Бекжан Тұрыс: Мың қазақтың ішінен шын қазақ іздеп жүрмін…

Бекжан Тұрыс: Мың қазақтың ішінен шын  қазақ іздеп жүрмін…

«Qazaqstan dauiri» газеті ютуб арнасында жаңадан «Сөз сәулесі» атты сұхбат бағдарламасын бастап отыр. Сәулелі сөзімен бөлісуге шақырған алғашқы қонақтарымыздың бірі  – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актер Бекжан Тұрыс. 

 Сақтан қалған салт жетпей жатса, ғұннан қалған ғұрып жетпей жатса, сол дәстүрден айну деген адам шошитын нәрсе. Кешегі алаш зиялысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының да керемет сөзі бар «Құдайдан кейін қорқатын нәрсе, ол – дәстүр бұзушылық». Міне, мен қазір сол дәстүр бұзғандардан қорқамын. 

 

Өз дәстүрімізден алшақтап барамыз

 – Бекжан аға, алдымен сұхбатымызға келгеніңізге алғыс білдіреміз, ал сұрақтарға көшетін болсақ, сіз газет оқып өскен ұрпақсыз, қазір қаншалықты жиі газет оқисыз? 

 – Мен енді қазір қатты бір газет оқимын деп өтірік айтпай-ақ қояйын, уақыт болған кезде ғана. 

 – Біз қазір өзіңіздің жұмыс орныңыз   – қасиетті қара шаңырақ М.Әуезов атындағы қазақ-ұлттық драма театрындамыз. Бұл жерді өзіңіздің екінші үйіңіз деп айта аласыз ба? 

 – Әрине, менің өскен ортам осы жер, бұл жерде мен тәлім алдым, тәрбие алдым, актер болып осы жерде қалыптастым. 

 – Өмірдің өзі театр деп жатамыз. Сіздің өмірде сомдап жүрген образдарыңыз бар, театрда сомдап жүрген рөлдеріңіз бар, қайсысы сәттірек шығады? 

 – Өмір қас қағым, ал өнер ол мәңгілік. Өнер еш уақытта өлмейді, біз сол өнерде жасаған жақсы дүниелерімізбен халықтың есінде сақталып қаламыз. Ал өнер мен өмірді шатастырмауымыз керек. Актердің жалпы алғанда екі өмірі бар, біреуі өзінің күнделікті өмірі болса, екіншісі үнемі дайындықта жүретін кейіпкерлері, сол екі бейнеде жүреді. Сол себепті өнер бөлек, өмір бөлек, екеуін шатастыруға болмайды. 

 – Бір сөзіңізде адам ішінен адам іздеймін деп айттыңыз, сол сөзді түсіндіріп берсеңіз. 

 – Кезінде Сократтың айтқан бір сөзі бар еді. Қолына аспаншамды алып, күндізгі уақытта базарды шарлап жүр дейді. Сонда біреу келіп: «Әй, сен не істеп жүрсің?» деп сұрағанда, Сократ: «Мен адам іздеп жүрмін», – деген екен. Сол сияқты мен адам ішінен адам іздеп жүрмін деп айтқан жоқпын, мен мың қазақ ішінен қазақты іздеп жүрмін деп айттым. Өйткені қазір біздің бойымыздан қазақы қасиеттер жоғалып бара жатыр. Кез келген ұлттың дәстүрлі мәдениеті мен діни танымы болады. Біздің кешегі сол бір жерде үлкен ілім алмаса да, даланың академиктері болды ғой. Қазақтың атын шығарған жалғыз қазақ емес, әлемдік мәдениетке, руханиятқа еңбегі сіңген қаншама бабаларымыз өтті. Ал енді сол бабаларымыздың салып кеткен жолы бар, неге біз сол жолдан адасуымыз керек? Академик Семеновтың (бүркеншік аты  – Тянь-Шяньский) «Қазақтарды оқытудың қажеті жоқ, қазақтардың дәстүрі, әдет-ғұрпы тұнып тұрған білім» деген  сөзі бар. Шындығында сондай едік қой. Ал қазір сол өзіміздің дәстүрімізден алшақтап бара жатырмыз. Сақтан қалған салт жетпей жатса, ғұннан қалған ғұрып жетпей жатса, сол дәстүрден айну деген адам шошитын нәрсе. Кешегі алаш зиялысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының да керемет сөзі бар «Құдайдан кейін қорқатын нәрсе, ол – дәстүр бұзушылық». Міне, мен қазір сол дәстүр бұзғандардан қорқамын. Қазақтың өзінің болмысы бөлек еді ғой, ашты тоқ қылған, кедейді бай қылған, кезінде аналарымыз нанның қоқымын жерге тастатқызбайтын, ал қазір нанның қоқымы емес, балаларын қоқысқа тастап кетіп жатқан қоғамда өмір сүріп келеміз. Бұл қандай қасірет! Әйтпесе қазақ әйелінің болмысы қандай еді? Мұхтар Әуезов әдемілеп суреттейді ғой «қазақ әйелі еріне серік болған, уәдесіне берік болған. Ерді ойлаған, елді ойлаған, нарды ойлаған, жарды ойлаған» деп. Бұған қоса «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» деген де сөзі бар. Ал сол бесіктен бұрын әйелдің халін түзе дейді. Сол бекер айтылмаған. Қазір тастанды балалар, безбүйрек аналар қайдан шықты? Неге біз сонша қатыгез болып кеттік?! Мейірім деген ұлы ұғым бар еді, сол ұлы ұғымның шырағын неге сөндіріп алдық? Бүгінде аманат деген нәрсені ұмытып, керісінше қиянатымыз көбейіп кеткен сияқты. Қиянатты пейіл, қияметті мейір тоқтатады. Мейір оңалса берекет, пейіл оңалса әрекет өрге басады. Мұхтар Мағауин ағамыз да «Қазақ өзінің қазақтығын сақтап қалғанда ғана қазақ болады» деген ғой. Менің де мың қазақ ішінен қазақ іздеп жүрмін дегенім осы. 

