Тараз қалалық сотында «Билер институтын дамыту» тақырыбымен дөңгелек үстел өтті. Оған Тараз қалалық сотының төрағасы мен судьялары, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Тараз қалалық филиалының және облыстық Билер кеңесінің төрағалары мен мүшелері, Тараз қаласы әкімдігінің аппарат басшысы мен 11 аймақтық бас инспекторлар қатысты. Басқосуда даулы мәселелерді шешуде сотқа дейін билер кеңесімен нәтижелі жетістікке жету жолдары айтылды.
Алқалы жиынды қалалық сот төрағасы Берік Оразымбетов ашып, бүгінгі қоғамда «кез келген дауды тек сот шешуі тиіс» деген қате көзқарас қалыптасқанына назар аудартты. Ал, даудың барлығын сотта шешу мүмкін емес. Сот екі жақты бірдей қанағаттандыра алмайды. Оның үстіне, істің ақ-қарасын айыруға келмейтін жағдайлар да бар. Мысалы, отбасындағы, ағайын-бауыр, достар, көршілер арасындағы таласты сот таразысына салу қиын. Мұндай жақын адамдардың арасындағы дауларды қарастыруда екі тараптың мүддесін қанағаттандыру мүмкін емес. Осы орайда, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі бірігіп, «Дәнекер» пилоттық жобасын жүзеге асыруды қолға алды. Осы жобаны іске асыру мақсатында Тараз қалалық соты мен «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Тараз қалалық филиалының арасында 2019 жылдың 28 наурызында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылған еді. Меморандум қоғамдық қарым-қатынастардың тұрақтылығын сақтап, қоғамдағы даукестік деңгейін төмендетуді, билер институтын жандандырып, ұлттық код құндылықтарын қолдану арқылы құқықтық сананы өзгертуді, ел арасындағы дауларды бітімгершілік рәсімдерімен реттеу мәдениетін арттыруды мақсат етеді.
Жиын барысында ойын ортаға салған Тараз қалалық сотының судьясы Ғазиза Камзиева статистикалық мәліметтерге сай, өршіп тұрған даулардың көбі отбасылық шиеленістер, оның ішінде неке бұзу, баласын, ата-анасын, жұбайын асырау үшін алимент өндіру туралы талап қоюлар екенін айтты. Соттар ерлі-зайыптыларды татуластыру мақсатында ауқымды жұмыс атқаруда. Бірақ, оң нәтиже шығарып, тараптарды татуластыру үшін оларға билердің кеңесі, медиаторлар мен кәсіби психологтардың жүйелі көмектері қажет. Ал, жер, мүлік дауларының түбіне үңілсек, жанжалдасып қалған жандар бір-бірін жеңу үшін ымыраға келмей, соттың есігін тоздыруда. Әрине, сот істі мәнісімен қарайды. Алайда, бір тарап жеңіліп қалғандықтан, дау ары қарай өз жалғасын тауып, түбегейлі аяқталуға мүмкіндік бермейді. Ондай дау-дамайды бір ауыз сөзімен жөнге сала алатын «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Тараз қалалық филиалының ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған Тараз қаласы Билер кеңесімен бірге жұмыс қарқынды жүзеге асып жатқаны рас. Алдағы уақытта да бұл жұмыс тиісті деңгейде жүзеге асатынына сенім мол.
Сөз кезегін алған «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Тараз қалалық филиалының ардагерлер мүшесі, Тараз қалалық Билер кеңесінің төрағасы Сатыбалды Досымбеков қолға алған игі бастаманы жүзеге асырудағы ұтымдылықты сөз етті. Билер кеңесінің мүшелері Тараз қалалық сотында тиісті кесте тәртібімен сотқа келген тараптарды татуластыруда айтарлықтай жұмыс атқарып отыр. Билер кеңесінің құзыреті Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Медиация туралы» Заңы мен қазақ халқының дәстүрлі құқық аясында кеңес ережесімен жүзеге асырылатынын атап өтті. Қалалық Билер кеңесі ел ішінде адалдығымен танылған, беделді, абыройлы, сөз бен жанжалды ажырата алатын, өмірлік тәжірибесі мол 7 тұлғадан тұрады. «Дәнекер» пилоттық жобасы аясында жұмысты одан әрі жандандыру мақсатында Тараз қалалық сотының бастамасымен Тараз қаласы әкімдігінен 11 округ аумақтары туралы ақпарат алынып, әрбіріндегі беделді, абыройлы азаматтар іріктеліп, оларға «Би» мәртебесі көрсетілген куәлік берілген.
Жиынға қатысушылар дөңгелек үстел басында пікір алмасып, халық арасында ата-бабамыздың сара жолымен ағайынаралық дауларды бітімгершілікпен шешу рәсімдерін қалыптастыруға атсалысуға дайын екендерін айтты.