoCongress» ұлттық компаниясының басшыларына, Ұлттық музей қызметкерлеріне алғыс айтамын. ЕХРО кешені – астанамыздағы туристер көп келетін нысан. Сондықтан көрменің осындай орталықтан ашылғанына өте қуаныштымын. Тек қазақстандықтар ғана емес, алыс-жақын шетелден келген қонақтарымыз ұлттық жәдігерімізбен, қазақтың қолөнерімен, дүниетанымымен көрмені аралау арқылы таныса алады деп ойлаймын.
– Рахмет! Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!