 

Қазақ әйелінің қасиеті

– Өзіңіз қазақ әйелінің болмысы жайлы айтып өттіңіз. Қазіргі қоғамды жаулаған тағы бір дерт – әйел теңдігі, еркекпен бірдейміз деп ұрандатып жүрген әйелдер туралы не дейсіз? 

Мәселе әйел мен еркекті теңеуде емес. Қазақ әйелінің қасиеті қашанда бөлек еді. Кешегі аналарымыз еркектің кім екенін түсіндірді ме? Мысалы біз кішкентай күнімізде дастарқанда отырған кезде: «Әй, тұрыңдар, әкелерің келе жатыр!» – дегенде біз бәріміз қашып зу ете қаламыз. Сол кезде ойлайтынмын ол әкемнің бойындағы бір қасиеті шығар, бір қатал ма екен деп. 

– Бірде Шер-аға бар, Көпен ағамыз бар, бәріміз бірге сапарлас болғанымызда Шерхан Мұртазаның айтқаны бар: «Сенатта жүргенімде демалыс алып ауылға бардым. Таңертеңмен ерте шығып Тәңіртауға қарап таза ауа жұтып тұрсам, көшенің бойында бір жас келін өтіп бара жатып, «Сәлем бердік!» дейді. Сол кезде жүрегімнің бір тамыры үзілгендей сезімде болып, сүйсініп: «Ой, айналайын, бақытты бол, қарағым. Кімнің келінісің?» – деп сұрап едім, «Аллабергеннің келінімін, ата», – деді. Сосын «біздің ауылда Аллаберген деген өзі бар ма еді?» деп ойланып қалдым. Кейін менің келгенімді естіген ағайын түстікке шақырған еді. Қарасам, сол түстікте әлгі жас келін қызмет көрсетіп жүр екен. Сонда қасымдағылардан анау кімнің келіні деп сұрап едім, ол Құдайберген ағаның келіні деді. Сонда көрдіңіз бе? Қазақта ат тергеу деген бар, ол келіннің ақылы мен парасатынан туған нәрсе. Сондай аналарымыз болды ғой. Міне осының барлығы қазақ әйелінің қасиеті демей немене енді?! Сондай-ақ Шер-ағаның осыған қоса тағы айтқаны бар еді, ол өзінің «Бір кем дүние» кітабында да бар, Бір келін жардың басынан атып шығып: «Ата, ата, сарқыраманың ар жағында, сылдырманың бер жағында, маңыраманы ұлыма жарып кетіпті. Жаныманы білеме екен, жанып-жанып беріп жіберіңізші», – депті. Былай қарап           тұрсаң, бір жаңылтпаш секілді, сонда сарқырама деп тұрғаны өзен екен, сылдырма дегені қамыс екен, маңырама дегені  –  қой, ұлыма дегені  –  қасқыр, жаныма деген  –  пышақ, білеме деген  –  қайрақ. Сөйтсе ол келіннің Қойшыбай, Қасқырбай, Қамысбай, Қайрақбай, Өзенбай деген аталары мен қайынағалары бар екен. Соның бәрін атын атамай қалай жеткізіп отыр? Бұл да қазақ әйелінің қасиеті болмай немене?!. Иә, қазір гендерлік саясат дегенде шықты ғой, еркекпен теңбіз дегендер. Мәселе әйел мен еркекті теңеуде емес. Қазақ әйелінің қасиеті қашанда бөлек еді. Кешегі аналарымыз еркектің кім екенін түсіндірді ме? Мысалы біз кішкентай күнімізде дастарқанда     отырған кезде: «Әй, тұрыңдар, әкелерің келе жатыр!» – дегенде біз бәріміз қашып зу ете қаламыз. Сол кезде ойлайтынмын ол әкемнің бойындағы бір қасиеті шығар, қатал ма екен деп.  