Елдің амандығы мен мемлекеттің тыныштығын күндіз-түні күзететін шекарашылардың қызметі аса жауапты әрі абыройлы міндет. Еліміздің Тұңғыш Президенті 1992 жылы 18 тамызда «Шекара әскерін құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Міне, содан бері жыл сайын осы күн шекарашылар мерекесі ретінде аталып келеді. Айтулы күн қарсаңында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаментіне қарасты «Бесағаш» шекара бөлімшесіне барып, сарбаздардың жай-күйімен танысып қайтқан едік.
Жалпы аумағы 38 километрді алып жатқан «Бесағаш» шекара бөлімшесіндегі жауынгерлер көршілес Қырғыз елімен арадағы қарым- қатынастың қауіпсіздігін қадағалайды. Негізінен ауыл шаруашылығымен айналысатын аймақ болғандықтан мұнда екі ел арасында мал айдап өту жиі кездесетіндіктен және ауылдағы жұмыссыздық салдарынан заңсыз тауар алып өту орын алатындықтан, «Бесағаш» – ең күрделі шекара бөлімшесі саналады.
– Көршілес мемлекеттердің арасындағы тәртіпті сақтауға, заңсыз әрекеттерге жол бермеуге жауапты болғандықтан шекара қызметі аса жауапты. Мұндағы ешбір әрекет бақылаудан тыс қалмайды. Сондықтан, шекара аумағы мен застава жүзден аса қазіргі заманауи күмбезді камерамен қамт амасыз етілген. Мұндағы қызметтің жүйелі жүргізілуі бағаланып, өткен жылдың қорытындысымен «Бесағаш» үздік шекара заставасы деп танылды. Осындағы қырағы жауынгерлер мен сарбаздар өз міндетін адал атқарғанының нәтижесінде жат пиғылдылар дер кезінде құрықталды. Атап айтсақ, өткен жылы 9 мемлекеттік шекара бұзушы, 17 шекара режимін бұзушы және шекара режиміндегі қағидаларды бұзған 117 адам ұсталды. Оның ішінде 87 факт құқықбұзушы болып анықталды. Биыл бүгінге дейін 4 мемлекеттік шекара бұзушы, 3 мемлекеттік шекара режимін бұзушы анықталып, шекара режиміндегі қағидаларды бұзу бойынша 19 оқиға орын алды. Шекара аумағын күзетуде әскерилер жылқы мен иісшіл иттердің көмегін пайдаланады. Сонымен қатар, Ресейден соңғы үлгідегі «Гоби-212Е» сигнализациялық кешен әкелінді. Ол шекара бұзушыны алдын ала анықтауға бағытталған. Яғни, шекара шебіне жақын маңайдағы барлық адамдар мен жануарларды алыстан анықтайды. Бұдан бұрын күмбезді камера, сигнализациялық кешен пайдаланылмайтын кезде заңбұзушылықтар әскери барлау берген ақпаратпен және ерікті жасақтың көмегімен, ауыл азаматтарымен сұхбаттасу арқылы анықталатын еді. Қазір заманауи технологиялық құрылғылар заң бұзу әрекеттерінің алдын алуға үлкен септігін тигізіп отыр, – дейді «Бесағаш» шекара заставасының бастығы, капитан Ерболат Аталықов.
Ел шебін күзету үзіліссіз жүргізілетіндіктен, жауынгерлер белгілі бір ауысыммен қызмет етеді. Дегенмен, қапияда қауіп төнсе, күзеттегі қызметке көмекке жету үшін барлығы тік тұруға дайын болуы керек. Сондықтан, шекара қызметкерлері осы бөлімшедегі тұрғын үйлерге қоныстанған. Жауынгерлермен қатар мұнда көктемгі және күзгі шақырылымда әскер қат арына қабылданған жас сарбаздар да қызмет етеді.
– Мен осы шекара заставасына көктемде Отан алдындағы борышымды өтеуге келгенмін. Шекараны күзету – әркімнің басына бұйыра бермейтін бақ. Сол бақыттың маған кезіккеніне қуаныштымын. Ағам да әскердегі қызметін шекарада өтеген. Соған еліктеп, мен де осында сұранып келдім. Өзім Қордай ауданының тумасымын. Бала күннен әскери қызметкер болуды армандадым, болашақта да осы салада елімнің игілігіне еңбек етемін деген мақсатым бар, – дейді қатардағы жауынгер Олжас Әшім.
– Мен де Қордай ауданынан келген қатардағы жауынгермін. Біз мұнда шымырлыққа, шапшаңдыққа машықтанып, тактикалық және физикалық шеберлікті шыңдаудамыз. Шекара шебіндегі қызмет Отанымыздың берік қалқаны екенімізді сезіндіреді. Бізге еліміз асқан биік сенім артқанын бір сәт те естен шығармаймыз. Әскери қызметке келгенімізге бес ай болды, осы уақыт аралығында көп нәрсені үйрендік. Міндетті борышымды өтеген соң осында келісімшарт негізінде әскери қызметкер ретінде қалғым келеді. Ізімнен еріп келе жатқан інілеріме «Әскерге баруға асығыңдар» дер едім. Себебі, мұнда өмірдің ешбір сынағында сынбайтындай нағыз азаматтыққа, ерлікке, туған елің, жерің үшін аянбай еңбек етуге тәрбиелейді. Әрбір ер азамат осындай тәлімді алуы керек деп ойлаймын, – дейді Ерсайын Сауытбек.
Шекарашылардың әр күні дене жаттығуларын жасаумен, жүгірумен басталып, әскери тапсырма алып, бұйрықты орындаумен жалғасады. Мұнда тазалық пен тәртіпке аса мән беріледі. Күнді саптық алаңда ертеңге жоспарланған жұмыстарға тапсырма алумен қорытындылайды. Аптасына екі күн атыс алаңында шабуылдық әрекеттерге жаттығады. Ал, заставада сигнализациялық кешенмен дамылсыз шекараны бақылап отырған мамандар әлдебір қауіпті сезсе, бірден бөлімше бастығына баяндайды. Ол бірден дабыл тобы шекара нарядын жібереді. Дер кезінде межелеген жерге жету үшін тау-таста жол талғамай жүретін автокөлік үнемі дайын тұрады.
Әскер қатарына қабылданған жас сарбаздарға арнайы қызметтегі иттердің тілін тауып, оларға бұйрық беру де үйретіледі. Мұнда күзет және іздеу иттері бар. Мұндай қызметке бельгиялық және неміс овчаркалары алынады екен. Әсіресе, бельгиялық овчарканың қабілеті жоғары келеді дейді мамандар. Иттің тілін түсінетін нұсқаушы Алматы қаласындағы Қараой оқыту орталығында білім алып, сол жерден арнайы қызметтегі итті де үйретіп келеді. Итке бұйрықты түсіндіріп үйрету жауынгердің өз қолымен тамақ беруінен басталады.
Қазіргі уақытта шекара қызметіне келісімшарт негізінде жұмыс істеуге ниетті азаматтар шақырылып жатыр. Қойылатын басты талап – міндетті түрде әскери билетінің болуы, соттылығы жоқ, арнаулы орта немесе жоғары білімді кез келген Қазақстан азаматы үміткер бола алады.