БИЛІКТІ "БИТ" БАССА, ӘКІМНЕН "СІРКЕ" ІЗДЕ

БИЛІКТІ "БИТ" БАССА, ӘКІМНЕН "СІРКЕ" ІЗДЕ

Ат шаптырым кабинет. Үстел үсті самсаған телефон. Алдымда түйенің жарты етіндей дүңкиген – компьютер. Артымда – сенім артқан тұлғамның портреті. Екі ортада қасқиып отырамын. Бұрынғыдай емес – қаламға қол бармайды. "Жармақтай» екіге жарылған секілдімін.

Баяғы АрызБек СыншыБайұлы басқа әлемге кетіп, Көнгішбек БасШұлғығышұлы осы дүиеге қайта оралғандай кейіптемін.

Не істерімді білмей ішім пысып, тісімді шұқып отыр едім, секретаршам Саңқылдақ Сызылғанқызы кіріп келіп: – Көнгішбек БасШұлғығышевич, Сіздің ватсабыңызға аудан әкімі Абай өлеңдерін оқу эстафетасын жіберіпті. Қабылдасаңызшы? ӨсеБерген Тоқтамайұлынан ұят болады ғой – деп алдымда сызылып тұр. 

Жалма жан аудан әкімінің эстафетасын қабылдап алып, Өсекеңнің «кемеңгерлігі» жайлы ұзақ толғадым. Тіпті Абайдан да асырып тастадым –ау деймін... 

ӨсеБерген мырза қатты риза болғанға ұқсайды. Ватсаптағы смайлігінің бас бармағын шошайтып қойғаны сөзіме бұлтартпас дәлел. 

Сонымен қойшы, жан қысылғанда жүгінетін, ақыл – кеңесіне үңілетін ежелгі әдетіме басып «ақыл қалтама» қоңырау шалдым. Ол – қатыным Аңғаргүл Байқағышқызы ғой. Ұмытып қалмаған боларсыздар?

 Ондағы ойым Абай өлеңінің қайсысы оң жамбасыма келетінін білу.

- Аңғаргүл жаным, қалайсың?

- Төрем не болып қалды? (Әкім болғалы осылай атайды мені).

- Ештеңе. Бірдеңе сұрайын деп едім?

- Сұра, төрем?

- Маған Абай өлеңдерін оқудан аудан әкімінен эстафета келді. Ендігі кезек менікі. Абайдың бір өлеңін, болмаса қара сөзін оқып, оны біреуге жөнелтуім керек сияқты.

- Оның не қиындығы бар. Абайдың кез келген өлеңі шедевр емес пе? Алда, оқи бер..

- Онда «Жаздыкүн шілде болғанда» өлеңін оқимын.

- Ойбай, тоқта, ол болмайды екен. Одан да Сен ертең ауыл халқының алдына шығып Абайдың мына өлеңін оқы:

«Болыс болдым мінекей 

Бар малымды шығындап. 

Түйеде қом, атта жал 

Қалмады елге тығындап. 

Сүйтсе дағы елімді 

Ұстай алмадым мығымдап. 

Күштілерім сөз айтса, 

Бас изеймін шыбындап. 

Әлсіздің сөзін салғыртсып, 

Шала ұғамын қырындап....

- Әу, тоқта... қайда тартып барасың – деп, арқасы қозған қатынымды Шалқұйрықты Ертөстік арқан керіп тоқтатқандай «құйғытып» келе жатқан жерінен әрең тоқтаттым.

- Сен былай жаса – деді ентіккен қатыным бұйыра сөйлеп: - Ертеңнен қалдырмай эстафетаны біреуге жөнелтуің керек.

- Иә, оны шешіп қойдым. Көрші «Болашақтан алыс» ауылындағы әріптесім Қаймыққыш Қорқақовқа жіберемін.

- Ойбай, не дейді? Сорлы екенсің ғой өзің барып тұрған. Көлеңкесінен қорқатын Қорқақовтан саған не пайда бар? Одан да құлашты кеңге салып, әлемге танымал тұлғаларға жақындамайсың ба? Әлеуметтік желі күні ертең у-шу болып, «Көнгішбек Басшұлғығышұлы Абай өлеңдерінің эстафетасын екінің бірінің қолы жетпейтін бәленше түгенешеевичке жолдапты» деген атының өзі қандай. Демек асықпа. Бұл ойланып жасайтын жұмыс. Қазір құстай ұшып жетемін. Мені күт!

Қатыным Аңғаргүл Байқағышқызының бұл тығырықтан мені алып шығарына имандай сенгендіктен асыға күтіп отырған жайым бар....

 

Жалғасы бар   

Нағашыбай Қабылбек фб парақшасынан
09.12.2021

Ұқсас жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЛУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ БҰЗЫЛМАУЫ ТИІС
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 26.11.2024 77
Таласқа ешкімнің таласы жоқ
Serik Salemov, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары - 26.11.2024 82
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 183
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 183
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 322
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 325
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 547
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 493

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9198
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8595
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11822
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9591
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10805