Жоқ, оның барлығы ананың әліпбиі екен ғой, әкені, үлкенді қалай сыйлау керектігін үйреткен. Міне сондай аналарымыз болғанда, неге енді қазір жоқ болуы керек, солар жүріп өткен жолмен бүгінгі әйелдер өте алмай ма? Өтеді! Тағы бір мысал айта кетейін, бір тойда жүргенімізде 90-нан асқан апаға сөз бердік. Сонда апамыз: «Бәрі жақсы ғой, бірақ бір нәрсені біл, «бесіктегі баланың бек боларын кім білген» деген сөз бар, мына сөзге шыққан жас балалар ертең хан болмасына кім кепіл? Еркек деген аты бар ғой, біз еркекті пір тұтқан халықпыз. Осы балалар сөйлесін, кейін мен сөйлеймін», – депті. Бәрі сөйлеп болғаннан кейін біз қазақ сөзге өте бай халық едік, сөз құдіреті, өз құдіретім деп өскен ұлтпыз. Қазір барлығының айтатыны бір ауыз сөз, сонда апамыз: «Менің айтарым келіннің көтерер жүгі ауыр болады, еркелігіңді, қыз күніңді, барлығын төркініңе тастап кет, балам. Келіннің үш күйеуі болады, біріншісі – алтын елі, екіншісі – ар-намысы, үшіншісі – жары. Алтын елге болаттай берілсең, адалдықтай атың шығады. Адал атыңды сақтасаң, алған жарың қайда болады, жарығым. Құдайым саған құл болмайтын ұл көтеретін құрсақ берсін! Бұл бірінші сөзім, екінші сөзім, айналайын, иманды бол. Біз өзі қызықпыз, иманды бол деген сөзді өліге айтып жүрміз. Бұл өзі тіріге айтылатын сөз ғой,  тірісінде болмаған иманның өлген соң не керегі бар? Иманды, ибалы бол!» – деп батасын берді апамыз.  Қандай ғажап сөз, бұл да қазақ әйелінің, адалдықтың ақ бесігін тербеткен анамыздың дуалы аузынан шығып жатқан сөз. «Кез келген еркектің артында мықты әйел тұрады» деген қазақтың мақалы да бар ғой, сол сияқты бәріміздің артымызда әйел тұр. 

– Ертең келініңіз өнер жолынан болса, қарсы болмайсыз ба?

– Енді маңдайына Жаратқан ием қалай жазады, солай болады. Ал жалпы мен бір үйден екі өнер адамы жүргенін өз басым қаламаймын. Бірақ ол менің айтқаным болмайды, Алланың қалауы ғана болады. Сондықтан құдай солай қалап тұрса, құдайдың қалауына мен қарсы шыға алмаймын. 

 

Әділетті Қазақстан атына сай болса...

– Әлі күнге дейін сахнада қоя алмай жүрген образдарыңыз, айта алмай жүрген сырларыңыз бар ма?

– Бүгінгі қоғамның бейнесін сахнада көрсеткім келеді. Қоғамды өзіңіз көріп отырсыз ғой, әлсіз, иманы бүтін деп айта алмаймын, қылмысы көп. Ал қылмысы көп қоғамның қимыл-әрекетімен келіспей келе жатқан қаншама адамдар бар, оның ішінде мен де бармын. Бүгінгі билікке айтатын сөзді міндетті түрде алаңға барып айқайлау шарт емес. Әркім өз саласында жұмыс жасаса, сондықтан мен өзімнің саламда осы сахнаның тіліменен, үніменен жеткізгім келеді. Өйткені қазір бізде Жаңа Қазақстан деп жатыр ғой. Жаңа, ескі дегендері қаншалықты дұрыс екенін білмеймін, Әділетті Қазақстан дегеніміз дұрыс болар, сол Әділеттілік тезірек орнаса екен дейміз. Баяғылар «Ел болу үшін би түзу, билігің әділ болсын» деген екен. Қазір биіміз қаншалықты түзу, билігіміз қаншалықты әділ? Адами құндылықтар өзгерген заман болды. Дүние артынан қуған заманда өмір сүріп жүрміз. Ұлт деген – қоғамның шаңырағы, шаңырақ шайқалмас үшін оның уығы мемлекеттік идеология, керегесі ұлттық идеология болу керек. Біз сол идеологияны қалыптастырмай, осы кеткеніміз кеткен, идеологияға көбірек жұмыс істеуіміз керек. Бізде қазір ұран көп, қызмет жоқ анау деп айқайлаймыз, құр айқайлағанша кішкентай ғана болсын бірдеңе істеу керек. Сол істелінбей жатыр, тек қана құр ұраншылмыз. 

– Жақында мешіт салдыңыз, көптеген өнер адамдары бұндай игі істер жасағанда әлеуметтік желіде халыққа жариялап, арнайы көмек те сұрап жатады, сіз бірақ еш жерде жариялаған жоқсыз... 

– Оны жариялаудың не керегі бар? Ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір адам келіп сұрапты: «Уа, Алланың Елшісі! Кімге жақсылық жасайын?» деп сұрағанда, Ол «анаңа», – деді. Ол кісі қайта сұрағанда тағы да «анаңа», үшінші рет сұрағанда да «анаңа» деп жауап бергеннен кейін төртінші ең соңында «әкеңе, содан кейін жақындығына қарай басқа жақындарыңа» деп жауап берген екен дейді (имам Бухари, имам Муслимнен жеткен хадистерде). Туған жерім менің анам ғой, қолымызға бірдеңе түсе қалса, ауылымызға жұмсағымыз келіп тұрады. «Ұлағатты ұрпақ» деген қор бар. Айқайламай, үндемей көптеген игі істерді бітіріп жүрген, сол қорға қолқа салып, ағайын-жұрт бар, бәріміз жұмылып көтеріп мешіт тұрғыздық. Бұл мешітті салып жатқан кезде де «Бекжан салып жатқаннан кейін өз әкесінің, атасының атын беретін шығар» деген секілді түрлі әңгімелер болды. Мен о баста бір рулық деңгейден шығайық, ұлттық деңгейде сөйлейік, мешіттің атауын өздеріңіз ұсыныңыздар деген болатынмын. Түрлі нұсқаларды саралай келе, Шәкәрім бабамыздың кұрметіне Шәкәрімнің атын бердік. Қазір сол мешіттің арқасында ел бірлігі артты. Өзі кішкентай ауыл болса да, барған қонақтар көрді, қазақы салт-дәстүрін сақтап қалған ауылдың бірі. Сондықтан ауылға бүйрегім бұрып тұрады. 

– Әділетті Қазақстан деп қалдыңыз, ауылыңыз жайлы да айтып өттіңіз, әділетті Қазақстанда Ұйғыр ауданы атауы өзгереді деп ойлайсыз ба? 

– Біздің ауылда соңғы кезде аудан атауы өзгере ме деген алыпқашпа әңгімелер бар. Осыдан екі жыл бұрын ұйғыр мен қазақ арасында кикілжіңдер болғанын білесіздер. Соның арасында өзіміз болдық, елге барып сабырға шақырдық, әйтеуір менің атақ-абыройымнан ба, менен асқан жоқ. Сол кездегі аудан әкімі Амандық Баталовқа да кіргенбіз. Ол енді біздің қолымызда тұрған дүние емес. Мен ойлаймын, енді алдағы уақытта бәлкім Президентіміздің бір ауыз сөзі керек шығар. Сонда аудан атауы өзгеретін шығар деген сенімдеміз. 

– Сұхбатыңызға рақмет! Өзіңізге зор денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз, ал оқырмандарымызға айтарымыз, сұхбатымызды «Qazaqstan dauiri» газетінің ютуб арнасынан да көре аласыздар. 

Келешек үшін бәріміз жауапты екенімізді ұмытпайық!

 

Сұхбаттасқан – Рауан МУТАИР
23.01.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 21
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 35
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 12
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 17
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 21
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 18
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 38
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 35
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 253
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 249
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 872

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8946
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8339
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11566
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9324
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10550